Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Олар ел тыныштығын күзетеді

Бақыт Балғарина, Егемен Қазақстан, 26.12.2006ж.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қауіпсіздігі – ең алдымен шекара қызметіне байланысты. Қасиетті шекараны, ел іргесінің тыныштығын көзінің қарашығындай сақтап, күзететін білікті мамандар даярлайтын республикадағы жалғыз оқу орнының құрылғанына 75 жыл толып отыр. Сонымен ұлан-байтақ жеріміздің шекарасын қорғайтын, ел қадірін, жер қадірін бағалай білетін мамандар даярлау ісі қалай жүргізілуде және әскери білім ордасының бүгінгі тынысы мен келешегі қандай? Ұлттық қауіпсіздік комитеті Әскери институтының бастығы, генерал-майор Бауыржан Елубаевпен әңгіме осы төңіректе өрбіді.

- Қуатты да іргелі мемлекеттің тыныштығын қорғайтын шекарашылар, білікті офицер кадрлар даярлайтын республикадағы бірден-бір әскери институтқа жүктелер міндет, жауапкершілік жоғары. Өйткені, бүгінгі жаңа ғасыр – жаңа жетістіктер ғасыры. Сондықтан да менің ойымша, бұл кезең - әскери институт деңгейінің өсу, өркендеу кезеңі, оқу орны түлектерінің жауынгерлік дәстүрлерінің, батырлық, ерлік істерінің айшықталар дәуірі болмақ.

Институттың 75 жылдық мерейтойының егемен еліміздің тәуелсіздігінің он бес жылдығымен тұспа-тұс келуі, бізді тарихымызды тануға, таразылауға, бүгінімізге баға беруге, ертеңімізге көз жіберуге жетелейтіндей. Ел Президентінің 1993 жылғы қыркүйектегі Жарлығымен бұрынғы Ф.Дзержинский атындағы Алматы жоғары шекаралық-командалық училищесі ҚР ҰҚК Әскери институты болып қайта құрылды.

1994 жылғы шілдеде оқу орнына Елбасы келіп, жоғары білікті офицер кадрларды даярлау ісіндегі институттың жетекшілік рөлін атап көрсетіп, оқу орнының игі дәстүрлерін одан әрі жалғастыруға тілектестігін білдірді. Әскери институт елімізде алғашқылардың бірі болып, жаңа Жауынгерлік Туды алып, толықтай дербес бөлімше ретінде қалыптасты. Бүгінде ол ҚР ҰҚК ведомстволары мен бөлімшелерінің басшылық құрамының барлық санатын үздіксіз кәсіби білім берумен қамтамасыз етіп келе жатқан көп салалы жоғары оқу оры болып табылады. Офицер кадрларды даярлау көптеген бғыттар бойынша жүзеге асырылады.

Әскери институттың бір топ офицерлері Ресей Федерациясы Шекара қызметінің оқу орнында болып қайтты. АҚШ-тың шекара қызметін ұйымдастыру тәжірибесі зерделенді. Осындай сипатта профессорлық-оқытушылық құрамның әдістемелік және кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстардың жүргізілуі, институттың офицерлік құрамы мен оқытушыларының жеткілікті деңгейде әдістемелік дайындығы бар деп ауыз толтырып айтуға негіз болады.

Курсанттарды оқыту мен тәрбиелеу үдерісі туралы сөз еткенде, оның сапалы түрде қамтамасыз етілуіне тиісті жағдай жасайтын институт бөлімшелерінің еңбегін ұмытпағанымыз ләзім. Бұл жерде оқу, тәрбие, әскери-техникалық, штаб қызметі, мемлекеттік тіл, әскери медицина бөлімшелерінің қызметкерлерін айтып отырмын. Осы бағытта полковниктер В.Носко, Қ.Құлтаев, Н.Мұздыбаев, Н.Артемчук, А.Ахназаров, И.Гавриш, подполковниктер Е.Ібітанов, Н.Кажкенова және басқалар қомақты іс-шаралар жүргізуде. Курсанттармен етене жақын, тікелей жұмыс жасайтын тәрбиеші-офицерлердің арасында өзінің жастығына қарамастан, жеке құрам алдында беделі биік, жауынгерлік қызметте үлгі боларлық майор Б.Садыбековті, капитандар Е.Үсеновті, Б.батабаевты атап өтуге болады.

