– Тәуелсіздігіміздің ал­ғашқы күн­дерінен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бел­гілеп, оны көр­шілес мемле­кеттердің басшыларымен ха­лықаралық келісімдер ар­қылы бекітіп алуға барлық күш-жігерін салды. Осыған байланысты бүгінгі таңда шекарамыз бо­йынша делимитация, демаркация үдерістерді қандай деңгейде жүргізілуде?
– Иә, дұрыс айтасыз, Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаев шекара мәселесіне әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл ретте Елбасының «Ел тыныштығы – мемлекеттік шекараның тыныш­ты­ғына тікелей тәуелді», деген сөзі қазақстандық шекарашыларға зор жауапкершілік жүктеп, шека­ра қызметінің тәуелсіз мемлекет да­муын­дағы өмірлік маңызын тереңдете түседі.
Енді делимитация және де­мар­­кация мәселесіне келе­тін бол­­сақ, Қазақстан Рес­пуб­­ли­ка­сы­ның құрлықтағы Мем­лекеттік ше­карасының ұзақтығы 13 380 ша­қырымды құрайды. Ресей Федера­циясымен арадағы шекарамыз делимитация қоры­тындысы бойынша – 7548 ша­қырым. Қазіргі күнге дейін барлығы 3000 шекара бағанасы орнатылды. Сонау 2009 жылы басталған жұмыс қарқынды жүргізілуде. Қа­зіргі уақытта, демаркациялық жұ­мыстар таулы, ну орманды өңірге жақын­дап қалды. Мұндай рельеф де­маркациялық үдеріске өз кедергісін тигізгелі тұр. Осыған байланысты жұмыс қарқыны кішкене баяулап, қосымша мате­риалдық, қаржылық шы­ғындарды қажет ететіндігі сөз­сіз. Дегенмен, бұл мәселелер шешімін тауып, белгіленген міндеттер нақты орындалады деген ойдамыз.
Қырғыз Республикасымен ара­­дағы шекараның жайына тоқ­тал­сақ, демар­кацияланған шекара сызығының ұзы­н­дығы 1257 ша­қырымды құрайды. Ше­кара сызы­ғының ұзына бойына 533 шекара бағанасы орнатылды. Далалық демар­кациялық жұмыстар 2008 жылдың екінші жартысынан бастап жүйелі түрде жүргізілді.
Ал Түрікменстанмен ара­дағы демар­кацияланған шекара сызығы 459 шақырымды құрайды. Бұл бағыт бойынша барлығы 178 шекара ба­ғаны орнатылды. Тағдыр табыс­тырған тағы бір көршіміз – Өзбекстан Республикасымен арадағы шекарамыз делимитация қорытындылары бойынша 2351 шақырым. Қазіргі уақытта шекараның өн бойына 776 шекара бағанасы қойылды.
Қытай Халық Республи­касы­мен арадағы шекарамыздың жө­ні бө­лек. Ол негізінен бұрын­нан-ақ қа­лып­тасқан шекара деуге болады. Де­маркациялық жұ­мыс­тардың қо­рытындысы бойынша оның ұзындығы 1783 шақырымды құрайды. Демар­кация туралы хаттамаға 2002 жылы қол қойылды. Осыған сәйкес 346 шекара бағанасы орнатылды.
Қысқаша айтқанда, делимитация және демаркация үдерістері бойынша бүгінгі күнге дейін жүргізілген жұмыс ауқымы осындай. Жоғарыда аталған жұмыстар бойын­ша әлі де бірлескен комиссиялар жұмыс істеп, қажетті бекіту құжаттарын дайындайтын болады.
– Дархан Айтқалиұлы, тәуелсіз Қаз­ақ­стан Республи­касының Мем­­­лекеттік ше­ка­расындағы де­лими­тация, демаркация үдері­сінің ой­дағыдай ат­қа­рылып жат­қан­дығы көңілге берік сенім ұя­­латады. Шапқан тұлпардың тұяғы күйе­тін, ұшқан құс­тың қа­наты талатын, ата-бабамыз­дан мұ­ра­ға қал­ған ұлы да­ладағы ұлан-ғайыр ше­ка­рамызды кү­зету мә­се­лесі қалай ше­шілуде? Әрине, ол оңай шаруа емес екен­дігін жақсы тү­сінеміз. Осы мәселені өз аузы­ңыздан ес­тісек…
– Бұл ретте ерекше атап өтетін мәселе, 2013 жылы «Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заң қабылданды. Осы заңға сәйкес оннан ас­там заңнамалық және нор­мативтік-құқықтық ак­тілерді дайындадық. Мем­лекет басшы­сының ті­келей бас­тама­сымен Шекара қыз­метін да­мытудың жә­не Қа­зақстан Рес­публикасының Мемлекеттік шекарасын жайғас­тырудың 2020 жылға дейінгі кешенді жос­­па­ры бе­кітілді. О­сы құ­жат­тардың бар­лығы да ше­ка­ра­мыз­ды күзету мәселесін нығайтуға, оның сапасын арттыруға бағытталып отыр.
