Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Өшпес бейне

 
Өткен ғасырдың 1924 жылы 12 желтоқсанында дүние есігін ашқан генерал-майор Сейтқазиев Жахия Ғаббасұлы – Орал топырағындағы Жанқала ауданы аталатын Таубұйрат деген елді мекеннің перзенті. Балалық шағы Қазан төңкерісінің дүрбелеңі мен Азамат соғысы және ашаршылықпен тұспа-тұс келді. Ел арасы жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілердей халінде болса да, талабы зор бала Жахия жеті сыныпты бітіруге мүмкіндік алды. Өз ортасында зеректігімен ерекшеленген Жахия 1939 жылы Қазақ Орал мұғалімдік жұмысшы факультетіне түседі. Алайда, аталған оқу орны Ағарту ісі жүйесінен алынып тасталуына байланыс­ты оның 2-курсын бітіруіне тура келеді. Дегенмен, 1941 жылы Батыс Қазақстан облыстық Білім бөлімі жанындағы бір жылдық мұғалімдік курсқа ауысып, аталған курстың физика-математика бөлімшесі бойынша аяқтайды.
       1942 жылдың тамыз айында аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, тамыз-қыркүйек айларында Уфадағы 28-ші мергендер полкіне әскери қызмет атқаруға қабылданады. 
      Сын сағаттың дабылы қағылып, азаматтарды майдан шебіне аттандыру жалғасып жатқанда Уфа жаяу әскерлер училищесінің атқыштар командирлерін дайындау курсын бітіріп шыққан Жахия, 1943 жылдың күз айында 78-ші атқыштар дивизиясының құрамын толықтыратын топпен бірге Оңтүстік-Батыс майданына жіберіледі. Алғашында 344-дивизияда бөлімше командирі, кейіннен 1-ші атқыштар батальонының комсоргы болды.
       Майдан даласына қатардағы жауынгерлермен бірге білікті де білгір командирлер ауадай қажет еді. Сондықтан соғыс тактикасын меңгеруге дайындайтын әр түрлі айлық курстар, мектептер ашылып, оған сауатты жастар жіберіліп жатты. Солардың ішінде білімі жеті сыныптық, орыс тіліне жетік, қимылы ширақ Жахия да тізімге ілікті.Соғысқа қатысу деген тек қана оқ ата білу емес, қарсыласыңа ұстатпайтын ептілік, мергендік, күштілік, бетпе-бетте айбат көрсете білуің керек. Осыларға жетік машықтанғанда ғана ұрысқа араласа аласың. Жау дайынсың ба, дайын емессің бе, күтіп отырмайды. Сондықтан майдан талабы – темірдей тәртіп, егер де осыларды игере алмасаң, басқа түгіл жауған оқтан, басынан бақайына дейін қаруланған жаудан жеке басыңды да аман алып шыға алмайсың.
       Ауылдың қара домалақ баласының түйгені – әскери теорияны, тактиканы мұқият ден қойып үйрену болды. Оның ойында барлығын үйренуге, қателес­пеу­ге, білікті болуға талпындыратын бір ғана жол болатын. Ол рухқа толы болмыс пен намыс, жауға деген өшпенділік, туған елге деген сағыныш еді. 
        Майдан даласында атқыштар взводы командирлерін дайындау бойынша әскери курстан өткен Сейтқазиев Жахия Ғаббасұлы 230-шы атқыштар дивизиясының 1037-ші атқыштар полкінің атқыштар взводының командирі болып ұрысқа кірісті. 
        Қыркүйек айында немістердің қолына өтіп тұрған Солтүстік Дон өзені маңындағы плацдармды жаудан қайтарып алуға бұйрық алған жауынгерлер қиян-кескі ұрысқа қатысты. Бұларды байқап қалған немістер ірі калибрлі пулеметтерден оқты қарша жаудыра бастады. Соның арасында кейбір полк жауынгерлері оққа ұшты. Мықтап бекінген жаудан нысананы босату мүмкін еместей көрінді. Бірақ полк жауынгерлерінің каһарлы уралаған үнінен, қуатты да жігерлі шабуылдарынан немістер бәрін тастап шегінуге мәжбүр болды. «Жарайсыңдар жігіттер» деп алға ұмтылған ол, көзінің алды қарауытып, аяғының астындағы жер айналып жүре бергендей болды. Жан түршігерлік шайқас барысында кіші лейтенант Жахия Сейтқазиев ауыр жарақат алды. Ол есін дала госпиталында жинаған еді. Екі ай уақыт Харьковта емделгеннен кейін (Днепропетровсктегі эвакогоспитальда) 3-ші Украинаның 200-ші запастағы полктың құрамына алынып, штабта оған сол жерде майдандық «Советский войн» газетінің қазақ редакциясында корректор болу міндеттеледі. Бұл міндетті 1943 жылдың қараша айынан 1946 жылдың наурызына дейін атқарды.
       Ол майдан даласын Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия жерлерінде оларды неміс басқыншы­ларынан азат ету арқылы жүріп өтіп, соғысты Австрия аумағында аяқтаған. Оның майданда өткен жылдарының әр түні, әр күні ажал тосқан қатерлі сәттерге толы болса да, Жеңіске деген сенім оны алға жетелейтін.
         1946 жылдың сәуір айында Оңтүстік әскери бөлімі тобынан Түркістан әскери округына ауыстырылғаннан кейін Ашхабадта әскери құрамалар гарнизонында, батальон комсоргы болды. 1946 жылы маусым айында запасқа шығарылғаннан кейін елге оралды. 1946-1948 жылдары аралығында Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінде инструктор болып жұмыс атқарды.
          Ж.Сейтқазиев майданнан оралғаннан кейін бүкіл саналы өмірінің 38 жылдан аса уақытын Қазақстанның қауіпсіздік органдарының қызметіне арнаған. Білімді заңгер болған. (1956 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік бітірген). 
