Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Жау тылында ойран салған барлаушы

       

Жұмақан Қалиұлы Садбенов – фашистік Германияға қарсы шайқасқан одан кейінгі жылдардағы қырғи-қабақ соғыс кезінде мемлекеттің қауіпсіздігін қорғаған, елімізге арнайы тапсырмамен келіп, астыртын жұмыс істеген сыртқы жаумен күрескен батыр аталарымыздың бірі. Ұлы Отан соғысы кезіндегі жанкешті ерліктері үшін және мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұзақ жылдар бойы істеген нәтижелі қызметі үшін Жұмақан Садбенов І дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және Кеңес Одағының көптеген жауынгерлік медальдарымен, сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Жұмақан аға 1978 жылы полковник шенінде отставкаға шыққаннан бері Алматыда тұрады. Ақсақалдың майданда бірге болған қарулас достарының қатары бүгінде сиреп қалды, бірақ ұзақ жылдар Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызметтес болған әріптестері, кезінде өзі тәрбиелеген шәкірттері жақында болатын оның 90 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалып жатыр.

Жұмақан Садбенов туған Алматының тү­біндегі №3 деп аталатын кішкентай ауыл бұ­рын Талғар ауданына қараған, кейіннен Іле ауданына өтті. Отбасындағы 11 баладан ең үлкен апайы Нұрша мен осы Жұмақан ғана аман қалды, қалғандары сол жылдары жай­лаған шешек індетінен қайтыс болды. Есі енді кіріп қалған кезде шешелері дүние сал­ды. Бұл кезде Жұмақан 5 жасқа енді кел­ген. Елде ұжымдастыру науқаны жүріп, ар­тын­ша отызыншы жылдардың ашаршылығы бас­талған ауыр заман. Кішкентай Жұма­қан­ды әкесі тұрмыс құрған үлкен қызы Нұршаға табыстады. Олар Алматыда тұратын. 

         – Шәріп Бүркітбаев деген жездем жақсы адам еді, майданға кетіп оралмады, – деп Жұ­мақан аға сол бір қиын кездерді есіне ала­ды. – Сол кезде Алматы – Талғар жолы са­­лынып жатқан, жездем сонда бригадир бол­­ды. Солардың қолында тұрып мектепті бі­­тір­дім. Соғыс басталғанда 10-сыныпқа көш­­кенмін. Көп ұзамай майданнан жа­ра­лы­ларды әкеле бастады. Көптеген зауыт, фаб­рикалар, театрлар Алматыға эвакуация­ланды. Біз Алматыға көшірілген «Мос­фильм­ге» ағаш кесіп дайындадық. «Киров» зауы­ты да сол кездерде осында көшірілді. Біз­дің үйге сонда істейтін Николай дейтін ин­женер пәтерге тұрды. 1942 жылы күзде біз­ді әскер қатарына шақырды. Қазіргі «Ал­ма-Арасан» моншасына қарама-қарсы жерде №1 қалалық монша болатын. Соның аула­сы­на жинап майданға аттандыратын. Әкем ке­ліп мені сол жерден шығарып салды. Мені Таш­к­ент түбіндегі танк училищесіне жіберді, онда бір жарым жыл оқып, кіші лейтенант әс­кери атағын алдым. Одан әрі Мәскеуге ба­рып қайта дайындықтан өттім. 

