Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Ол Отанын сатқан жоқ

 Ол Отанын сатқан жоқ 

Біздің бүгінгі әңгіме, мұрағаттық деректерге негізделген. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары әскери тұтқынға түсіп, 25 жылға сотталған жауынгер тағдыры туралы болмақ.

Соғыс оты тұтанып майданға жарамды ер-азаматтарды алу – Ақмола облысы өңірінде басталған кезде осы тізімнің ішінде Сасықов Тәукен деген азамат  бар болатын. Сасықов Тәукен 1914 жылы Ақмола облысына қарасты Ақмола ауданының Тайтөбе колхозында дүниеге келген. Партия қатарында болмаған. 1931 жылы Ақмола құрылыс техникумына (НКПС) оқуға қабылданған. Бірақ 1933 жылы аталған техникумның жабылуына байланысты Тәукен Свердлов педагогикалық институтының дайындық курсынан өтіп, 2-курсқа келгенде, отбасылық жағдайына байланысты оқудан қол үзуіне тура келеді. Сөйтіп ол 1937 жылы ауылына оралғаннан соң, Қарағанды облысы Жаңа-Арқа ауданындағы мектепке ауысып, бұл жерде бір жылға жуық дәріс берген. Кейіннен қайтадан Ақмолада Сталин атындағы № 2 орта мектепте мұғалім, майданға аттанар алдында Тайтөбе ауылдық мектебінде (Ақмола облысы) ұстаздық еңбек атқарған.

 1942 жылдың 1 ақпанында Тәукен Сасықовты Отанымызды неміс - оккупанттарынан қорғау үшін Ақмола қалалық әскери комиссариаты арқылы Кеңес әскері қатарына шақырылған. Оны осы қаладағы атты-артиллериялық 106-дивизиясының құрамына, қатардағы жауынгер ретінде қабылдап, әскери дайындықтан өткеннен кейін 1942 жылдың 18 сәуірінде Харьков оңтүстік бағытындағы майданға жіберген. Фронтқа келгеннен кейін аталған дивизия таратылып, 52-артиллериялық дивизияға минометші ретінде алынады. Мамыр айының басында (Харьков түбіндегі Изюм деген қаланың аумағында) шабуылға шыққан олардың дивизиясы неміс әскерлерінің қоршауында қалады. Қоршаудан шығуға бел буған жауынгерлерді, төбеден төнген жау ұшақтары мен жақындап келген танктер оларды қоршауға алып, негізгі қорғаныс күштерінен айырады. Соғыс амал-тәсілдері бойынша оларға шағын топпен жұптасу арқылы бөлініп шығу бұйырылады. Әр сағат сайын қоршау шеңбері тарыла түсіп, жаудың жақын келгені соншалық, үсті-үстіне лақтырылған снарядтар бекіністерді тас-талқан етеді. Бұйрық бойынша жұбындағы бір жауынгер екеуі окопқа келіп жасырынғанда, жанына келіп жарылған снаряд жарқыншағынан Тәукен ауыр жараланады. Неміс әскерлеріне қарсыласуға қауқары болмай, басқалармен бірге тұтқындалады. Сол жерде оларды немістер жақын жердегі әскери тұтқындарды жинайтын бір деревняға (деревняның атауы нақты көрсетілмеген) алып келеді. Жаппай жиналған тұтқындармен бірге оны да Проскуров қаласына, кейіннен Перемышель қаласына алып келеді. Бұл жерде ол 1942 жылдың шілде айынан қараша айына дейін болады. Сөйтіп ол Польшаның Вениаминово деген жерінде ортаазиялық ұлттардан топтастырылған  әскери тұтқындар лагеріне («Түркістан легионы») қамауға алынады. Бұл жерде 1943 жылдың ақпан айына дейін болған Тәукенге әртүрлі шаруашылыққа қатысты жұмыстар атқаруға тура келеді. Жау алдында еш шарасыз Тәукен лагерь комендатурасы тарапынан «Түркістан комитеті» баспасынан шығатын «Ян-Түркістан» атты қазақ-өзбек тілдерінде шығатын басылымға шолу жасап, тұтқындар алдында оқу жүктеледі. Тән жарасы мен жан жарасы сыздаған Тәукен қандай жұмыс атқарса да, оның бар ойы жау құрсауынан қашып шығып, кеңес әскеріне қосылу болатын. Сөйтіп жүргенде оны наурыз айының соңы сәуір айының басында сап түзеу тактикасын дағдыландыруға үйрететін «Түркістан легионының» марш - ротасына ауыстырады.

