Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Барлаушы

 Кезінде британдық саяси қайраткер    У. Черчилль: «…барлаушы саясатты  жасамайды, оның орындалуын қамтамасыз етеді» деген екен. Бұл сөздің жаны бар. Қай елдің барлаушысы болмасын, сол мемлекеттің мүддесін көздеп, саясатының жүзеге асуына атсалысады. Бірақ бар өмірін барлаушылыққа арнаған адамдарды көпшілік жете біле бермейді. Олардың қызметі қашанда жасырын атқарылуымен айтылмайды, іс-әрекеттерінің сыры құпиялығымен ашылмай қалады. «Көрінбейтін» жандардың елеусіз қалған еңбектері бір елдің ғана еншісіне тиесілі емес. Сондықтан, ондай бірқатар істердің әлі қашан айтылары да, иесі кім екенін халықтың білері, білмесі де екіталай дүние. Бірақ арнаулы қызмет адамдарының жұмысы халықтың, елдің амандығы мен қауіпсіздігі үшін атқарылатын болғандықтан сол игілікті істің басы-қасында жүрген белгілі тұлғалардың еңбегін атап өткенді жөн санаймыз. Солардың бірі – жастайынан құрметті демалысқа шыққанға дейін құпия қызметпен айналысқан, яғни Тәуелсіз Қазақстан сыртқы барлауының алғашқы жетекшісі болған көрнекті ардагер – генерал-майор Жүкен Баймұқамбетұлы Мәрденов.

…Бірде, сонау 1961 жылдың жазында мектеп алдына сүліктей қара «Волга М-72» көлігі тоқтай қалды. Ал ол кезде бұл мектептің, яғни Павлодар облысына қарасты Лебяжі аудандық орта мектептің директоры Алматыдағы шеттілдері институтын бітіріп келіп, жұмысқа жастық жігермен құлшына кіріскен Жүкен Мәрденов болатын. Әлгі көліктен түскен сыптай тартылған ұзын бойлы бейтаныс бұған жылыұшырай қарап, бір 10-15 минөтке қабылдауын сұрады. Екеуі айтылған уақыт ішінде жөн сұрасып, әңгімелесті. Кенет Жүкен мына алдында отырған бейтаныстың мұның өзі туралы, қызметі, отбасы жайында толық мағлұматы бар екенін байқады. Расында, таңғаларлық еді. «Бұл кім?! Бұған не керек?» деген ой да санасына сап етті. Соны сезгендей анау да бірден әңгіменің тоқетеріне көшіп, сұрақты турасынан қойды. «Мемлекеттік қауіпсіздік ко­митетінде (МҚК) қызмет істегің келе ме?».

Жастық күш-қуатын балаларға білім мен тәрбие беруге арнап, жұмысына жанын сала кіріскен оған бір күні аяқ астынан мұғалімдік қызметін қиып кетермін-ау деген ой үш ұйықтаса да түсіне енбеген еді. Алайда, МҚҚ кез келген адамға мұндай ұсыныс жасамайтыны белгілі. Олар қызметке алынар адамның иығына артылар міндеттерді атқара алатындығына және барлық талаптарға сай келетіндігіне көздері анық жеткен соң ғана шешімді жеткізеді. Сондықтан Жүкен Мәрденов алғашқыда бас тартып көргенімен, оған бұл органда қызмет істеу қажеттігі бірден түсіндірілді.

