Ақтөбе қаласында 2016 жылғы 5-6 маусымда құқық қорғау және арнаулы органдары ІІМ Ұлттық гвардияның әскери бөлімі мен қару-жарақ дүкендеріне қарулы шабуыл жасаған қылмыскерлерді анықтау, іздеу және ұстау бойынша  бірлескен жедел-іздестіру шараларын жүргізуде. Қалада  антитеррорлық операциялар режимі әрекет етуде.

Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, сондай-ақ  болуы ықтимал күштеу акцияларына алдын ала әрекет жасау мақсатында Қазақстан Республикасы Антитеррор орталығының басшысы – ҰҚК Төрағасы генерал-лейтенант В.З.Жұмақанов ҚР Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы № 611  Жарлығына сәйкес 6 маусымда  террористік қауіптіліктің  «сары» (бірқалыпты) деңгейін жариялады. Аталған деңгей  еліміздің барлық аумағы бойынша 40 тәулікке енгізілді.

 «Сары» деңгей күштік құрылымдармен және мемлекеттік органдармен ұйымдастырушылық, әкімшілік және жедел іс-шаралар кешенін өткізуді болжайды, оның ішінде:

 - болуы ықтимал террористік және экстремистік күштеу акциялары туралы ақпараттарды жинау, бағалау және тексеру;

- террррға қатысты басқа да  осал объектілерді және тұрғындар жаппай жиналатын орындарды тексеру;

-  арнайы техникалық құралдарды пайдалана отырып, көліктерде қарап-тексеру іс-шараларын күшейту;

- көшелерде, алаңдарда, стадиондарда және тұрғындар жаппай жиналатын басқа да орындарда, магистральдық темір жол жүйелерінде және өзге де көлік инфрақұрылымының объектілерінде күшейтілген патрульдерді қою;

- болуы ықтимал террористік қауіп-қатерлер мен бұл жағдайда қажетті әрекет туралы тұрғындарды алдын ала ақпараттандыру.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті азаматтарға сабырлылық сақтап,  мемлекеттік және құқық қорғау органдарының әрекетіне түсіністікпен қарап, сондай-ақ оларға қажетті көмек көрсетуді өтініп сұрады.

Қауіпсіздіктің бірінші кезектегі шаралары ретінде  сақтық танытып, иесіз жатқан, әсіресе сымдар мен техникалық құрылғылары бар нәрселерге (сөмкелер, қораптар, бумалар, қаптар, шабадандар мен т.б.), назар аударуды талап етеді, бұндай жағдайда оғаш көрінген заттарға таянбай, құқық тәртібі органдарына тез арада хабарлау қажет. 

Сонымен қоса, қоғамдық орындар мен көліктерде күдікті адамдарға назар аударып, олардан белгісіз заттар мен сәлемдемелерді сақтауға, беруге және тасымалдауға алмау керек.

ҚР Антитеррор орталығы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті жеке адамды, қоғамды және мемлекетті террористік және экстремистік қауіп-қатерлерден қорғау бойынша қажетті шараларды қолдануда.

ҰҚК баспасөз қызметі ұлттық қауіпсіздік органдары ахуалдың өзгеруі мен жүргізген іс-шаралар нәтижесі туралы хабарлап отырады. 

 Қазақстан Республикасының ҰҚК баспасөз қызметі


Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы № 611 Жарлығымен бекітілген Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі қағидаларынан үзінді

4. Қазақстан Республикасының аумағындағы террористік қауіптілік
деңгейін анықтау және терроризм актісі қатерінің туындауы
туралы халықты хабардар ету тәртібі

8. Қазақстан Республикасының барлық аумақтарында немесе өңірлері мен елді мекендерінің аумақтарында террористік қауіптіліктің мынадай деңгейлері:

бірқалыпты («сары») – терроризм актісі (актілері) жасалуының нақты мүмкіндігі туралы растауды талап ететін ақпарат болған кезде;

жоғары («қызғылт сары») – терроризм актісі (актілері) жасалуының нақты мүмкіндігі туралы расталған ақпарат болған кезде;

шекті («қызыл») – жасалған терроризм актісі туралы ақпарат, сондай-ақ терроризм актісін (актілерін) қайталап жасау немесе террористік тұрғыдан осал объектілерге бір мезгілде террористік шабуылдар жасау мүмкіндігі туралы расталған ақпарат болған кезде белгіленуі мүмкін.