 1943 жылдың маусым айында Легионово (Польша) деген жерде 782- жауынгерлік ротаға қабылданады. Бұл жерде де күштеу арқылы оған сантитарлық міндет атқару жүктеледі. 1943 жылдың күзінде аталған ротадағы әскери тұтқындармен бірге Тәукенді неміс әскери нысандарын поляк партизандарынан қорғап, күзету үшін Стрий қаласына жөнелтеді. Бұл аталған жұмысты атқаратындардың ішінде поляк азаматтары да бар болатын. Солардың арасынан Тәукен Миша деген (аты-жөні туралы нақты деректер жоқ) поляк азаматымен танысады. Онымен кездесу барысында Миша көбінесе Тәукеннен лагерьдегі тұрмыс жағдайын, үйіңді де сағынып жүрген шығарсың деп сөзге тартып, арасында фронт жағдайы жөнінде де хабардар етіп жүреді.

 Бір күні арада 3 ай уақыт өткенде Миша оған лагерьден өздерімен бірге қашу керектігін алға тартады. 1944 жылы 4 наурыз күні Миша Тәукенге неміс сақшылары тексергенде сезіктенбейтін «рұқсат құжатты» беріп, ал алып келген киімдерді ауыстырып киюді ұсынады. Сөйтіп, сақтық үшін неміс әскерінің формасында киінген Миша бастаған тұтқындар тобы Щертвяки деревнясына келген кезде, Тәукен Мишадан олардың поляк партизандарының отрядына келгенін бір-ақ естиді. Келгендеріне 3 тәулік өткеннен кейін Тәукенге Корсунки деген селода жайғасқан поляк партизандары отрядының командирі Андреймен (аты-жөні толық келтірілмеген) кездесу сәті түседі. Сол кезден бастап осы отряд құрамында Тәукен поляк партизандарымен бірге немістердің шабуыл жасайтын жолдарына тосқауыл жасап, олардың тірек, қорғаныс пункттерін жоюға қатысады. Оған бір тапсырмалардың кезегінде, партизан отрядтарын табумен және оларды жоюмен айналысатын неміс солдатының көзін жою міндеттеледі. Немісше киінген Тәукен небір тосқауыл алаңдарынан өтіп, жүктелген тапсырманы мінсіз орындайды. 1944 жылы маусым айының ортасында бұлар болған партизан отрядын немістер жан-жақтан қаумалап қоршауға алады. Ебін тауып орманға қарай сытылып шыққан отряд 5 тәулікке дейін жау соққысына төтеп беріп, олардың ту сыртынан тойтарыс береді. Сөйтіп, олар орманда 20 тәуліктен кейін (шілде айында) партизан отрядымен бірге Луковцы пен Львов аралығында Кеңес армиясының барлаушы-жауынгерлеріне кез болады. Тамыз айында Тәукенді Донбасстағы фильтрациялық лагерьге, тексеруден өткізуге жібереді. Тексеруден соң оны Донбасстағы «Гигант» шахтасында көмір өндірісіне жұмысқа қалдырады.

1945 жылы Ақмола облыстық білім бөлімінің қолдаухатымен туған жері Ақмолаға 1946 жылы тамыз айында оралады. Елге оралған кезінде 1947 жылы 29 тамызда Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) Ақмола облыстық басқармасы Сасықов Тәукенді тұтқынға алып, 1948 жылы 26 ақпанда Түркістан әскери трибуналы Т.Сасықовқа  «Ұлы Отан соғысы фронтында немістерге тұтқынға түсіп, Отанына опасыздық жасады» және тұтқыннан оралғаннан кейін мұғалімдер арасында кеңеске қарсы үгіт-насихат жүргізген деген  айыптар тағып, ҚСРО Қылмыстық кодексінің  49-бабынның негізінде соңғы жаза шарасы 58-1 баптың «б» бөлігі бойынша еңбекпен түзеу лагеріне 25 жылға бас бостандығынан айырады. Т.Сасықовтың Отанына сатқындық жасады деген фактілер мұрағат құжаттарында былай келтірілген:

- Лагерьде тұтқындар арасында немістер саясатын жақтайтын Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген;

 - «Түркістан легионы» қатарына өз еркімен қабылданып, Гитлер әскеріне «шын берілгендік» антын қабылдаған;

- Фильтрациялық тексеруден өткен кезінде өзінің «Түркістан легионы» қызметінде болғанын  жасырған;

- Тұтқыннан оралғаннан кейін, «кеңес үкіметіне қарсы» үгіт-насихат таратқан.

