Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Шекара қауіпсіздігі – тұрақты дамудың кепілі

Әлисұлтан Құланбай, «Егемен Қазақстан», 17.08.2013

 

Кез келген мемлекеттің бастау алар нүктесі – мемлекеттік шекара. Елдің тыныштығы мемлекеттік шекараның берік күзетілуімен тікелей байланысты. 1992 жылдың 18 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен шаңырақ көтерген ҰҚК Шекара қызметі осы жылдар аралығында талай белестерді артқа тастады. Мереке қарсаңында біз ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант Нұрлан ЖОЛАМАНОВПЕН кездесіп, шекарашылардың бүгінгі тыныстіршілігі жайлы сұхбаттасқан едік.

 

– Нұрлан Айтманұлы, Шекара қызме­тінің басшылығына келгеніңізге жеті айдың жүзі болды. Бұл аз да, көп те уақыт емес. Ал қызметіңізді неден бастадыңыз?

 

– Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас Қол­басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Өкімімен ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры болып тағайындалғаныма, жаңа өзіңіз айтқандай, жетінші айдан асып барады. Шекара қызметіне басшылыққа келгенімде, ведомстводағы жағдай көпке белгілі еді. Осының алдында ғана, 2012 жылдың желтоқсан айында ҰҚК Шекара қызметінің бір топ білікті офицерлері ұшақ апатынан мерт болды. Өткен жаздағы «Арқанкерген» шекара бекетіндегі орын алған төтенше оқиға да шекарашылар жайлы қалыптасқан қоғамдық оң пікірге көлеңке түсірді.

 

Қандай жағдай орын алмасын, Шекара қызметіне мемлекеттік шекараны сызатсыз күзету міндеті жүктелгенін ұмытпауымыз керек. Үстіміздегі жылдың 30 қаңтарында Президент Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығы­мен өт­кен құқық қорғау органдары жетекшілерінің басын қосқан жиналыстағы міндеттер мен талаптарды барлық деңгейдегі басшыларға жеткізу мақсатында ақпан айының басында ауқымды жиналыс өткіздік. Есіңізге сала кетейін, өткен жылдың желтоқсанындағы Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Шекара қызметінің ауқымды реформасын жүргізу керек. Міндет – оның тиімділігін арттыру, материалдық-техникалық базасын жаңғырту. Бұл үшін Қауіпсіздік Кеңесіне менің Әкімшілігіммен және Үкіметпен бірлесіп, Шекара қызметін дамытудың және мемлекеттік шекараны орта мерзімді кезеңде орнықтырудың арнайы кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын», – деп көрсетілген еді.

 

Осы жиналыс барысында Мемлекет басшысының нақты тапсырмасын жүзеге асыруға қатысты көптеген міндеттерді сараладық. Шекара қызметіндегі орын алған тосын жағдайлардың себебін жан-жақты зерттей келе, оның орын алу себебін анықтадық. Барлығымыз әскери киім киіп, мемлекет айрықша тапсырмалар жүктеген әскери қызметшілер болған соң, әскери қызметтің өмір сүру мен іс-әрекетінің негізгі қағидасы болып табылатын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының, жалпы, әскери жарғыларының тиісті талаптарын жоғары деңгейде орындауға тиіспіз. Бүкіл кемшіліктердің негізі осы жарғы талаптарын орындамаудан болып отыр. Сондықтан да, барлық әскери қызметшілер ел Президенті 2007 жылдың 5 шілдесі күні бекіткен әскери Жарғы талаптарын орындауды қатаң бақылауға алуды тапсыратындығымды жеткіздім.

 

Ал қызметке тағайындалған соң, Елбасының тікелей тапсырмасымен, Шекара қызметіндегі қалыптасқан жағдайға әрі барлық сала бойынша жан-жақты терең талдау жасадық. Шекара қызметінің Орталық аппараты мен өңірлік басқармалардың басшылық құрамы және әскери бөлім командирлерін атқарып жүрген қызметтік міндеттерінің жай-күйі жайлы тыңдау ұйымдастырдық. Күні бүгінге дейін мемлекеттік шекараның барлық ендіктеріндегі шекара құрылымдарына арнайы комиссия жасақтап, жұмыс сапарымен болып, шекарашылардың жауынгерлік даярлығымен, әлеуметтік жағдайымен жіті танысып шықтым. Мемлекеттік шекара шебіндегі шекара заставаларының жай-күйін өз көзіммен көрдім.