Жастайынан жұмыс істеп шыныққан, раз­ряды бар мықты спортшы, білімді Жұ­мақан Садбеновты әскери басшылық танкке отырғызғаннан гөрі алғы шептегі жау әс­ке­рінің аумағына білдіртпей кіріп-шығатын әскери барлауға жіберген дұрыс болар деп шеш­кен сияқты. Барлаушылар мектебінде кіші лейтенант Садбенов диверсиялық, бай­ланыс, картография сияқты барлау қыз­метінің айла-тәсілдерін, қоян-қолтық ұрыс­тардың әдістерін үйренді. Сөйтіп, ол 4-Ук­раи­на майданына аттанды. І гвар­дия­лық Ар­мияның 351 дербес дивизиясының құра­мында арнайы барлау взводының командирі бо­лып тағайындалды. Алғашқы ұрысқа Кар­пат тауларында, Кошице қаласының маңында кірді. Әрі қарай Жұмақан Садбенов 11-атқыштар корпусының құрамында ше­гін­ген жауды өкшелеп отырып, Прага қала­сын азат етті. 1945 жылдың ақпанында бұлар «Кі­ші Германияға» кірді. Садбеновтың бас­шылығымен барлаушылар тобы бірнеше мәр­те жау тылына барып «тіл» әкелді, фа­шистердің шабуылдау жоспарлары жөніндегі маңызды құжаттарды басшылыққа жеткізді, жау­дың маңызды объектілеріне диверсиялық шабуылдар жасады. Сол жылы көктемде жау ты­лына барып жоғары шендегі вермахт офи­церін құпия құжаттарымен байлап әкелгені үшін Жұмақан Садбенов Қызыл Жұлдыз ор­денімен марапатталды. 
         – 1945 жылы 8 мамырда біз Оломоуц де­ген фашистердің мықты бекінісін басып алып, әрі қарай шабуылдадық. Гитлердің капитуляция жасағанын сол маңдағы ел­ді мекендердің бірінде естідік. Сол жерде Жеңісті тойладық, чехтар бізді сырамен сыйлады. Біздің дивизияны Стри қаласында таратып, менi 13-механикаландырылған ди­визияның құрамында «бандерашыларды» жоюға жіберді. Оларды талқандағаннан кейін Батыс Украинадағы қалалардың бі­рінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жө­ніндегі әскери комендант болып тағайындалдым. Сол кезде үлкен саяси оқиға болып санал­ған КСРО Жоғарғы кеңесінің 1946 жылы 6 ақ­пан­да өткен сайлауын ұйымдастырдық. ІІІ Рейх әскерлері бірнеше жыл қанаған Ук­раина жерінде азық-түлік жағдайы өте қиын болды. Халық аш болды. Ауқатты адамдар қолдарындағы астықты бергісі келмей тықпалады. Осы кездерде біз тұрғындардың азық-түлік мәселесін жолға қоюға көмек­тестік. Сөйтіп, елге 1947 жылы бір-ақ орал­дым. Алматыдағы Фрунзе аудандық ком­со­мол ұйымының бірінші хатшысы мені Мем­лекеттік қауіпсіздік министрлігіне қыз­метке жіберді, – деп әңгімелейді Жұ­ма­қан Қалиұлы. 
      Жұмақан Садбенов Мемлекеттік қауіп­сіздік министрлігі – Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жүйесінде қызмет еткен уақытта жедел уәкілдің көмекшісінен Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) жетекші жедел басқармасының бастығына дейін көтерілді, Қазақстан МҚК кол­легиясының мүшесі болды. Батыс елдерінің КСРО-ға қарсы бас­таған «қырғи қабақ соғы­сы» АҚШ және одақтастарының арнайы қызметінің барлау және басқа да арандату әрекеттерін белсендіргені белгілі. Оларды Кеңес Одағының әскери әлеуеті туралы кез келген ақпарат, соның ішінде мұнда жасалып жатқан атом бомбасы қатты қызықтырды. Осы кездерде Жұмақан Садбенов МҚК 2-бөлімінде (қарсы барлау) қызмет ететін. Жедел мәліметтер бойынша америкалық барлауды Семей өңірі қатты қызықтырып отырғаны белгілі болды. Қарсы барлау бағытында істейтін Садбенов жау агентін анықтап, ұстау шараларына белсенді араласты. 1951 жылы ол Семей ядролық полигоны жөнінде шпиондық ақпараттар жинау үшін Кеңес Одағының аумағына әуе арқылы түсірілген америкалық агент – нелегал «С-ны» қолға түсіру операциясына қатысты. 
       Соғыс жылдарында дұрыстап оқи ал­маған өзінің замандас-құрдастары сияқты, Жұмақан Садбенов те оқуын кейіннен жа­л­ғастырды. 1955 жылы КСРО МҚК Жо­ғары мектебіне түсті. Мәскеуде оқып жүріп ол Комитеттің оперативтік бөлімдерінің құра­мында қарсы барлау операцияларына қа­тысты. Осы жұмыстардағы көрсеткен нә­ти­желі жұмыстары үшін КСРО МҚК тара­пы­нан марапатталды. Жоғарғы мектепті бі­тір­ген соң, Садбенов әскери қызметін әрі қарай жалғастыру үшін Қостанай облыстық МҚК басқармасына жіберілді. Мұнда ол бөлім бастығының орынбасары, содан кейін бөлім бастығы болып қызмет істеді. Осы жылдары Қазақстанда тың игеру науқаны басталып, мұнда халық жан-жақтан жаппай көшіп келе бастады. Оның кәсіби және ұйымдас­тыру­шылық қабiлеті осы жерде көрінді. Тың игеруге келгендердің ішінен Садбенов бас­қарған бөлім бұрын фашистердің қарама­ғында барлау қызметінде болған, басқа да қа­шып жүрген қауіпті бірнеше қыл­мыс­керлерді анықтап, ұстады. 
       Өз жұмысын жақсы білетін, тыңғылықты, тәжірибелі қызметкер ретінде Жұмақан Сад­бенов 1964 жылы Мәскеуге, КСРО МҚК Ор­талық аппаратына ауыстырылды. Мұнда да ол жақсы жақтарынан көрінді. Мемлекет қауіпсіздігіне қатысы бар ірі қарсы барлау операцияларына қатысты, елдегі болып жат­қан оперативті-саяси жағдайларға, өзге­ріс­терге байланысты қарсы барлау қызметін жетілдіруге атсалысты. Жұмақан Садбенов Мәскеудегі МҚК Орталық аппаратында он жыл қызмет етті. 1974 жылы Қазақ КСР МҚК қайтып келген Садбенов 1978 жылы отс­тавкаға шыққанша осы мекеменің белді бас­қармаларының бірін басқарды. Бұл ке­зеңде ол Кеңес Одағы тұсында кез келген рес­публикада болуы мүмкін террористік жә­не экстремистік әрекеттердің алдын алуға басты назар аударып, осы бағыттағы қыз­метті басқарды. Көптеген шәкірт дайындады. Оның оперативтік бай тәжірибесі, жоғары кә­сібилігі, қарапайымдылығы, адамды үйі­ріп алатын кішіпейілдігі, жауапкершілігі үшін оны ұжымы, әріптестері сыйлады, қа­зірге дейін ұмытпай әрқашан байланысып оты­рады. Осындай біртоға мінезінің арқа­сын­да ақсақал бүгінде тоқсан жасқа келіп отыр. Торқалы тойыңыз құтты болсын, ар­да­гер аға, жүзге келіңіз деген тілек айта­мыз!
 
 «Айқын»
04.11.2015
Қайыржан ТӨРЕЖАН

Артқа