Тәукен кезекті бір тергеу алу кезінде былай деп жауап берген:

- Сіз «Отанына сатқындық жасаған және кеңеске қарсы үгіт –насихат жүргізген деген айыптаулармен тұтқынға алындыңыз. Не үшін өзіңізді кінәлімін  деп ойлайсыз? 

- Мен өзімді (контузия алып) ауыр жаралы болғандықтан немістерге тұтқынға түсуге мәжбүр болып, күштеу арқылы «Түркістан легионында» санитар болғаным үшін ғана кінәлімін деп ойлаймын».

- Сіз «Түркістан легионына» қызмет еткен кезіңізде Кеңес үкіметіне қарсы келетін қандай жұмыстар атқардыңыз?

- Мен «легионда» төрт ай санитар болып жұмыс жасадым, бірақ өз Отаным алдындағы борышыма адал болдым. Күштеу арқылы жаудың қол астында болсам да, жау жаққа болысу үшін қолыма қару алған емеспін.  

...Жазасын КСРО ІІМ Құмдауыт (Песчаный) лагерінде өтеп жүрген Тәукен Сасықов  КСРО Бас прокурорының атына жазған бір хаты тіркелген: Бұл хатта ол Отанға опасыздық жасамағанын айтып, ісін қайта қарап, бостандыққа шығаруын сұрайды.

1955 жылы 18 сәуірдегі Контрреволюциялық қылмыс жасаған   тұлғалардың істерін қайта қарау жөніндегі Ақмола облыстық комиссиясы оның жазасын өтеу мерзімін 10 (он) жылға дейін қысқартуға (№ 24) қаулы шығарған.

1996 жылы 25 наурызда Ақмола облыстық соты            № 44у-29  қаулысымен 1948 жылғы 26 ақпандағы Түркістан әскери округы Әскери  трибуналының үкімін РКФСР ҚК 58-10 бабының 1-бөлігі бойынша, оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауы себепті тоқтатып ақтауға, ал 58-1 бабының «б» бөлігі бойынша қылмысын өз күшінде қалдырған. 1997 жылдың 27 мамырдағы ҚР Бас прокуратурасының қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларды ақтау жөніндегі бөлімнің шешімімен Сасықов Тәукен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңының негізінде толық ақталған.

Ақталуға негізделген фактілер:

 - Тұтқынға өзге де әскерилермен бірге түскен;

-         «Түркістан легионының» құрамында бола тұра, нәсілі Азия ұлтына жататындықтан және сауатты адам ретінде ғана өзге әскери тұтқындарға неміс басшылығымен беріліп отырған газеттерді, басқа да ақпарттарды оқып отырған;

-         Санитар болып неміс әскерінде қызмет етсе де Қызыл Әскерге, Кеңестік және поляк партизандарына қарсы шайқастарға қатыспаған;

-         Мүмкіндік туған сәтте-ақ немістерге қарсы шайқасатын поляк партизандары жағына өтіп, солармен бірге неміс әскерлерін жоюға  бағытталған ұрыстарға қатысқан.

1998 жылы 6 сәуірде Сасықов Тәукеннің өзіне оның толық ақталғандығы туралы хабарланған. Сасықов Тәукеннің отбасы жағдайы әйелі – Құлмағамбетова Сәбира – 1923 ж.т; ұлы Сасықов Сырым – 1947 жылы туған. Басқа деректер тіркелмеген.

Қазақта «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Міне, Тәукен ақсақал осыдан елу жыл бұрын «мен Отанымды сатқан жоқпын» десе, иә «Ол Отанын сатқан жоқ » деген жауап оған 50 жыл өткен соң ғана берілген.

 

Шара Алмаханова,

 ҚР ҰҚК қызметкері,

подполковник. 

"Қазақ әдебиеті" газеті 30.05.2014 жыл

Артқа