Архив статей

Опрос посетителей

Вопрос: Оцените портал по 5-ти балльной шкале. Внесите свои предложения
1
2
3
4
5

Вариант пользователя


архив опросов

Подписка на рассылку

   Все новости

«Мемлекет мүддесіне қарсы жасалған қылмыстың жолын кесу – біздің кәсіби парызымыз»

Ержұман Смайыл, Егемен Қазақстан, 10.07.2009

– Амангелді Смағұлұлы, 2006-2007 жылдары “Қазатом­өнер­кәсіп” ұлттық атом компа­ния­сына тек­серу жүргізу кезінде құқық бұзу­шылық деректері анықталған екен. Ал қылмыстық істі ҰҚК тек үстіміздегі жылдың мамыр айында ғана қозғады. Енді осы жерде “бұл жылдар бойы ҰҚК қайда қара­ған?” деген заңды сұрақ туын­дайды...

– Әрине, бұл мәселеге бір қа­рағанда осындай қарапайым сауал кез келген адамның кө­кейін­де туындайды. Және бұл сұрақты маған еліміздің ұлттық қауіпсіздік органдарының бірін­ші басшысы ретінде қызмет ба­бы­мен кездес­кен саясатшылар, депутаттар мен журналистер, тіпті жай азаматтар да қоюда.

Міне, Мемлекет басшысы мені Ұлттық қауіпсіздік коми­те­тіне төрағалыққа тағайында­ға­ны­на үш жыл үш ай болды. Ұлт­тық қауіпсіздік органдарында қыз­мет ету, оның үстіне басшы­лық жасау ел тынысынан бір сәт­ке де көз жазбай, үнемі қыра­ғылықпен, күн демей, түн демей тынымсыз ең­бек етуді талап ете­ді. Өздеріңіз біле­сіздер, осы мер­зім ішінде елі­мізде алға бастар біршама жақсы өзгерістер болды, ҰҚК өз кезе­гінде қоғам назарын елең еткізер талай қылмыстың бетін ашып, мемлекет мүддесіне қарсы әрекет еткен талай шенеу­ніктің қылмы­сын әшкереледі. Мұнымен айт­па­ғым, біз жұрт­шы­лыққа жылдап, айлап әзірле­не­тін әрі асқан ыж­да­һаттылық­пен жүргізілетін ауқым­ды істің тек нәтижесін ғана ұсы­намыз. Ал оның сыртында қаншалықты маңдай тердің, біліктілік пен іскерліктің жатқан­дығын жете біле бермейміз және орындалған іске сыншының көп болары заңдылық.

Осы орайда баршамызға бел­гілі, дегенмен, кей кезде ұмыт бо­латын ақиқатты бөліп айтқым ке­леді: жер, туған ел адам бала­сын­да біреу. Сол елдің перзенті бо­лып жаралдың екен, тағдыр саған еліңнің қамы үшін қызмет етуді пешенеңе жазған екен, онда аян­бай еңбек ет. Бірақ, өкі­нішке орай, арамызда бақ сый­лаған би­лікті, жоғары лауазымды көтере ал­май, ақ жолдан тайып, өз қал­тасы мен мемлекет қалта­сын шатастырып, намысты аяққа басып, заңға қайшы әрекетке ба­рып жатқан азаматтарымыз аз емес. Ал мемлекет мүддесіне қар­сы жасалған қылмыстың жо­лын кесу – біздің кәсіби пары­зы­мыз. Егер біз мемлекеттігімізді сақта­ғы­мыз келсе, онда күнбе-күн қауіп­сіздігімізді қырағы қор­ғауымыз керек.

Бүгінгі таңда елімізде мемле­кет дамуына елеулі кедергі бо­лып отырған сыбайлас жем­қор­лық сияқты теріс құбылысқа қарсы ауқымды шаралар жүзеге асыры­лып жатыр және сонымен бірге оған қарсы айтарлықтай те­ке­тіресу де күшейіп барады. Яғни, айтайын дегенім, арнайы қызмет пен құқық қорғау органдарына әрекетсіздік пен көзбояушылыққа бой алдыр­ған, сотқа тек “май­шабақтар” тар­ты­лып жатыр деген сияқты кінәлар тағылуда.

Ал енді Комитет, жоғарыда ай­тып өткенімдей, “мемлекет қалта­сы мен өз қалтасын шатастырған” ірі тұлғаларды қылмыстық жауап­кер­шілікке тартса болды, кейбір ком­­мунистер мен оппозициялық сая­саткерлерден құралған сол дауыс­тар қайдағы бір кландар арасындағы тартыс, жеке меншікті бөлісу, саяси тапсырыс дегенді және т.б. ойлап тауып, негізсіз айқайға басады.

– Амангелді Смағұлұлы, нақты “Қазатомөнеркәсіп” туралы айтсақ ше?

