Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Шекарашылардың «қара қазаны»

Қайыржан Төрежан, Айқын, 2012 жылғы 2 ақпан

Өткен жылдың 26 желтоқсанында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясына 80 жыл толды. Академия - еліміз үшін шекара кадрларын дайындайтын жалғыз әрі негізгі оқу орны.

Бүгінгі күні ҰҚК Шекара қызметіне 15 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекараны күзету міндеттелген. Мемлекеттік шекараны 5 аймақтық басқарма, 20-ның үстінде шекара отрядтары, бірнеше жүз шекара заставалары мен бекеттер күзетеді. Бұлардың бәрін білімді кадрлармен қамтамасыз ету оңай емес. Оның үстіне қазақ-қытай шекарасында тұрақты жағдай болғанымен батыс және оңтүстік бағыттар бойынша аздаған алаңдаушылық бар. Сондықтан шекарадағы тіршіліктің тамырын басып, қалт жібермей қадағалап отыру үшін шекарашылардың кәсіби деңгейін көтеру шарт. Шекара қызметінің жауынгерлік операциялары негізінен сардардың сапалы дайындығына және шекара құрамалары мен бөлімдерінің білікті кадрлармен толықтырылуына тығыз байланысты. Қазіргі кезде ҰҚК Әскери институты алғы шепке кәсіби дайындықтан өткен, жаңа технологияларды меңгерген, құқықтық білімі бар, ой-өрісі кең, мемлекеттік шекараны күзетуге үлкен жауапкершілікпен бірден кірісетін сардарлар легін дайындауды жолға қойған. Мемлекетіміздің мызғымас дербестігін қорғайтын білікті мамандар дайындаудың кілті оның негізгі идеологиясында жатыр. Сонымен қатар ХХІ ғасырдың сардарлары 90-шы жылдардағы кадрлардан бір төбе сауаттырақ болуы заңды. ҰҚК Шекара академиясы осы талаптарға сай жұмыс істеуде.

 

Сексен жылда Ұлттық қауіп­сіз­дік комитетінің Шекара акаде­мия­сы мен оның түлектері мем­лекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Мемле­кет­тің тұтастығы үшін жауға кеу­десін тосып, ерлік көрсеткен көп­шілігінің аты-жөндері алтын әріп­термен батырлар тарихының беттеріне жазылды. Олар шекара бұзушылармен бұлттардан биік шыңдарда, күйіп тұрған құмдарда шайқасты. Ұлы Отан соғысында фашистердің алғашқы соққысына төтеп берді, Хасан, Даманск мен Жалаңашкөл оқиғалары кезінде де табандылық көрсетіп, өз күш­терімен шекара бұзушылардың бе­тін қайтарды. Ауғанстан таула­рында ТМД елдерінің сыртқы ше­карасын күзетудегі міндеттерді ат­қаруда да Алматы шекара учи­ли­щесінің түлектері биіктен кө­рін­ді. Оқу орнының 44 түлегі осы соғыста Кеңес Одағының Батыры деген жоғары марапатқа, тағы 3-еуі Ресей Батыры атағына ие бол­ды. Әскери оқу орнындағы жаңа буын осы батырлардың ру­хында тәрбиеленуде.

 

Бүгінде посткеңестік кеңістік­тегі көптеген елді мекендерде көшеге, шекара заставаларына Ал­матыдағы Шекара академиясын бітірген сардарлардың есімі беріл­ген. Солардың бірі КСРО Мем­лекеттік қауіпсіздік комитетінің Шығыс шекара округының бұ­р­ын­ғы қолбасшысы және Алматы шекара училищесінің бастығы, Кеңес Одағының Батыры, гене­рал-лейтенант М.Меркуловтың әске­ри жолын бүгінге дейін әрбір кур­сант өнеге тұтады. Қазір Шон­жы шекара отрядындағы заста­ва­лар­дың бірі М.Меркуловтың аты­мен аталады.