Әрине, оның зайыбы Сақып та күйеуінің қандай қызметке орна­ласқанын жақсы түсінді. Сондықтан жарына деген қамқорлығын танытып, тылдағы берік тірегі екенін білдіре білді. Бір күні түнде Жүкен шұғыл түрде шығыстағы шекараға аттанды. Сақып та күйеуінің аяқ астынан алыс сапарға жүретінін білгендей, қажетті заттарын дайындап қойыпты. Билік Алматыдан, Павлодардан қазақ тілін еркін білетін чекистерді әп-сәтте алдыртып, көзді ашып-жұмғанша Мақаншы шекара отрядына жиды. Сөйтсе өз беттерінше Қытайдан жаппай бері өткен отандас­тар Кеңес Одағының құзырлы органдарын аяғынан тік тұрғызған екен. Бұл кезде чекистердің міндеті бері өткен отандастардың нақты кім екенін, қандай мақсатпен оралғандығын анық білу болды. Жүкен оралмандардың бәрімен ашық-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Тіпті, сол кезде 90 жасқа жеткен қариямен де тілдескені бар. Оның бар мақсаты елге жету, табанын туған топыраққа тигізу екен. Сол айтқандай қария шекарадан өтіп, Жүкен секілді жылы қарсы алған қандастарымен тілдескен соң, бір биік шоқыға шығып, алақанымен жер тіреп отырысымен о дүниге жүріп кетіпті. Ақсақалдың кенеттен қайтыс болғанына чекистер қайғырып жатса, оның бірге келген туысқандары шыдамдылық танытыпты. Мұның сырын сұрағанда әлгі туысқандары үлкен бір ризашылықпен бұларға қарап: «Ана жақта жүргенде ақсақалымыз түс көрген. Сонда оған түсінде өзінің туған жеріне барып, о дүниеге аттану керектігі аян етіліпті. Сондықтан қарияның бар арманы, тілегі, мақсаты туған елге тірі кезінде жетіп үлгеру еді. Арманы орындалды, туған жерінің топырағы бұйырды», деп ағынан жауап қайтарыпты.

Бұл жағдай бойында қазақтың қаны қайнаған Жүкеннің жан тереңінде жатқан ұлттық ізгі қасиеттерді қозғап өтті. Шынын айтқанда әлгі ақсақалдың ісі Жүкеннің қалған өміріне шынайы патриоттық пен ел мен жерге деген адалдықтың дәнін егіп бергендей болды. Иә, оның бойында мұндай асыл қасиеттер кезінде отбасы тәрбиесінен оянған болатын. Алғашқы кезде арнаулы қызмет ол үшін авторитарлық, тұйық секілді көрінгенімен біртіндеп нақты жедел шараларға араласуы арқылы өмірдің боямасыз қырлары мен сырларына қаныға түсіп, жалындаған жанына дем берді. Өзінің басты міндеті – елі мен жері, халқы үшін еңбек етуде жоғарыдағы ақсақал секілділердің сеніміне селкеу түсірмеу екендігін ұқты. Бұл жолда қалтқысыз қызмет ету үшін зор мүмкіндік берілгенін толықтай түсінді. Туған Отанының арлы ұлы болуды арман еткен оның ісі ел қамын қамдар бағдарға айналды.

Көп ұзамай капитан Мәрденов орталыққа республикалық мемлекеттік қауіпсіздік басқармасына шақырылды. Ол кездегі халықаралық жағдай барлау ұжымына саяси, әскери және экономикалық ақпараттарды жаңаша белсенді түрде қамтуды қажет етті. Сөйтіп құрамына Жүкен Мәрденов енген Қазақстанның ҰҚК Бірінші (барлау) басқармасы ерекше екпінде еңсере жұмыс жүргізді. Орталықтың шынайы саяси шешім қабылдауы үшін дер кезінде нағыз маңызды ақпараттар алынып, сараланып тұрды. Әрине, барлау басқармасының қызметі тек бір бағытта ғана жүргізілген жоқ, олар ел үшін қажетті саланың барлық ісіне араласты. Оның үстіне бұл кезде батыстық капитализм мен шығыстық социализм секілді қос жаһандық саяси тарап бір-біріне жұдырық түйіп тұрған. Олар астыртын жалған ақпараттар арқылы Одақты іштей ірітіп, тоз-тоз қылуды көздеді.

Сондай ақпараттардың бір көзі ретінде ол кезде Мюнхеннен хабар беретін «Азаттық» радиостанциясы болатын. Ол сол кездегі коммунистердің қас жауы Аллен Даллестің жеке бас­тамасымен құрылған еді. «Азаттық» қазақ тілінде де хабар таратты. Әрине, олардың мақсаты Кеңес Одағындағы жақсылықтарды емес, тек жағымсыз жақтарды, кемшіліктерді теріп көрсету ғана болды. Тұтас қазақ халқының атына тиіп жатқан кейбір орынсыз пікірлер ұлтжанды адамдарды да қамтып жатты. Сондықтан «Азаттықтағы» қазақ тілінде хабар дайындайтын қазақ редакциясының редакторымен жеке кездесіп, жүзбе-жүз сөйлесу барлаушы Жүкен Мәрденовке жүктелді. Бұл жоғарыда айтқанымыздай екі алып дүние тіресіп, аңдысып тұрған шақта Германияға жансыз барып, «Азаттық» басшыларының бірімен оңаша білдірмей кездесу – айтуға ғана оңай еді. Бірақ барлаушының аты барлаушы, ол қолдан келмес істің қиынын қайтсе де табуға тиіс. Тапты да.

