Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Теңіз тарландары

Қайыржан Төрежан «Егемен Қазақстан», 14.08.2013  

 

Каспий теңізінің Ресей Федерациясынан Түрікменстан шекарасына дейінгі қазақстандық акваториясын Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «Жағалау күзеті» аймақтық басқармасы күзетеді.

Басқарма Атырау және Маңғыстау облыстары кіретін 2380 шақырымға созылған аумақтағы мемлекеттік шекараның қауіпсіздігіне жауап береді. Бұл өңірдегі Қазақстанның сыртқы шекара сызығының 1523 шақырымы теңізбен, 72 шақырымы өзенмен, 785 шақырымы құрлықпен өтеді. Теңіз жағалауы бойымен өтетін 12 шақырымдық Қазақстанға тиесілі акваторияны «Жағалау күзеті» басқармасының 30-дан астам жауынгерлік кемелер мен ұшқыр катерлерден құралған екі дивизионы күндіз-түні бақылауға алған. Басқа аймақтардағыдай емес, Каспий теңізінде мемлекеттік шекараны бұзушылықтар жиі болып тұрады. Биылғы жылы 8 айдың ішінде барлық санаттағы шекара бұзушылардың саны – 556 адамға жетті. Олардың ішіндегі 44-і – мемлекеттік шекараны бұзғандар, 23-і – мемлекеттік шекара режимін бұзғандар, 338-і Қазақстанда болу ережесін бұзғандар және 151 адам территориялық және ішкі суларға заңсыз кіріп ұсталғандар. Осы уақыттың ішінде мемлекеттік шекарадан заңсыз өтіп кеткен шетелдік 70 суда жүзу құралдарын шекарашылар тосқауыл қойған. Шекара қызметінің кемелері жалпы ұзақтығы 632 тәулікке созылған 159 жауынгерлік жорыққа шығып, 41457,78 миль жүріпті. Бұл жорықтар нәтижесіз болған жоқ. Шекара бұзушыларға қарсы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңына сәйкес, 13 мәрте қару қолданылған. Жыл басынан бері 37 қылмыстық факт тіркеліп, 12 қылмыстық іс қозғалған, 51 адамға қатысты іс сотқа тапсырылып, соттың шешімімен қамауға алынған. Шекара қызметінде жауынгерлік жаттығулар жиі бола бермейді. Шекарашылар онсыз да күнде жауынгерлік қызметте. Дегенмен жауынгер үшін жаттығу артық болмайды. Биылғы жылдың өзінде аймақтық басқарма бірнеше бірлескен арнайы шекаралық операцияларға, командалық-штабтық жаттығуларға – лаңкестерге және контрабандалық жүктердің жолын кесуге бағытталған «Рубеж-2013» жедел-іздестіру шаралары, Каспий теңізі акваториясында биологиялық ресурстарды қорғау, браконьерлерге қарсы шараларға бағытталған жедел-іздестіру шаралары, заңсыз миграцияға, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымына мүше елдері аумағындағы адам саудасына қарсы «Нелегал-2013» бірлескен жедел-іздестіру шараларына, сондай-ақ «Босқын-2013» командалық-штабтық жаттығуларына қатысты. Тамыздың 7-9-ы күндері Маңғыстау облысындағы Баутино портында тұрған Шекара қызметінің «Жағалау күзеті» аймақтық басқармасы қарамағындағы әскери кемелер мен катерлер ашық теңізге шығып, мемлекеттік шекараны бұзған лаңкестерге қарсы жаттығу өткізді.

Елең-алаңда дабылмен көтерілген шекарашы-теңізшілер жарты сағаттың ішінде жиналып, жауынгерлік жорыққа әзір тұрды. Кильватерлік сапқа тұрған жеті әскери кеме маңдайын батыстан соққан суық желге туралап, ашық теңізге қарай бағыт алды. Лек-лек болып бортқа соғылған 2-3 балдық толқындарды тұмсығымен тіліп, саптың алдында флагмандық «Семсер» кемесі келе жатыр. «Жағалау күзеті» аймақтық басқармасының қолбасшысы І дәрежелі капитан Қыдыржан Мұқанов басқарма қарамағындағы жаттығуға қатысатын бүкіл эскадраға, жағадағы жаяу әскерге, әуе күштеріне нақты  тапсырмалар беріп, осы кемеден басқарып отыр.

