Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Төрт секунд

Суретте: «Набат» операциясына қатысушылар Қа­зақстан Республикасының Президенті Н.Ә.На­зар­­баевтың қабылдауында. 1992 жыл.

Мұхтар Анарбекұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Егемен Қазақстан, 2012ж.18.02.

Сонау 1992 жылдың 22 ақ­панын­да Қызылорда облысы аумағында бір топ аса қауіпті қылмыскерлер «вагонзактан» (сотталғандарды таситын арнайы вагоннан) қашып шығып, «Қызылорда-Сарыағаш» ба­ғы­тын­дағы автобусты жолаушыларымен қоса кепілдікке алады. Құ­қық қорғау органдарымен жүр­гізілген келіс­сөз барысында қаш­қын­дар өз­деріне ұшақ берілуін және Шымкент әуежайынан шетелге ұшып кетуді талап етеді. Қазақ­стандық арнаулы қызмет тарихында «Набат-92» деген атпен қал­ған, дүние жүзінде теңдесі жоқ арнайы операция бас-аяғы бір тәулік­ке созылды…

Оқиға қалай басталды? Сенбі күні таңертең «Куйбышев-Ташкент» бағытында келе жатқан жүк-пошта пойызынан аса қауіпті қылмыскерлер қашып шығады. Қашқындар жай қашпаған. Қарауылға шабуыл жасап, ішкі әскерлердің үш сарбазын ауыр жаралаған. Қолдарына бірнеше «Макаров» тапаншасын, маңызды құжаттарды алып, пойыздан секіріп кеткен. Қайда бет алғандары белгісіз.

«Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Ең алдымен ая­ғы­нан тік тұрған Қызылорда облысының құқық қор­ғау органдары болды. Қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің облыстық басқар­ма­лары­ның бастық­та­ры полковник М.Дәуенов пен генерал-майор Е.Де­ме­сіновтер қашқындарды іздестіру жұмысын ұйымдас­ты­руға кіріседі. Қызылорда қаласы мен Шиелі стан­са­ларының арасы, оның ішінде 18-ші разъезд маңайы мұқият тексеруге алынады. Облыс аумағында «Шең­бер» операциясы ұйымдасты­рыл­ған­дығы көршілес об­лыс­тарға, сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағының тиіс­ті бөлімдеріне хабарланады. «Вагонзак» пойыздан ағы­тылып, күшейтілген күзет­ке қойылды. Сот­тал­ған­дар­ды түгендеу, қаш­қын­дар­дың сыбайластарын іздестіру, олардың қандай жерді паналауы мүмкіндігін анықтау басталды. Қарауыл бастығы прапорщик Пономарев­тың сөзіне қарағанда «вагонзакта» алпыс адам болған. Бар­лы­ғы да сот­талғандар. Қашқындардың саны және аты-жөндері нақтыланды – алты адам. Өмірбаяндарын оқығанда төбе шашың тік тұрады. Бұған дейін әр­қай­сысы ауыр қылмыс жасап, бес-алты реттен сотталған. Осы жолы да қасақана кісі өлтіргендері үшін он бес жыл­дан арқалапты. Мәселен, қашуды жоспарлаған Владимир Албандян дегенің 1950 жылы туылып, жасы қырықтың қырқасына жаңа шыққанына қарамастан бес рет істі болған. Араларында алпысты алқымдап, ақсақал атана бастағандары да кездеседі. Адам өлтіре салу дегенің түкке тұрмайтын нағыз баскесерлер екендіктері көрініп тұр. Ал осындай қані­шер­лердің бостандықта жүргендігін және әлі де талай қылмысқа баруы мүмкін екендігін ойласаң…

Ақпан айы болғанына қарамастан, қар көбесі сөгіліп, айнала қарақошқылданып қалған. Мидай жа­зық дала. Тек аңызақ жел ғана адам мазасын қа­шы­рады. Мұндай ауа райында кімнің болса да алыс­қа бара алмасы анық. Тасжол мен әуежайды, темір жол мен су жолдарын қатаң бақылап тұрған құқық қорғау қызметкерлеріне екі-үш сағаттан кейін елең еткізерлік хабар келіп жетті. Қызылордадан шыққан автобустың ішінде сыртқы келбеті қашқындарға ұқсайтын адамдар бар көрінеді. Шиелідегі МАИ бекетінің қызметкері жеткізген «сәлемдеме» негі­зін­де жергілікті милиция қызметкерлері қаруларын сайлап, автобусты қарсы алуға дайындала бастады.

