Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

130 миллион доллардың есірткісі тәркіленді

Қайыржан Төрежан, Айқын, 21.12.2011

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері сегіз мемлекет арқылы өтетін наркотрафикті анықтап, алты тоннаға жуық Ауғанстан есірткісін қолға түсірді.

Бірнеше мемлекеттердің арнайы қызметі қатысқан «бақылаумен жеткізу» операциясына, ашылғанына екі жыл болған «Есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен күрес жөніндегі Ортаазиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығы (CARІCC)» халықаралық мекемесі басшылық жасады. Бес айға созылған арнайы операцияның нәтижесінде 5 тонна 749 келі Ауғанстанда жасалған «гашиш» деп аталатын каннабис шайырының мұхиттың арғы жағына қалай өтетіндігі, оған кім тапсырыс беретіндігі анықталды.


Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментіндегі Есірткіге қарсы күрес басқармасының өкілі Дәурен Ахметовтің айтуынша, маусым айында Ауғанстаннан Тәжікстан, Өзбекстан шекарасы арқылы темір жол бойымен Қазақстанға келген контейнерге тексеру жүргізілген. Нәтижесінде сығымдалған ағаш ұнтақтарынан жасалған құрылыс материалдарының (ДВП) арасына фольгаға оралып, мұқият жасырылған алты тоннаға жуық гашиш табылған. ДВП тақтайшаларының арасына бірге құйылып жасырылған есірткінің ірі партиясы Ауғанстанда жасалып, Солтүстік Америкаға жөнелтілгені анықталды. Наркотрафиктің механизмі жақсы істеп тұрған сияқты, бұған дейін олар 5-6 рет осындай жолмен Солтүстік Америкаға есірткі жеткізген екен. Өйткені контейнерге тиелген тақтайлардың ішіндегі иіс шығармайтын фольгаға оралған гашишті ешқандай иісшіл ит те сезбеген, сканер де көре алмаған.


Контрабандалық наркотикке қатысы бар трансұлттық қылмыстық топтың мүшелерін толықтай анықтау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті халықаралық көпжақты операцияны өткізуге жағдай жасайтын арнайы жоспар құрды. Аса ірі партиямен Ауғанстаннан шыққан есірткіні Қазақстан - Ресей - Латвия - Германия - Франция - Англия - Солтүстік Америка бағытымен соңғы нүктеге дейін көзден таса қылмай бақылауда ұстау - қазақстандық арнайы қызметке ауыр болатыны белгілі. Сондықтан аталған елдерде темір жол, су транспорттарына бірнеше мәрте қайта тиелетін есірткі салынған контейнерді қадағалайтын арнайы қызметтің жұмысын үйлестіру үшін қазақстандық қауіпсіздік қызметі есірткімен күресетін халықаралық орталық CARІCC-ке жүгінді. Бас офисі Алматыда орналасқан CARІCC орталығы тез арада жоғарыда аталған елдердің құзырлы органдарымен байланыс жасап, наркотрафикті аяғына дейін бақылау бойынша операцияны бірлесіп өткізу мәселесі туралы келісімге келді. ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі есірткінің он келідейін ғана Солтүстік Америкадағы соңғы нүктеге дейін жететін контейнерде қалдырылған, қалғанын айғақ зат ретінде түсіріп алады.


- Бұл - есірткімен күрес қызметінің тәжірибесіндегі ең ірі партия. Операцияға сегіз елдің арнайы қызметі қатысты. Қазан айының аяғында есірткіге тапсырыс берушілер тұратын елдің (Солтүстік Америка) құқық қорғау органдары бақылаудағы контейнерді тексеріп, ДВП тақтайларының ішіне жасырылған 10 келі 53 грамм каннабис шайырын тапты. Қазір наркотрафикке қатысы бар 5 адам ұсталды, олардың үшеуіне айып тағылды. Осы халықаралық операция барысында заңсыз айналымнан 5 тонна 743 келі ауған каннабисі тәркіленді. Бұл - 5,5 млн адамға жететін доза, оның жалпы құны шамамен 130 млн АҚШ долларын құрайды. Операция мұнымен аяқталған жоқ, әлі жүріп жатыр, - дейді CARІCC орталығының директоры, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков.


CARІCC басшысының айтуынша, Ауғанстандағы апиын егетін аумақ биыл 7 пайызға көбейген екен. Апиыннан жасалатын героиннен бөлек жабайы өсетін каннабис шайырынан жасалатын гашиш өндіру кең етек алған. Ауғанстанның үкіметтік органдары биылдың өзінде есірткіге қарсы жиырмадан астам операция жасаған екен, бірақ одан ешқандай нәтиже жоқ. CARІCC орталығындағы жиынға қатысқан АҚШ Есірткіні бақылау жөніндегі әкімшіліктің (ДЭА) өкілі Мэттью Крегор: «Бізге Ауғанстаннан апиын сирек келетін. Сондықтан бұл біз үшін есірткінің жаңа, тың арнасы болып табылады. АҚШ-та жылына есірткінің әр түрінен 30 мың шамасында жастар қаза табады. Біз қазақстандық әріптестерімізге ризамыз» деп алғысын айтты.

Артқа