Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов: Бізді ортақ міндеттер тоғыстырады

Еркебұлан Ерғалиев, «Сақшы», № 26, 15.07-22.07.2010

 

13 шілде – ҚР ҰҚК өзінің 18 жылдық туған күнін атап өтті. «Әріптестік» айдары шеңберінде осы аталған комитет пен ІІМ-нің өзара ықпалдастық, ынтымақтастық бағытында атқарып жатқан іс-шаралары туралы ҚР ҰҚК төрағасы, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовпен жолығып, қауіпсіздігіміздің кепілі, тәуелсіздігіміздің қалқанына айналған қауіпсіздік қызметі жайында кең көлемді сұхбат алудың сәті түсті.

 

Елбасының Ұлттық қауіпсіздік комитетін құру туралы Жарлыққа қол қойғанына биыл тура 18 жыл толды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алдында мемлекеттік деңгейдегі үлкен міндеттер бар екендігін бәрі біледі, ал солардың бір парасы Ішкі істер министрлігімен де тығыз байланысты десек қателеспейміз. Тәуелсіз еліміздің тұғырлы болашағы үшін ҰҚК мен ІІМ-нің ынтымақтастықта жұмыс істеуінің тиімділігі мен артықшылығы неде?

 

– Елбасының биылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді», - деген болатын. Бұл тапсырманың жалпы құқық қорғау органдарына соның ішінде, ұлттық қауіпсіздік органдарының алдына зор міндет пен жауапкершілік артатындығы белгілі.

 

Мемлекет басшысының осындай ұстанымдарын жүзеге асыру жолында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті ең алдымен жеке адам, қоғам және мемлекет мүддесіне орай өз қызметтерін үйлестіріп келеді. Ал, Ішкі істер министрлігімен жекелеген бағыттарда әріптестік байланыс жолға қойылған. Атап айтқанда, ұйымдасқан қылмыспен күрес, заңсыз есірткі айналымы және есірткі саудасымен күрес саласы бойынша тізе қосып жұмыс істейміз. Экстремизм мен террорлық актілердің, лаңкестіктің алдын алуда бірқатар шаралар кешені қолға алынып, табысты жұмыс атқарылуда. Жалпы ынтымақтастық тұрғысынан келгенде, шетелдік қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтермен тығыз байланыс орнату, интеграцияны дамытуға баса назар аударылып келеді. Құзырлы органдармен арада өткен әр түрлі деңгейдегі іс-шаралар ортақ міндеттерді оңтайлы шешу жолындағы бірден бір кепіл болып табылады. Бүгінгі күні өзара ынтымақтастық, сенімділік және іскерлік қарым-қатынастарды қалыптастыруды ұстанған ҰҚК көптеген халықаралық ұйымдар мен Кеңестердің тұрақты әрі белсенді мүшесі. Сондай ұйымдардың бірі жақында Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласында өздерінің отырысын өткізді. ТМД-ға қатысушы елдердің қауіпсіздік және арнаулы қызмет органдары басшыларының кезекті мәжілісінде халықаралық терроризм, оның ішінде ядролық терроризм мен экстремизмге бірігіп қарсы тұруда ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Форумға қатысушылар аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басқа да өзекті мәселелерін жан-жақты көтерді. Сондай-ақ ұлы көршіміз Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барған қазақстандық делегация қазіргі заман қауіп-қатерлерімен күресте бірлескен күштердің белсенділігін арттыру туралы келісімге қол қойды. Шетелдік арнаулы қызметтер өзара ақпарат алмасып, тек бірігіп іс-қимыл жасаған кезде ғана аймақтық қауіпсіздікті нәтижелі түрде қамтамасыз етуге болады.