Көп ұзамай ыңыранып келе жатқан «Икарус» та кө­рін­­ді. Маңдайшасындағы «Кзыл-Орда-Сарыагач» де­ген жазуы алыстан ағараңдайды. Рөлде отырған жүр­гізуші жігіт өзіне берілген нұсқау бойынша Шиелі ав­то­бекетіне тоқтады да, моторды жөндей­тін­дігін, со­ған байланысты барлығының шыға тұруын талап етті. Жолаушылар біртіндеп түсе бастады. Айт­са айт­қан­дай-ақ екен. Ұсқындары қашқан бір­неше адам да топ арасынан көзге шалынды. Қо­лай­лы сәтті күтіп тұр­ған ми­ли­ция наряды аспанға бір рет оқ атты да, қаш­қын­дар­дың берілуін талап етті. Не болғанын түсінбей, үрей­леніп қалған Глумсков, Говорухин және Албандян үшеуі қол­дарын көтере берді. Милиция қызмет­кер­лері­нің ақы­рындап жа­қын­дай бастағандары сол еді, кенет, жағдай күт­пе­ген жерден шытырман оқиғалы фильм­дегі­дей шие­ле­ні­сіп сала берді. Автобуста қалып қойған екі қыл­мыс­кер нарядты көздеп, тарс-тұрс оқ ата жө­нел­ді. Жайбарақат тұрған адамдар улап-шулап, бір тобы автобусты айналып қашса, екіншілері айқайлауға да шамалары келмей бұқпантайлап, жерге отыра қалысты.

Атыстың аты атыс. Екі жақтан да адам шығыны орын алды. Албандян оққа ұшып, екі сыбайласы қол­­ға түсті. Ал милиция қызметкерлері жағынан Шие­­лі бекетінің жедел уәкілі, аға лейтенант Мұрат Өмірбаев қаза тапты. Ал автобустан шығып бол­ма­ған он бір жолаушыны кепілдікке алған екі қыл­мыс­кер есікті тарс жауып, тым-тырс отырып алды. Енді не істеу керек?! Жергілікті жерден бастап, сонау Алматыға дейінгі құқық қорғау саласы маман­дары­ның сасқаны осы болды. Оның үстіне елдегі жағ­дайдың да аумалы-төкпелі болып тұрған кезеңі. Мұрты бұзылмастай көрінген Кеңес Одағының құлағанына бар-жоғы екі айдай ғана уақыт өтті. Бұрынғыдай Мәскеуден көмек күтуге болмайды.

Облыстың барлық басшылары дерлік кішкентай Шиелі бекетіне жинала бастады. Алматыдан да тік­ұшақпен арнайы жасақтың ұшып келе жатқандығы мәлім болды. Кепілдегілерді босату іс-шарасы автобекет маңайына жоспарланды. Бірақ, адам шығынын болдырмай, оны қалай іске асыру керек? Басты мәселе осы еді. Ал алаңқайда тұрған автобустан еш­қан­дай дыбыс жоқ.

Әзірге талап та қояр емес. Прокуратура қызметкерлері, оның ішінде облыс прокуроры С.Үмбеталиев қылмыскерлердің бұл әрекетінен ештеңе шықпайтындығын, текке уақыт созғанша өз еріктерімен берілуі керектігін бірнеше мәрте қайталап айтты.

Түс кезінде келіп қонған тікұшақ қылмыскерлердің зәре-құттарын ұшырды. Рация арқылы байланысқа шыққан олардың бірі егер шабуыл жасалатын болса, онда өздерінің де аянып қалмайтындықтарын жеткізді. Яғни, кепілдегі он бір адамның тағдыры қыл үстінде деген сөз. Қас қарая қылмыскерлер өздерінің талаптарын қойды: қалайда жүк ұшағын тауып, шетелге ұшып шығуға әуе дәлізін дайындау керек. Ұшақ болғанда да ішіне автобус еркін еніп кететіні керек екен… яғни автобуспен бірге ұшқылары келеді. Бұған не дерсің?!… Осы сәттен бастап іс-шараға толығымен басшылық ету қауіпсіздік органдарының мойнына жүктелді. Себебі, әуе кемесін алып кету әрекетіне қарсы күрес жүргізу осы ведомствоның құзыретіне кіреді. Жағдай ушыға түсті. Бұл жағдайлардың барлығы Алматыдағы респуб­ликалық штабқа, ҰҚК Төрағасы Б.Баекеновке, ІІМ бірінші орынбасары Қ.Сүлейменовке хабарланды.