«Азаттық» радиосы қазақ редак­циясының редакторымен Жүкен Германияның оңтүстігіндегі Баварияда кездесуге ниет білдірді. Бірақ… бірінші күні күткен қонақ келмей қалды. Ал әр қадам санаулы, әр қимыл аңдулы тұрған мұндай кезде орасан күшпен ұйымдастырылған шара нәтижесінің болмай қалуы – қатерлі қауіп еді. Алайда, Жүкен редакторға да, өз ісіне де сенімді болатын. Сол сеніміне сай ертеңгісін телефон-автоматтан оған хабарласып, өзінің әлі де кездесуге ниетті екенін тағы жеткізді. Сөйтіп, көптен күткен жүздесудің сәті түсті. Барлаушының барлық жайды бағамдағаны, ішкі сенімі текке емес екен. Редактор кездесуге жалғыз емес, еуропалық азаматшаны ертіп келіп, зайыбым деп таныстырды. Жүкен әлгі еуропалық әйелдің таза қазақша сөйлегеніне таңғалғанын жасырмады. Үшеуі үстел басында ашық-жарқын әңгімелесіп, халықтық әндерді бірге шырқағанда, о ғажап, бұлардың екі әлемде жүргендері білінбей, құшақтары айқасып кетті. Оның бәрі елге, жерге деген сағыныш, сүйініш, пен Отан алдындағы міндет, ұлтқа деген адал қызмет ету абыройы еді.

Әрине, қазақ радиосының редакторы да осал адам емес екені белгілі ғой. Қазақ елі туралы айтылғанда тебіреніп, көзден ыстық жас шықты. Жүкен республикадағы саяси ахуалды, жалпы экономикалық жағдайды, ғылым мен мәдениетті дамытуға өзіндік зор үлес қосып жатқан қазақтан шыққан тұлғалар туралы жан-жақты айтып берді. Мұның бәрі редакторға әсер етпей қалмады. Елден амалсыз жырақ кеткен жанның жүрегі жылап тұрды. Мұны сезген Мәрденов: «Неге туған елге оралмасқа? Арада қанша уақыт өтті? Тау қаншалықты биік бол­ғанымен, одан асатын жол бәрібір табылады ғой», деді. Бірақ көзін төмен салған редактор басын шайқап, терең күрсінді. Германия – бөтен жер екені белгілі, алайда әзірге артқа жол жоқ, ал үмітке иек арту болашақтың ісі екенін екеуі де үнсіз ұқты. Редактор кеңестік Қазақстанда Жүкен Мәрденов секілді елдің қамын, ұлттың жайын әріден ойлайтын жандардың барлығына, қаншама жерден басқыншылық әрекет тырнағын батырып жатқанымен, ұлтжанды патриот азаматтар жүргеніне әбден көз жеткізді. Ақыры осындай жүрекжарды ортақ әңгімеден кейін «Азаттық» радиосының қазақ тіліндегі хабарларында кездесудің табы біртіндеп біліне бастады.

«Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген сөздің қадірін исі қазақ жақсы біледі. Ал ел-жұртының қауіпсіздігі мен болашағына барлаушылық қызметін арнаған Жүкен Мәрденов үшін ол сөздің орны тіптен биік еді. Жүкеннің ұлы Марат 1980 жылы Алматы жоғары командалық шекара училищесін бітірген соң Қырғызстандағы Нарын шекара отрядына қызмет етуге алынды. Бірде сол ұлынан хабар жетті. Онда Марат өзінің бөлімшесін бастап Ауғанстанға баратынын жазыпты. Әрине, Жүкен Мәрденовтің өзі де әскери адам ғой және ол Ауғанстанда не болып жатқанын жақсы білетін. Сондықтан дереу іссапармен Ошқа келді. Бөлім командирі Маратқа әкесімен жолығуға бір тәулікке рұқсат етті, бірақ Жүкен жарты тәулік те жететіндігін айтты. Соғыс өрті лау­лап, талай жанды жалмап жатқан Ауған жеріндегі жағдаймен жақсы таныс Жүкен ұлынан оның қайда бара жатқанын жасырмады: «Мен білемін, сені о жақта не күтіп тұрғанын…», деді. Бұл кезде о жақтан көзі түскен адамның жон арқасын шымырлататын «200 жүгі» Қазақстанның түкпір-түкпіріне келіп жататын. Бірақ олар да Жүкеннің ұлы Марат секілді ата-ананың аяулы ұлдары болатын. Осының бәрін білетін, көзімен көріп жүрген Жүкен ұлымен соңғы рет қоштасып тұрған сәті болуы мүмкін екенін де ойлағанда жан жүрегі езіліп, баласына жаутаңдап қарай берді. Тап сол арада өзге де жоғары лауазымды шенеуніктер секілді ұлын бұл сапардан алып қалуына, қауіп-қатерлі аймаққа мүлде бармайтындай тосқауыл жасауы­на толықтай мүмкіндігі бар еді. Бірақ Жүкен олай істемеді. Қоштасып тұрып бар айтқаны: жолың болсын, жиі хабарласып тұр, деді. Екеуі де Отан үшін от кешуге жаратылған әскери адамдар ғой, бой түзеп тік тұра қоштасты да, бұрылып жүре берді.

