Архив статей

Опрос посетителей

Вопрос: Оцените портал по 5-ти балльной шкале. Внесите свои предложения
1
2
3
4
5

Вариант пользователя


архив опросов

Подписка на рассылку

   Все новости

«Хизб-ут-Тахрирдің» 700 үндеу парағы қолға түсті

Қайыржан Төрежанов, «Айқын», 06.04.2007ж.

Қазір Қазақстандағы дін бостандығына байланысты әр түрлі идеологияға бағытталған діни ағымдардың көбейіп кеткені ешкімге құпия емес. Тек қана Оңтүстік Қазақстан облысында түпкі мақсаты түсініксіз діни ағымдарды уағыздайтын, тиісті органдарға ресми тіркелмей жұмыс істеп жатқан 34 әр түрлі шетелдік діни бірлестіктердің бары анықталды. Біздің елдегі дін бостандығын «тиімді пайдаланып» жүрген ағымдардың бірі – қасиетті Құранның хадистеріне қайшы лаңкестік іс-әрекеттері арқылы ислам іліміне нұқсан келтіріп, елдің арасына жік салып жүрген «Хизб-ут-Тахрир» партиясы. Бұл діни партия – тек дін мәселесі ғана емес, елдің экономикалық, саяси мәселелері жағынан ықпал жасауға ұмтылатын исламның ішіндегі экстремистік ағым. «Хизб-ут-Тахрир» араб тілінен аударғанда «Ислам азат ету партиясы» деген мағынаны білдіреді. Партияның түпкі мақсаты - әлемді билейтін Ислам халифатын құру. Партияның негізін Иорданияда 1952 жылы Тақи ад-Дин Набаһани салған. Ол «Ислам жүйесі» атты кітабын жазып, онда шариғи билік жүргізетін болашақ халифаттың «Конституциялық жобасын» жасайды. Оның тағы бір кітабы «Демократия – кәпірлер жүйесі» деп аталады. Мұнда демократияны батыс кәпірлері ойлап тапқан, исламға қатыссыз, жат құбылыс ретінде түсіндіріледі. Партия өз жұмыстарын Иордания, Сирия, Палестина, Пәкстанда бастап, кейіннен Австрия, Германия, Ұлыбритания сияқты Еуропа елдеріне тарала бастады. Қазір «Хизб-ут-Тахрир» партиясының жұмыс істеуіне, христиан дініндегілер басым тұратын АҚШ, Германия, Канада, Ресей елдерін былай қойғанда, мұсылман елдері – Пәкстанда, Сирияда, Иорданияда, т.б. елдерде заңмен тыйым салынған. 1984 жылы Мысырда «Хизб-ут-Тахрирдің» 32 мүшесі сотталды. Келесі жылы Түркияда «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының басшысы Йылмаз Челик тұтқындалды. Ұйым мүшелері Түркияда зайырлы мемлекетті жойып, оның орнына исламдық халифат орнатуға шақырған ұрандар көтерген. Бұл партияның жұмысы Орта Азия мен Қазақстанда да заңмен қудаланады.- Мен «Хизб-ут-Тахрир» партиясына 2000 жылы, Алматының базарында жұмыс істеп жүргенде кірдім. Өзім Кентауданмын. Алдымен мені алты айдай оқытты, содан кейін әр түрлі тапсырмалар беретін болды. Әдетте партияның төрт-бес адамнан тұратын кішігірім ұйымдары (халк) болады. Олар бір-бірін танымайды, лақап аттары бойынша тек басшылары арқылы ғана байланысады. Партияластарым үшін менің лақап атым – Болат. Мүшелік жағынан әрқайсысы тапқан жалақысының мөлшеріне қарап төлейді. Олар жоғарыдан келген нұсқауларды орындауға міндетті. Партиялық нұсқаулар жоғарғы жақтан құпия түрде әрбір адамға, халыққа интернет арқылы келеді. Біздің басшылық Қырғызстанда, бірақ онда қанша адам отырғанын, аты-жөнін ешкім білмейді. Көбінесе партияның идеяларын уағыздап, қатарларымызға адамдарды тартумен айналыстық Жиындар ұйымдастырдық. Мен партияға жұмыс істеген алты жылдан астам уақыт ішінде Алматы қаласындағы партия мүшелерінің басқарушысы (қалалық ұйымның бірінші хатшысы) дәрежесіне дейін жеттім. Қазақстанда шамамен 300-400 «Хизб-ут-Тахрир» партиясының мүшесі бар. Олардың арасында басқа ұлттың, тіпті христиан дінінен келгендер де бар. Бұлар «Хизб-ут-Тахрир» партиясының түпкілікті идеологиясын жете түсінбегендіктен адасып жүр. Біздің Қазақстанда хизбтер уағыздап жүрген, әлемді билейтін халифаттың құрылуына ешқандай жол жоқ. Мен кесілген мерзімді өткеріп, аман-есен елге оралсам ешқандай саяси партияға кірмей, жұмыс істеп, тыныш өмір сүрер едім. Жұбайым кеше екінші баламды дүниеге әкелді, мен болсам істі болып мұнда отырмын, - дейді ҰҚК тергеу изоляторында отырған «Хизб-ут-Тахрир» экстремистік діни партиясы басшыларының бірі Қанат Жаңабаев.