Қолға түскен қылмыскерлерді тергеу барысында автобустағы екеудің аты-жөндері белгілі болды – Сергей мен Женя. Ал тегінің кім екендіктерін айта алмады. Өздері жол-жөнекей ғана танысқан көрінеді. Облыс аумағында ешқандай туыстары жоқ сияқты, негізгі ойлары Шымкентке дейін жетіп, одан әрі Алматы немесе Ташкентке өтіп кету секілді. Сондағы таныстарын тап­са, әрі миллионнан астам тұрғыны бар қала­лар­ға аяқ іліктірсе оларды іздеп табу да оңайға түс­пей­тіндігі анық. Қылмыскерлердің екеуі автобуста, екеуі қолға түсті, біреуі қаза тапты. Сонда алтыншысы қайда кетті деп тұрғанда оның да хабары шықты. Сыбайлас­тарынан бөлініп қалып, жол-жөнекей өз еркімен бері­ліпті. Қолға түскендердің бірі батылдық танытып, ав­то­бус­та­ғы­лармен келіссөз жүргізудің негізсіз екен­дігін, өйт­кені қарауылға шабуыл жасағандарға өлім жаза­сы­ның кесілетіндігін, сондықтан олардың енді ештеңеден тайынбайтындығын, одан да тапанша берсе өзі барып атып тастауға дайын екендігін білдірді. Жедел штаб бұл ұсыныстан бірден бас тартты. Мойнына бірнеше адам­ның қанын жүктеген баскесерге қалайша сенерсің…

«Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады» деген сөз кейде рас па дерсің. Полковник Михаил Дәуенов мүмкіндігінше қылмыскерлердің тілін табуға тырысты. Оның сәті түскендей де болды. Автобустан шығып, бейтарап аймақта сөйлесуге келіспегендерімен, қыл­мыс­керлердің бірі рация арқылы аздап ағынан жарыл­ғандай болды. Өзінің бір кездері жақсы адам бол­ған­дығын, әлі де жаман еместігін, бәріне кінәлі «менттер» екендігін, солардың жапқан жаласынан осындай күйге түс­кендігін айтып, «мұңын» шақты. Оқ тиіп, жара­лан­ған сарбаздардың денсаулығын сұрады. Бірақ, М.Дәуеновтің берілу туралы ұсынысына бірден «жоқ, тіпті олай ой­ламаңдар» деп қатқыл түрде қарсылық білдірді. Сөйт­ті де, автобустың жүргізушісін тауып беруді, Шым­­кент әуежайына қарай жол жүруді талап етті.

Штаб мүшелері ойласа келе, автобусты босату іс-ша­расын Шиеліде емес, Шымкентте өткізген дұрыс деп шешті. Себебі, Шымкент әуежайында бұған дейін де бір­неше мәрте кепілдегілерді босату бойынша оқу-жат­тығулар өткізілген болатын. Яғни, әуежай «Арыстан» арнаулы бөлімшесінің қызметкерлері үшін таныс мекен. Әрі автобус ол жаққа жеткенше сол жаттығу­лар­ды тағы да бірнеше мәрте пысықтап үлгеруге уақыт та болады.

…Қызыліңір кезінде алды-артын үлкенді-кішілі арнаулы қызмет көліктері қоршаған «Икарус» оңтүстікті бетке алды. Алда таспадай тілінген үш жүз шақы­рым­нан астам жол жатты.

