Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

21 жасында батальон басқарған ардагер әлі сапта тұрғандай

Анар Төлеуханқызы, Егемен Қазақстан, 4 мамыр 2013 жыл

 


 

Шаймұхан аға жастайынан ата-анасынан жетім қалып, балалар үйінің қара нанын жеп өсті. 14 жасында Алматы есеп-кредит техникумына оқуға қабылданып, оны бітірген соң «Октябрь балалары» газетінде алдымен қарапайым қызметкер, артынан бөлім бастығы болып еңбек етіп, 1940 жылы кәсіби журналист атанбаққа журфакқа оқуға түсті. Бірақ дәл сол жылы әскер қатарына шақырылды. Әрине, дәл сол кезде 19 жасар бозбала алдында қанды қасапты қырғын соғыс тұрғанын, онда батальон командирі болып, кеудесіне Александр Невский, «Қызыл Жұлдыз» ордендерін тағып, елге жеңіспен оралатынын білген жоқ.

 

Соғыс басталғанда Шаймұхан аға Новочеркасск қаласындағы әскери техниктер даярлайтын курста оқып жатқан болатын. 22 маусым күні таңертеңгі сағат 10-да барлық курсанттар құрамы сапқа тұрғызылып, курс командирі таңғы сағат 4-те неміс-фашистерінің ешқандай соғыс жарияламастан еліміздің шекарасын басып, соғыс ашқанын жеткізеді. Іле курсанттарға кіші әскери техник дәрежесі беріліп, жан-жақтағы әскери округтерге жіберілді. Ал кіші әскери техник Шаймұхан Мұқанов Ленинград әскери округінде жаңадан құрылып жатқан 177-ші атқыштар дивизиясына бөлінді. Осылайша Шаймұхан ағаның 1941 жылдың 10 шілдесінен бастап, ерлікке толы от кешкен өмірі басталды.

 

– 177 атқыштар дивизиясы Ле­­нин­градты жаудан қорғауға қа­­тыс­­қан ең жас құрам болды. Дивизия құрылған алғашқы күннен оның қатарында соғыс біткенше болғанымда қаншама ғұмырдың көк­темей жатып қиылғанын, өрімдей жас­тардың өшпес ерлік жасағанын көрдім. Қасыңдағы қимас досыңның жер жастан­ғанын көру қаншалықты ауыр болса, соншалықты фашистен кек алуға қай­райтын, – дейді майдангер аға.

 

Менің алдымда КСРО Қорғаныс министрлігінің архивінен алынған құжат жатыр. Онда старшина Кузин: «Ленинград майданында өте қиын жағдайда соғыстық. Алайда, жас комбат Мұқанов ол қиындықтарды жеңе білетін. Қарамағындағы бір де бір жауынгер комбаттың қиналған түрін көрмейтін. Біз оны қашан ұйықтайды екен деп те ойлайтынбыз. Себебі, түннің қай мезгілінде де оқ ататын позицияларды тексеріп, жауынгерлердің жертөлелеріне де кіріп, оларға рух беретін. Ленинградты құрсаудан босатарда, Нарва мен Карель бойында да Мұқанов басқарған батальон алғы шепте ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Комбат қанша рет жараланса да өз полкіне қайтып келетін. Оның кеудесіндегі «Қызыл Жұлдыз», Александр Невский ордендері мен «Ерлігі үшін» медалі қарапайым жауынгерлерді ерлікке үндейтін. Полк оның атымен мақта­натын», – деп жазыпты.

 

Жоғарыда айтылғандай, майданға кіші әскери техник болып кірген Шаймұқан аға 21 жасында батальон командирі атанады. Ол жайында сәл кейінірек, ал қазір әскери техниктің қалай атқыштар арасына түскеніне келейік.

 

483-ші атқыштар полкінің қару-жарақ бойынша технигі Мұқанов алғы шепке, қатардан шығып қалған пулемет, автоматтарды жөндеуге жиі баратын. Сонда тар окоптың ішінде өз қатарлары – жап-жас жігіттердің ажалмен бетпе-бет келіп, Отан үшін ерлік өлімге бас тіккендерін көргенде мен де осылардың қатарында болсам, мен де осылардай жаумен шайқассам деп армандайтын. Содан бірде командир атына алғы шепке жіберуді өтініп, рапорт жазады. Полк командирі ертесіне шақырып алып: «Комиссар екеуміз рапортыңды оқыдық. Енді сені 483-ші атқыштар батальонына пулемет ротасының командирі етіп жіберуді ұйғарып отырмыз», деген. «Ротаны қабылдап алған соң, біздің маңайдағы қорғаныс шебінің тұрақтылығын пайдаланып, үстіме қар түстес ақ халатты киіп алып, мерген винтовкасын қолыма алып, фашист «аулауға» кірістім. Ол кезде мергендерде «Кек алу дәптері» деген кітапша болатын. Әр фашист жер жастанған сайын, оны көрген адам куәландырып қол қоятын», – дейді Шаймұхан аға.