 

«Ауруын жасырған өледі», демекші, шекара құрылымдарындағы біраз кемшіліктер анықталды. Көптеген басшы құрамдағы офицерлер өздерінің тікелей міндеттеріне салғырт қарайды. Шекарашы секілді асқан жауапкершілік жүгін арқалаған мамандық иесіне өз қызметіне жүрдім-бардым қарау мүлдем жараспайды.

 

Мына дерекке назар аударайын, Шекара қызметінің жеке құрамының саны Қарулы Күштерден екі есе аз. Бірақ, орын алған құқық бұзушылық Қарулы Күштердегі жағдаймен бірдей. Бұл – дабыл қағарлық жағдай еді. Әскери саланың негізгі тірегі – тәртіп. Тәртібі ақсаған ондаған әскери қызметшімен қош айтыстық. Оның арасында офицерлер де, келісімшарт негізіндегі қызметкерлер де бар. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді. Барлық әскери бөлімдерде құқық тәртібін бұзып, сот шешімі негізінде бас бостандығынан айырылған әскери қызметшілерге шығарылған үкімдерді көрнекі жерлерге ілуге тапсырма бердім.

 

Жемқорлықты жою үшін де көптеген жұмыстар атқарылды. Павлодар шекара отрядына қарасты «Үрлітөбе авто» бақылау-өткізу бекетіндегі өрескел жағдайларды болдырмау үшін сапар барысында өткізу бекеттеріне кенеттен тексерулер ұйымдастырып, тәртіпті қалпына келтіруге жұмыстанудамыз. Еліміздің бірқатар өңірінің тұрғындары маған хат жазып, бақылау-өткізу бекеттеріндегі жағдайдың қалыпқа түскеніне алғыстарын айтуда. Қысқасы, әрбір әскери қызметші әскери тәртіпті бұзғаны үшін заң аясында әділ әрі қатал жазаланатынын бір сәтке де естен шығармауға тиіс.

 

Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті Әскери басқармасының мәліметі бойынша, үстіміздегі жылдың 7 айының қорытындысын өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда қылмыс 7 пайызға төмендеді. Атап айтқанда, әскери қылмыс 18,3 пайызға кеміген. Жарғыдан тыс қарым-қатынас бойынша қылмыс – 35 пайызға, Шекара қызметін атқару тәртібін бұзу – 35 пайызға, билікті асыра пайдалану немесе биліктің іс-әрекетсіздігіне қатысты қылмыстар 40 пайызға төмендеді.

 

Міне, осы мәліметтерден Шекара қызме­тіне қарасты әскери бөлімдердегі тәртіп мәселесінің оңалғандығын байқаймыз. Әске­ри қызметшілер қызмет барысында өзара араласқанда жоғары мәдениеттілікті, парасаттылықты естен шығармағандары жөн. Әскери қызмет – үлкен мәдениеттің, білімнің, терең тәрбиенің ошағы. Бір ауыз сөзбен айтқанда, көзбояушылықтан құтылу үшін жүйелі жұмыстар жүргізілді. Тағы бір атап өтерлігі, Шекара қызметіндегі кейбір нормативтік-құқықтық құжаттардың жетілдірілмегендігі. Соның салдарынан олардың заң талаптарын толықтай орындауға кедергі келтіретіндігі анықталды. Бұл кемшілікті жою үшін барлық нормативтік-құқықтық құжаттарды тиісті мамандар сараптамадан өткізіп, әрбір құжатқа тиісті баға беріліп, кемшілікті жою бағытында да қыруар жұмыстар атқарылуда.

 

Мемлекет мүддесін өз мүддесінен жоғары қою, атқарып отырған қызметке деген адалдық, әрі бар қажыр-қайратын сарқа жұмсап қызмет жасау, міне, осы идеяны барлық деңгейдегі басшылар мен жеке құрамның санасына жеткізу аз шаруа емес. Ең бастысы, шекарашылар қалыптасқан жағдайды оңалтуды дереу қолға алу керектігін түсінді.

 

– ҰҚК Шекара қызметінің офицерлері мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілерді кезектен тыс аттестациялау қалай жүргізілуде?