Жол-жөнекей айтарлықтай оқыс оқиға бола қойма­ды. Тек Түркістанға келген кезде жанар-жағармай бе­ке­тіне шыққан шопыр автобус жүргізе алмайтындығын айтып, рөлге отырудан үзілді-кесілді бас тартты. Ар­нау­лы қызмет өкілдері тығырыққа тірелгендей болды. Қылмыскерлердің бірі аспанға оқ атты да, «егер жүр­гізуші таппайтын болсаңдар мынаны атып тастаймыз» деп салондағы баланың басына тапанша кезенді. Түн ортасы. Жүргізушіні қайдан табарсың? Арнаулы қыз­мет арасынан ұсынылған жүргізушіні алмайтын­дық­тарын шегелеп айтты. Трассаның екі жағына шығып, шопыр аулау басталды. Тоқтаған жүргізушілер мән-жайды білген соң отбасы, бала-шағаларының бар екен­дігін, егер жазатайым болып жатса оларды кім асы­рай­тындығын айтып, келіспей жатты. Ондайда не істерсің. Оларға бұйрық бере алмайсың – әскери қызметші емес. Осылайша біршама уақыт өтті.

«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дейді. Келесі тоқтаған жүк машинасы «КамАЗ» болып шықты. Сонау Куйбышев қаласына сапар шегіп барады екен. Рөлде отырған жүргізуші бірден басын шайқады. Осы кезде сөзге жүргізушінің серіктесі араласты :

– У нас на Руси говорят, что «кому планидой предрешено быть утопленным, его никогда не застрелят, и наоборот, кому планидой предрешено быть застреленным, его не утопят». Давайте я пойду, – деп кабинадан түсе бастады.

– Қазақтар мұндайда «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген, – полковник Дәуенов оны қолдап, артынша орысшаға аударды. «Молодец. Нағыз мужик екен өзі», деп оның нар тұлғалы сыртқы кел­беті­не сүйсіне қарады.

Әңгіме арасында өзінің шекара қызметінде жұмыс істегендігін, одан запасқа шыққандығын, қазір Куйбышев қалалық №1 автокәсіпорны бастығының орын­басары болып жұмыс істейтіндігін, аты-жөні Александр Чехонин екенін айтты. Осылайша жүргізуші мә­се­­лесі оңынан шешілді. Автобус Шымкентке қарай жыл­жыды. Бірақ, санаулы минуттар өткенде әй-шәй жоқ кері бұрылды да, Қызылорда жаққа қарай зымырады. Ешкім ештеңе түсіне алмай аң-таң. Қыл­мыс­керлер та­лаптарын өзгертіп, Шымкентке бармай­тын­дық­та­рын мәлімдеді. Ұшақты Қызылордадан дайындау ке­рек­тігін тапсырды. Тағы да келіссөз басталды. Қы­зыл­орда әуежайының шағын екендігі, сол себепті оған үлкен жүк ұшақтарының қона алмайтындығы дәлелденді. Мұн­дай уәжге қылмыскерлер де саспады. Ондай жағдайда Байқоңыр ғарыш айлағын дайындауды талап етті. Шынында, аспанға жүздеген тонна жүк­ті ұшырып жатқан ғарыш айлағына «Ил-96» сыймай­ды деп айтып көр енді. Ұтыс қылмыскерлер жағына шық­қан­дай болып көрінді. Бірақ, штаб мүшелері Бай­қо­ңыр айла­ғы­ның өздері қылмыс жасаған Ресей қара­мағында екен­дігін, сондықтан жағдайларының қазір­гі­ден де қиын­дап кетуі мүмкін екендігін, ал Шымкент әуе­жа­йын­да ұшақтың дайын тұрғандығын жеткізді. Осы сөз әсер етті ме, жарты сағаттан кейін «Икарус» кері бұрылды.

Бұл уақытта Шымкентте «Набат» іс-шарасын өткізуге қатысты жұмыс қызу жүріп жатты. ҰҚК, ІІМ, Бас прокуратура басшыларының орынбасарлары Л.Дағаев, Б.Ысқақов және А.Буксман бастаған топ облыстық штабтардың барлық іс-шараларын үйлес­ті­ріп отырды. Мақсат ортақ еді – қылмыскерлердің көзін жойып, жолаушыларды дін аман азат ету.

