Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Соғыстан кейінгі соғыс

      Қызыл Армияның әскери барлау және қарсы барлау органдарына қарсы фашистердің 10 абверкомандасы және оларға бағынышты, құрамына 5 мыңнан астам арнайы оқытылған барлаушылар кіретін 45 абвертобы диверсиялық, іштен іріту әрекеттерімен айналысты. Арнайы барлау мектептерінде дайындықтан өткен диверсиялық топтардың КСРО әскерлеріне ірі адам шығынына әкелетін, ел экономикасына қиындықтар туғызатын  диверсиялық операцияларымен, Қызыл Армияның ішіне жіберілген жансыздары арқылы өз жағына сатқындарды тартуы  әрекеттерімен басқаша күресу керек болды. Осындай жағдай Мәскеуді ІІІ Рейхтың «Абвер» барлау қызметіне қарсы тұратын жеке құрылым жасау туралы шешім қабылдауға мәжбүр етті. Сөйтіп, көзге көрінбейтін жаумен тиімді күресу үшін, 1943 жылдың 19-сәуірі күні КСРО Халықтар Комиссариаты Кеңесінің қаулысына сәйкес, КСРО Халықтық ішкі істер комиссариатына (НКВД) қарасты Ерекше бөлімдер басқармасы НКВД-ның құрамынан алынып, Халықтық қорғаныс комиссариатының Қарсы барлау бас басқармасы ретінде қайтадан құрылды. Бұл басқарма «Смерш» (шпиондарға өлім) деп аталды. «Смерш»-ке жүктелген міндеті – ішімізге кіріп кеткен жау агенттерін анықтап, олардың шпиондық желілерін жою, немістер жағына сатылып, отанына қарсы астыртын жұмыс істеп жүрген арамыздағы шпиондарды анықтау. Осылайша, Кеңес әскерлерінің ортасына, тылға диверсиялық мақсатта, құнды ақпараттар жинау үшін жіберілген неміс тыңшылары мен жансыздарын әшкерелеп, оларды Кеңес Одағына қызмет істеуге мәжбүр ету – қарсы барлау жұмысының аса маңызды саласына айналды. Канаристің диверсанттарына қарсы соғысқан төрт жүзден астам қазақстандықтар бар. І және ІІ дәре­желі Отан соғысы орденінің, «За боевые заслуги», «За победу над Германией» сияқты 30 шақты жауын­герлік медальдардың иегері,  кейіннен Елбасының қолынан «Достық» орденін алған соғыс ардагері, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің отставкадағы полковнигі Қари ӘБИТОВ – солардың бірі.

      Қари Әбитов Қызыл Армия қатарына 1941 жылдың желтоқсанында шақырылды. Ташкенттегі пулемет-минометшілер училищесін бітірген соң, келесі жылдың маусымында пулеметшілер бөлімшесінің командирі болып 66 армияның 226 дивизиясы құра­мын­да жердің беті снаряд, бомбалардың жары­лысынан теңселіп, ас­тан-кестен болып жат­қан Сталинград май­да­нынан бір-ақ шықты. Саң­қыл­даған неміс радио­сының үні де құлағында.

       «Кеңес офицерлері мен жауынгерлері! Сендер неге сталиндік қызыл құзғын саясатының құр­баны болмақсыңдар. Азап лагерьлерінде ағаш дайындап, кеуделеріңді құрт тесіп, Сібірдің сарышұнақ аязында үсіп өлетіндеріңді білесіңдер ме сендер? III Рейхтың жеңімпаз әскерлерінің, олардың фюрері Адольф Гитлердің Жер бетін большевизм атты тажалдың қанды шеңгелінен құтқаруға арналған қасиетті жорығындағы шайқаста қарсы тұра алмай­сыңдар. Кеңестік идеология көздеріңе бай­лап отыр.  Ашыңдар көздеріңді! Қараңдар шындыққа! Сталиндік большевизм үшін өз өмірлеріңді құрбандыққа шалмаңдар. Үйде қалған ата-аналарыңды ұлсыз, әйелдеріңді жесір, балаларыңды жетім қалдырмаңдар! Беріліңдер өз еріктеріңмен. Өз еркімен берілгендерге еркіндік те, өмір де сыйланады! Ойланыңдар…»

       Немістің сөзіне иланып, арғы жаққа өтіп жатқандарды көр­ді. Кешегі Николай мен Сергейлер сондай опа­сыз болып шықты. Сол жылы минометшілер командирі аға лейтенант Қари Әбитовтың әскери бөлімі Паулюс армиясын қоршауға алуға қатысты.

       ІІ дүниежүзілік со­ғыс­та ең сұрапыл шай­қастардың бірі ретінде тарихта жазылған Сталин­град шайқасында Қызыл Армия неміс III Рейх әскерін күйрете жеңді. Әрі қарай бұлар Еуропаны бетке алып алға жылжыды. Екі ай бойы жауды өкше­леген жаяу әскерлер Орел қаласына жетті. Алда өмір мен өлім алмасқан тағы жаңа шайқастар күтіп тұрды. 1943 жылдың жазын­да Курск-Орлов бағытындағы шай­қастарда жеңіске жеткен Қари Әбитовтың әскери бөлімі күзде Днепр өзенінен өтті. 

