Кенжеболат БЕКНАЗАРОВ, полковник, «ҰҚК органдарының ардагерлері» РҚБ төрағасы:
Патротизмге баулу– бізге міндет
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы болашаққа көзқарасы өзінің тереңдігімен әрқайсысымызға ой салып, жағымды әсер етті. Мақалада қозғалған ауқымды мәселелер бүкіл иісі қазақтың, барлық қазақстандықтардың ойынан шықты. Барлық салаларда өзгерістер болып жатқан қазіргі жаһандану заманында қазақстандық халықтың рухани жаңғыруы туралы дер кезінде айтылды деп ойлаймын. Мемлекет басшысы ұлттық сананы жаңғыртқанда өзіміздің, қазақстандық дербес даму үлгісін қалыптастыруымыз керек екендігін айтты.
Мемлекет басшысы, өзгерістер туралы міндеттемелерді қозғады, жалпылай алғанда қоғамдық сананы өзгерту, жаңғырту жөнінде тапсырма берді. Өйткені рухани саланы, мәдениетті, тілді дамытуды қысым көрсету арқылы немесе күштеп енгізуге болмайды. Ол үшін ұлттық сананы өзгертуіміз қажет, ал ұлттық, қоғамдық сананы өзгерту үшін оның басында тұлға тұруы керек.
Елбасы мақаласында рухани жаңғыруды бүгінгі күннен, жаңаша жасау емес, өткен тарихымызбен, қазақтың барлық ұлттық салт-дәстүрлерімен, ең бастысы, ана тіліміз, әдебиетіміз, мәдениетімізбен, қазақи рухымызмен байланыстырамыз деп ашып айтты. Жалпыұлттық патриотизм ұғымын кеңейтуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы туралы Елбасы өзінің мақаласында жан-жақты түсініктер берген. Бұл бағдарламаның халқымызға жаңа рух, жаңа серпін беретіні анық. Бұған тарихымыз да, руханиятымыз да, патриотизм де кіреді. Соның нәтижесінде, болашақта елін, жерін, халқын сүюге қазақша тәрбиеленген нағыз қазақстандық жаңа буын пайда болады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында патриотизм туралы да қозғады. Біздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагерлері рухани жаңғыруды, ұлттық сананы қалыптастыру мәселесін толықтай қолдайды. Біз, ардагерлер үшін патриотизм деген жай ғана сөз емес, бұл сөздің мағынасында – Отанға, халқына, туған-туыс­тарына, атқарып жүрген қызметіне деген сүйіспеншілігі, барлығы бар. Жастарымызды патриотизмге, елін, жерін сүюге тәрбиелеу – ардагерлердің басты міндеттерінің бірі.
Қазіргі замандағы жаһандық қатерлерге қарсы тұру үшін біздің арнаулы қызметтегі жаңғырған жаңа буын жан-жақты дайындықтардан өтуі керек. Елбасы өзінің мақаласында «Жаңа жағдайда жаңғыру деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деп көрсеткендей, рухани жаңғыру әрбір қазақстан­дықтың өзгеруін талап етеді.
 
Айқын № 63(3135) 28 сәуір 2017 ж.