ҰҚК Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бас­қар­масының бастығы, генерал-майор Есенгелді Мұ­с­тафетов өзіне артылып отырған жауапкершілік жүгін терең сезініп, ұйымдастыру жұмыстарын бүге-шіге­сі­не дейін пысықтады. Екі автобусты ұшу алаңына қойып, жаттығып жатқан «Арыстан» қызмет­кер­лері­нің іс-қимылы, басқа да қажетті деген шаралардың барлығы қатаң бақылауға алынды. Шындығына келгенде Шымкентте ешқандай да жүк таситын ұшақ жоқ болатын. Сондықтан, қалай болғанда да автобус­ты әуежайдың кіреберісінен шабуылдау көзделді…

Таңғы сағат тоғыздан жиырма минут өткенде іс-шара басталды. Әуежайға жақындай бергенде авто­бус­тың алдында келе жатқан, ішінде «Арыстан» қыз­метінің офицері отырған МАИ көлігі жылдамдығын арттырып, ұшу алаңын бетке алды. Бұл – операция басталды деген белгі. Қақпадан кіре берген автобусқа сутасығыш машина келіп соқтығысты. Рация арқылы «Штурм!» деген команда берілуі мұң екен, қайдан шыға келгені белгісіз, арнайы бөлімше қызметкерлері газ шашатын жарқырауық табақшаларды лақтырды да, автобустың терезелерін бұзып-жарып, ішке басып кірді. Екі-үш мәрте тарс-тұрс еткен дыбыс шықты да, ав­тобустың есігі ашылып, жолаушылар шыға бастады…

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген осы. Бір тәулік бойы дайындалған операция бар-жоғы төрт секундте өте шықты. Автобус ішіндегі он бір жолаушы аман-есен босатылды. Тек Александр Чехонин ғана жеңіл-желпі жарақат алды… Ал қылмыс­кер­лер­дің көзі жойылды.

Бір мың тоғыз жүз тоқсан екінші жылдың жиырма үшінші ақпанында бас-аяғы бір тәулікке созылған Шымкент шырғалаңы осылай аяқталды. Шетелдік арнаулы қызметтер кепілдегі бір де бір азамат жапа шекпеген дүние жүзінде теңдесі жоқ операцияның Қазақстанда өткендігін айрықша атап жатты. Салыс­тырмалы түрде айтсақ, осы тектес автобусты жолаушыларымен басып алу оқиғасы 2010 жылдың тамыз айында Филиппин елінің астанасы Манила қаласында болды. Автобустағы 25 жолаушыны босату кезінде олардың сегізі қайтыс болып, тоғызы жараланған еді.

Ол кезде тәуелсіздігін жаңа ғана жариялаған Қазақстанның мемлекеттік наградасы да жоқ болатын. Сондықтан да операцияға қатысушыларды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қабылдап, өз қолынан орден-медальға пара-пар құрмет грамотасын ержүрек сардарлар А.Аблақов, Ә.Баталов, В.Василенко, В.Волосников, А.Головин, С.Жұмабеков, В.Калиновский, И.Кочергин, В.Кузнецов, А.Медетов, С.Семенов, И.Соловьев және В. Хохловқа тапсырып, алғысын білдірді.

Ерлік ешқашан ескірмейді. Арада он жыл өткенде ҰҚК баспасөз хатшысы полковник К. Бекназаров Ресей азаматы, Саратов қаласының тұрғыны Александр Чехонинге телефон шалып, сол кездегі ерлігін еске салғанда, жүргізуші тебіреніп, өзіне деген құрметке шексіз ризашылығын айтты. Орал қаласында өткен арнайы кездесуге шақырылып, оған ҰҚК төрағасы­ның бұйрығымен «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалі тапсырылды.

Осы жылдың қаңтар айында «Арыстан» қызметі­нің құрылғанына 20 жыл толуына орай ҰҚК төрағасы Нұр­тай Әбіқаев «Набат» операциясына тікелей қатыс­қан Е.Мұс­тафетов, Ә. Аблақов, В.Калиновский, С. Семенов, С.Жұ­мабеков пен А. Медетов секілді бір топ ар­да­гер­лер­­ді қабылдап, жоғарыда аталған медальмен марапаттады.

…Осыдан жиырма жыл бұрын болған бұл оқиға әлі күнге дейін маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Қазақ елі алғашқы күндерден бастап-ақ терроризм мен экстремизм қауіп-қатеріне қарсы тұра алатындығын көрсетті. «Набат» операциясы қазір оқу құралы ретінде оқытылуда.

Артқа