 

– Таяуда Алматы қаласындағы «Медеу» спорт кешенінде «Қорғау-Антитеррор-2010» республикалық жедел-тактикалық террорға қарсы оқу-жаттығуының қорытынды фазасы өткізілді және оған барлық қуатты құрылымдардың және шұғыл әрекет ету қызметтерінің күштері мен құралдары тартылды. Жалпы Ақ олимпиаданың қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқық қорғау органдарына ортақ міндет болатыны сөзсіз. Бұл ретте құзырлы органдардың маңызды міндетті орындаудағы кәсіби дайындықтары қай деңгейде?

 

Ел тарихында тұңғыш рет айтулы бәсекені өткізгелі отырмыз. Қыр астында тұрған қысқы Азиаданың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты міндеті де құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік органдарына жүктелді. Әрине, бұл ретте терроризммен, экстремизммен күрес, қоғамдық қауіпсіздік мәселесінде біздермен бір терінің пұшпағын илейтін ІІМ-нің де жүгі жеңіл болмайды.

 

Әлем жұрты көз тіккен дүбірлі доданың тыныштығын қамтамасыз ету үшін бірлесіп күш жұмсауымыз қажет. Террорлық іс-әрекеттің алдын алу күн тәртібінде тұрған басты міндеттердің бірі. Ауылы аралас, қойы қоралас көрші елдер тыныштығының шырқы бұзылып, қауіпсіздігіне төнген қауіп біздің құқық қорғау органдарына ерекше талап қояды. Терроризм идеологиясын тарату, террорлық акцияларды ұйымдастыру, жоспарлау, дайындау мен іске асырушыларды, заңсыз әскери құрылымдар немесе ұйымдасқан қылмыстық топтар құрушылардың жолын кесу жұмыстары күнделікті жедел іздестіру қызметінде дұрыс жолға қойылған. Бұған мысал ретінде айтар болсақ, лаңкестік оқиғалардың орын алуы мүмкін нысандар іріктеліп, сол бойынша атқарылуы тиіс тәжірибелік іс-шаралар кешені үнемі пысықталып келеді. Жаңа өзіңіз жоғарыда атап атап өткен, осы жылдың маусым айында Алматы қаласындағы «Медеу» мұзайдыны спорт кешенінде өткізілген «Қорғау-Антитеррор-2010» оқу-жаттығуы жиынында көптеген министрліктер мен ведомстволардың өзара бірлесіп қимылдау, өзара көмек көрсету және бір-біріне сенім білдіру шараларын нақтылады. Бұл оқу-жаттығудың жүргізілуінен тиісті органдардың қауіпсіздік мәселесіндегі кәсіби даярлықтарын байқауға мүмкіндік алдық. Мұндай оқу-жаттығуларды алдағы уақытта да бірқатар спорт нысандарында өткізу күн тәртібінде тұр. Бұл орайда, жоспарда тұрған оқу-жаттығу сабақтарының мән-мағынасы, пайдасы зор. Әлбетте, шараның қауіпсіздігін ойдағыдай қамтамасыз етіп, етек-жеңді жинап отырғанға не жетсін.

 

– ҰҚК негізгі қызмет бағыттарының бірі – мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал шетелдерден Қазақстанға ағылатын есірткі тасымалдаушылар астыртын жолмен шекара асып келуге талпынады. Есірткі контрабандасының жолын кесу ІІМ-нің де басым бағыттарының бірі болғандықтан, осы мәселеге қатысты құпия қызмет өкілдерінің іске асыруындағы шараларға шолу жасап өтсеңіз.

