Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Лаңкестікті қара күшпен жеңе алмайсың

Сұхбатты жүргізген А. Жолдыбекова, «Заң газеті», 30.06.2004ж.

 

Президент Н. Назарбаев биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Олай болса, еліміздің арнаулы қызметі болып табылатын қауіпсіздік органдарының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай, нендей шаралар атқарылуда? Осы сауалдарға Қазақстан Республикасы Ұлтттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Нартай Дүтбаев жауап береді.


- Нартай Нұртайұлы, қазір әлем жұртшылығын алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі – лаңкестік. Еліміз тыныштықта, үрейсіз өмір сүру үшін, бұл кесапатты болдырмау үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?

- Лаңкестік әрекеттердің, әлеуметтік және ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу үшін комитет әрдайым өзінің іс-қимыл тактикасын дамытып отырады. «Лаңкестікпен күрес туралы заң», сондай-ақ, лаңкестік, экстремизм және сепаратизм сияқты әрекеттермен күрес бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Осының арқасында лаңкестікпен күресуге тиіс мемлекеттік органдардың күшін бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік туып отыр. Бұл айтып отырған теріс құбылыстарды күшпен жоюға болады деген сөз емес. Ең бастысы, лаңкестік өсіп-өнетіннегізге жол бермеу керек. Яғни, әлеуметтік-саяси жағдай, экономикалық, мәдени мәселелерді жақсарту керек. Бұл мәселелер шешілген жерде экстремистік насихаттың таралуына жол жоқ екендігі айтпаса да түсінікті.

Елімізде лаңкестіктің алдын алу үшін мемлекеттік дәрежеде шаралар қолданылуда. Стратегиялық нысандар мен ірі елді-мекендердің инфрақұрылымдарын қорғау жұмыстарының сапасы артты. Шетелдік компаниялар мен фирмалардың, әсіресе, батыс елдерінің басқаруындағы кәсіпорындарды қорғау шаралары күшейтілді.

- Лаңкестікке қарсы күресте күш біріктірудің қажеттігі уақыт талабы екендігі сөзсіз. Олай болса басқа елдердің арнайы қызметтерімен байланыстарыңыз қалай?

- Сұрағыңыз орынды. Қазір дүние жүзінде осы бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқандығын жұртшылық та байқап отыр. Лаңкестік мәселесі халықаралық деңгейде арнайы қызмет өкілдерінің басқосуларының да тақырыбына айналуда. Мәселен, таяуда ғана, дәлірек айтсақ, мамыр айының 18-ші жұлдызында Сочи қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік органдарының және арнайы қызметтерінің басшылары кеңесінің 16-шы мәжілісі болып өтті. Оған қатысушылар ТМД-дағы елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықаралық лаңкестікке бірлесе қарсы тұру шараларын талқылады. Бұл мәжіліске Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Белоруссия, Молдова, Грузия, Армения, Әжірбайжан секілді елдердің арнайы қызмет өкілдері қатысты. Ал, Өзбекстан мен Түркменстан бақылаушылар кеңесінің мүшесі болып табылады.

Осының артынша сол Сочи қаласында тағы бір «үлкен сегіздік», Еуропалық Одақ, НАТО, ТМД, Шанхай ынтымақтастық ұйымдарының арнайы қызмет, қауіпсіздік органдары және құқық қорғау органдарының III кеңесі болып өтті. Онда лаңкестікке халықаралық деңгейде тосқауыл қою мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, ҰҚК 1997 жылдан бері Түркі тілдес мемлекеттердің арнайы қызметтері Конференциясының , 1999 жылдан бастап құқық қорғау органдарының және Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер арнайы қызметтерінің Бішкек тобының қатысушысы болып табылады...

- Лаңкестік тақырыбы қозғалса болғаны, дін мәселесі қозғалады. Неге?

