Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Генералдың бір қыры

            Менің бұл түсінігім және жо­ғарыдағыдай пайымдауым бір-ақ күнде өзгеріп шыға келді. Ол былай болған еді. Бірде өзімнің жеңгем әрі ұстазым, есімі респуб­ликаға танымал педагог-жазушы Орынша Қарабалина апай ауру­ханаға түсіп қалды. Сол кісінің халін білейін деп Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты орталық ауруханасына келген едім. Апай жатқан бөлімшеге келгенімде алдымнан шыққан медбике кімге келгенімді сұрады. Менің жауа­бымды естіген кезде: «Ағай, кіш­кене тоса тұрыңыз. Ол кісінің палатасында біздің бас дәрігер мен генерал отыр» деді. Орынша апайдың араласатын ортасын жақсы білетіндіктен ішімнен: «Қай генерал екен?» деп қоямын. Жарты сағаттай отырып қалдым. Бір кезде палатадан шығып келе жатқан сұңғақ бойлы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Әділ Шаях­метов ағаны көргенде, аң-таң болып қалдым. Теледидар мен газет-журналдардан болмаса, бетпе-бет бірінші көруім екен.

         Орынша апайдың палатасына кірген бетте ол кісінің көңіл күйі­нің көтеріңкі екені бірден аңға­рылып тұрды. Апай сөзді өзі бастады: «Әділ деген оқушым ғой жаңа шыққан. Менің ауырып жатқанымды бас дәрігерден естігеннен кейін халімді білуге келіпті. Көңілімді бір марқайтып кетті» деді ризашылығын жасыра алмай. Мен кәдімгідей ойланып қалдым. Өзі білдей мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің төрағасы бола тұра, ұстазының халін білуге уақыт тауып келу – қандай аза­мат­тық. Тіпті мектепті бітіріп кеткеніне қырық жылға жуық уақыт болса да, ұстазға деген ілтипаттың кеудеде маздап тұруы екінің бірінің бойынан табыла бермейтін парасат екені сөзсіз. Дәл осы кезде менің ойыма ұлы қолбасшы Александр Маке­донский­дің: «Я своему отцу обязан тем, что живу, Аристотелю обязан тем, что живу достойно» деген сөзі оралды. 
         Біз әрдайым өзіміз қанат қақ­қан Алматы қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға ар­налған интернат-лицейдің (бұ­рынғы №2 қазақ экспери­мен­тальді меткеп-интернаты) түлегі екен­дігімізді мақтан тұтамыз. Бір күні осы оқу орнына өзіміз сту­дент­тік кезден сыйласқан досым Мұхтар Ботабайұлы директор болып тағайындалды. Уақыттың ыңғайы келгенде Мұхтар досым­ды жаңа лауазымымен құттықтау­ға келдім. Бұл кез аталмыш оқу ор­нының елу жылдығына қызу дайындалып жатқан уақытқа тұспа-тұс келіп отыр екен. Есімі республикаға танымал мектепке басшы болып келу және сол салмақты көтере білу оңай емес екені белгілі. Көңілі қобалжулы. Сөз арасында Мұхтар Ботабайұлы біздің мектепті бітіріп кеткен мықты-мықты түлектердің тізім­де­рін дайындап, мектеп тарихы жөнінде кітап шығармақшы ойы бар екенін және салтанатты шараны Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өткізу жоспарда тұрғанын айтты. Алайда соның бәрі қаржыға тірелетінін, өзі жаңадан келгендіктен және көп түлектерді танымай­тын­дық­тан, қаржы мәселесінде біраз қиыншылықтар туындап жат­қанын да жасырмады. Мен шамам келгенше ақыл-кеңесімді бердім және ұйымдастыру шараларына атсалысатынымды айттым.
           Мектептің елу жылдық мерей­тойын өткізу мәселелері бойынша Мұхтар Ботабайұлымен жиі ха­барласып тұрдым. Бір күні Мұхтар Ботабайұлы өзі телефон шалды. Көңілі көтеріңкі. «Бекен, – деді Мұхтар, – ең үлкен мәселе шешіл­ді. Салтанатты шараны өткізетін жерді бізге тегін беретін болды. Ол проблеманы республикалық Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әділ Шаяхметов аға шешіп берді және қаржылай да көмек көрсе­тетін болды. Азаматтардың бәрі сол кісідей болса ғой» деді қуа­нышын жасыра алмай. Мен де Әділ ағамыздың өзінің қанат қаққан алтын ұясына деген қам­қор­лығына шексіз риза болдым. Осылайша, айтулы шара ойда­ғыдай өтті. Бұл шараға ең қомақты үлес қосқан түлектердің бірі және бірегейі Әділ Шаяхметұлы екен­дігі сөзсіз еді.