9. Егер қабылданған шаралардың нәтижесінде террористік қауіптіліктің қатері жойылса, онда террористік қауіптілік деңгейі алып тастауға жатады.

10. Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің және елді мекендерінің аумағында террористік қауіптіліктің бірқалыпты («сары») және жоғары («қызғылт сары») деңгейлерін белгілеу, өзгерту немесе алып тастау туралы шешімді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті аумақтық органының бастығы облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімімен келісе отырып дереу қабылдайды, қабылданған шешім туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын (немесе оны алмастыратын адамды) және облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтарының мүшелерін міндетті түрде хабардар етеді.

12. Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің және елді мекендерінің аумағында террористік қауіптіліктің бірқалыпты («сары») және жоғары («қызғылт сары») деңгейлері белгіленетін мерзімді, террористік қауіптілік деңгейі белгіленетін аумақтың шекарасын және осы Қағидалардың         15-тармағында көзделген шаралар тізбесін, егер Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы (немесе оны алмастыратын адам) өзге шешім қабылдамаса, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті аумақтық органының бастығы облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімімен келісе отырып айқындайды.

13. Қазақстан Республикасының барлық аумағында террористік қауіптіліктің бірқалыпты («сары»), жоғары («қызғылт сары») деңгейлерін, Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің және елді мекендерінің аумағында, сол сияқты оның барлық аумағында террористік қауіптіліктің шекті («қызыл») деңгейін белгілеу, өзгерту немесе алып тастау туралы шешімді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы (немесе оны алмастыратын адам) қабылдайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы (немесе оны алмастыратын адам) террористік қауіптіліктің көрсетілген деңгейлері белгіленетін мерзімді, шегінде олар белгіленетін аумақтың шекараларын және осы Қағидалардың 15-тармағында көзделген шаралар тізбесін айқындайды.

15. Белгіленген террористік қауіптілік деңгейіне сәйкес терроризмге қарсы күрес бойынша республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) жедел штабтарының қызметін ұйымдастыруға тартылған мемлекеттік органдар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өз құзыретіне сәйкес жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мынадай шаралар қабылдайды:

1) террористік қауіптіліктің «сары» деңгейінде:

терроризм актісінің болуы мүмкін екендігі туралы ақпаратты тексеру бойынша іс-шаралар;

аумақтық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың терроризм актілерінің салдарын жоюға арналған күштері мен құралдарының, сондай-ақ құтқару жұмыстарын жүргізу үшін пайдаланатын техникалық құралдардың және арнайы жабдықтардың есебін нақтылау;

мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының жедел немесе шұғыл түрде медициналық көмек көрсету бойынша, сондай-ақ терроризм актісі салдарынан физикалық зиян келтірілуі мүмкін адамдарды медициналық эвакуациялауды ұйымдастыру бойынша мүмкіндігін бағалау;

полиция нарядтарын және әскери қызметшілердің жекелеген санаттарын, сондай-ақ террористік тұрғыдан осал объектілердің дағдарысты ахуалдарды оқшаулау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын персоналы мен бөлімшелерін, алынған ақпаратқа байланысты тиісті салада мамандарды тарта отырып, нұсқамадан өткізу;

көшелерге, алаңдарға, стадиондарға, скверлерге, саябақтарға, теміржол магистральдары желілеріне, теміржол вокзалдарына, әуежайларға, теңіз және өзен порттарына, метрополитен объектілеріне, бұқаралық және көпшілік іс-шаралар өткізетін орындарға, басқа да қоғамдық жерлерге, оның ішінде кинология қызметінің мамандарын тарта отырып, күшейтілген патрульдер шығару;

әуежайларда, теңіз және өзен порттарында, метрополитен объектілерінде, теміржол вокзалдарында және сапаржайларда арнайы техникалық құралдарды қолдана отырып тексеріп қарау іс-шараларын өткізу барысында режимдік шараларды күшейту;