Ол кезде Ауған жеріндегі жағдай күрделі еді. Шекарашылар нағыз қайнаған оттың ортасында жүрген. Күн сайын жантүршігерлік жайсыз хабарлар келіп жатты. Мараттан хабар сирек келді. Сосын мүлде үзілді. Ақыры Душанбеден Мараттың госпитальда жатқандығы туралы хабар да жетті. Күрделі ота жасалыпты. Бірақ, әйтеуір аман екен. Мараттың командирі майор Петренконың айтуына қарағанда, Пяндж шекара отрядының танкке қарсы взвод командирі лейтенант Мәрденов бастаған бөлімше жау қоршауында қалып қойған. Санаулы уақыт ішінде саны басым жау шағын бөлімшені жаншып тастардай жанталасқанымен Марат бастаған топ, өліспей беріспеген. Алайда, көптің аты көп, таптап өтердей кезге жеткенде көмек те келіп үлгеріпті. Соның арқасында жараланғандар, оның ішінде Марат та бар, аман қалыпты. Кейін қолына бірнеше ота жасалған Марат қатарға қайта қосылып, әкесі секілді генерал шеніне дейін қызмет етті.

Адамның әділетті болуы ата-ана тәрбиесінен басталып, өсіп-өне келе сана-сезімінің қалыптасуына байланыс­ты өрбиді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп, Абай атамыз айтқандай, елге, халыққа адал қызмет ету адам­дарға өзіңдей қараудан басталады. Әсіресе, өз ұлтыңды ұлықтау, бауырыңа тартып барынша қолдау, оларға сенім арту – ұлтжандылықтың бастауы. Бірақ мұны түсіне алмайтын мешеу жандар қара бастың қамын күйттеу мақсатында небір амал қолданып бағады. Қара пиғылды арам ойларын жасыру үшін ұлтты ұлықтағандай болады. Бірақ жалғандық пен шынайы патриоттық нақты істе көрінетіні сөзсіз. Міне, сондай бір сәтте Жүкен қазақ жастарын бауырым деп бауырға тартып, олардың елін өркендетуден өзге бөтен ойлары жоқ екендігіне өзінің де, өзгенің де көзін жеткізгісі келген әрекеті үшін 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде ұлтшыл атанды. Және де ол сөз анау-мынау емес, елдегі бар астыртын амалды уысына ұстаған Қазақстан ҰҚК төрағасының аузынан шыққан еді.

…Сол бір азаттыққа аяқ басу кезінде, яғни 1986 жылдың 17 желтоқсаны түні Ж.Мәрденов кезекшілікте болатын. Сағат таңғы 05.30-да Шымкент пен Тараз қаласында алаңға шыққан жас­тарды қолдауға шақырған үнпарақтар табылғандығы туралы хабар түседі. Бірақ бұл ақпарат кешігіп жеткен екен. Штаб жетекшісі ретінде Ж.Мәрденов аталған қалалардағы басқарма басшылары: генералдар А.Мұстафин мен К.Нұрмағамбетовтен ақпараттың кешігіп жету себебін сұрайды. Олардың тарапынан ешқандай үнпарақтардың таратылғаны туралы мәлімет жоқ екені туралы Орталыққа телеграмма жіберуді сұрайды. Дәл осы кезде штабқа В.Мирошник кіріп келеді емес пе. Ол Шымкент пен Таразда үнпарақтардың таратылғаны туралы хабарды естіп қойып: «Рапорт қайда?» деп айқай салды. Ж.Мәрденов аталған аймақтық органдар басшылары енді ғана жіберуге телеграмма дайындалғанын айтқанда, анау өңін күрт өзгертіп, сазара қалшылдай: «Сіз нағыз ұлтшылсыз! Мен сізді қызметтен шеттетемін!» – деп жарыла жаздайды. Оған салса Ж.Мәрденов түймедейді түйедей етіп, шаш ал десе бас алатын жағдай орнату керек екен. Бірақ Мәрденовтің өзі де барлаушы ғой, ол жалпы жағдайдың қалай құбылып жатқанын жақсы білетін.

