Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Ел қауіпсіздігі – басты міндет

Әңгімелескен Ержұман Смайыл, Егемен Қазақстан, 03.04.2004г.

- Нартай Нұртайұлы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында қауіпсіздік мәселесіне үлкен мән берілген. Жалпы қауіпсіздік мәселесі қай кезде де өзекті тақырыптардың бірі екендігі сөзсіз. Осы қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін құзырлы органдардың бірі өзіңіз басқаратын Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып табылады. Олай болса комитет тарапынан осы бағытта қандай жұмыстар іске асырылып жатыр? Сол жөнінде газет оқырмандарына айтып өтсеңіз.

- Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі кез келген мемлекет дамуының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл түсінікті де. Ұлттық қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етілген мемлекет қана қазіргі таңда өсіп-өркендей алмақ. Елбасы өз Жолдауында: «Біздің жоспарларымызды жүзеге асыру, әрине, Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне жете көңіл бөлуді қажетсінеді. Сондықтан ТМД елдерінің қауіп-қатермен күрес бойынша күш біріктіру бастамасын нақты іс жүзіне асыру қажет», - деп атап өтуі бүгінгі күн шындығына айна-қатесіз сәйкес келіп тұр. Лаңкестік дегеніміз қазір халықаралық дәрежедегі құбылысқа айналды. Бұл бойынша да тынымсыз жұмыс атқару керек.
Заң шеңберінде, ондағы белгіленген міндеттер мен құқықтар аясында белгіленген тапсырмаларды орындап келеміз. Арнаулықызметтің төл міндеттері қашанда барлау мен қарсы барлау болып табылады. Бұған мемлекеттік шекараны күзету, республикамыздағы тұрақты жағдайды қамтамасыз етуді қосыңыз. Осы міндеттердің үдесінен шыға білсек, онда ел қауіпсіздігі де қамтамасыз етілуде деп ойлаймын.

- Қазіргі адамзат қоғамын мазалап отырған қауіптің бірі – лаңкестік десек қателеспейтін шығармыз. ТМД елдері арасында лаңкестік оқиғалардың орын алуы жағынан Ресейдің аты көбірек шығушы еді. Ал оған Өзбекстандағы жарылыстардың қосылуы көпшілікті ойландырып тастады. «Сақтансаң сақтаймын» деген ғой, жалпы ішкі қауіпсіздік мәселесінің қамтамасыз етілуі туралы да айта кетсеңіз.

- Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы шекара нығайтылды. Мұндағы мақсат лаңкесшілердің біздің елдің аумағына өтіп кету мүмкіндігін болдырмау. Мұны кез келген адам дұрыс түсінуі керек. Елдің қауіпсіздігі шекарадан басталады.
Лаңкестік мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген емес. Жақында өткен қауіпсіздік кеңесінің мәжілісінде де осы мәселе талқыланды. Республика Президенті Н. Назарбаев бұл бағыттағы қырағылықты арттыра түсу, көршілес мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен өзара іс-әрекет, мәлімет алмасуды жолға қою жөнінде нақты тапсырма берді. Жалпы, лаңкестікке қарсы күрес мәселесі бір күннің, бір сәттің ісі емес. Лаңкестік болғаннан кейін ғана күшейту шаралары қолға алынады деп ойламау керек. Бұл бағыттағы шаралар тұрақты түрде, күнделікті жүргізіледі.
Мемлекет басшысының салмақты да салиқалы саясатының негізінде лаңкестіктің республика аумағында пайда болуына айтарлықтай алғышарттар жоқ. Десек те, экстремистік ұйымдар құруға, халықаралық лаңкестік құрылымдардың өздеріне жақтаушылар тартуға, шет ел өкілдіктеріне қарсы лаңкестік акциялар жүргізуге негізделген сыртқы әсерлердің болу мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Осы белгілерді есепке ала отырып, біз тиісті жедел-іздестіру және алдын алу шараларын жүргізіп тұрамыз. Қазақстанда лаңкестіктің таралуына әсер ететін сыртқы факторларға - еліміздің аумағында өздерінің ілімдері мен идеяларын тарататын шетелдік діни орталықтар мен ұйымдардың белсенді қызметін, көршілес мемлекеттердегі әлеуметтік-саяси және экономикалық тұрақсыздықты, заңсыз миграция мәселесін тағы басқаларды қосуға болады. Сонымен қатар ішкі факторлар да аз емес, мысалы, әлеуметтік мәселелер, экстрмеизмнің материалдық жағдайы төмен, жұмыссыз адамдарға жеңіл енетіні айта кеткен жөн. Сол сияқты, кейбір адамдардың, әсіресе бәзбір жастардың идеологиялық және рухани бағдар мен көзқарастарын жоғалтуын айтуға болады.

