Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

 
Асқақ мұратты азамат еді...


Бүгінгі бейбіт өміріміз бен қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге өз үлесін қосқан азаматтардың бірі, жас та болса, бас болған әріптесіміз Оразбеков Мұрат Тілеутайұлы (1974 – 2011жж.) туралы естелік жариялауды жөн санадық.

Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылғанына 22 жыл толу мерекесіне орай бүгінгі бейбіт өміріміз бен қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге өз үлесін қосқан азаматтардың бірі, жас та болса, бас болған әріптесіміз Оразбеков Мұрат Тілеутайұлы (1974 – 2011жж.) туралы естелік жариялауды жөн санадық. 

Мұрат өнегелі отбасынан шыққан аза­мат еді. Оның атасы – Оразбек Қалиев (1907-1991жж.) Ұлы Отан соғысының ар­дагері, I дәрежелі Ұлы Отан соғысы, III дәрежелі Даңқ ордендерінің иегері. Әкесі Тілеутай Оразбекұлы – математика пәнінің мұғалімі, Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназияның директоры болған, Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің үздігі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Алматы облысы Ақсу ауданының Құрметті азаматы. Анасы Әлсейітова Бағия Шілтенқызы – химия пәнінің мұғалімі, Қазақстан Респуб­ликасы Білім беру ісінің үздігі, қазір екеуі де зейнеткер. 

Атасы мен әкесі сияқты Мұрат та өз өмі­рін Отан қорғау ісіне және ғылым жолына арнады. Алматыдағы физика-математика мектебін және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика фа­куль­тетін бітірген. Физика-математика ғы­лымдарының кандидаты, 30-ға жуық ғылы­ми еңбектердің авторы. Ол 1996 жылы ҚР Қарулы Күштері, 2000 жылғы желтоқсаннан ұлттық қауіпсіздік органдары қатарына алынып, жедел және басшы лауазымдарда ұлттық қауіпсіздік органдары ақпараттық үдерістерінің модельдерін құрастыру және ақпараттық инфрақұрылымын дамыту бағытында қызмет атқарған. 

Өзінің бойына біткен еңбекқорлық, жауапкершілік және ізденімпаздық сынды қасиеттерінің арқасында отандық IT-ком­паниялар мен шетелдердің қазіргі заманғы ақпараттық инфрақұрылымды салудағы жаңа ақпараттық технологияларды қолдану тәжірибесін зерделеп, ұлттық қауіпсіздік орган­дары жағдайына бейімдеуге кешенді салыстырмалы талдау жасап, ҚР құқық қорғау және арнайы органдары ақпараттық жүйелерін интеграциялау бойынша нақты ұсыныстар дайындап, қолданысқа енгізген.

Мұратпен бірге және оның қарамағында қызмет еткен достары мен әріптестері Мұ­рат­тың аңқылдаған ақпейіл мінезі мен аға­лық қамқорлығын еске алады.

– Қысқа болса да, мәнді өткен ғұмырын­да талай жақсылықтар жасаған ұлтымыздың қайсар ұлы еді. Ол қызметтік мәселелерді талқылағанда маңайындағылардың жанын баурап алатын орамды сөздерді орайын тауып сөйлейтін өз ісінің маманы болатын.

Мұрат Тілеутайұлы өте мейірімді жан еді, адамдармен тез тіл табысатын, әрқашан достарын, әріптестерін алаламай, мейрам сайын бәрімізді тегіс құттықтап, ақ тілегін арнауды ұмытпайтын. 

Барлығымыз бір ведомствода қызмет атқарғандықтан Мұраттың отбасымен тығыз араласып кеттік. Талай рет дастар­қандас та болдық. Оның өмірлік серігі, сырласы мен мұңдасы болған адал жары Дана Әбділлақызы да ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкері, менің құрбым, онымен бірталай жыл бір бөлімшеде бірге жұмыс істедік. Күні кеше ғана кездес­кені­мізде Дана маған: «Он үші енемнің туған күні, соған сыйлық тарту еттім», – деді. Мұраттың анасы Бағия апайдың туған күні 13 шілде – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылған күнімен тұспа-тұс келуі де кез­дей­соқ жағдай емес қой деп ойланып қалдым... – дейді Шора есімді әріптесі.

Мұрат көзі тірі болғанда тамыз айында қырық жасқа толар еді. Бүгінде артында қалған балалары Бексұлтан мен Зере атасы мен әжесінің айтқан ақылын зердесіне тоқып, әкесінің ізімен білімге ынта-ықылас қойып, мектепті үздік оқуда, ал кіші ұлы Еділ балабақшаға барады. Ол үш жаста болса да Қазақстанның әнұранын былдыр­лаған бал тілімен орындағанда, Отаны­мыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ер­теңгі болашақтың бой түзеп келе жатқан­дығы Отан қорғаушылардың, яғни біздің көңілімізге қуаныш ұялатып, мәртебемізді асқақтата түседі.

Майгүл АЙНАБЕКОВА, ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

Артқа