Желтоқсан оқиғасынан кейін Целиноград облысындағы жағдай да күрделі еді. Мұндағы осы ахуалды күшпен емес, ақылмен, біліктілікпен шеше алатын ел жанды адам керек еді. Саралай келе басшылық Ж. Мәрденовті Целиноград облысы бойынша МҚҚ басқармасына басшы етіп тағайындады. Ол мұнда келгенде байқаса, желтоқсан оқиғасына дем берді деген желеумен талай жастар оқудан да, жұмыстан да жатақханадан қуылған екен. Бұл соның бәрін зерттеп, ақыр аяғында аталған жастардың еш кінәсі жоқтығын дәлелдеп, жоғары жаққа рапорт жазды. Оның осындай шындыққа тура қарап адал еңбек етуінің арқасында аймақтағы толқу түсіністікпен басылды. Жастарды ақтауда Жүкен көзсіз көп іс тындырды.

Бұдан кейін жоғарыдағыдай талай игілікті істерді нәтижелі аяқтағаны үшін Кеңес Одағы тұсында Ж.Мәрденовке генерал-майор атағы берілді. Оның қызмет істеудегі өзіндік айрықша қабілетін ескере білген басшылық генерал Ж.Мәрденовті Қазақ КСР МҚК төрағасының орынбасары лауазымына жоғарылатады. Мұндай үлкен жауапкершілік, ең алдымен, болашақ кадрларды таңдауда мамандардың астыртын жұмысты атқара алуына айрықша назар аударылғандықтан еді. Ал бұл істі Ж.Мәрденов ойдағыдай ұйымдастырып, абыройлы да нәтижелі атқара білді.

Сөйтіп, ақыры көптен үміт еткен ұлттық ұлы болашақтың шымылдығы түріле бастады. Бұл ел тәуелсіздігін алу болатын. 1991 жылдың 9 желтоқсанында Министрлер кабинетінің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қауіп­сіздік комитеті туралы» қаулысы қабылданып, кейін ол 1992 жылы Қазақ­стан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақ­стан Республи­касының Ұлттық қауіп­сіздік комитетіне» айналды. Бұл кезде Ж.Мәрденовтің барлау ісіндегі көп жылғы жарқын еңбегі ескеріліп, ҰҚК төрағасының орынбасары ретінде сыртқы барлау қызметіне жетекшілік жасау жүктелді. Енді сыртқы барлау қызметіне аса маңызды ұлттық мін­деттер тапсырылды.

Иә, генерал Мәрденовтің атқар­ған еңбегі зор екені анық. Әсіресе, Жүкен Баймұқанбетұлының ұйым­дастыруымен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңа саяси шарттарда Қазақстанның сыртқы барлау қыз­метінің мақсаттары мен бағыттары анықталып, кейінгі жылдары қалыптасу мен даму кезеңдеріне жалғасты. Бүгінде еліміздің барлауы өзіндік бағытына сай толыққанды «Сырбар» сыртқы барлау қызметіне айналып отыр. Бұл орайда Ж.Мәрденов қомақты еңбегі үшін көптеген марапаттауларға да ие болды. Соның ішінде КСРО мен тәуелсіз еліміздің орден және медальдері, КСРО МҚК мен Қаз КСР Жоғарғы Кеңесі басшыларының мақтау қағаздары мен қатар, «ҚР ҰҚК құрметті қызметкері» төс белгісі де бар.  2011 жылы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Әрине оның осындай ерен ерліктерге иек артуына отбасы ұйытқысының да үйлесімді, шаңырақтың берік болғаны көп жағдайды аңғартады демекпіз.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

 

Артқа