жарылғыш құрылғылар қою орындарын анықтау мақсатында инфрақұрылым объектілерін, жылу, газ құбырларын, газ тарату станцияларын, энергетика жүйелерін тексеруді және қарап шығуды жүзеге асыру;

көпшілік қатысатын және бұқаралық іс-шараларға қатысушылардың негізгі маршруттарына инженерлік-техникалық барлау жүргізу, жарылғыш құрылғыларды анықтау және залалсыздандыру мақсатында террористік тұрғыдан осал объектілерді және адамдар көп жиналатын орындарды зерттеп қарау;

болуы мүмкін терроризм актісінің қатері және қажетті іс-қимылдар туралы халықты хабардар ету;

2) террористік қауіптіліктің «қызғылт сары» деңгейінде (террористік қауіптіліктің «сары» деңгейі белгіленгенде қабылданатын шаралармен қатар):

әуе, су, автомобиль, теміржол көліктерінде, сондай-ақ террористік тұрғыдан осал объектілерде терроризм актілерін дайындауға және жасауға қатысы бар адамдарды іздеуді ұйымдастыру жөніндегі шараларды жандандыру;

террористік қауіптілік деңгейі белгіленген аумақтың шегінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысымен бекітілген Ішкі мигранттарды тіркеу қағидаларын Қазақстан Республикасы азаматтарының, оның ішінде лауазымды адамдардың сақтауына, сондай-ақ шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында уақытша болу немесе тұрақты тұру, Қазақстан Республикасына кіру, Қазақстан Республикасынан шығу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өту тәртібін сақтауына бақылауды күшейту;

терроризм актісінің қатерін жоюға тартылған күштер мен құралдарды практикада қолдану бойынша дайындық іс-шараларын өткізу;

террористік тұрғыдан осал объектілердің дағдарысты ахуалдарды оқшаулау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын персоналы мен бөлімшелерінің дайындығын тексеру және олардың терроризм актісінің жолын кесу мен адамдарды құтқару жөніндегі мүмкін болатын іс-қимылдарын пысықтау;

терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілген жағдайда жекелеген жергілікті жер учаскелерінен және объектілерден көшірілген адамдарды уақытша орналастыруға жарамды орындарды, сондай-ақ оларды азық-түлікпен және киіммен қамтамасыз ету көздерін анықтау;

көлік құралдарын – адамдарды эвакуациялауға, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын – терроризм актісі салдарынан физикалық және моральдық зиян келтірілуі мүмкін адамдарды қабылдауға жоғары дайындық режиміне келтіру;

терроризмге қарсы операцияны өткізу үшін жедел штабтарға берілген күштер мен құралдарды дайындық жағдайына келтіру;

террористік тұрғыдан осал объектілерді күзетуді күшейту;

террористік қауіптілік деңгейі белгіленген аумақта көлік құралдарының қозғалысын бақылауды күшейту, қару мен жарылғыш заттарды анықтайтын техникалық құралдарды қолдана отырып, көлік құралдарын тексеріп қараудан өткізу;

3) террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейі белгіленген кезде (террористік қауіптіліктің «сары» және «қызғылт сары» деңгейі енгізілген кезде қабылданатын шаралармен қатар):

тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын төтенше режимге көшіру;

терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілген жағдайда жекелеген жергілікті жер учаскелерінен және объектілерден көшірілген адамдарды уақытша орналастыру пункттерін құру, терроризм актісінен (актілерінен) зардап шеккен адамдарды уақытша орналастыру пункттерін қауіпсіз аймақтарда құру, адамдардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін мүлікті (азық-түлік, киім және басқа да мүлік) жеткізуді ұйымдастыру;

адамдарды құтқару, қараусыз қалған мүлікті күзету бойынша жедел шаралар қолдану, құтқару қызметтерінің және құралымдарының үздіксіз жұмыс істеуіне жәрдемдесу.

Террористік қауіптіліктің «қызғылт сары» және «қызыл» деңгейлерінде республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызды қаланың) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабы басшысының шешімі бойынша «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі Заңының 15-1-бабында көзделген шаралар қолданылуы мүмкін.