– Егер біз мемлекет байлығы­ның негізгі құрамдас бөлігі, стра­тегиялық саласы болып табылатын ұлттық атом өндірісі, уран кен орындары жайында айтсақ, бұл жекелеген адамдардың өз мүдде­лерін жүзеге асыратын сала емес, бұл тікелей ұлттық қауіпсіздігімізге тиетін сала және маңызды ұлттық мәселе. Сондықтан оның қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің на­зарынан ешқашан тыс болған жоқ. Кеше ғана өздеріңіз куә болған нәтижелер бір жылдың шегінде анық болған дүниелер емес. Бір­неше жыл бойы жедел ақпараттар негізінде қадағаланып, егжей-тег­жейлі мұқият талданып, тексеріліп құжатталған кемшіліктер мен құ­қық бұзушылық деректері болып табылады. Істің өзі прокуратура және бақылаушы басқа да орган­дар тарапынан барлық материал­дар бүге-шүгесіне дейін зерде­ле­ніп, зерттеліп барып, Қылмыстық Кодекстің нақты бабы бойынша заңды түрде қозғалып отыр. Яғни, айтайын дегенім, кез келген лауа­зым иесінің іс-қимылынан, оның қандай сатыда тұрғанына қара­мас­тан, егер мемлекет сеніп тапсыр­ған мүлікті, Жер-Ананың өзі сыйлаған несібесін өзіне таңып, талан-таражға салу дерегі анық­тал­са, олар заң алдында бірдей жауап береді. Ал менің ҰҚК басшысы ретінде тергеу бары­сына араласуға құқым жоқ және тергеу про­ку­ратура органдары­ның қатаң қа­дағалауымен жүр­гізілуде.

– Сонда бұл қылмыстық әре­кет­ке сыртқы күштердің қатысы бар ма?

– Бұл мәселе бойынша тер­геу жүріп жатқанын айттық. Сон­дықтан әзірге жалпы тұр­ғыда ғана әңгіме етейік.

ҰҚК қызметінің басым ба­ғыттарының бірі, өздеріңіз біле­сіздер, соңғы жылдары елімізге асқан қызығушылық танытып отырған шетелдік арнайы қыз­мет­терге қарсы әрекет ету болып табылады. Қазақстанның табиғи байлығы, еліміздің геосаяси ор­наласуы, мемлекетіміздің сырт­қы және ішкі саясаты олардың ұмтылыстарының басты нысан­да­рына айналып отыр. Біз шет­елдік арнайы қызметтерге қарсы іс-әрекетті қарсы барлаудың клас­сикалық үлгілері бойынша ұйымдастыра білдік деп есеп­теймін. Осындай заңға қайшы қызметке қатысы бар 18 адам анықталды. Олардың кінәсін тергеу дәлелдеп берді, бір­қатары сотталды, ал қалған­да­рына қатыс­ты халықаралық құқықтық құжат­тарда қарасты­рыл­ған шаралар қабылданды.

Еліміздің экономикалық қауіп­­сіздігін қамтамасыз ету са­ласындағы іс-шаралар нәтиже­сін­де мемлекет қазынасына жүз­деген миллиард теңге қаражат қайта­рыл­ды. Сондай-ақ халық­ара­лық есірткі бизнесіне, экс­тремистік белгілерге, Каспий те­ңізі био­ре­сурстарын талан-та­ражға салу ұм­тылыстарына қар­сы жүргізілген опе­рациялардың нәтижелері тура­лы біз қоғамды құлағдар етіп оты­рамыз. Ал жеке өзім орайы кел­ген­де биліктің барлық тармақ­тары­ның өкілде­рін: депутаттарды, белгілі сая­сат­керлерді, журна­лис­тер­ді ақпараттандырып отыра­мын. Осы мәселеге қатысты кез­де­суге олар жоғарыдағы “ҰҚК қай­да қараған?” деген сұрақпен келіп, ұсынылған материалдарға куә болғаннан кейін, біздің тура­шыл­дығымызға, қызметкер­лері­міздің кәсіби қызметіне көздерін жеткізіп қайтты.

– Жаңағы “ҰҚК қайда қара­ған?” деген сұрақпен қатар Ко­митетке ризашылығын білдірген адамдар да бар шығар?

– Осы үш жыл үш ай мер­зімде арнайы қызметтің басшы­сы ретінде мен Комитеттің атқарған жұмысына жеке жауап беруге дайынмын және бұл жай желөкпе сөз емес. Мен ұялатын­дай іс жа­са­ған жоқпын, өйткені мен және ҰҚК қызметкерлері Прези­денті­міз­дің жүктеген мін­деттерін орын­дай отырып, еліміз бен мем­лекетіміздің қауіпсіздігі жолында қызмет етеміз. Және осындай қызметке өмірімнің 30 жылдан астамын арнадым.

Назад