 

Қарамағындағы жауынгерлеріне өз ісімен үлгі болған командирдің ерлік істері дивизияның «Боевой поход» газетінде талай жарыққа шығыпты. Осы газеттің 1942 жылғы 31 тамыздағы нөмірінде шыққан мына бір мақала назар аудартады. «Ұрыстың нағыз қызған шағы. Пулеметшілер оқты қарша боратып, қанқұйлы гитлерлік басқыншыларды баудай түсіріп, атқыштарға жол ашып жатыр. Бір кезде пулемет үнсіз қалды. Осы кезде көзсіз батыр, рота парторгі Мұқанов жер бау­ырлап үнсіз қалған пулеметке жетіп, «Максимді» қайта «сөйлетті». Енді жауды Мұқанов қаруы отап жатты. Бір кезде Мұқанов төбесінен зу еткен жау снаряды парторг жанынан 5 метр жерде жарылды. Жарылыс толқыны Мұқановты ұшырып әкетті. Бірақ, жерге қайта түскенде ес жиған парторг пулеметке қайта ұмтылды. Шүріппеге желімдей жабысқан оның қолы жауға қарсы тарсылдатып оқ жаудырып жатты. Парторг қазақ Мұқанов өзінің қайтпас ерлігімен барлық жауынгерлерге ержүректіктің қандай болатынын көрсетті», деп жазыпты басылым. Осы 1942 жылдың қараша айында батальон командирі мен оның орынбасарын дивизия штабына шақыртады. Ол жайында Шаймұхан аға:

 

– Мен онда 21 жастамын. Дивизия штабында қорғанысты күшейту мен барлау ісін нығайту жайында айтылды. Штаб мәжілісі аяқтала бергенде дивизия командирі Козин менің командирімді орнынан тұрғызды да қатты ұрсып, оны командирліктен босатты. Ал маған батальонды басқару жүктелетінін айтып, тез арада олқылықтарды жою жайында бұйрық берді. Осындай ауыр мезгілде батальонды басқару мен үшін бір жағынан өте ауыр болғанымен, бір жағынан маған көрсетілген үлкен сенім еді. Сенімді ақтау үшін аянбадым. Алғы шептен бір сәтке де кетпей, түн баласында батальон шептерін аралап шығатынмын. Осындай аралау барысында автомат, дүрбі, тапаншамды алып, гранатаны қыстырып, аяғымдағы резеңке етіктің қонышын сыртқа қайыратынмын. Сірә, сонда сыртқы кейпім Александр Дюманың мушкетерлерін елестетсе керек, жауынгерлерім мені «біздің мушкетер командир» дейтін. Батальондағы жағдайымыз дұрысталып, қатарымыз суық пен батпақты-орманды алқаптарда өскен сібірлік жауынгерлермен толықты, – дейді.

 

Кеудесіне жарқырата ордендерін тағып, елге жеңіспен оралған жауынгер аға бейбіт күнде де білігі мен өмірлік тәжірибесін Отанынан аяп қалған жоқ. Соғыстан соң Алматы, Талдықорған облыстарының Қаратал, Алакөл, Кеген аудандарында хатшылық қызмет атқарған ол 1962 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жұмысқа жі­берілді. Чекистік қызметін де адалынан атқарып, 1978 жылы Жамбыл облыстық МҚК басшылығынан зейнеткерлікке шықты. МҚК саласында атқарған басшылық қызметінде өзінің біліктілігін танытқан полковник Мұқановтың кеудесінде бейбіт таңдағы еңбектегі үлгілі еңбегін бағалаған ордендері де жарқырайды. Екі мәрте алған «Құрмет Белгісі», «Даңқ» ордендеріне қоса, «КСРО МҚК құрметті қызметкері» белгісінің және басқа да көптеген медальдердің иегері Ш.Мұқанов өзінен кейінгі ізбасар інілеріне погондарыңа дақ түсірмеңдер, тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын күзету – ең биік мәртебе деп айтудан жалықпайды. Осынысымен де ол әлі де сапта тұрғандай.

Артқа