- Осы орайда, көршілес мемлекеттердегі әріптестеріңізбен өзара іс-қимыл, байланыс жағдайы қалай деген сауал өздігінен туындайды.

- Лакестікке қарсы күресте тек бірлесе қимылдағанда ғана жеңіске қол жеткіземіз. Бұл бойынша ҰҚК көптеген елдердің арнаулы қызметтерімен келісімдерге қол қойды. Үнемі мәлімет алмасулар жүргізіліп тұрады. Бұған дейін бірқатар лаңкесшілердің Қазақстан аумағынан ұсталып, өз елдерінің құқыққорғау органдарына тапсырылғандығын жақсы білесіздер. Олардың ішінде Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан азаматтары бар. Жалпы, бірлесе әрекет ету бағытындағы жұмыстар жүргізіле береді.

Халықаралық лаңкестікке қарсы күрес дүние жүзі бойынша жүргізілуде. Мәселен, сонау Жапонияның өзі соңғы технологиялық жаңалықтарды дамыту арқылы лаңкестікке қарсы шаралар қолдануда. Қазіргі заманғы технологиялармен қамтамасыз ету жағынан Комитет те кенде емес. Лаңкестікке қарсы күресетін арнаулы «Арыстан» бөлімшесінің іс-әрекетінен осы айтылған сөзімізге көптеген мысалдар табасыз.

Лаңкестікпен күресті құқық қорғау органдарының мойнына артып қойып жайбарақат жүре беруге болмайды. Бұл орайда қоғамның әрбір мүшесінің қырағы болғандығын қалар едік. Жүрісі сезік тудыратын адамдар, елеусіз қойылған заттарды байқаған кезде тиісті орындарға хабарлау көп жағдайда лаңкестік әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.

- Осы орайдағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне қандай баға берген болар едіңіз?

- Сұрағыңызға орай, бұқаралық ақпарат құралдарында лаңкестік әрекеттерді халыққа жеткізу мәселесіне айрықша тоқталған жөн. Қантөгіс, құрбандардың мәйіттері, оқиға болған жерден үзбей репортаждар беру... Мұның барлығы түсінікті, баспасөз құралдарының өз ережесі бар, бірақ теледидар мен баспасөз беттеріндегі жантүршігерлік оқиғалар арқылы адам жанына үрей мен қорқыныш ұялату – лаңкестердің негізгі мақсаты осы. Олар жариялылықты желеу ететіндігі де белгілі. Құрбандар мен олардың жақын туыстарының қайғысын бір деңіз, ал оны бас-аяғы жоқ, ойсыз жариялауға жол беру екінші деңіз. Адамдардың қайғы-қасіретін жөнсіз пайдаланбасақ, жұрттың ортасында үрей туғызбасақ екен.

- Барлау мен қарсы барлауды ерекше атап өттіңіз. Ақпарат құралдарында осы тақырып көп айтылып, көп жазыла бермейді, осының сыры неде? Мүмкіндігінше осы тақырыптарға сәуле түсіріп өтсеңіз.