 

– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 22 наурыздағы Жарлығына сәйкес Шекара қызметінің әскери қызметшілері кезектен тыс аттестациядан өтеді. ҚР ҰҚК Төрағасының бұйрығы бойынша Елбасы Жарлығын тиімді орындау үшін аттестацияны тапсыру тәртібі анық көрсетілді. Мамыр айынан бері аттестацияны тапсыру қарқынды жүргізілуде. Сынаққа Шекара қызметі дирек­то­рының орынбасарларына дейін тартылып, олар заңнама бойынша тестілеуден өтті. Заң­на­маға Конституция мен қолданыстағы заң­дарды, әскери Жарғы мен ҰҚК-де қолда­на­­тын нормативтік-құқықтық актілерді теория­лық тұрғыда білу деңгейлері тексерілді. Білікті психологтар аттестацияға жататын әскери қызметшілерге психологиялық-әлеу­меттік зерттеу жүргізсе, арнайы мамандар полиграфологиялық тексерістер өткізеді. Сонымен қатар, саптық, дене шынықтыру, қарудан нысана көздеу және жаппай қырып-жоятын қарудан қорғану секілді жауынгерлік даярлық пәндерінен сынақтар тапсырады. Бұл кезектен тыс аттестациялауда әр әскери қызметші жан-жақты тексеріледі.

 

Аттестациялау жеке құрам арасындағы білімі төмен, қызметіне салғырт қарайтын біліксіз мамандарды анықтап, оларды қызметтен аластатуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Шекара ведомствосының жоғары басшылық құрамы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары аттестациялық комиссиядан сынақтар тапсырып, өздерінің кәсіби біліктерін дәлелдеді. Жоғары аттестациялық комиссияның жұмысына Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы – Президенттің көмекшісі Қ.Қожамжаров төрағалық етті.

 

ҰҚК Орталық аттестациялық және Шекара қызметі Орталық аппараты аттестациялық комиссиясының жұмысы да өте әділ өтуде. Сынақ тапсырған әскери қызметшілердің арасында қызметтен босатылғандар да, қызметтен төмендетілгендер де, қызмет орнын алмастыруға жататындар да бар. Ал енді үздік көрсеткіш көрсеткендерді қызмет сатысы бойынша жоғарылатудамыз. Қазіргі таңда аттестациялау шарасы толықтай аяқталмағандықтан, бүкіл жеке құрам бойынша нақты қорытындыны айтуға әлі ерте. Жыл соңына қарай нәтижелері белгілі болады.

 

– Нұрлан Айтманұлы, Шекара қызметінің материалдық-техникалық базасын арттыру, жаңа техникалармен қамтамасыз етілу жайына тоқталып өтсеңіз?

 

– Қай мемлекеттің болмасын, мүддесі мен халқының тыныштығы үшін шекара қауіпсіздігі маңызды рөл атқарады. Шекараның тұтастығы мен қауіпсіздігі сақталған жерде ғана мемлекет экономиканың берік іргетасын қалап, дамудың жаңа кезеңіне сенімді қадам басатыны сөзсіз. Яғни Елбасы сөзімен айтсақ, шекараның қауіпсіздігі – тұрақты дамудың кепілі. Мемлекет басшысы мен ҰҚК Төрағасы тарапынан шекарашылардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ұлан-ғайыр мемлекеттік шекарамызды күзету үшін көп күш қажет. Шекараның күзетін қамтамасыз етіп отырған шекарашыларға қажетті жаңа ғимараттардың құрылысы, жасыратыны жоқ, кезінде белгілі себептермен кешеуілдеген. Олардың не себепті кешіккені анықталып, кінәлілер жазаға тартылды. Соңғы үлгідегі жобамен тұрғызылған 5 жаңа шекара заставасының ғимаратын тапсырдық. Шекара қызметінің құрылған күніне орай, Алматы облысы, Жамбыл ауданы аумағынан «Қастек» шекара застава­сы­ның ке­шенді ғимаратының лентасын ҚР ҰҚК Төрағасы Н.Ә.Әбіқаев және Алматы облы­сының әкімі А.Мұсаханов салтанатты түрде қиды.