Елбасының тікелей қол­дауы арқасында жыл сайын Ше­кара қызметіне қомақты қар­жы бөлініп, заманауи ма­те­риалдық-техникалық базамен жаб­дықталуда. Бүгінгі заман талабына сай қажетті инфра­құрылымдар бой көтеруде.
Биылғы жылдың өзін­де арнаулы тех­ника­лық құралдармен жаб­дықталған жаңа үлгідегі екі жүзден астам автокөлік алынды. Олардың ішінде жол таң­дамайтын көліктер, ауа райының қолайсыздығына бейім­­­делген арнаулы көліктер шека­ра­шыларымыздың таптырмас се­рігіне айналды. Жағалау күзеті үшін мыңнан астам шам­шырақ, про­жекторлы стансалар сатып алынды. Қазіргі кезде шекара күзетін әскери ұшақтар және тікұшақтарсыз көзге елестету мүмкін емес. Каспий теңізін және ондағы биоресурстарды қорғап, браконьерліктің жолын кесу үшін «Айбар» жобасындағы шекара кемелері іске қосылды.
Бүгінгі таңда Қазақстан Рес­публи­касы­ның шекарасы жоғары әскери-техни­калық талаптарға сай жабдықталған ірі қорғаныс құры­лымы болып табылады. Шекара күзетінде жаңа техника мен озық технология толық көрініс тапқан. Шекара қызметінің қару-жарағын, техникасын үстіміздегі жылы Же­ңістің 70 жылдығына арналған Астанадағы әскери шеру барысында көптеген адам тамашалады.
Сонымен қатар, шекара күзетінде қыз­меттік жануарлар да кеңінен пайдаланылады. Оның ішінде аттар мен иттердің жөні бөлек. Аттар тау мен тастың арасындағы шекара сызығын бақылауда таптырмайтын көлік екен­дігі ертеден-ақ белгілі. Ал шекара бұзушыны іздестіруде, есірткі заттарын анықтауда шекарашы сарбаздар қызметтік иісшіл иттердің көмегіне жүгінеді.
Инженерлік инфрақұрылым­дар­мен қам­тамасыз ету мақсатында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Шекара қызметінің инженерлік бөлімшелері биылғы жылдың өзінде сегіз жүз шақырымға жуық қоршаулы және бөгетті шарбақтар орнатты, ор қазды. Сондай-ақ, шекара жолдары, бақылау мұнаралары, ұшып-қону алаңқайлары, шекара катерлері үшін айлақтар, қалқымалы көпірлер салынды. Жалпы, шекара күзеті деген ұғым кешенді шаралармен ерек­шеленеді, асқан жауапкершілік пен шынайы патриоттықты қажет етеді.
– Қазақстан Кеден одағының белді мүшелерінің бірі болып табылады. Кеден одағы жағдайында мем­лекеттік шекараны күзету қа­­лай жүргізілуде? Қандай қиын­дықтар мен кедергілер кездесуде?
– Иә, тәуелсіз Қазақстанның Ке­ден одағы көлемінде белді де беделді орны бар екендігі сөзсіз. Би­ылғы жылы Кеден одағына Қырғыз Республикасы мүше болып енді. Соған байланысты, 2015 жылдың 12 тамызынан бастап қазақ-қырғыз шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерінде кедендік ре­сімдеу доғарылды. Бірнеше бақылау-өткізу бекеттері тұрақты жұмыс істеп тұр. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қорғау ұлттық заңдылық тұр­ғысында ат­қарылып келеді. Сондықтан, бақылау процедуралары шекаралық бақылау аясында сақталатын болады.