1944 жылдың көктемінде Қари Әбитов талай жауды жер жастандырған қаһарлы минометімен, қан майданда қасында жүрген қарулас достарымен қоштасты.  Бұдан былай ол фашистерімен шайқастың басқа түріне көшті. Қолбасшылықтың бұйрығымен Қари Әбитов сәуір айында әскери қарсы барлау органы «Смерш» бөліміне ауыстырылды. Арнайы қызмет бұл бөлімге үміткерлерді  өте мұқият іріктейтін. Үш жүз адамның ішінен 9 офицер ғана іріктеліп шықты. Мандаттық комиссиядан өткеннен кейін ол Қорғаныс халық комис­сариатының Мәскеудегі «Смерш» мектебіне жіберілді. Қарсы барлау Бас басқармасының 2-мектебінде оқу-жаттығу жұмыстары басталды. Сол кездегі Қарсы барлау бас басқармасының бастығы генерал Абакумовтың бұларға өзі дәріс оқыды. Диверсияға қарсы жұмыс істеудің сан қырлы әдіс-айла, амалдарын үйреніп шықты. 1945 жылы арнайы мектепті бітіргеннен кейін Қари Әбитов тағы алғы шепке келіп, Венгрия, Чехословакия елдерін азат ету шайқастарына қатысты. Батыс Украина мен Балтық жағалауы, Шығыс Еуропаның жеріне кеңес әскері жауын­герлерінің табаны тигенше бұлардың негізгі жұмысы осындай жансыздардың барлау-бүлдіру әрекеттерін әшкерелеу болды. Қарсы барлау жұмыстарын жүргізген кезде бұрын немістердің жазалау отрядтарында қызмет істеген власовшылар, деникиншілер мен врангелшілер де кездесе бастады. Қари аға құрамында қызмет еткен «Смерш» органының ісі осылармен болды.
      Қарсы барлау органы «Смерш» офицері Қари Әбитов 1945 жылғы Ұлы Жеңісті Австрияның Вена қаласында тойлады, 25 маусым күні болған әскери парадқа қатысты. Бұл кезде майдангерлер үшін соғыс толықтай аяқталып, бейбітшілік орнаған болатын. Бірақ Қари Әбитовтың соғысы әлі бітпеген екен, оны Югославияға мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің өңірлік органына әрі қарай қызмет етуге аттандырды. Югославияда үш жыл қарсы барлау жұмыстарымен айналысты, сол елдің жерін неміс-фашист тыңшылары мен жансыздарынан тазартуға кірісті. Соғыстан кейінгі жыл­дарда Белградта ақэмигранттардың «Орыс жалпы әскери одағы» дейтін ұйымы диверсиялық, террористік актілерді жиі жасап, белсенділік танытты. Оларға соғыс кезінде Белградта орналасқан пол­ковник Гордеев-Зарецкийдің юнкерлік ротасының қалдықтары да қолғабысын тигізді. Соларды іздестіру мен әшкерелеу міндеті жүктелген Қари Әбитовтың тобы да аз жұмыс атқарған жоқ. Өзінің қарамағындағы үш жауынгерімен бірге Братислава қаласының маңайындағы неміс жансыздарынан тазалап шықты. Бұдан кейін өз ісін жетік білетін Қариға Италиядан қайтқан әскери тұтқындардың арасында қарсы барлау жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Негізінен, славяндар мен кавказдықтардан тұратын бұл топтардың арасында жедел-іздестіру шараларын жүргізу бұған оңай тиген жоқ. Дегенмен, «СМЕРШ-тің» мектебінен өткен Қари аса жауапты міндетті еш мінсіз атқарып шықты. 
Соғыс аяқталғаннан кейін Балтық жа­ғалауындағы республикалар партизандық соғысты бастаған болатын. Басшылық 1948 жылы тәжірибелі майдангер қазақ офицерін Балтық жағалауындағы ормандарға жасырынған бандқұрылымдарды жоюға тапсырма береді. «Кеңес жауынгерлерінің киімін киіп, қару-жарақпен, азық-түлікпен, радиостанциялармен, ши­фрлармен және қомақты қаржымен фашистер жағы толықтай қамтамасыз еткен диверсанттардың қалталарында Қызыл Армияның резервтегі бөлімдеріне бағытталған жауынгер екенін растайтын жалған құжаттары жүретін. Әдетте, мұндай жансыздардың көпшілігі соғыс кезінде немістердің қолына түскен кеңес жауынгерлерінен құралатын. Неміс лагерлеріндегі «абвертоптарда» тиісті дайындықтан өткен олар барлау, қарсы барлау жұмыстарының бүге-шігесін, парашютпен секіруді, радиостанциямен жұмыс істеуді, диверсиялық жұмыстарды жетік білетін» деп есіне алады сол кездерді Қари ата. 
Қари Әбитов бұл тапсырманы да тиянақты орындап, абырой мен беделге ие болды. Ол елге 40-жылдардың аяғында келді. 1966 жылға дейін Солтүстік Қазақстан, Целиноград облыстарында Мемлекеттік қауіпсіздік органдарында басшылық қызметтерді атқарды. Қари Әбитов  балалары мен немерелерінің ортасында, халқының ілтипатына бөленіп ұзақ өмір сүрген құрметті ақсақал, жастар үлгі тұтар ардагер болды. 

Қайыржан Төрежан «Айқын»
19.03.2015 ж.

 

Артқа