- Өзін-өзі сыйлайтын, құрметтейтін кез келген мемлекет өзінің айналасында не болып жатқанын да біліп отыруы керек емес пе. Оның үстіне еліміздің тәуелсіздік алғанына көп болған жоқ. Дамыған елдерден үйренетін нәрсеміз де жетерлік. Соңғы жылдары бізбен де тәжірибе алмасқылары келетіндер байқалып жатыр. Бұл орайда алдымыздан тағы да қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі шығады. Жалпы қауіпсіздік мәселесін түбегейлі қамтамасыз ету сол сыртқы барлау мен қарсы барлаудан басталады.

- Барлау және қарсы барлау дегеніміз өте нәзік тақырып. Шет мемлекеттермен қалыпты дипломатиялық жағдайды бұзбау үшін сезікті, қолға түскен агенттер барлық уақытта жария етілмейді. Бірақ, газет оқырмандарын сендіргім келеді, бұл бағыттарда тиісінше атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Сөзім дәлелді болу үшін бірқатар мысал келтірейін. Соңғы уақыттары шет ел арнайы қызметтерінің мемлекеттік құпияларға ену әрекеттері арта түсуде. Қазақстан аумағында шетелдік арнайы органдарға қатысы бар деген сезікпен бірқатар шетелдік барлаушылар мен тұлғаларға қатысты жүргізіліп жатқан істер бар. Тыңшылық әрекеті үшін шетелдік арнаулы қызметтің кадрлық қызметкері мен агенті жауапқа тартылды.

Ойдағыдай өткізген іс-шаралары үшін мемлекеттік марапаттауға ие болғандар, орден, медаль алған қарсы барлаушылар арамызда жетерлік. Бұл ел басшылығының қарсы барлаушылардың кәсібилігіне берген лайықты бағасы деп білемін...
Сөз орайы келіп тұрғанда, бұл тақырыптың екінші қырына да тоқтала кетейін. Жалпы бұрынғы биополярлық жүйенің жойылыуымен басты қарсыласымыз – шет елдік арнайы қызметтер ұғымының өзі өзгерді. Бұрын кеңес заманында жау деген ұғымның өзі анық және бір бағытта болған болатын. Бүгін арнайы қызметтердің екі жаққа ортақ мүдделері уақыт өткен сайын кеңейе түсуде. Біз халықаралық лаңкестік пен экстремизм, ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесі, жемқорлық, қарудың заңсыз айналымы, радиоактивті материалдардың рұқсатсыз айналымы және мемлекет қауіпсіздігіне әсерін тигізетін басқа да салаларда өз күшімізді біріктірудеміз. Біздің жұмысымыздың тиімділігі осы айтылған құбылыстармен күрес, сол сияқты, еліміздің құқық қорғау құрылымдарымен бірігіп жұмыс істеу және қоғаммен жан-жақты түсінікте болуға байланысты.

Құпиялылықты сақтай білу көп жағдайда өзімізге де байланысты екендігін кейде ескере бермейтіндер де кездеседі. Біз құпиялық ережесін бұзушыларға қытысты әкімшілік құқық нормаларын қолданамыз. Тәжірибемізде мемлекеттік құпияларды жариялағаны үшін министрліктер мен ведомстволардың жауапты қызметкерлеріне қатысты бірнеше қылмыстық істер қозғалғандығын кезінде баспасөз беттерінде айтқан болатынмын.

- КСРО кезінде одақтас республикалар арасында нақты шекара болған жоқ, тек шартты түрде ғана белгіленді. Одағымыз тараған кезде кейбір сәуегейлер жанжалдың басы осыдан туындайды деп болжаған-ды. Құдайға шүкір, Қазақстан талас тудыратын жер бөліктерін қашанда келіссөз, өзара келісім арқылы шешіп келеді. Шекараны белгілеу бар да, шекараны күзету деген өз алдына бөлек әңгіме емес пе?

