Ү.ж. 7 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросымен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Ақтөбе облысында және еліміздің басқа да бірқатар өңірлерінде мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен әрі олардың заңсыз айналымымен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың іс-әрекетінің жолын кесу бойынша ауқымды арнайы операция бастады.
Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында мұнай ұрлауға қатысты күдікпен бірқатар адамдар ұсталды, мұнай және мұнай өнімдері бар автоцистерналар алынды.
Сонымен қатар, мұнай ұрлауды жүзеге асыратын адамдарға «қылмыстық» қамқорлық көрсететін, радикалдық салафизм жолын  ұстаушылардан құралған қылмыстық топтың бірнеше мүшелері тұтқындалды.
Қазіргі уақытта олардың тұрғылықты жерлері бойынша, сондай-ақ алдын ала деректер бойынша ұрланған мұнайды заңдастырумен айналысатын бірқатар кәсіпорындарға тінту жүргізілуде.

Тергеу нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.

Қазақстан Республикасы ҰҚК Баспасөз қызметі