- Өткен жылдар тәжірибесі көрсетіп отырғандай радикалды бағыттағы діни ұйымдармен күресте әкімшілік, қылмыстық, сондай-ақ жедел және ескерту бағытындағы шаралардың өзара үйлесімді жиынтығы, қозғалысы пәрменді рөл атқарады. Бұған тиісті министрліктердің, жергілікті атқарушы органдардың, Үкімет жанындағы Діни ұйымдармен байланыс кеңесінің, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы, басқа да мемлекеттік, қоғамдық және діни ұйымдардың белсенділігі аса қажет екендігі сөзсіз. Сонда ғана кез келген адам өміріне қауіп төндіретін заңсыз әректтердің дер кезінде алдын алу шараларын жүргізіп, пәрменді түрде қарсы тұра аламыз. Ешкімге де жасырын емес, қазіргі таңда лаңкестік исламды жамылғы етіп, өзінің адам түршігерлік әрекеттерін жүзеге асыруда. Нәтижесінде, ешқандай кінәсі жоқ бейбіт адамдар нақақтан-нақақ қаза табуда. Тәжірибеден тағы бір байқайтынымыз, діни эмиссарлардың құрған тобына көбіне жастар түседі. Осы орайда, еліміздегі жастар ұйымдарының өз жұмыстарын белсенді жүргізу қажеттігі туындап тұрғандығы сөзсіз. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтау арнайы қызметтердің ғана жұмысы емес, әрбір қоғам мүшесінің де міндеті екендігін әлем жұртшылығы әлдеқашан түсінген. Бұл істен ешкім де тысқары қала алмайды.

- Соңғы кезде «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының заңсыз әрекеттері туралы көп сөз болып жүр. Бұл ұйым тарапынан біздің елімізге төнетін қауіп-қатер қандай және оған қарсы қолданылып жатқан шаралар жөнінде айтып өтсеңіз?

- Экстремистік ұйымдардың түпкі пиғылын түсіну үшін оңтүстіктегі көршілеріміздің тәжірибесіне көз жүгіртсеңіз жетіп жатыр. Орталық Азиядағы халықаралық лаңкестік ұйымдар өздерінің іс-қимылдарында діни экстремистік идеяларды насихаттауды кеңінен қолданады. Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан секілді елдерде болған оқиғалар осы сөзіміздің айқын дәлелі болып табылады. Экстремистердің негізгі мақсаттарының бірі – мемлекеттің ішкі саясатын тұрақсыздандыру. Осыған орай, бірқатар лаңкестік және діни-экстремистік ұйымдардың Қазақстан аумағында тұрақтану мақсатында өз эмиссарларын жіберген оқиғалары анықталды.

Лаңкестіктің діни-саяси астар алып отырғандығына баса көңіл аудару керек. Яғни, шетелдік экстремистік ұйымдар исламдық емес мемлекеттерді жойып, оның орнына «әлемдік ислам халифатын» орнатуды көксейді. Олардың негізгі іс-қимылының түрлері: басқа дінді жеккөрушілікке үндейтін үгіт-насихат, өз қатарына жақтаушылар тарту, ел арасына іріткі салу мақсатындағы түрлі шаралар. Ал дінтанушылар бұл үндеулердің жалпы исламмен ешқандай қатысы жоқ екендігін жақсы біледі деп ойлаймын. Шындығына келгенде бұл қатаң басқарылатын, ішкі құрылымы құпияландырылған ұйымдар екендігінде сөз жоқ. Өз қызметтерінде телекоммуникацияның соңғы жетістіктерін қолдана отырып, кең көлемде насихат жүргізуге тырысатындығын байқауға болады. Бұл бағытта қарқынды жұмыс тынымсыз жүргізілуде.

- Нартай Нұртайұлы, етек алып бара жатқан экономикалық қылмыстарға, есірткі бизнесіне байланысты не айтасыз?

- Еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне айтарлықтай зиян келтіретін үрдістер мен деректер туралы мәліметтер жинастыру комитеттің басты міндеттерінің бірі болып табылады. ҰҚК органдары мен бөлімдерінде мемлекеттік экономикалық бағдарламалардың жүргізілуін қамтамасыз ету, реформаларды, қаржылық-банктік жүйені сыртқы және ішкі қатерлерден қоғау секілді жұмыстар тұрақты ырғаққа қойылған. Қазіргі таңда бюджет қаржысын қымқырушылық кеңінен етек алып барады. Несие-банктік салаға қатысты да осыны айтуға болады. Мұндай фактілер негізінен алаяқтық, жалған кәсіпкерлік, салық төлеуден жалтару секілді жағдайлармен жалғасады. Сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша да жүргізіліп жатқан жұмыстар бар.