 

– Есірткіге қарсы бірлескен іс-қимыл саласындағы әріптестік мүлде жаңа, сапалы деңгейге көтерілді. Бұл тұрғыда ҰҚК халықаралық дәрежедегі іс-шараларды сәтті өткізіп келеді. Өз кезегінде толайым тәжірибе сыйлайтын халықаралық деңгейдегі кездесулер, форум, дөңгелек үстелдер өткізіліп жүр. Әлемдегі есірткінің қомақты бөлігін өндіріп, тасымалға салып отырған Ауғанстанның есірткі арналарына тосқауыл қою да уақыт талабына айналды. Жаһандық проблемамен күресте ІІМ-мен де өзара ынтымақтастығымыз барған сайын нығая түсуде. Кеселмен күрестегі ІІМ-нің де, біздердің де алға қойған мақсаттарымыз айқын. Атап айтқанда, ҰҚК органдарының қызметі бірнеше бағыттарда жүргізілуде. Біріншісі – есірткі бизнесіне қарсы жүргізілетін халықаралық іс-шараларға белсенділікпен қатысу. Шетелдік арнаулы қызмет өкілдерімен бірігіп өткізілетін іс-шаралар мүмкіндігінше есірткі саудасына қатысы бар барлық адамдар мен нүктелерді түгелдей анықтауға арналады. Есірткі тасымалдаушылар суыт жүріп, астыртын байланыстарын әшкерелеп жатады. Ізіне түсе отырып, барлық жасырын арналар ашыла бастайды да, нәтижесінде, есірткі тасымалдауды нәпақа табу жолына айналдырған ұйымдасқан қылмыстық топпен бірге торға түседі. «Торнадо» алдын алу шарасы осындай бағытта өткізіліп келеді. Ресей арнаулы қызметімен бірігіп жүргізілген астыртын іс-шараның нәтижесінде уыты өте күшті болып табылатын 306 келі есірткі заттары алынды. Ұйымдастырып жүрген оңтүстікқазақстандық азамат қалайша қолға түсіп қалғанына әлі күнге дейін аң-таң. Осындай тағы бір іс-шара өзбекстандық әріптестермен өткізілді. «Ташкент-Қостанай» бағытымен есірткі тасымалдауды үйлестіріп жүрген Тәжікстан азаматы ұсталып, одан 107 келі опиум мен 18,5 кило героин тәркіленді. Жыл соңына қарай тәркіленетін есірткі көлемінің тонналарға ұласып жататындығы белгілі. Жоғарыда тәркіленген есірткінің көлемі бір қарағанда аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бір доза есірткінің көлемі бар-жоғы 0,2 гр. болатындығын ескерсек, онда килограмдап тәркіленген есіткіден қаншама дозаның жолы кесілгендігін есептей беріңіз. Қаншама адамның денсаулығы мен өмірі құтқарылды. Есірткімен күрестегі екінші бағыт – профилактикалық шараларға кеңінен қолдау көрсету. Бұл орайда түрлі қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде жастар ұйымдарымен өткізіліп жүрген шаралардың орны ерекше. Есірткінің зияндылығын халықтың санасына сіңіріп, ақпараттық кеңістікте оны қолданудан туындайтын зардаптар туралы мәліметтерді молайта түсу қажет. Тәркіленген есірткілерді қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жоюдың пәрменділігі ерекше. Жалпы, бұл орайда есірткіге қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың жұмысы деген көзқарасты түбірімен өзгертіп, қоғамның өз ішінен, ұлттық деңгейде қазіргіден де белсендірек іс-шаралар өткізетін кез әбден жетті.

 

– Шекара сызығын заңсыз кесіп өтуге байланысты дау ауық-ауық қайталанып тұрады. Заңсыз көші-қонның жолын кесуде шекара қызметінің орнын айтпай қалуға болмас. Қырғыз еліндегі оқиғаға байланысты шекараны күзету ісі күшейтілді, осы қызметтің өзіндік ерекшеліктері қандай?