- Бауыржан Ысқақұлы, егер қателеспесек, 1999 жылы институт тарихында алғашқы рет оқуға қыздарды қабылдап, шекарашы мамандығын меңгертіп шығардыңыздар, сол үрдіс бүгінде қалай жалғасуда?

- Шекара қызметінің күнделікті жұмыста жоғары мәдениетті, жауапкершілікті, адалдық пен ұстамдылық сияқты қасиеттерді талап ететін салаларының бірі – шекаралық бақылау. Шекара қызметінің аталмыш бөлімшесінің қызметкерлері мемлекеттік шекара арқылы өтетін халықаралық байланыс жолдарындағы мемлекетіміздің басты-басты «қақпаларында» қауіпсіздік күзетінде жемісті қызмет етуде.

Мемлекеттік шекараның бақылап-өткізу пункттерінде сенімді, қазіргі талаптарға сай шекаралық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында 1999 жылдан бастап, институтта «шекаралық бақылау» мамандығы бойынша төрт жылдық оқуға қыздарды қабылдау жүргізілген еді. Мұндай шешім қабылдауға мемлекеттік шекара арқылы, әсіресе Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасымен арадағы шекарада бақылап-өткізу пункттері санының едәуір артуы, сондай-ақ, шекаралық жолаушылар және жүк қозғалысына ашық жерлерде мемлекеттік шекара күзетін жүзеге асыратын мамандардың жетіспеушілігі себеп болды.

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бастамасымен 2001 жылдан бастап, шет тілін меңгерген жоғары білімді қыздарды бір жылдық курсқа қабылдау туралы шешім қабылданды. Олардың міндетіне жолаушылардың құжаттарын жылдам әрі дұрыс ресімдеу, шекара бұзушыларды дер кезінде анықтау, көлік құралдарын тексеру, сондай-ақ, шекарадан заңсыз өту, контрабанданы жасыру тәсілдерін анықтау жұмыстары кіреді. Түлектеріміздің сауаттылығы, өздерінің білім, тәжірибелерін күнделікті қызмет барысында қолдана білуі, жеке құрам алдындағы абыройы Шекаралық бақылау бас басқармасы басшылығының тарапынан жоғары бағалануы көп нәрседен хабар берсе керек.

- Тәрбие мәселесі, соның ішінде әскери тәртіпке үйрету, тәрбиелеу оңай шаруа емес. Осы орайда қандай жұмыстар, іс-шаралар атқарылуда?

- Ертеректе, Әскери институтта әскери тәртіп пен құқықтық тәртіп мәселесі өте өзекті мәселесінің бірі болғаны жасырын емес. Сондай жағдайда институт басшылығына осы бір кезек күттірмес мәселені шешуге бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға тура келеді. Ең алдымен, барлық лауазымды тұлғалардың өзіне жүктелген жұмыстарға жеке басының жауапкершілігі нағайтылды. Қолданылған шаралар өзінің оң нәтижесін беруде, атқарушылық тәртіп нығайды, ҰҚК Төрағасының бұйрықтары мен өкімдерінің сапалы және уақтылы орындалуына талап күшейді. Бүгінде институт қызметкерінің әрбір теріс қылығы, онң атақ, дәрежесіне, мансабына қарамастан, мұқият тергеудің нысанына айналды, тәртіп бұзған кінәлілер ған емес, сонымен қатар, тәртіп бұзуға итермелеген себептер пен жағдайлар да анықталады. Қандай жағдайда болса да тәртіп бұзушылықтың бірде бірін жасырмау негізгі қағида болып табылады.

- Генерал мырза, оқу орнын осыдан он-жиырма жыл бұрын бітірген офицерлер мен кейінгі үш-төрт жылда бітірген офицерлер деңгейі жөніндегі пікіріңіз қандай?

