Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Есірткі ессіздікке бастайды

М. Тұрғанбекұлы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Masa.kz, 29.05.2012ж.

 

Қазіргі уақытта әлемдік қауымдастыққа, жалпы адамзат баласына нашақорлық пен есірткі бизнесінің үлкен қауіп-қатер төндіріп отырғандығы жиі айтылуда.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел халқына арнаған«Қазақстан-2030» жолдауында есірткінің қауіптілігі жөнінде: «Есірткі – өте ерекше және түпке жететін сала, сондықтан бұл жерде адамгершілік принциптерінің қандай дәрежеде қолданылуы үлкен мәселе. Таразының бір басында оны әкеліп тарататын адамның өмірі тұрса, екінші басында соның «көмегімен» қор болған есірткі тұтынушылардың ғұмыры тұр» - деп ерекше атап өтуі қоғам мүшелеріне ой салса, ал құқыққорғау мен арнаулы қызмет органдарын бұған қарсы тынымсыз күрес жүргізуге үндейді.

 

Біріккен Ұлттар Ұйымның деректері бойынша әлемде 200 миллионнан астам нашақор бар. Бұл дегеніңіз жер шарындағы халықтың 5 пайызы нашақор деген сөз. Осындайда ойға жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романындағы оқиғалар оралады. Сонда емес пе, бір қауым елдің әртүрлі ауруға шалдығатындығы. Сондай дерттің бірі – ессіздік болатын. Бүгінгі таңда нашақорлық адамзатты сондай жолға бастап бара жатқандығы анық.

 

Негізі жер бетінде есірткі өндіретін төрт-бес ғана аймақ бар. Есірткі делдалдарын Мекке-Мәдинедей тартатын ондай аймақтарды ел-жұрт жақсы біледі: «алтынды жарты ай елдері» дейді, оларға – Иран, Ауғанстан, Пәкістан жатады. Одан кейін «алтынды үштаған елдері» дейді, оған – Бирма, Лаос, Таиланд кіреді. Бұлардың барлығының өндіретіндері есірткінің опиум, героин түрлері. «Оңтүстік Америкалық кокаин»тобына – Колумбия, Перу, Боливия елдері кіреді, өндіретіндері – кокаин. Еуропаның беделді мемлекеті болып саналатын Нидерланды да есірткі экспорттайтын мемлекеттердің қатарында аталады. Ондағы есірткі барондары нашақор бауырларына синтетикалық түйіршіктер (таблетка) сыйлайды. Ал, Марокко дегенде есімізге гашиш түседі. Байқап отырсыздар,Нидерландыдан басқалары табиғи есірткі өндіреді.

 

Заңсыз есірткі айналымы Қазақстан арқылы өтетіндігі жасырын емес. «Атың шықпаса жер өрте»деген осы болар. Оны сарапшылар «солтүстік бағыт» деп атайды. Яғни, ұлан-байтақ даланы аман-есен кесіп өткен есірткі өнімдері Ресейге, одан әрі батыс Еуропа елдеріне тарайды. Шығысқа қарай жол тартқандары Қытай нашақорларын «қуанышқа»бөлейді. Ауғанстанның географиялық тұрғыдан жақындығы, интеграциялық процесстердің өркендей түсуі өз әсерін тигізуде. Осы сәтті барондар мен есірткі өндірушілер де тиімді пайдаланып қалуға тырысуда. Әлемге тарайтын опиумның 94пайызын бір ғана «еңбекші» ауған халқы береді екен. Иә, үйдің іргесінде қара сауда базары қызып жатқанда, саудагерлердің де біздің ауладан жәй өтпейтіндігі айтпаса да түсінікті. Қазақстандық нашақорлардың «долясын» (үлесін) тастап кету әдетке айналғалы қашан. Мәселен, құқыққорғау органдары ел аумағынан жылына орта есеппен жиырма тоннадан астам түрлі есірткі тәркілейді. Бүгінгі таңда еліміз есірткіге қарсы пәрменді күрес жүргізу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады. Оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ТМД Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы және басқа да ұйымдардың аясында белсенді жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын атап өткен орынды. Сондай іс-шаралардың бірқатарын еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің халықаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімшелері атқаруда.

