Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Қарсы барлау қырандары

            Қарсы барлау қызметі құрыл ған кезде Сталинград шайқасы аяқталып, Кеңес әскерлері біртіндеп шабуылға шыға бастаған. Осы тұста жау басып алған өңірлер азат етіліп, немістерде тұтқында болған қызыләскерлер мен офицерлер қатарға қосылды. Олардың біразын фашистер шпион ретінде дайындап, іште іріткі салуға тапсырма беріп жіберді. Контрбарлаушылардың диверсанттар мен агенттерді, ұлтшылдар мен ақгвардияшыларды іздеуге бағытталған қызметі өте қиын да қауіпті болды. Жұмысты жүйелендіру үшін ондай адамдарды анықтайтын арнайы тізімдер, фотоальбомдар мен жинақтар жасалды. 1944 жылы фашистердің майдандағы барлау органдарына қатысты, бір-екі айдан соң фин әскери барлау қызметі бойынша жинақтар басылып шықты. Бұрын немістерде тұтқында болып, оларға қызмет еткендердің ішінде біздің тылымызға, әскери бөлімдерге кіріп алып іріткі салып жүрген диверсанттарды анықтап беретін адамдар болды. Осылардың көмегімен көптеген жансыздар ұсталды.
Іздестіру және майдан шебін дегі барлау жұмыстарын СМЕРШ - тің 4 бөлімі атқарды. Оны алғашында генерал-майор П.Тимофеев, артынан генерал-майор Г.Утехин басқарды. Ресми деректерге қарағанда, 1943 жылдың қазаны мен 1944 мамырына дейін жау тылына 345 кеңестік барлау- шы түсірілген, олардың ішіндегі 50-і өзіміз жаққа тартқан неміс агенттері болған.  Тапсырманы орындап қайта оралғандардың саны 102 ғана екен. 57 барлаушы фашистердің барлау  органдарына  кіруге мүмкіндік алыпты, арты- нан олардың 31-і қайтып келді де, 26 барлаушы құпия тапсырманы орындау үшін сол жақта қалды. Батыр атамыз Қасым Қайсенов те жау тылында партизан отрядтарын құрып, диверсиялық жұмыс тарды  атқару үшін арнайы тапсырмалармен осы жылдары арғы бетке десант болып түсті. Осы жеті айдың ішінде Қызыл армияның ішіне кіріп жайлап алған жаудың 1103 агенті және 620 ресми қызметкері анықталған.
Ұлы Отан соғысы кезінде Смерш органында қызмет еткен бес жүзге жуық қазақстандық бар. Олардың біразы соғыстан кейінгі жылдары КСРО МҚК-ға келді, кейіннен Қазақстанның ҰҚК органдарында қызмет етті. Со- лардың бірі – Қызыл армия офицері болып жүрген немістердің жасырын жіберген  жансызы, «Абвер» агенті Романов деген сатқында ұстаған Дабыл Қуанышбаев. Романов 1941 жылы немістерге тұтқынға түскен екен, жау жағына өткен ол Абвердің барлау мектебін бітіріп, Кеңес әскерлерінің тылына қайта жіберілген. Ол қолға түскен басқа офицердің құжаттарын пайдаланып, Қызыл армия полкінен лауазымды қызмет алады. Бұлар төртеу болған екен, Қуанышбаев жансыздардың барлығын анықтады.
Дабыл Қуанышбаев 1939 жылы 20 жасында әскерге шақырылады. Белоруссияда қызмет етіп жүргенде соғыс басталды. 1942 жылы оны Айырықша бөлімге шақырып, арнайы дайындықтан өткізеді, лейтенант шенін береді. Осылайша, ол Смерш органына келді. 1944 жылдың көктемі. Қызыл армия Қара теңізден Балтық жағалауына дейін шабуыл опера- цияларын жүргізіп жатқан кез. Бірде «Қырымдағы Евпатория қаласындағы санаторийлердің бірінде немістердің барлау мектебі орналасқан, онда 50 шақты бұрынғы қызыләскерді біздің тылымызға жіберуге дайындап жатыр» деген барлау мәліметі түсті. Подполковник Авакимов бастаған 20 адам немістердің барлау мектебін жоюға шықты, іштерінде Дабыл Қуанышбаев та бар. Таңғы сағат 5. Курортты қаланы зеңбіректің снарядтары теңселтіп тұр. 2-гвардиялық армия осы кезде шабуылды бастады. Солармен бірге Смерш тобы да қалаға кірді. Немістер аянбай қарсылық көрсетіп жатыр. Бұрынғы санаторийге баратын жолды контр барлаушылар пулеметтен оқ жаудырып тазартып алды да, алға жылжыды. Алдарынан шыққан фашистерді атып өлтіріп, бұлар баспалдақтармен, дәліздермен, үлкен залдармен жүгіріп өтіп, бір бұрышта тығылып тұрған бір топ фрицтің үстінен шықты. Бұлар бұрынғы қызыләскерлер, тұтқынға түскен соң жауға беріліп, қазіргі кезде өз Отанына қарсы диверсиялық жұмыстарды жасауға дайындалып жатыр екен. Осы ерлігі үшін Авакимовтың тобындағы бірнеше адам орденге ұсынылды.
Отан соғысын бастан-аяқ өткерген капитан Дабыл Қуанышбаев екі мәрте «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған. 1946 жылы Қуанышбаев әскери қарсы барлау органынан Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік ми- нистрлігіне жіберілді. Ол осы органда тағы 28 жыл қызмет етіп, полковник шенінде зейнеткерлікке шықты. Оның соғыстан кейінгі еңбектері «Құрмет Белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және КСРО МҚК Құрмет грамотасымен, «Мемлекеттік қауіпсіздіктің құрметті қызметкері» белгісімен аталып өтті.
