Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

«Арыстанның» арыстары ел тыныштығы үшін құрбан болды

Қайыржан Төрежан, Айқын, 29.12.2011ж.

Бұрын әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана естіп, көріп жүрген терроризм Қазақстанға да келді. Әсі­ресе, биылғы жылы Ақтөбе, Атырау, Тараз қалаларындағы лаңкестік оқи­ғалар қылмыстық экстремистік топ­тардың белсендірек қимылдай баста­ғандығын байқатты. Тараздағы оқи­ғадан кейін іле-шала ұйымдасқан қылмыстық топ Алматыда екі поли­ция қызметкерін атып кетті.

Одан кейін желтоқсанның үші күні Алматы қаласы түбіндегі Боралдай ауылында төрт сағатқа жуық атыс болып, құқық қорғау органдары қарулы қарсы­лық көрсеткен бес адамнан тұратын террорлық топты жойды. Осы арнайы операция барысында Ұлттық қауіп­сіздік комитетіне қарасты «Арыстан» жасағының екі бірдей тәжірибелі сардары мерт болды. Боралдай елді мекеніндегі оқиға Алматы тұрғындары арасында қатты үрей туғызып қана қоймай, ел-жұртты қатты ашын­дырды. Артынша жұрт, қызметтік борыштарын өтеп жүріп, күдіктілерді ұстау барысында қыршын өмірлерін қиған Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыстан» қызметінің офицерлері жайлы толығырақ білгісі келді. Ел ішіндегі тыныштықты, бейбіт өмірді қамтамасыз ету жолында көз жұмған ержүрек ұлдары туралы жазуды сұрап, оқырман қауым редакциямызға хабар­ласты. Оқырмандардың сұрауына орай Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметімен хабарласып, солар арқылы қаза болған жігіттердің аты-жөндерін және бірге қызметтес болған әріптестері мен достарының олар жайлы пікірлерін білдік. Боралдай оқиғасы кезінде жүктелген тапсыр­маны орындау барысында қаза болған­дар, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты «Арыстан» қызметінің сар­дарлары - майор Алпысов Тахир Әмір­тайұлы және Долгов Роман Влади­мирович болатын. Төменде осы екі арыс туралы бірер сөз.

Оқиға қалай болды?

Боралдайдағы оқиғаның басы әріде жа­тыр. 8 қараша күні кешкі сағат сегіз ша­масында Алматы қаласында белгісіз қыл­мыстық топ «Боран» патрульдік эки­пажы­мен қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген полиция қызметкері Мақсат Дабылов пен Ғалымжан Әбдровті атып өлтіріп кеткен. Көп ұзамай ізкесушілер бұл қылмысқа Ағжан Хасен деген басшылық жасайтын ұйымдасқан топтың қатысы бар екендігін анықтаған. Жедел-іздестіру операциясы барысында ұйымдасқан қылмыстық топ­тың Боралдай ауылындағы Шпак көшесі №43 үйді жалдап тұрып жатқаны белгілі болды. Қылмыскерлердің жақсы қару­ланғаны туралы ақпарат болған. Сондықтан операцияны бастамастан бұрын ҰҚК «Арыстан» жасағы және ішкі істер ор­гандарының қызметкерлері үйді қоршауға алып, маңайдағы тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарған.

Үйдің ішіне бекініп алған қарулы бес қылмыскер қатты қарсылық көрсетіп бақты. Тапсырма «тірідей қолға түсіру» болғандықтан ұрыс төрт сағатқа жуық созылды. «Арыстан» арнайы жасағының майорлары Тахир Алпысов пен Роман Дол­гов сол жерде қаза тапты. Қылмыскерлер өліспей беріспейтін болып, өз еркімен бе­рілуден бас тартып, қарулы қарсылықты тоқтатпаған соң олардың көзін жоюға тура келді. Операция түнгі сағат 23:50-де аяқталды. Қылмыскерлер жасырынған үйден екі РГД-5 гранатасы, «Калашников» автоматтары мен «Макаров» тапаншасы табылды. Лаңкестердің үйінен табылған қару-жарақтарды тексеру барысында 8 қараша күні қаза болған полицейлер осылардың тапаншаларымен атып өлтіріл­гендігі анықталды. Дәл осы қаруларды қолдану арқылы бұдан бірнеше ай бұрын Талғар ауданында да аса ауыр қылмыс жасалған екен.