Шекаралық бақылау дегеніміз заң талаптарын сақтайтын азаматтар үшін ешқандай да әкімшілік кедергі болып табылмайды. Қайта керісінше, олардың тыныштығын қорғайтын, елдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған қадам екендігі сөзсіз. Оның ішінде, заңсыз көші-қон, есірткі трафигі, қару-жарақ контрабандасы және радикалды идеологияны тартушылардың жолын кесіп, сыртқы қатерлерге тосқауыл қояды. Әрине, шекара бойындағы бақылау-өткізу бекеттерінде сапалы қызмет көрсету үшін қолдан келген іс-шаралардың барлығы қолданылуда. Сондықтан, айтарлықтай қиын­дықтар мен кедергілер жоқ.
– Қазіргідей алмағайып заманда шека­раның мығым болғаны жақсы. Дегенмен, шекараның ар­­ғы жағы мен бергі жағында ағайын-туыс адамдар тұрады. Хал­­қы­мыз «Бармасаң, келмесең жат боларсың» деп тегін айтпаса керек. Олардың араласып тұ­руына шекара ешқандай кедергі келтірмеуі керек деп ойлаймыз…
– Пікіріңіз өте орынды. Өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, Қазақстан шекарасы достықтың шекарасы болып табы­лады. Шекара қызметінің барлық іс-қимылы шекара туралы заңнамаларда толығымен ай­қындалған. Қазіргідей ин­тег­ра­циялық үдерістер жүріп жатқан кезде шекара дегеніміз ниеті дұрыс адамдар үшін ешқандай кедергі болмауы керек. Оның сыртында, сауда-экономикалық қарым-қатынастар, мәдени байланыстар үшін барлық жағдай жасалынған. Сол үшін мемлекеттік шекараның өн бойындағы 98 бақылау-өткізу бекеттері азаматтарды шекарадан бақылап өткізу, бақылап енгізу үшін қалтқысыз қызмет атқарып тұр.
Шекаралық бақылау 2013 жыл­ғы 16 қаңтардағы «Қазақстан Рес­­пуб­ликасының Мемлекеттік ше­карасы туралы» Қазақстан Рес­публикасының заңымен белгілен­ген. Осы заңның 23-бабына сәйкес өткізу пункттерінде шекаралық бақылау көлік құралдары, жүктер және тауарларға қатысты жүр­гізіледі. Оның ішінде, мемле­кет­тік шекараны кесіп өту заң­ды­лы­ғын анықтау, мемлекетке кіру және шығу бойынша шектеуі бар тұлғаларды анықтау шекара ар­қылы көлік құралдарының, жүктер мен тауарларды тасымалдаудың заңдылығын сақтау секілді тағы да басқа мәселелерге басты көңіл аударылады.
– Аталған бақылау-өткізу бе­кет­­терін­дегі жолаушы-жүк тасы­малының айналымы қандай?
– Соңғы 5 жылдың ішінде жо­лаушылардың өтуі, жүктердің өткізілуі екі есеге дейін артты. Мы­салы, еліміздің оңтүстігінде ор­на­ласқан «Қордай» бақылау-өткізу бекеті арқылы орта есеппен алғанда, жылына 6 миллионнан астам адам, 500 мыңнан астам көлік құралдары өткізіледі. Еліміздің солтүстігінде орналасқан «Қайрақ» бақылау-өткізу бекеті арқылы жылына 2 миллионға жуық адам, 600 мыңнан астам көлік құралдары өткізіледі. Батыстағы «Сырым» бақылау-өткізу бекеті арқылы жылына бір жарым миллионға дейін адам, 500 мыңға дейін көлік құралдары өткізіледі. Міне, Кеден одағы жағдайындағы шекаралық бақылау-өткізу бекеттері, ондағы шекарашыларымыз өздерінің осындай қомақты жұмыстарымен мақтана алады.
– Күн-түн қатып қасиетті шекарамызды күзетіп, ел-жұрттың тыныштығын қам­тамасыз етіп жүр­ген қазақстандық ше­кара­шы­­лардың әскери-жауынгерлік қыз­­меті туралы да айтып өтсеңіз?
– Шекара шебінде демалыс деген болмайды. Ауа райының қо­лайсыздығына қарамастан, тәулік бойы мемлекеттік шекара шекарашылардың қырағы назарында болады. Биылғы жылы шекара шебінде құқық бұзған 21409 адам ұсталды. Олардың ішінде, мемлекеттік шекараны немесе шекара режімін бұзушылар, бақылау-өткізу бекеттерінің режімін, теңіздер мен өзендердегі аумақтық суға шығу ережелерін бұзушылар көптеп кездеседі.