Соғыс ардагері, Мемлекеттік қауіпсіздік органының отставкадағы полковнигі Кәкен Әбенов – соғыс кезінде асқан мерген, СМЕРШ әскери қарсы барлау органының қызметкері ретінде жауға жасындай тиген аталары- мыздың бірі. 1941 жылы ол  өз еркімен педучилище аудиториясынан бірден майданға аттанды. Мәскеу түбінде алғаш ұрысқа кірді. 101 дербес қазақ ұлттық бригадасының құрамында «Марс» операциясына қатысты. «Ажал алқабы» деп аталған бұл жерде қызыләскерлердің 80 пайызы қаза болды. Батальон командирінің орнында қалған Әбенов жауынгерлерді көтеріп шабуылға шықты. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды. 1943 жылы Әбенов саяси қызметкерлер курсын бітірген соң соңынан ерген жауынгерлерін ұрысқа бастап, Беларусь, Латвия жерлерін азат етуге аттанды.
1945 жылы наурыз айында Кәкен Әбеновті басшылық білікті командир ретінде СМЕРШ әскери қарсы барлау органына ауыстырды. Бұл кезде соғыстың жеңіспен аяқталатыны белгілі болған, шайқастар неміс жерінде жүріп жатты. Алайда азат етілген жерлерде фашистердің агенттері қаптап жүрді. Олар әлі де диверсиялық жұмыстарын жалғастырып, бейбіт тұрғындарға зиянкестіктер жасады. Осыларды анық тап, залалсыздандыру керек болды. Кәкен Әбеновке осындай тапсырма жүктелді. Ол әскери бө- лімінен адасып қалған қатардағы жауынгер ретінде Рига қаласында біраз уақыт жалғыз жүрді. Оған берілген тапсырма – немістің ең әккі, қауіпті агенті, Абвер қызметінің офицері Лаконтас деген маңызды фигураның жасырынып жатқан жерін анықтау болды. Әбенов тапсырманы мүлтіксіз орын дады. Лаконтастың Рига маңындағы хуторлардың бірінде тұратын қарындасының үйінде екеніне көз жеткізіп, артынан барып оны ұстады.
1945 жылдың қазанында «СМЕРШ» қарсы барлау басқармасының неміс-фашистерінен тазартылған Балтық жағалауы елдерінде жедел-іздестіру шараларын жүргізуінің нәтижесінде «Абвердің» сыртқы барлау орган- дарының (СД) 16 қызметкері, олардың 35 жансызы, СД бөлімдерінде қызметін өтеген 88 адам және СД түрмелерінде жұмыс істеген 26 адам қолға түсірілді.
Соғысты қатардағы жауынгер болып бастап, аға лейтенант шенінде бітірген, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», «ІІ дәре- желі Отан соғысы», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендері және көптеген медальдармен марапатталған Нәжікен Қапышев бұдан бес жыл бұрын, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында қайтыс болды. Бұл кісі – жау тылына барлауға шыққан жаужүрек батырларымыздың  бірі. Нәжікен Қапышев 1942 жылдың басында соғысқа Ақмола облысынан аттанды. 114 атқыштар бригадасының құрамында Калинин майданынан бір-ақ шықты. Сол жылдың наурызынан бастап Ржевтен Кенисбергке дейінгі бүкіл шайқастардың бел ортасында жүрді. Калинин, Смоленск, Витебск облыстарын, Литва республикасын және Шығыс Пруссияны фашистерден азат етті. Полк барлаушысы болды, жау тылына талай шығып, құнды деректер әкелді. Екі рет жау қоршауында қалып, өз ротасын аман алып шықты. Осы шайқастар кезінде алты рет жарақат алды.
1944 жылдың жазы. Балтық жағалауында кескілескен шайқастар жүріп жатыр. Қапышев жақында ғана рота командирі болып тағайындалған. Литваның Расейняй қаласынан жауды тықсырып шығарып, өкшелеп келе жатқан ротаның бүйірінен фашистердің он шақты танкі мен қалың жаяу әскері тап берді. Бұлар енді айнала қорғанысқа көшті. Бұл кезде полктің командалық пункті орналасқан гимназия мен костелді жау қоршай бастады. Қапышевтың ротасы солай қарай ұмтылды. Фашистердің тегеурінді шабуылы түнгі сағат 2-ге дейін жалғасты. Ғимарат қолдан-қолға үш рет өтті. Тіпті жараланған жауынгерлер мен офицерлер қолдарынан қаруларын тастамай, соңғы күші қалғанша шайқасты. Таң ата бұлар атыса шегініп, қоршаудан шықты. Осы ұрыста екі атқыштар ротасының 160 адамынан 8-і ғана қатарда-қалды, жараланған 30 шақты жауынгер госпитальға жіберілді, қалғандары сол жерде шейіт болды. Осы ерлігі үшін Нәжікен Қапышев «Қызыл Ту» орденімен наградталды. Нәжікен Қапышев соғыстан кейінгі 1948- 1964 жылдары Ақмола және Қостанай облыстарында МҚК-да қызмет етті.
 
Қайыржан Төрежан
«Айқын апта»
09.04.2015ж.

Артқа