Ержүрек жігіт болатын

Тахир Алпысов сонау Ресей Федера­циясының Свердлов облысы, Каменск-Уральск деген ауылда 1975 жылдың тамыз айында дүниеге келген. Жастайынан спорт­қа бейім болған Тахир өскенде осы жолды таңдады. «Ізденген жетер мұратқа» деген, арман қуып Алматыға келген Тахир да өз мақсатына жетті. Алматы қаласын­дағы Қазақ туризм және спорт академиясы­на оқуға түсіп, 2002 жылы «Дене шынықтыру пәнінің ұстазы, бокс жаттықтырушы­сы» деген мамандық алып шықты. Жігітке жеті өнер де аз. Сегіз қырлы, бір сырлы Тахир көптеген өнер түрлерін игерді. Ол отыз ал­ты жыл өмір сүріпті. Осы уақыттың ішінде қайсар мінезі оны талай қиырларға сүйреді. Қамшының сабындай қысқа ғұ­мы­рында Республикалық Ұлан, Қорғаныс министрлігі сияқты беделді мекемелерде қызмет атқарыпты. Жауынгерлік қызмет 2004, 2006 жылдары «Қазбат» арнайы бө­лімінің құрамында Ирак елінде жалға­сады.

Альпинизм спорттың ең қатал түріне жатады. Өйткені төбесі көкке тірелген биік шыңдар мен шыңырау құздар ешқашан қателікті кешірген емес. Сәл жаза басып мүлт кетсең өміріңмен қоштаса бер. Сон­дықтан аспанмен тілдескен заңғарларды тек мықтылардың мықтылары ғана ба­ғындырған. Міне, сондай мықтылардың бірі - Тахир Алпысов болатын. Ол 2006 жылы қазақстандық-үндістандық арнайы әскери мақсаттағы топтың құрамында Үндістандағы биіктігі 7135 метр болатын «Нұн» шыңына көтерілді. Бұл екінің бірі тұрмақ, ең шебер деген альпинистердің өздері жүрексініп баратын, жан-жақты дайындықтан өткеннен кейін ғана бағын­дыруға тәуекел жасайтын әлемдегі қиын шыңдардың бірі.

Әріптестері Тахирдың парашют спортын өте жақсы меңгергенін, осы саланың өте білікті маман болғандығын жарыса әңгі­мелейді. «Әуе-десанттық дайындығы бо­йын­ша Тахир ең үздік деген мамандардың бірі болатын. Әсіресе, жаңадан қолданысқа түскен парашют жүйелерін жетік білетін. Парашютпен секіруде үнемі үздіктердің қатарында болатын. Оның жазуы қандай әдемі еді, қыздың жазған хатындай тап-таза, әріптері маржандай тізіліп тұратын. Біз «калиографический почерк» деп қызы­ғатынбыз» - деп еске алады Тахирдің әріп­тесі Мұрат.

Тахир Алпысов өз ісін жетік білетін, үздік сардар болатын. Әр жылдары «Қа­зақстан Қарулы күштеріне 10 жыл», «Мін­сіз қызметі үшін», «Бітімгершілік операция­ларына қатысқаны үшін», «Ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» ме­­дальдарымен марапатталған. Тахирдің де алдағы өмірге артқан армандары мен үкілеген үміттері бар еді. Соның бірі әйелі Лейла екеуі аялап өсіріп отырған бүлдіршін­дері - Темірлан мен Томиристің қызығын көру болатын. Тағдыр оған ондай қызықты жазбапты... Қай жерде үзілерін кім білген қайран өмір... бойында осындай армандары бар ер қапыда кетті.

