Көрерменнің көз алдында өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері жылжып өтіп, бүгінгі күнге ұласқан оқиғалар мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдары қызметкерлерінің шытырман тағдырлары қатар өріле отырып, осы ерекше саланың өзіндік сырларын ашады. Оқиғаның одан әрі қалай өрбитінін болжау мүмкін емес, себебі әр бөлімнің соңы тосын жайттармен аяқталады. Сюжет қылмыстық детектив жанрының озық тәжірибесіне сүйеніп құрылғандықтан, көрермен күтпеген жерден шиеленіскен тың оқиғаларға тап болып отырады.

Хикаяның басты кейіп­кер­лері – Саматовтар офицерлер әуле­тінің өкілдері. Әулеттің үлкені құрметті демалысқа шығуға дайындалып жүрсе, кенжесі қызметтік мансабына жаңадан кіріскен. Фильм мазмұны бір әулеттің аясымен шектеліп қал­май, қызметтерін адал атқа­рып келе жатқан Ұлттық қауіп­сіз­дік комитетінің түрлі саласын­-
дағы қызметкерлер мен офицер­лердің, яғни талдаушылар мен жедел қызметкерлердің де, ар­найы қызмет өкілдері мен ше­ка­ра­­шы­­лардың да өмірлерін жан-жақ­ты қамтиды.
Хикая авторларының негізгі ой-түйіні – кейіпкерлер бейнесі арқылы ұлт тағдыры отандық арнайы қызметтің сенімді әрі ержүрек жауынгерлерінің қолда­рында тұрғанда, елімізге халық­аралық лаңкестік қауіп-қатерінің төнбейтініне сенімді ұялату бо­лып табылатындығы айқын аңға­рылады. Фильмнің негізгі идея­сы жас ұрпақтың бойына әс­кери-патриоттық тәрбиені дары­туға және жалпы қоғамда қар­сы барлау қызметінің жан­кеш­ті қарекетін шынайы қалып­тастыруға бағытталған.
Хикаяны «Қазақстан» теле­ра­диокорпорациясының тапсырысы бойынша Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің көмегімен «Астанателефильм» ЖШС тү­­­сір­­ді. Шытырман оқиғаға то­лы «Ар­найы өкілдер» туын­дысы­ның тұсаукесерін 16 жел­тоқ­санда сағат 21.00-де «Қазақ­стан» телеарнасында тамаша­ласаңыздар, көп нәрсеге қанық боласыздар.
«Қазақстан» РТРК» АҚ осы жобамен қатар, басқа да көптеген жарқын әрі тың телехикаяларды дайындау үстінде. Бұйыртса, ол фильмдер де көпшілік көңілінен шығары сөзсіз.
 
 
Аян ӘБДУӘЛИ
«Егемен Қазақстан»
12.12.2015 ж.