- Әскери институт өткен жетпіс бес жылда Отанымыздың шекарасын күзету ісін абыроймен атқарған ондаған мың шекарашы офицерлерді даярлап шығарды. Әскери институттың жылнамасында біздің түлектердің Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарындағы, Даманск аралындағы, Жалаңашкөлдегі оқтғаларда мемлекеттік шекараны қорғаудағы, Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеудегі және тәуелсіздік жылдарындағы ерліктері, өрліктері, батырлықтарының жарқын беттері сақталған. Қазіргі кезде ТМД елдерінің көпшілігінің шекара әскерлерінің қолбасшылары – біздің түлектер. ҚР Шекара қызметінің басшылық құрамы түгелдей дерлік Әскери институттың түлектері. Шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант Б.Зәкиев, ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасарлары – генерал-майорлар Т.Уажанов, Ш.Өтепов, полковник Б.Қырғызбаев, Шекара қызметі Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор М.Мәжитов, Шекара қызметі аймақтық басқармаларының бастықтары – генерал-майорлар А.Ілиясов, Т.Есетов, Е.Жаңабергенов. Тарихқа үңілейікші, бұдан 20 жыл бұрын бүкіл Кеңес Одағында небәрі үш жоғары шекаралық училище бар еді. Оны бітіргендердің басым көпшілігі жоғары білікті шекара офицерлері болды

Алыс-жақын шетелдермен қоғамдық-экономикалық байланыстар ауқымының кеңеюіне байланысты бүгінгі мемлекеттік шекараны күзету тәртібі Әскери институттың түлегінен қызметтік-жауынгерлік істің нақты бағыттарын терең меңгеруін талап етеді. Түлектердің кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында институт жанында кәсіби дайындық пен біліктілік арттыру курстары, магистратура, адъюнктура тұрақты негізде жұмыс істейді. Институттың барлық қызметі бір мақсатқа – шекара офицерлерінің бойында әскери кәсіпке деген ынтаны арттыруға, оларды озық әскери ғылым негіздерімен, кәсіби шеберлікпен, асқақ моральдық-психологиялық қасиеттермен қаруландыруға бағытталған. Әр жылдары түлеп ұшқан түлектерімізді Отанға деген оттай ыстық махаббат, биік тұлғалық және кәсіби шеберлік сияқты шекарашыға тән ортақ қасиеттер біріктіреді. Өйткені, оларға ұшы-қиыры жоқ ұлан-байтақ жеріміздің қасиетті шекарасын күзетуге жолдама берген Алматы жоғары шекаралық командалық училищесі – ҚР ҰҚК Әскери институты.

- Елбасы Қазақстан халықтары Ассамблеясының XII сессиясында: «Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңызды мәселе – мемлекеттік тіл мәселесі» деген еді. Оқу орнында күнделікті қызметке, оқу-тәрбие үдерісіне мемлекеттік тілді ендіру шаралары туралы сөз етсеңіз.

- ҚР ҰҚК Әскери институтындағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге және дамытуға бағытталған іс-шаралардың жүйелі жоспарланып, дұрыс ұйымдастырылуы нәтижесінде жетістіктерге қол жеткізілді. Мемлекеттік тілді енгізудің негізгі жолдары – іс қағаздарын қазақ тілінде дайындауға, оқу үдерісіне, ғылыми жұмыстарға мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандарды қызметке тартуда. Нәтижесінде, ҰҚК Мемлекеттік тіл басқармасының биыл қыркүйекте өткен байқауында ҰҚК Әскери институты мемлекеттік тілде дайындалған іс қағаздары және ғылыми жұмыстар бойынша бірінші орынды иеленді.

Институт мерейтойына арналған «Үш бақытым» атты I республикалық әскери ақындар айтысы жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінде «Отан. Тіл. Халық» атты мақала жарияланды. Ол үшін басылымға айтар алғысымыз мол. Бүгінде ұжым алдында мемлекеттік маңызы бар үлкен міндет тұр. Ол – біздің елімізге және ТМД елдеріне офицер кадрларды даярлаудағы оқу-тәрбие үдерісін одан әрі жетілдіре түсу. Оның ойдағыдай жүзеге асырылатынына кәміл сенемін. Әскери институт бүгін де, келешекте де ҚР ҰҚК бөлімшелер мен ТМД елдеріне жоғары білікті офицер кадрларды даярлайтын білім ордасы болып қала бермек.

- Әңгімеңізге рахмет.

Артқа