           Ол қызмет жолын қатардағы жедел уәкіл мен тергеушіден бастап, мемлекеттік қауіпсіздік органдарының облыстық басшысына дейінгі лауазымдарды абыроймен атқарды. Әсіресе, оның жедел-тергеу қызметіндегі талантының ерекше көзге түскен кезі – сол кезде қайта құрылған МҚК Алматы облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары және 10 жыл бойы Целиноград облыстық басқармасының бастығы болған кезеңдер еді. Басқарманың жеке құрамына аймақтық мемлекеттік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байла­ныс­ты алда тұрған қызметтік тапсырмаларды орындауға, міндеттерді практикалық түрде шешуге жұмылдыра білді. Сонымен қатар, оларды ұйымдастыруда қатал талап қоя отырып, жеке өзінің қатысуымен атсалысқан. Ол болашағы зор жедел қызметкерлерді көре білетін және олардың кәсіби шыңдалуына барлық жағдай жасайтын. Әрдайым жас офицерлерге намысын сақтауды, сол намысқа лайықты іс тындыруды еске салып отыратын. Ол өзінің ерекше ұйымдастырушылық қабілетін бірінші кезекте жеке құрамның жедел-қызмет жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағыттады. Өзінің кеңінен ойлайтын білімдарлығы, еңбекқорлығы арқасында кейбір күрделі тапсырмалар мен міндеттерді айқын шешіп, өз қарамағындағы аумақтың тұтастығын сақтап, ел ішінде іріткі салатын шұғыл жағдайларда жол таба білді. Сөйтіп, оның жол бермейтін қатал шешім қабылдауы Целиноград облысы жұртшылығы арасында беделін көтерді. Бұған дәлел – 1979 жылы маусым айында сол кездегі Целиноград қаласында қала тұрғындарының Қазақстан аумағында неміс автономиясын құруға наразылық кезінде байқалды. 1979 жылғы Целиноградтағы маусым қозғалысына байланысты іс-шаралардың ақиқатына жүгінер болсақ, Ж.Сейітқазиев сияқты кейбір басшылар халық арасында қақтығыс болдырмау жолында елеулі еңбек сіңірді. 
       Зейнет демалысына шыққаннан кейін ол 10 жылдай ҚР ҰҚК Ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Олардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларына аса көңіл бөлді. Сонымен қатар, 1995-1999 жылдары өмірінің соңына дейін Ж.Сейтқазиев Алматы қалалық соғыс-ардагерлер мен зейнеткерлер кеңесінің бірінші орынбасары және соғыс ардагерлер секциясы кеңесінің төрағасы болды. Жауынгерлік және әскери қызметі үшін генерал-майор 
Ж.Сейтқазиев «Қызыл жұлдыз», «I-ші дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Құрмет белгісі» және басқа да медальдармен марапатталған. Жары Роза екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. 2000-2002 жылдары Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері генерал-майор Ж.Ғ.Сейтқазиевты есте қалдыру мақсатында Алматы мен Астана қалаларындағы ол тұрған үйлерде ескерткіш тақтасы орнатылды. 
          Мен оның мұрағат қорында сақтаулы жеке ісімен жете танысқанымда, ол кісінің жастық шағы, есею жылдары жасаған еңбектері, өмірлік тәжірибелері, алған марапаттаулары, қызметтік мінездемелері, атқарған істері, майдан жолдары Конфуцийдің мына бір тобықтай түйін сөздерін еске салады: Ізгі кісі үш жағдайда әртүрлі көрінеді: «ұзақтан үлкен болып көрінеді, жақыннан сүйкімді, ал сөзі қаталдықпен ерекшеленеді». 1999 жылғы кездесуде запастағы полковник зейнеткер Қапышев Қамилаш ақсақалдың айтқан пікірі әңгімеміздің арқауы болып отырған Жахия ағаның жүріп өткен жолдарының анықтамасы секілді: «Жахия Сейтқазиевтің жеке басының адами қасиеттері – кісіге шын құрметі, кеңпейілділігі, шыншылдығы, парасаттылығы, мейірбандығы: – жарамсақтануға жол бермеудің, биіктерді бағындырудың, адамдарға сенім ұялатудың, жеңіске жетудің және басқарудың мүмкін екендігінің дәлелі. Себебі, оның болмысы, дүние танымы – адамгершілікті, Отанға деген адалдықты, әділдікті сақтауға арналған», – деп еді.
        1999 жылы ҰҚК ведомстволық басылымына генерал-майор Сейтқазиевтің 75 жас мерейтойына арналған «Топ жарған Тарланбоз» атты мақала дайындалған еді. Сол кезде біздің тарапымыздан Алматы қаласына ол кісімен тек қана телефон арқылы хабарласудың сәті түскен болатын. Сондағы қысқаша айтқаны: «Майдан даласында асқан ерлік көрсеттім деп мақтана алмаймын. Өзім қатарлы көпұлтты жауынгерлермен бірге жауға қарсы тұра білдік. Онда взвод командирі болдым. Шешуші бір қиян-кескі екі жақ бетпе-бет келген ұрыста ауыр жараландым. 1946 жылы елге оралып, содан бері еліммен біргемін», – деген еді. 1999 жылы 24 қарашада мақала басылуға берілгенде асыл аға дүниеден озған болатын.
Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында елінің ардақты ұлы Сейтқазиев Жахия Ғаббасұлын еске алу мақсатында оның өнегеге толы өмірбаянын жас ұрпаққа жеткізуге тырыстық.


Шара АЛМАХАНОВА 
ҚР ҰҚК қызметкері
«Қазақ әдебиеті»

 08.05.2015 ж.
Артқа