Жақында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаменті мен Ішкі істер министрлігінің экстремизмге және сепаратизмге қарсы күрес департаментінің қызметкерлері бірлесіп жасаған операцияның нәтижесінде, Алматы қаласындағы «Алатау» киім-кешек базарының аумағынан халыққа тарату үшін алдын ала дайындалған «Хизб-ут-Тахрир» діни партиясының 700 дана үндеу парағын қолға түсірді. Үндеуде «Хизб-ут-Тахрир» діни партиясының 50 белсенді мүшесін Ұлттық қауіпсіздік комитеті тұтқындағандығы туралы жазылған.

Экстремистік бағыттағы «Хизб-ут-Тахрир» діни партиясы Шымкент, Кентау, Алматы, Тараз, Павлодар қалаларында бірнеше жылдан бері жасырын жұмыс істеп, өз қатарларына адамдарды тартумен айналысқан. Алайда соңғы айлардың ішінде экстремистік партияның идеологиялық ұстанымдарымен келіспеген көптеген мүшесі топтасқан түрде, өз еріктерімен партиядан бас тартып, ҰҚК қызметкерлеріне райларынан қайтқандары туралы түсініктеме жазған. Осыдан бірнеше апта бұрын елуден астам адам партиядан шыққандары туралы мәлімдеген болатын, жақында «Хизб-ут-Тахрир» партиясының тағы да 27 мүшесі өз еріктерімен діни партиядан бас тартқандығын айтып, қауіпсіздік қызметіне келген. Бұл ұйымға кіргендер біраз уақыттан кейін өздерінің қатты қателесіп жүргендерін байқаған. «Халифат құрамыз, азаттық әпереміз» дегенді желеу етіп, исламды қалқан қылған партия басшылары пирамида тәсілі бойынша ақша жинаумен айналысқан. Ал жалпы, «Хизб-ут-Тахрир» діни партиясының идеологиясы ешбір мемлекетте қолдау таппаған. «Бұл партияның жұмысы Қазақстанда толықтай тоқтаған жоқ, әлі де тамыры бар. Қазір осы партияның 31 белсенді мүшесіне қарсы – Қазақстан жерінің тұтастығын және конституциялық құрылымды күштеп бұзу, қылмыстық топтарды құру және ұлт араздығын қоздыруға шақырып, үндеу таратқандары үшін қылмыстық жауапқа тартылды. Ал өз еріктерімен партиядан бас тартқандары қылмыстық жауапқа тартылмайды» дейді арнайы қызметтің адамдары.

Назад