Ұйымдасқан қылмыс, есірткі бизнесі де ел экономикасына айтарлықтай зардабын тигізуде. Жоғарыда айтып өткен лаңкестік мәселесінің осы есірткі бизнесімен тығыз байланысты екендігін естен шығармаған жөн. Өзіңізге белгілі, ТМД елдері арасындағы шекараның ашықтығын жоғарыда аталған топ өкілдері тиімді пайдалануға тырысады. Еліміздің геосаяси жағынан қолайлы орналасуы, тоғыз жолдың торабында жатуы есірткі бизнесімен айналысушыларды қызықтыратыны сөзсіз. Бұл дегеніңіз аймақтық қауіпсіздіке төніп тұрған қауіп-қатердің бірі. Тәліптерді талқандау ісі Ауғанстандағы есірткі жағдайына оңтайлы әсер ете қоймады. Керісінше, билік орындарының әлсіздігінен ондағы есірткі өндірісі күрт өсті. Ал, 2003 жылы опиумдық көкнәрдан рекордтық өнім жиналды. Нәтижесінде біздің аймаққа есірткі трафигі арта түсті. Орталық Азия, Қазақстан арқылы өтіп, Ресей мен Еуропаға сапар шегетін есірткі транзитімен күрес бір сәт те толастаған емес. Өкінішке орай, еліміз есірткі үшін транзиттік рөл атқарып қана қоймай, оны тұтынушыға да айналып отыр. Халықтың генофондына және аймақтық қауіпсіздігіне тікелей төніп тұрған қауіп-қатердің бірі осы.

- Ел қауіпсіздігі, тыныштығы мемлекеттік шекарадан басталады. Осы салада қандай шаралар атқарылуда?

- Мемлекеттік шекараны күзету ҰҚК-нің құзырлы міндеттерінің бірі болып табылады. Алатау мен Арқа, Алтай мен Атырау арасын алып жатқан кең байтақ еліміздің шекарасын делимитациялау, демаркациялау бағытында нақты жұмыстар жүргізілді. Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметін нығайту мен дамыту, мемлекеттік шекараны жабдықтау және күзету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны орындауға бағытталған стратегиялық маңызды міндетті жүзеге асыруда. Қысқа уақыттың ішінде шекара қызметінің штаттық санын кезең бойынша дамыту іске асырылды, көршілес мемлекеттермен шекаралас аймақтарда қосымша құрамалар мен бөлімдер құрылды. Шекараның жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылымдар жасалды, оның ішінде инженерлік-техникалық жабдықталуын баса айтып өткен орынды. Соңғы екі жылдың ішінде қаржының тапшылығына қарамастан, бар күш-жігерімізді жинастырып, бес-алты жылдың ішінде атқарылатын жұмысты орындап шықтық. Шекара қызметін соңғы технология жетістіктерімен жабдықтау, қамту мәселесі де шешілуде. Өздеріңізге белгілі елімізде төрт аймақтық шекара басқармасы құрылған. Олар тиісінше шекара заставаларынан тұрады. Соңғы кездегі барлық күш-жігер оңтүстік, батыс шекаралардың күзетілуін нығайтуға жұмсалды. Каспий теңізі жағындағы қазақстандық шекара бөлігі электронды бақылау жүйесі арқылы бақыланады. Нәтижесі жаман емес.

ҰҚК шекара қызметі ІІМ көші-қон полициясымен бірлесе отырып, шетел азаматтарын шекарада тексеруді жүзеге асыруда. Қорғаусыз учаскелерге шекара қызметінің бөлімдерін орналастыру жұмыстары жалғасуда. Оңтүстік облыстарда шекарашылардың командалық-штабтық оқулары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Оған ҰҚК «Арыстан» қызметі, аумақтық органдардың қызметкерлері қатысуда. Бандалық құрылымдар мен лаңкестік топтардың мүшелерін ұстау мақсатында бірлескен операциялардың іс-қимылын пысықтау да жолға қойылған. Мұндай іс-шаралар алдағы кезде де күн тәртібінен түспейтін болады.

- «Заң газетінің» оқырмандары атынан әңгімеңіз үшін алғысымызды айтамыз.

Артқа