Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

ОТАН. ТІЛ. ХАЛЫҚ

Бақыт Балғарина, Егемен Қазақстан, 13.12.2006ж.

Қалыптасудың және дамудың қиын да күрделі жолдарынан, сан асулардн өткен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Әскери институтының құрылғанына биылғы 26 желтоқсанда 75 жыл толады. Өткен уақыт ішінде Әскери институттың 40 түлегі және 5 қызметкері Кеңес Одағының Батыры атанып, оқу орнының 300-ден астам түлегі генерал деген жоғары әскери атаққа ие болды. Сонау Ұлы Отан соғысының отты жылдарында майдан үшін үш мыңнан астам офицер дайындаған училище 1941 жылдың аяғында Харьковтен Ташкентке, 1944 жылы Алматыға көшірілді. Мемлекеттік шекара күзеті қызметін одан әрі жетілдіруде және мамандардың кәсіби біліктілігі мен шеберлігін арттыруда қол жеткен жетістіктері үшін әскери ұжым, Қызыл Ту, Октябрь революциясы ордендерімен марапатталды.

Кезінде Кеңес Одағы шекара қадрларын дайындаған білім ордасы ел тәуелсіздігінен кейін кең-байтақ Қазақстанның қасиетті нүктелерін қорғайтын офицерлер әзірлейтін бірден-бір әскери оқу орнына айналды. Тәуелсіздігіміздің 15 жылдығымен тұспа-тұс келген ҰҚК Әскери институтының 75 жылдық мерейтойын ұжым мүшелерінің толымды табыспен қарсы алуы, әрине құптарлық жәйт.

Таяуда осы датаға арналып, ҰҚК әскери қызметкерлері арасында алғаш рет «Үш бақытым» атты республикалық айтыс өткізіліп, онда қол жеткен жетістіктер, олқылықтар сараланды. Бұл айтысқа ҰҚК Шекара қызметі аймақтық басқармаларының және республикалық Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қорғаныс министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне қарасты әскери оқу орындарының алдын-ала іріктеу сайыстарынан өткен, қарсыласымен жоғары кәсіби деңгейде өнер жарыстыра алатын әскери мамандардың қатысуы көнәрседен хабар берсе керек.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Әскери институтының бастығы, генерал-майор Бауыржан Елубаевтың пікірінше: «Өлең» атты құдіретті құлақтан кіріп бойды алардай әсем әуенмен құйқылжыту үшін арқыраған ақын болумен қатар, өнері өрге жүзген жан-жақты өнерпаз болу – ең басты шарт. Ендеше бұл қасиет кез-келген жанның басына қона бермейді. Түсіне білген адамға бұл – дара туған дарындар мен талабы биік таланттарға ғана бұйырған, солардың маңдайына жазылған өнер».

- Менің ойымша айтыс қазақтың ерекше қадір тұтып, қастерлейтін қасиетті өнері болғандықтан, халқымыз қашанда арқалы ақиық ақындарын ардақтап, олардың саф алтындай салмақты сөздері мен терең тынысты жырларын салмақтай білген. Атап айтарлығы, қазірде республика көлеміндегі жыр додаларында көрікті ойдың көрігін қыздырып, айтыс өнерінде басымдылық танытатын жастар көбеюде. Айтыстың бүгінде біздің ауылымызға – жауынгерлер арасына келуі – біздер үшін үлкен қуаныш. «Үш бақытым» атты айтыс әскерилердің бұл бағыттағы шеберлігін сынға салған және шыңдаған сайыс болды, - деді Әскери институттың бастығы, генерал-майор Бауыржан Ысқақұлы Елубаев өз ойын ортаға салып.

Республика әскери ақындары арасында ұйымдастырылған «Үш бақытым» сөз додасы шын мәнісінде де тіл, халық, Отан туралы отты ойлар мен жалынды жырлар тоғысына айналды. Иә, ел қорғаны болар азаматтың үш бақыты болады. Ол – туған тілі, туған халқы және туған Отаны. Қиындығы мен жауапкершілігі мол, ауыртпалығы да аз емес әскери салада қолына қуатты қаруымен бірге, қара домбырасын қоса, қатар алып жүретін жауынгерлердің жыр жарысында жай ғана ой таластырып қоймай, айшықты айтыстың үлгісін көрсете білуінің мәні мен маңызы үлкен болды.

Айтыстың көрікті керуенін бастап, шымылдығын алғаш ашқан ҰҚК академиясының тыңдаушысы Қайрат Рамазановпен атысқа түскен ҰҚК Шекара қызметі «Шығыс» аймақтық басқармасына қарасты №2086-шы әскери бөлімнің қатардағы жауынгері Ермек Алғазиннің мерейі үстем болды. Сөз сайысы қорытындысында 120 000 теңге көлеміндегі бас сыйлыққа ие болды. Бірінші, екінші және үшінші орындар – Наурызхан Ғазизұлы (ҰҚК Шекара қызметі) мен Саят Садықов (Әскери институт), сондай-ақ Мұратбек Айтжановтың (№2484-ші әскери бөлім) үлесіне тиді.

Сөз реті келгенде атап айтарлық тағы бір жәйт, әскерилер арасында тұңғыш рет өткізілген бұл айтыс тақырып ауқымының кеңдігімен қоса, мазмұндылығымен де ерекшеленеді. Әсіресе, бүгінгі таңдағы ана тілдің ахуалы, әскери парыз, патриотизм туралы оралымды ойлар көпшілікті бей-жай қалдырмады. Бұл орайда осы шараны ұйымдастырған ҰҚК Әскери институты басшылығы мен осы оқу орынындағы мемлекеттік тіл бөлімінің (жетекшісі подполковник Ерлан Ібітанов) игі бастамасын атап айтқан жөн. Қазақ-түрік мәдени орталығының жетекшісі Қазақбай Таштемірұлының институт бастығы, генерал-майор Бауыржан Елубаевқа ұжым атынан арнаулы сыйлықты тарту етуі – мемлекеттік тілге деген құрметтің бір белгісі болса керек.

Сонымен, бүгінгі таңда жас ұрпақты ел мен жерді, кіндік қаны тамған туған топырақты сүюге тәрбиелеу, отаншылдық сезімді оятудың қажеттілігі орасан екендігі айдай ақиқат. Олай болса әрбір ақын жүрек түбінен жыр толғайтын, құдіретті қара өлеңді бәйгеге қосатын айтыс – бірден бір қуатты құрал.

Артқа