 

Былтырғы жылы ҰҚК астыртын түрде жұмыс істеп келген 54 есірткі арнасын ауыздықтады. Олардың отыз жетісі халықаралық деңгейде қимылдағандығын айтсақ, онда қауіпсіздік қызметкерлерінің, жалпы тәуелсіз еліміздің әлемдік қауымдастыққа қосып отырған үлесінің қомақты екендігі көрінеді. Заңсыз айналымнан 10 тоннадан астам есірткі заттары алынды. Олардың 156 килодан астамы героин. Басқалары төмендегіше өрнектеледі: синтетикалық 1104 таблеткі, 163 кило гашиш, 4 тоннадан астам марихуана, 6 тоннаға жуық қарасора шайыры қолға түсті.

 

Есірткі дегенің қашанда ақшаның қып-қызыл қайнаған ошағы. Миллиондаған доллардың ресми деректерді айналып жүргендігі шындық. Ал есірткі барондарының табысы бал арасына ұқсайтын мыңдаған нашақорлардан құралады. Өйткені, есірткіге аңсары бір ауған нашақор үстіндегі соңғы көйлегін сатса да, ұрлық істесе де немесе біреуді тонап, өлтірсе де есірткі ұнтағын сатып алатын ақша табатындығы анық. Ауызданған ортасына айналып соға береді. Ал жоғарыдағы бір ғана ҰҚК ауыздықтаған есірткілердің жалпы құнын есептесеңіз, ең төменгі бағамен алғанда үш миллиард теңгеден асып жығылады. Иә, есірткі барондарының бюджеті осыншама қаржыдан қағылды. Яғни, ол жақтағы кейбір тұлғалардың мансабы төмендеп, мәселесі «май шаммен» қаралып жатқандығы анық. Ал егер осыншама «тауар» халық арасына таралып кеткенде не болар еді?

 

-Онда жүз елу мыңнан астам адам осы заттарды тұтынар еді, - дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің халықаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы полковник Герман Диденко мырза, - еліміздегі нашақорлық дерті одан әрі жайыла түсетіндігі сөзсіз.

 

Оны айтасыз, бау-бақша секілді есірткінің тұқымын арнайы сеуіп,баптап өсіретін «егіншілер» де кездеседі. Мәселен, Қызылорда облысының аумағында жайқалып тұрған қарасораны көргенде таңқалмаған адам жоқ.Нашақорлардың «қасиетті нанын» таразыға тартып кеп жібергенде салмағы төрт тоннадан асып түсті. Біреудің «жайқалған жасыл бағы» көзге шалынып, осылайша көктей солды.

 

Қоғамға дендеп енген дерттің тамыры қашанда тереңде жататындығы белгілі. Сондықтан, аталған қылмыс түрінің халықаралық деңгейге көтеріліп алғандығы қашан. Оны бір елдің аумағында ауыздықтау мүмкін емес. Осыны басшылыққа алған ҰҚК былтырғы жылы шетелдік әріптестерімен бірлесе отырып, ондаған сәтті іс-шаралар өткізе білді. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Канада, Белорусь, Өзбекстан секілді тағы басқа елдердегі арнаулы қызметтердің іскерлік қимылдарын атауға болады. «Бірігіп көтерген жүк жеңіл» дейді. Нәтижесі де жаман емес – заңсыз айналымнан алты тоннадан астам есірткі заттары алынды. Бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Полковник Г.Диденко мырза бұл бағыттағы ынтымақтастық байланыстардың алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігіне, ол үшін Қазақстан жағынан барлық құқықтық-заңдылық негіздің қалыптасқандығын мәлімдеді. Мұндайда іске сәт дегеннен басқа не айтарсың?!