 

Осы шара барысында әскери қызметте үздік көрсеткішке қол жеткізген бірнеше шекара заставасы бастықтарына ҰҚК Төрағасы кезектен тыс әскери шенді тапсырды. Жылдың аяғына дейін жоспарланған барлық құрылыс жұмыстары, соның ішінде қолға алынған жаңа шекара заставаларының құрылыстары толығымен аяқталады. Шекарашыларды қызметтік баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жақында Ақтөбе облысындағы «Жайсаң темір жол» бақылау-өткізу бекетінің жеке құрамына арнап салынған тұрғын үйді салтанатты жағдайда тапсырдық. Өскемен, Павлодар қалаларынан да жаңа баспананың кілтін алған шекарашыларымыздың қатары көп. Мұндай жағымды жаңалық алдағы кездерде де жалғаса береді. «Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заң талабы бойынша баспанасы жоқ әскери қызметшілерге пәтер жалдап тұруы үшін тиісті қаржыны төлеуді шұғыл қолға алдық. Осы шара аясында баспанаға зәру әскери қызметшілердің мәселесін шешуге тиісті қадамдар жасалынуда.

 

Шекара қызметін жаңа техникалармен қамтамасыз ету мәселесінде де көптеген оң өзгерістер бар. Мемлекеттік шекараны күзету ісіне арналған заманауи үлгідегі инженерлік құрылғылар мен автотехникаларды көптеп сатып алу жұмысы қарқынды жүргізілуде. Мәселен, жақында ғана ҰҚК Шекара қызметіне қажетті 200-дей су жаңа автокөлік еліміздің оңтүстігі, шығысы мен батысындағы шекарасына жол тартты. Жылдың соңына дейін тағы да 600-ге жуық жаңа көліктерге ие боламыз. Мұның ішінде климаттық жағдайы қатал, қарлы өлкелердегі шекара нарядтарына арналған арнайы көліктер де бар. Сондай-ақ, шекара инфрақұрылымында заманауи құралдарды молынан пайдалану ісі де қолға алынып жатыр. Мәселен, кейбір аймақтарымызда ел шебінің сенімді күзеті үшін алыстан басқарылатын бейнебақылау камераларды орнату қолға алынды. Шекаралық бақылау-өткізу пункттерін жұмыс істеуге жайлы, құрылысы заманауи талаптарға сай жүргізуді қолға алып отырмыз.

 

Шекара күзетін қамтамасыз етуде авиацияның орны ерекше. Жуырда ұшқыш тарымыз 4 жаңа тікұшақпен түнде әскери барлау мақса­тындағы жаттығу жасап, сынақтан өтті. Шекарашылар еліміздің экономикалық мүддесін қорғауға табанды түрде атсалысып келеді. Тамыз айының басында Жағалау күзеті өңірлік басқармасының жеке құрамы мен арнайы техникалардың қатысуымен тұңғыш рет тактикалық арнайы оқу-жаттығу шарасы жоғары деңгейде өтті. Жаңа кемелеріміз бен катерлеріміздің әлеуетін сол жаттығуда бай­қадық. Шілде айында жеке құрамның даяр­лығын арттыру мақсатында Үшарал шек­ара отряды базасында бронетехника мамандарының арнайы оқу-жаттығу жиыны өтті. Жиында жаяу әскердің жауынгерлік маши­насын игеру, жауынгерлік атыс және ұрыс жағдайында техникаларды қолдану шеберліктері шыңдалды. Сөз орайы келгенде, ҰҚК Әскери-техникалық қамтамасыз ету департаментіне біздің ұсыныстарымызға қол­дау білдіргендері үшін ризашылығымызды жеткізгім келеді.

 

– Шекара қызме­тіндегі білікті мамандарды даярлау жайында да білгіміз келеді.

 

– Қай кезеңде де істің тетігін білікті, жауап­кершілік жүгін сезіне білетін маман­дар шешкен. Ондаған жылдық тарихы бар ҚР ҰҚК Шекара қызметінің академиясы бізге мамандар даярлаумен айналысады. Өткен сәуір айында академияға барып, олардың тыныс-тіршілігімен таныстық. Оқытушы-профессорлар құрамымен кездес­тім. Мамандарды даярлау барысындағы кейбір кемшіліктер анықталды. Курсанттарға практикалық білім беру жағы әлсіз. Болашақ шекарашы-офицерді даярлау дегеніміз тек қана теориялық біліміңнің молдығына байланысты емес, сенің талай жыл алғы шептегі шекара құрылымында қызмет атқарған мол тәжірибең болуы керек. Сонда ғана курсанттарға дәріс оқуға моральдық құқығың болады. Академиядағы кей офицерлер өмір бойы аудиториядан басқа ешқайда шықпаған. Әрине, оларды шекара шебіне жіберу туралы шешім қабылданды.

