Қазақстан Президенті нысанда болу барысында оның материалдық базасын қарап шығып, қару-жарақтардың заманауи түрлерімен, арнаулы мақсаттағы отандық бөлімшелердің әскери техникасымен және жарақтарымен, сондай-ақ, «Арыстан» қызметі музейінің экспозицияларымен танысты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар басшыларымен және арнау­лы мақсаттағы бөлімшелердің командирлерімен кеңес өткізді.
Іс-шараға Президент Әкімші­лігінің Басшысы Н.Нығ­матулин, Президенттің көмекшісі – Қауіп­сіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қорғаныс министрлігінің, Ішкі іс­тер министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің басшылары қатысты.
Кеңес барысында министр­лік­тер мен ведомство­лардың арнаулы мақсаттағы күштерінің әскери дайындығы және оны әрі қарай дамыту, олардың арасындағы өзара іс-қимыл және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Елбасы бүгінде арнаулы мақсаттағы бөлімшелерге жүк­телген қызметтің маңыз­дылығын ескере отырып, оларға айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтты. Қазақстан Президенті осы бөлімшелердің сарбаздары мен офицерлері терроризмге қарсы күрес, құқық тәртібін, қоғамдық тыныштық пен конституциялық құрылымды қорғау жөніндегі қызметті тиімді жүзеге асырып отырғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев арнаулы қызмет күштері арқылы Ақ­тө­бе және Алматы облыстарын­да, Алматы қаласында күрделі жауын­герлік шаралар іске асырылғанын, ал «Арыстан» қызметінің жа­сақтары 1992 жылы Шымкентте кепілге алынғандарды босату жөніндегі ерекше операция барысында алғашқы әскери тәжірибе жинақтағанын еске салды.
– Осылайша, арнаулы мақ­сат­тағы бөлімшелер әскери уақытта да, бейбіт кезде де қажет болады. Арнаулы мақсаттағы жасақ жауынгерінің күнделікті қызметі өміріне қауіпті қатерлермен байланысты психофизикалық зор ауыртпалықтарға толы. Бұл айрықша дайындық пен машықты, өз ісін жетік меңгеруді, қару қол­дана білуді, сондай-ақ, психо­логиялық орнықтылықты қажет етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы арнаулы мақсаттағы бөлімшелерге қа­таң іріктеу арқылы моральдық тұрғыдан ұстамды және күш-қуаты мықты сарбаздар ғана келетінін айтты. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті әскери қызметшілерді мемлекеттік қолдау мәселелеріне де тоқталды.
– Арнаулы жасақта қызмет ету – кез келген жас адам үшін ерліктің, патриотизмнің, туған жерге деген сүйіспеншілік мектебі. Арнаулы қызмет бөлімшелерінде қызмет етудің қиындығын ескере отырып, мемлекет әскери қызметшілердің бұл санатына қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Қазақстан жастары сіздерге қарап бой түзейді, ел алдындағы борышын өтеуді сіздерден үйренеді, мерт болған соң марапатталғандардың тізімі мұның кейде тіпті өмірге қауіпті екенін айғақтап тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақстан­­дықтардың жаңа буынын патриоттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығын айтты.
– Жастар ең алдымен Отанын сүюге тиіс. Олар бізге жат, жал­ған идеологиялардың ықпалына түс­пеуі керек, құқыққа қайшы және ізгілікке жатпайтын әрекеттер жасау үшін адамдарды арбайтын, бүгінде біздің елде де бой көр­сетіп жүрген радикалды уағыз­шылардың үндеуіне ілеспегені жөн, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы терроризм мен экстремизмнің болашағы жоқтығына сенімді екенін білдірді.
– Әлемде және өңірде болып жат­қан соңғы оқиғалар, дүниенің әр тарапындағы террорлық әрекеттер, Таяу Шығыста жалғасып жатқан соғыс қимылдары терроризмге қарсы мемлекеттік іс-қимыл шараларын жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр. Осының бәрі қазір бейбітшілік, келісім және достық жағдайында өмір сүріп жатқан қазақстандықтарды да алаңдатады. Біздің міндетіміз – осы игілікті қорғау, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бүгінде дамыған елдердің өзі терроризммен күрес мәселелері бойынша қиындықтарға тап келетінін, өйткені, бұл нақты шекарасы айқындалмаған майдан болып отырғанын атап өтті. Сөзінің со­ңын­да Нұрсұлтан Назарбаев жау­ын­гер­лерге табысты қызмет пен бақ-береке тіледі.
– Сіздердің еңбектеріңіз өте ауыр – бұл күн сайынғы ауыр жаттығу мен қиын сынақ. Бірақ, жас кезіңде бұл бір жағынан жақсы да. Бір кездегі жасөспірім шағымызда бәріміз де сіздер сияқты болғымыз келген. Бүгінгі күннің нағыз батырлары – сіздер. Мен әскери қақтығыстардың болмауын тілеймін, дегенмен, бес қаруларыңыз сай болғаны жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті арнаулы мақсаттағы күштердің үздік командирлері мен жауынгерлеріне мемлекеттік наградалар, сондай-ақ, баспанаға зәру әскери қызметшілерге қыз­мет­тік пәтер кілттерін тапсырды.
Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы мүдделі мемлекеттік органдар басшылары мен арнаулы мақсаттағы бөлімшелер командирлеріне бірқатар тапсырма берді.
 
«Егемен Қазақстан»
5.12.2015 ж.