 

Бір кездері есірткі дегеніміз біреу үшін табыс көзі болатын, ал біреуді айықпас ауруға шалдықтыратын.Қазіргі уақытта оның ауқымы кеңейе түскен. Яғни, есірткі – террорлық жарылыстар мен экстремистік іс-қимылдардың қаржылық көзіне айналды. Тұрмыстық кейпінен шығып, саясат аренасына бір-ақ секірді. Ақшасыз қадам баса алмайтын мына заманда кез-келген террорлық іс-әрекетті дайындауға қомақты қаржы керек екендігі айтпаса да түсінікті. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша есірткі саудасынан барондардың қалтасына 300 миллиард доллардан астам қаржы түседі екен. Бұл дегеніңіз бірқатар елдердің мемлекеттік бюджетінен де асып кетеді. «Ақшаң болса қалтаңда...» деген, ақшаның буы кейбіреулерді қылмыстық жолға итермелейтіндігі бар. Өзінше ұйым құрып, оның бағдарламасын бекітіп, дүние жүзіне билігін жүргізгісі келеді. Сөзі өтпеген жерде қару қолдануды көздейді. ҰҚК осындай бірнеше қылмыстық арнаны анықтады.

 

Есірткінің жүретін бір жолы қашанда шекараға келіп тіреледі. Осы жерде есірткі тасымалдағыштардың тапқырлығына таңқалмасқа амалыңыз жоқ. Біреу есірткіні халық тұтынатын тауарлардың ішіне тықса, біреуі жеміс-жидектің арасына жасырады.Біреулері тіпті «есірткі жолында жан пида» деп, жұтып та қояды. Кейбіреулері шекара бекеттерінің осал тұстарынан өтіп кетуге тырысады. Шекарашылар осындай қулық-сұмдықтармен күнделікті бетпе-бет келуде. Құқыққорғау органдарымен бірлескен жедел іс-шаралар барысында ауыз толтырып айтатын нәтижелер де бар. Мысалы,«Оңтүстік» аймақтық басқармасында өткізілген «Кендір» атты іс-шара барысында бір ғана Мерке бағытында отыз килодан астам героин алынды.

 

Айта берсе бұл салада әңгіме көп екендігі сөзсіз. Тіпті қоғамдық көлік жүргізушілерінің есірткі шегіп, жұмысқа шығатындығы туралы хабарды естігенде жүргіңіз ауырады.Есірткі дертінің қоғамға дендеп еніп кеткендігін мойындамасқа амал жоқ. Ел ішінде нашақорлыққа қарсы күрес мемлекеттік, құқыққорғау және арнаулы органдардың жұмысы деген пікір қалыптасып барады. Өкініштісі осы. Әйтпесе, жауапкершіліктің бір тамыры отбасы тәрбиесіне келіп тірелетіндігін ешкім жоққа шығармайды. Отбасы,ошақ қасында берілмеген тәрбие баланы қылмысқа әкеп тірейтіндігі жасырын емес. Мүмкін бала-шағасы үшін ата-анасы жауап беретін жүйені қалыптастыру керек те шығар деген ой туындайды. Әйтпесе, баласы нашақор болып жатса да, мұртын балта шаппайтын лауазым иелері жетіп артылады. Ал бір баласына дұрыстап тәрбие бере алмаған адам, қалайша жүздеген, мыңдаған адамдардың тағдырына жауап бермек.?! Жақында Түркіменстан президенті энергетика министрін қызметінен босатты. Себеп –баласына дұрыс тәрбие бермеген. Сонда баласы не бүлдіріп қойыпты дейсіз ғой, ол институттағы достарымен бірге автожарыс ұйымдастырған. Түн ортасында өткен жарыста әлдебір көлік апатқа ұшырап, бір адам қаза тауыпты. Біздің өлшеммен қарағанда әкесінің ешқандай да кінәсі жоқ... Мұндай тәсіл бұрынғы кеңестік заманды еске салатындығы сөзсіз. Бірақ, басқа амал бар ма?


Мүмкін есірткі секілді дертке осындай қатаң шаралар қолдану қажет болар...

Артқа