Әскери оқу орнының мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сіңірген еңбегін марапаттарына қарап білуге болады. Әскери инс­титуттың сәнін келтіріп тұрған Жауынгерлік тумен бірге Жауын­герлік Қызыл Ту және Октябрь Революциясы ордендері осы оқу орнына қатысы бар әрбір шекара­шының ортақ мәртебесі. Алға­шын­­да Ф.Дзержинскийдің аты­мен аталған Алматы шекара учи­­лищесі бұрынғы Кеңес Одағы аумағына, тіпті одан тыс жерлерге де әйгілі. Қай кезде болмасын Ал­маты шекарашылар училищесін­дегі білім беру, кадр дайындау са­пасы жоғары деңгейде болды. Мұн­да мыңдаған шекара офицер­лері оқыды, соның ішінде шетел­діктер де дайындалды. Бүгінде оқу орны Қазақстан Шекара қыз­меті ғана емес, ТМД елдеріне, ал 2011 жылдан бастап алыс шетел­дерге де офицер кадрларды жан-жақты дайындайтын көпсалалы оқу орны.


Қазақстан тәуелсіздік алған­нан кейін шекарашылар жоғары оқу орны бірнеше рет қайта құры­лудан өтті. 1992 жылы Ф.Дзер­жинский атындағы ҰҚК Алматы Жоғары шекаралық командалық училищесі, 1993 жылы ҰҚК-нің Әскери институты, 1995 жылы Ше­кара әскерлерінің Әскери инс­титуты, Қорғаныс министрлігі Шекара әскерлерінің Әскери институты, содан кейін 1997 жы­лы Қарулы күштерінің Жоғары Шекара командалық училищесі, 1999 жылы ҰҚК Әскери инсти­туты болды. Ол өзінің ұзақ жылғы жетістіктерін, ескі дәстүрлерін жо­ғалтпай жылдан-жылға дамып келеді. Қазіргі заманғы қауіп-қа­терлермен күресе білуге лайықты, мұндай талапқа бейімделген кадр­лар­ды дайындауды қамтамасыз етуге қабілетті жоғары оқу орны­ның тиімді құрылымын іздеу нә­ти­жесінде, өзінің 80 жылдық ме­рейтойы қарсаңында оқу орны Мемлекет басшысы Н.Назар­баев­тың Жарлығымен ҰҚК Шекара академиясы болып қайта құрыл­ды.


- Біздің оқу орны статусының өзгеруі - заңды процесс. Бұған қа­зіргі заман талаптарына сай кә­сіби деңгейі жоғары кадрларды даярлау жүйесін жасауға бағыттал­ған іс-шаралардың кешені негіз болды. Әрине, оқу процесінде тү­бегейлі өзгерістер бола қойған жоқ. Бұл нәтижеге біз сатылап, жос­парлы түрде қол жеткіздік. 2002 жылы оперативтік-тактика­лық факультеттің базасында опе­ративтік-тактикалық буынның офицерлері - магистранттарды даярлау басталды. Бұл біздің оқу орнының тарихындағы маңызды кезең. Мұндай деңгейдегі маман­дарды бұған дейін тек Ресейде дайындайтын еді және шекара қыз­метінің қажеттілігін қам­тама­сыз етуде осындай мамандардың жетіспеушілігі жиі кездесетін. Оқу орнымыздың даму тарихын­дағы келесі маңызды кезең 2010 жылы PhD докторантурасының ашылуы болды. Әскери ғалымдар­ды даярлау басты міндеттеріміздің бірі және стратегиялық мақсат бо­лып табылады. Сондықтан Ака­­демия мәртебесін алу жай ғана сән қуу емес, халықаралық стандарттарға сай жоғары білікті мамандар даярлауда шын мә­ніндегі мүмкіндіктерімізді көрсету болып табылады, - дейді Шекара академиясының бастығы, әскери ғылымдардың кандидаты, гене­рал-майор Талғат Есетов.


Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақ­станның мемлекеттік шекарасы тұтастай күзетілетін болды. Шека­рашылар қызметінде атаның ізін баласы жалғастыратын әдемі дәс­түр қалыптасқан. Қазіргі курсант­тардың дені әкесінің, атасының жолын қуып, қасиетті туған жер­дің шекарасын күзету мамандығын жүрегімен қалап келгендер. Ше­ка­ра академиясы Алматының әсем жеріне, Медеу шатқалына қа­рай Достық даңғылының бойы­на орналасқан. Көк шыршалармен көмкерілген кішігірім қалашық­тағы еңселі ғимараттар, саппен жүретін алаңдар, жаңа техноло­гиямен жабдықталған үлкен оқу, спорт залдары оқытушылар мен курсанттардың мақтанышы.

 

ҰҚК Шекара академиясы жо­ғары білім беру бағдарламасымен басқару саласы бойынша төмен­дегідей мамандар дайындайды:


- шекара күзеті бөлімдерінің офицері;
- шекара бақылау офицері;
- кинолог офицері;
- тәрбие және әлеуметтік-құ­қықтық дайындық офицері;
- жедел-барлау бөлімдерінің офицері.


Сондай-ақ академияда жоғары білімдері бар, шет тілдерді білетін, іс жүзінде тәжірибеден өткен офи­церлерді оқытатын бір жыл­дық курс бар. Магистратураға Ше­кара қызметінде жүрген жоға­ры әскери және арнайы-әскери білімдері бар офицерлерді құрама­лар мен бөлімдер үшін әскери педагогика, психология және басқару мамандықтары бойынша қабылдайды.


- Тәуелсіздік жылдарында біз шекарашылардың қалыптасқан дәстүрлерін сақтап, оны әрі қарай өркендетуге, елі мен жерін ақ най­заның ұшымен, ақ білектің кү­шімен қорғаған, халқымыз ат­тарын ардақ тұтып, қастерлеген ата-бабаларымыздың атағы мен даңқын қайта жаңғыртуға мүм­кін­дік алдық, - дейді генерал Талғат Есетов, - егеменді еліміздің ғана емес, іргелес ТМД елдерінің де шекарасын күзетуді нығайтып, жетілдіретін болашақ офицерлерді дайындауға бағытталған акаде­мияның оқу-тәрбиелік жұмыс­та­рын қайта құруда үлкен жұмыстар атқарылды. Жалпы алғанда, Тәу­ел­сіздігіміздің 20 жыл ішінде 5000-ға жуық офицер дайындалды. Қазір Тәжікстанмен, Қырғыз­станмен және Ауғанстанмен өзара ынтымақтастықты арттыру мақ­са­тында академиямызда 68 қыр­ғыз, 73 тәжік және 5 ауған азамат­тары білім алуда. Орта Азия мем­­лекеттері ішінде шетелдік кур­санттарды жалғыз біздің ака­демия ғана дайындайды.


Тәуелсіз мемлекетіміздің қа­зір­гі даму кезеңінде Елбасы мен үкімет қауіпсіздік проблема­лары­на бірінші мәселе ретінде қарай­ды. Ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бөлігінің бірі сөз жоқ шекара қауіпсіздігі. ҰҚК төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Нұр­жан Мырзалиев басқаратын ве­дом­с­­тво­ға күзет пен қорғаудың за­ма­науи жүйесін пайдалана оты­рып шекараның жаңа келбетін жасау жүктелген. Шекара қызме­ті­нің дамуына қажетті 34 млн тең­ге 2010 жылы бөлінсе, былтырғы жылы 37 млн теңге қаржы мем­ле­кеттік бюджеттен бөлініпті. Би­ыл­ға одан да көбірек болуы тиіс. Ол қаржы өзін ақтауда. Ше­ка­рашылар күніне ондаған шекара бұзушыларды, контрабандистерді және наркошабармандарды ұс­тай­ды. Бұны ҰҚК Шекара ака­демиясының түлектеріне берген тәрбиесінің нәтжиесі деп білу керек.

Артқа