          Бірде мектеп алдына Абай Құнанбаевтың бюсті орнатылғалы жатыр екен деген жақсы хабарды естігеннен кейін мектеп дирек­торы Мұхтар досыма хабарластым. Телефонды көтерген бетте: «Беке, өзім де хабарласқалы жүр едім өзіңмен. Жақында оқу корпусы­ның алдынан Абай атамыздың бюсті ашылады. Сол салтанатқа келуге тырыс. Дайын болғанда, өзім хабарласам» деді. Мен сөз арасында: «Ол бюст мемлекет қаржысына ма, әлде демеушілер көмегімен салынып жатыр ма?» деп сұрадым. Сол кезде ол: «Тағы да Әділ ағамыздың көмегінің арқасында ғой» деді ризашылығын жасыра алмай. Өкінішке қарай, қызмет бабымен сол ескерткіштің ашылу салтанатына қатыса ал­мадым. Кейіннен арнайы барып көрдім. Керемет. Абай атамыздың еңселі бейнесі мектептің де еңсе­сін көтеріп тұрғандай әсер етті. Содан кейін Мұхтар досымның кабинетіне кірдім. Қарасам, төрде Әділ аға екеуінің бірге түскен суретін іліп қойыпты. «Мынау керемет сурет қой» дедім. Сол кезде Мұхтар: «Осы мектепке орын­­ды-орынсыз тексеруге ке­лушілерден көп нәрсе жоқ. Кей­біреуі осы суретті көргенде, аяқ­тарын тартады» деп күлді.
           2012 жылдың тамыз айының бесі күні есімі республикаға бел­гілі дәрігер-хирург Нұртас Қа­зыбаев мезгілсіз қайтыс болды. Ол Орынша Қарабалина апайдың ұлы және менің туған нағашы ағам болатын. Бұл қайғы біздің әулетімізге орны толмас үлкен соққы болды. Әрине, қайғының үлкені баласын алдына салып отырған Орынша апайға ауыр тигені түсінікті. Дәл осы сәтте Әділ ағаның азаматтық параса­тына ерекше тәнті болдым. Иә, ағайын-туған мен жора-жолдас­тың керегі бір қайғыда, бір қуа­нышта ғой. Сол жылы қарашаның жетісі күні біздер Орынша апай­дың сексен жылдық мерейтойын ерекше атап өтеміз деп жоспарлап та жүргенбіз. Алайда Нұртастың ауыр қайғысы ол жоспарымызды іске асырмады. Апайдың сексен жылдық мерейтойы да жақындап қалды. Орынша апай мерейтойды атап өтуден бас тартты. Біздер ештеңе дей алмаймыз. Сол кезде Әділ аға ұстазының алдына ба­рып: «Апай! Сіз жай ұстаз емес, елге танымал ұстазсыз. Қайғыра бермеңіз. Сабыр сақтаңыз. Сіздің сексен жылдық мерейтойыңыз атаусыз қалмауы керек. Оны өткізуді өз мойныма аламын» деп көндірген де Әділ аға болатын. Сонымен қатар «Егемен Қазақ­стан» газетіне Орынша апай жө­нінде көлемді мақала да жария­лады. Осылайша, Орынша апай­дың сексен жылдық мерейтойы аталмыш мектепте жоғарғы дәрежеде аталып өтті. Бұған қоса Әділ аға сол жолы Орынша апай мектепте елу жеті жыл ұстаздық қызмет еткенде алмаған Ы.Ал­тынсарин атындағы медальді алып беруге ықпал етіп, кеудесіне тақты. Осы көрініс арқылы ұстаз бен шәкірт арасындағы сөзбен айтып жеткізе алмайтын сый­лас­тықтың биік шыңын байқадым. Сол сәтте Орынша апайдың қан­шама айдан бері жүзіне бірінші рет күлкі үйірілгенін көріп, көңі­ліміз бір жеңілдеп қалды. Осы орайда, ұстаз деген мамандықтың құдіреті және ұстаздың ең үлкен бақыты мен байлығы ел таныған шәкірт тәрбиелеуінде екен ғой деп ойладым. 
             Үстіміздегі жылдың қараша айында кезінде Әділ аға салдырған ұлы Абайдың бюсті мұражайға қойылып, оның орнына еңселі ескерткіш бой көтерді. Ес­керткіш­тің ашылу салтанатына жан-жақтан мектеп түлектері көп жиналды. Ескерткішті салтанатты түрде ашу мәртебесі осы шаңы­рақтың түлегі Әділ Шаяхметов пен ардагер ұстаз Орынша Қара­балинаға тапсырылды. Ескерткіш пердесі ашылған сәтте Ұлы Абай­дың жарқын бейнесі мектептің еңсесін көтерсе, оны ашқан ұстаз бен шәкірт қара шаңырақтың беделін көтеріп тұрды. Қандай жарасымдылық!
           Жалпы, әскери шенді адам­дардың ішінде қаншалықты көп жүрсем де, дәл Әділ ағадай рухани өрісі мен ақыл-парасаты кең және шығармашылық пен өнерді терең түсінетін азаматтарды өте сирек кездестірдім. Бұған қоса генерал ағамыздың өзінің ата-бабалары жөнінде шығарған кітаптары мен ұлылыққа тағзым төңірегінде өткізіп жатқан шара­ларына қарап, өзім үшін үлкен сабақ алдым. Мұхтар екеумізді рухани іні тұтып, өзі ұйымдас­тырған бірде-бір шарадан қал­дырған емес. Және де Әділ Шаях­метұлы Өнер академиясының құрметті профессоры атағын алған кезде белгілі актер Нұр­жыман Ықтымбаев ағамызға: «Мен Ұлттық қауіпсіздік сала­сының генералы болсам, Сіз өнердің генералысыз» деп өзінің генералдық шинелін кигізгені ол кісінің үлкен көрегендігі деп ойладым. Ол шинельді атақты актер ағамыздың ұрпақтары мақтанышпен сақтайтынына еш күмәнім жоқ. Әрине, «Өнерді түсінген адам өмірді де түсінеді» деп бекер айтпаған ғой. Сон­дықтан да біздер әрдайым Әділ аға дәріс алған шаңырақта оқы­ғанымызды, ол кісі басқан ізбен жүргенімізді мақтан тұтамыз. Бұл әрине, біз білетін генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтың рухани бейнедегі бір қыры ғана. Ал кәсіби қызметі жөніндегі ақиқат пен аңызды ол кісімен қоян-қолтық араласқан әріп­тестері айта жатар. 
 
Бекен НҰРАХМЕТОВ,
кеден қызметінің полковнигі, 
Қазақстан Журналистер одағы, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты
«Айқын»
10.12.2015 ж.

Артқа