Әке жолын қуған сардар

Ресей жерінде туған Роман Долгов тірі болғанда келесі тамыз айында 35 жасқа келер еді. Жастайынан әкесі секілді әскери маман болуды армандаған жас жігіт он тоғыз жасында Қазақстан Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Әскери институтына оқуға түсіп, 2000 жылы бітіріп шығады. Бойында қайраты тасыған, спорттық көрсеткіштері өте жоғары жас офицер әскери қызметін ҰҚК «Арыстан» арнаулы бөлімшесінен бастайды. Осылайша оның өмірі нағыз батырлар қызмет атқаратын бөлімшемен байланысып кете барды. Ащысы мен тұщысы қатар жүретін бө­лімшеде өмірінің соңына дейін, он бір жылға жуық қызмет атқарыпты. Алғашқыда жедел уәкілден бастаған қызметі бөлім бастығының орынбасарлығына дейін өсті. Жауапты талай жұмыстарды абыроймен атқара білді. Елімізде өткізілетін маңызды іс-шаралар кезінде лауазымды тұлғалардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бас­шылары Романға жиі тапсыратын. Осының өзі оның кәсіби деңгейінің биіктігін айғақ­тап тұрса керек. Осындай үздік қызметі үшін Роман Долгов «Мінсіз қызметі үшін», «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медальдарымен, «ҰҚК-КНБ Қазақстан» кеудебелгілерімен марапат­талған.

«Жедел-тактикалық жаттығулар мен халықаралық спорттық жарыстарда Роман әрдайым үздік нәтиже көрсетіп, ұжымның абыройын асқақтататын. Әріптестері мен достары арасында оның орыны ерекше еді. «Сабырлы да байсалды, жинақы жігіттің арамызда жоқ екендігі енді әрдайым сезіліп тұратын болады», - дейді достары. Артын­дағы достары, әріптестері, туыстары мен балалары тұрғанда батырдың ерлігі де, есімі де ешуақытта өшпек емес. Романның үшке енді келген кіші қызы София тұрмақ, тоғыз жастағы тұңғыш қызы Анастасия әкесін жоғалтқанына әлі күнге дейін сенгісі кел­мейді.

Эпилог

Бейбіт кезде бейбітшілікті қамтамасыз ету дегеніңіз оңай шаруа емес. Соңғы кездердегі оқиғаларға қарағанда біздің әл-ауқатымызды көре алмайтын сырт күш­тердің бар екендігі анық болды. Ал олардың қолына сана-сезімі мен діни сенімі ор­нықпаған азаматтарымыз тап болуда. Кешегі Тараздағы оқиғаны алайық. Егер жол полициясы жеке батальонының взвод командирі, Халық Қаһарманы Ғазиз Бай­тасов болмағанда жарылғыш заттан ол жердегі бейбіт адамдар зардап шегері еді. Ал лаңкестің соңына түсіп, қайтыс болған Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл об­лыстық департаментінің қызметкерлері Мұхтар мен Сергейдің де ерлігі ел есінде қалары сөзсіз. Сергейдің отбасында төрт бірдей баласы жетім қалыпты: ең үлкені - төрт жаста болса кішкентай егіз қызы бір айдан жаңа асқан... Бұған не дерсіз... Ел тыныштығы үшін жанын қиған ерлерге мың тағзым дейміз! Олар қауіп-қатерден қаймықпай өздерінің қызметтік борыш­тарын аяғына дейін орындады.

Жалпы, «Арыстан» қызметінің өмірінде арнайы-жедел тапсырмаларды орындау жиі өтіп тұрады. Қауіпті болғандықтан, сарбаз­дар өміріне барынша қатер төнетіндігі айт­паса да түсінікті. Бірақ қылмыстың алдын алмаса тағы болмайды. Сондай іс-шаралардың бірі жаз айында Арқалық қаласының аймағында өткізілді. Салмағы бір тонна болатын есірткі затын тасы­малдауға қатысы бар қарулы қылмыскердің жолын кесу барысында аға лейтенант Қайрат Ыбырайымов ауыр жарақат алып, қаза тапты.

Таяуда әскери және қызметтік борыш­тарын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуда көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін «Арыстан» жасағының жауынгерлері Алпысов Тахир, Долгов Роман, Ыбырайымов Қайрат Пре­зидент Жарлығы бойынша ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Артқа