Теңіз, әуе күштері және жаяу әскерлердің бірлескен қимылдарына 300-ден астам адам қатысты. Жаттығу теңіз жақтан келген шартты жауды жоюдан басталды. Тапсырма бойынша белгіленген квадратқа жеткен шекарашылардың кемелері жүйрік катерге мінген террористерді жан-жақтан қоршауға алып, төбесінен тікұшақты төндіріп, әп-сәтте қолға түсірді. Лаңкестердің бір тобы бұл кезде жағаға қарай өтіп кеткен екен. Жағаға жеткен соң олар шекарашылардың аз ғана қарауыл тобына тұтқиылдан шабуыл жасап, әрі қарай құрлыққа қарай өтіп кеткендігі туралы хабар келді. Қолбасшы Қыдыржан Орақұлы террористерді жою үшін әуеге тікұшақты көтеріп, шабуылдаушы топты аттандыру туралы бұйрық берді. Жаттығудың екінші кезеңінде Түпқараған ауданына қарай тереңдеп кеткен террористер жойылды. Теңізде де, құрлықта да шекарашылар өз ісінің жетік мамандары екендігін көрсетті. Жеме-жемге келгенде не істерін білмей дағдарып қалатын жауынгерлер болады, теңізшілерде ондай болған жоқ, шалт қимылдап тапсырманы мүлтіксіз орындады.

– Жаттығуда қойылған міндеттер мен тапсырмалар толықтай орындалды. Шекарашылар жаттығудың барлық кезеңдерінде де бір адамдай қимылдайтындығын, кәсіби мамандығын көрсете білді. Сонымен қатар жаттығу жауынгерлер үшін де пайдалы болды. Әскери бөлімдердің және шекара қызметінің бірлесіп жасаған жауынгерлік әрекеттерінен олардың өздері үлкен тәжірибе жинақтады,– дейді «Жағалау күзеті» аймақтық басқармасының қолбасшысы, І дәрежелі капитан Қыдыржан Мұқанов.

Қыдыржан Мұқановтың мұнда қолбасшы болып келгеніне көп бола қойған жоқ, үш жарым ай ғана болды. Осы аз уақыттың ішінде біршама игілікті істерді жасап үлгеріпті. Бірінші кезекте Шекара қызметі әскери техникаларды жаңартып жатыр, сардарлардың, сарбаздардың әлеуметтік жағдайларына да қатты көңіл бөлінуде. Әскери басшылардың істеген жұмыстары осындай жауынгерлік жаттығу кездерінде жақсы көрінеді. Аймақтық басқарма қолбасшысының орынбасарлары да сайдың тасындай, әскери өмірді барлық қырынан көрген тәжірибелі мамандар. Мысалы, бірінші орынбасары–штаб бастығы ІІ дәрежелі капитан Данияр Малшыбаев Түркияның Әскери-теңіз академиясын бітірген, барлау жөніндегі орынбасары–полковник Алмат Жаржанов, шекара бақылауы жөніндегі орынбасары–полковник Қайрат Бектұрсынов, тыл бойынша орынбасары–полковник Қанатбек Тыныбеков, техника және қару жөніндегі орынбасары –полковник Арман Рахметовтер – шекара қызметіне ғұмырларын арнаған нағыз патриоттар. Орынбасарлардан басқа, «Жағалау күзеті» аймақтық басқармадағы екі дивизионды басқаратын нағыз жауынгер сардар тағы бар. Жаттығудың ғана емес, Каспийдегі мемлекеттік шекараны күзетудегі негізгі жұмыстарды ұйымдастырушылар осылар.

Жаттығудың салтанатты жабылуында Шекара қызметінің бірқатар қызметкерлері марапаттарға ие болды. Ертесінде «Жағалау күзеті» аймақтық басқармасының қолбасшысы, І дәрежелі капитан Қыдыржан Мұқанов бастаған делегация Орал қаласындағы «Зенит» кеме жасау зауытына келді. Мұнда Шекара қызметіне арнайы жасалған FC-19 жүйрік катері Шаған өзеніне түсіру рәсімі болды. Катердің ұзындығы – 20 метр, ені – 4 метр, биіктігі – 2,5 метр, ең бастысы ол сағатына 48-50 узел (100 шақырым) жылдамдықпен жүреді. Мұндай жылдамдықпен теңізде кез келген су көліктерін қуып жетіп, құрықтауға болады.

Катерді қабылдауға ҰҚК Шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов Астанадан арнайы ұшып келді.

– FC-19 мықты техникалық мінездемелерін есепке ала отырып, шекара қызметі алдағы уақытта осындай тағы үш катерге тапсырыс бермекші, – дейді генерал Нұрлан Жоламанов.–  Каспий теңізі акваториясын күзету үшін біз тек қана суда жүретін құралдарды ғана емес, сондай-ақ тікұшақтарды да пайдаланамыз. Осы техникалардың бірлескен операциялары қазір жақсы нәтижелер беріп жатыр. 

Катерді суға түсіру салтанатына жиналған жұрт алдында Шекара қызметінің басшысы, генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында кезекті бұйымды жасап шығарған зауыт ұжымына алғыс айтты.

Артқа