 

Ал енді шекара шебінде ұзақ уақыт қызмет атқарып, әбден ысылған офицерлер мемлекеттік шекара күзетіндегі бай тәжірибесін курсанттармен бөліседі. Мәскеу немесе өзге қалалардағы академияға баратын офицерлер міндетті түрде шекара құрылымында қызмет атқарған болуы қажет деген тоқтамға келдік. Жедел-тактикалық деңгейдегі офицерлерді даярлау мәселесінде офицерлердің ұйымдастырушылық қабілетін жетілдіру бағытындағы алған білімдері төмен деңгейде. Аталған кемшіліктерді жою бағытында да шаралар қолға алынуда. Сонымен қатар, офицерлердің білімін жетіл­діру үшін, атап айтқанда, заңгерлер, бақылау-өткізу бекетінің бақылаушылары, тыл және техника қызметкерлерінің басын қосып, менің тікелей бастамаммен жиын өткізілді. Жиында аталған мамандардың қызмет бағыты бойынша нормативті-құқықтық құжаттарымен жіті танысу, оларды қызметте тиімді қолдануға нақты тапсырмалар берілді.

 

Алғы шептегі застава – мемлекеттік шекараның жүрегі. Заставада қызмет атқару – үлкен мәртебе. Сол себепті, заставада қызмет атқаратын офицерлер мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілерді қаржылай сыйақымен марапаттау туралы бұйрыққа жиі қол қойып жүрмін. Менен бастап, барлық деңгейдегі басшылар шекара заставасының толық қамтамасыз етілуі үшін күні-түні жұмыс жасайды. Менің басты ұстанымым – осы.

 

Шекара заставасында қызмет атқарып, сыннан сүрінбей өткен офицерлерге барлық жағдай жасалады. Шекара заставаларына барған кезде қызмет атқарып жүрген әрбір офицермен жеке кездесіп, білімін, қызметтік міндетін қаншалықты деңгейде біледі, осы мәсе­лелерді тексеремін. Сонан соң, Ресейдің көп­теген қалаларынан әскери оқу орындарын үздік бітіріп келген жас лейтенанттарды жеке қабылдап, олармен емен-жарқын әңгімелесуді де дәстүрге айналдырдым. Мұндай қадамның олар­дың алдағы қызметіне септігі тиетіні сөзсіз.

 

Шілденің соңында академияға талапкерлерді қабылдау үшін жасақталған мандаттық комиссияның жұмысына төрағалық еткен едім. Еліміздің әр түкпірінен шекарашы болсам деп келген әрбір талапкермен пікірлесіп, олардың білім деңгейіне сараптама жасадық. Ұлттық бірыңғай тесттен жоғары балл жинаған, физикалық даярлықтары жоғары деген ондаған талапкерді Ресейдің әскери оқу орындарына жолдамамен жібердік. Жастарымыздың келешек тағдырларын Шекара қызметімен байланыстырғысы келетін мақсаттарына қарап, ертеңіміз үшін шүкіршілік еттім.

 

– Нұрлан Айтманұлы, шекарашылар мерекесі қарсаңында шекарашыларға қандай тілек айтар едіңіз?

 

– Ең бастысы, еліміз аман, мемлекеттік шекарамыз тыныш болсын. Өз тағдырларын Тәуелсіз елдің шекарасын күзетуге арнаған барша шекарашылардың мәртебесі биік болсын. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас Қолбасшысы – ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бізге қойып отырған тапсырмалары мен міндеттері ҚР ҰҚК Төрағасы Н.Ә.Әбіқаевтың тікелей басшылығымен жүзеге асуда. Мен өз тарапымнан Шекара қызме­тінің барлық жеке құрамы қойылған тапсырмаларды толықтай орындайды деп сендіремін.

 

– Мерекелеріңіз құтты болсын. Әңгі­меңізге рахмет.

 

 

Артқа