 

Мемлекеттік шекараны қорғау – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қасиетті міндеті. Жер көлемінің үлкендігі жағынан Қазақстан дүние жүзінде тоғызыншы орынды иеленеді. Ал ұзындығы он бес мың шақырымнан асатын шекараны қорғау ісінің өзіндік ерекшеліктері жетіп артылады. Көршілес Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға байланысты шекараны күзету ісінің күрделенгені өз алдына үлкен әңгіменің өзегі. Республикамыздың шекарасы төрт аймақтық басқармаларға бөлінген. Шекараның инфрақұрылымдарын жаңғыртуды одан әрі дамытудың қажеттігіне көңіл бөлінді. Есірткі трафигі, заңсыз миграция, трансұлттық қылмыстың жолын кесуде шекарашыларымыздың қызметін атап өткен орынды. Контрабандашылар да жинақы, техникалық жағынан жақсы жарақталған және өте сауатты қимылдайтындығымен ерекшеленеді. Дей тұрғанмен, қай жағынан болмасын олардан оқ бойы озық тұру шекрашылардың басты міндеттерінің бірі. Кеден одағының құрылуына байланысты экономикалық серіктестер алдында тұрған міндеттерді орындауға да күш салынуда. Оның бірі мемлекеттер арасындағы «мөлдір шекара учаскелерін» толығымен инженерлік құрылғылармен қамтамасыз ету. Соңғы бес жылдың ішінде осы бағытта отыздан астам заставалар ашылды. Сөз реті келіп тұрғанда, шекара маңында болатын «айқай-шулы» мәселелерге қатысты да айта кеткен орынды. Мұндай оқиғалардың көпшілігі жергілікті тұрғындардың құқықтық сауатсыздығынан болып жатады. Соның бірі мемлекеттік шекара ұғымын мойындамау, немесе жеңіл түсініп, немкетті қарау. Бұрын ауылы аралас, қойы қоралас жатқан елді мекендердің арасын бүгінде мемлекеттік шекара бөліп жатыр. Кейбір жерлерде шекара сызығы жолдың, өзеннің, каналдың қақ ортасымен «жүгірсе», кейбір жерлерде жер телімі мемлекет аумағынан бөлініп те қалады. Каналдың бергі бетінде шомылған балалардың арғы жағалауға жүзіп өтіп, шекараны заңсыз кескен деректері де тіркелген. Себебі, мемлекеттік шекара сызығы каналдың қақ ортасымен өтеді. Ал мемлекеттік шекара сызығын заңсыз қиып өту қылмыс екендігін, қылмыстық жазаға тартылатындығын азаматтарымыз қаперіне алмайтын сәттер сирек те болса кездеседі. Мұндай жағдайда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заңына сәйкес шекарашылар қолындағы қаруын қолдануға құқылы. Заңдылықтың бар екендігін біле тұра, кейбіреулер контрабандалық жүк өткізуге тырысады. Осы жылғы маусым айының ортасында «Дархан» шекара бекетінің бір учаскесінде автомобиль бөлшектерін осындай жолмен кіргізбек болғандарға қарсы шекарашы қару қолдануға мәжбүр болды. Нәтижесінде әкелі-балалы екі азаматымыз жарақат алды.

 

– Он сегіз жыл ішінде ҰҚК жеткен жетістіктер мен кездескен қиындықтар қандай болды?

 

Өткен он сегіз жыл ішінде қызмет барысында кездескен қиындықтар аз болмады. Соның ең үлкені – қоғамның санасында сақталып қалған ескі стереотипті өзгерту болды десек артық айтқандық емес. Жетпіс жылдан астам өмір сүрген Кеңес өкіметі өмірге әкелген жазалау орындары, олардың қызметіндегі пайдасынан гөрі зиянының да болғандығын халық ешқашан ұмытпайды. Оның ішінде қазақ халқының біртуар ұлт азаматтарының қуғын-сүргінге ұшырауы үлкен зұлмат болды.

 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылған алғашқы күндерден бастап бетін қоғамға бұрып, осы ақтаңдақтарды жоюға өзінің күш-жігерін жұмылдырды. Нәтижесінде, бұған дейін жабулы жатқан мұрағат құжаттары көтеріліп, қоғам жұртшылығы олармен кеңінен танысып келеді.

Артқа