Осы мерзімде тоғыз жүзге жуық кон­трабандалық іс-қимылдың жолы кесілді. Оның ішінде жарияланбаған 1 миллионнан астам АҚШ доллары, 3 миллионнан астам Ресей рублі, 19 миллионнан астам теңге анықталды. 102 тоннадан астам металл, 67 тоннадан астам халық тұтынатын тауар­лар, 80 килодан астам зергерлік заттар ұсталды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының бір бөлігі Каспий теңізі арқылы өтетіндігі белгілі. Теңіздегі шекараны күзету­мен қатар қазақстандық шекарашылар Каспий бассейніндегі биоресурстарды талан-тараждан сақтап қалуға да өздерінің үлестерін қосып келеді. Жыл сайын қазақстандық теңіз шекарашылары Каспий те­ңізінде өткізілетін бірлескен ха­лықаралық арнайы іс-шараларға қатысып, онда шекара бұзушыларды, браконьерлерді құрықтап, олардан тонналаған бекіре және бекіре тұқымдас балықтарды, мыңдаған шақырымға жететін балық аулайтын ау, басқа да құралдарды тәркілеуде.
– Сөз реті келіп тұрғанда ше­каралық қауіпсіздік мәселесі ту­ралы, оның ішінде басқа мем­лекет­тердегі әріптестеріңізбен бай­ланыс туралы айта кетсеңіз…
– Бұл мәселе шекара ведомствосында үлкен көңіл бөлінеді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіретін барлық мемлекеттердің шекара ведомстволарымен байланысымыз жақсы жолға қойылған. Бұл бойынша тұрақты жұмыстар атқарылып келеді. Жақында ғана Астана қаласында ТМД-ға мүше-мемлекеттердің шекара әскерлерінің қолбасшылары кеңесінің 74-мәжілісі болып өтті. Оған ТМД-ның 9 мем­лекетінен шекара әскерлерінің бас­шылары қатысты. Онда өзара тығыз қарым-қатынасты арттыру, шекаралық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру, лаңкестік қауіптің алдын алуға қатысты бірлескен шаралар қабылдау, заңсыз көші-қон, есірткі, қару-жарақ тасымалының халықаралық арнасына шекарада тосқауыл қою мәселелері кеңі­нен талқыланды. Биылғы жылы атқарылған жұмыстар талқыланып, келесі жылы атқарылар жұмыстар талданды. Мәжілістің күн тәртібіне барлығы 12 мәселе қойылып, олар бойынша тиісті шешімдер қабыл­данды.
– Дархан Айтқалиұлы, мемле­кеттік шекарамыздың көздің қа­ра­шығындай сақталуы шека­ра­шылардың ерлікпен өрілген күн­делікті қызметінің арқасы. Осы орайда, бүкіл өмірін осы қызметке арнаған, батыр шекарашыларымыз туралы да айтып өтсеңіз?
– Отан қорғауды әкеден балаға мирас етіп келе жатқан ұрпақтар шекара қызметінде көптеп кездеседі. Осылайша, ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз ешуақытта үзілген емес. Шекарашыларымыз қайда жүрсе де Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп келеді. Жақында ғана Жар­кент қаласында Ауғанстанда ин­тернационалдық борышын өтеу кезінде ерен ерлік үлгісін көр­сетіп, құрбан болған бір топ шекарашыларға арналған ескерткіш ашылды. Ауған жерінде ерлік үлгісін көрсетіп қаза тапқан Раджан Батырханов атындағы шекара заставасы да (Қазақстан – Қытай шекарасы) жас шекарашы-сарбаздарды батырлық пен патриот­тыққа үндейтін тәрбие орталығына айналды.
Отанға деген шынайы сүйіс­пен­шілік сезімімен рухтанған шекарашыларымыз бейбіт күнде де ерлік істерімен көзге түсіп келеді. Жақында, ғана еліміздің оңтүс­тігіндегі «Жетісай-авто» бақылау-өткізу бекетінің келі­сімшарт сержанты Бахадүр Жураев педофилді ұстап, жасөспірім қызды құтқарып қалды. Арамызда кеудесіне мемлекеттік орден-медаль таққан шекарашыларымыз көптеп саналады. Жас сарбаздарға тәрбие беру ісі жүйелі жолға қойылған. Оның ішінде «Застава тарландары» атты ардагерлер ұйымы жастар тәрбиесінде өлшеусіз өнеге көрсетіп келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
 
 
Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
16.12.2015 ж.