- Мемлекеттік шекараны күзету ҰҚК міндеттерінің бірі. Әрине, мөлдір шекара ТМД елдерімен сақталып отыр. Олар – Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркімения. Бұл бағыттарды күзету күшейтілген. Шекараны делимитациялау, демаркациялау барысында нақты жұмыстар жүргізілді. Мемлекеттік шекараның әлсіз тұстарын жақсы білеміз. Соған байланысты тиісінше шаралар қолданылып отыр. Жалпы, соңғы жылдары Қазақстанның батыс, оңтүстік шекараларын нығайтуға барынша күш жұмсалды. Республика бойынша төрт аумақтық басқарма құрылған. Олардың құрамына көптеген шекара заставалары қамтылған. Шекара қызметінің инфрақұрылымын әрқашан дамыта түсудеміз. Мемлекеттік шекараны қорғаудың соңғы технологиялары қолданылуда. Мәселен, Каспий теңізінде электронды бақылау жүйесін іске қостық. Мұндай соңғы технологиялық жетістіктер алдағы уақытта да кеңінен пайдаланылатын болады.

- Ұлттық қауіпсіздігімізге лаңкестікпен қатар есірткі деген дерттің төніп тұрғанын ашынып айтамыз. Бұл саладағы күрестің нәтижесін ұдайы жариялап отырасыздар, халық құлағдар. Десек те, Ауғанстан сияқты есірткінің отанына айналған елдерден келетін есірткі партияларын түбегейлі тоқтатуға бола ма? Жалпы лаңкестік пен есірткі бизнесінің арасында байланыс бар деп ойлайсыз ба?

- Кез келген лаңкестік әрекетті қаржылық жағынан қамтамасыз ету керек деген түсінікті. Ал ондай қаржыны қайдан алу керек. Есірткі бизнесінің қажеттігі осы жерден туындайды. Міне, мәселенің түп-төркіні қайда жатыр. Есірткімен күрес жай өткінші нәрсе болып қалмауы керек. Осыған орай біз халықаралық дәрежеде іс-шаралар жүргізудеміз.
Ал қоғамның есірткіленуі бүгінде өте өзекті мәселеге айналып отыр. Қолымыздан келгенше бар күшімізді жұмылдырып, есірткінің жолын кесудеміз. Оған мысалдар да жетерлік. Айта кетсем, 2003 жылы мемлекетіміздің аумағы арқылы есірткі тасымалын ұйымдастырған 39 халықаралық есірткі тобының тамырына балта шабылды. Яғни, бұл бір адамның ұсталуы емес, еліміздің ішіндегі көмекшілерімен қоса бүтіндей 39 топ. Нақтылап айтар болсам, Орта Азия елдерінің арнайы қызметтерімен бірлесе отырып жүргізген «Найза» арнайы операциясының нәтижесінде заңсыз айналымнан 200 килограмнан аса героин мен 33 килограмм апиын тәркіленді, бұл дегеніңіз шамамен екі миллион өлім дозасы, 10 қылмыстық іс қозғалып, халықаралық есірткі топтарының 14 мүшесі ұсталды.

Сонымен қатар, өткен жылы ҰҚК-нің бастамасымен және басқа да органдармен бірге есірткіге қарсы ауқымды жедел-сауықтыру «Барьер» іс-шарасы өткізілген болатын. Барлығы үш мыңға жуық адам қатыстырылды. Осының өзінен-ақ қаншалықты ауқымды шара болғанын біле беріңіз. Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде есірткіге байланысты бір мыңнан астам қылмыс ашылды, оның жетпісі есірткі контрабандасына байланысты, 879 әкімшілік тәртіп бұзушылық ашылып, алты жүзге жуық адам жауапкершілікке тартылды. Есірткі бизнесіне байланысты қылмысқа қатысы бар деген күдікпен мың жарым адам ұсталды, оның 198-і Қазақстан азаматтары.

Сол сияқты, кеше ғана Шымкент қаласында тағы да қауіпсіздік комитетінің бастамасымен халықаралық ұйымдасқан қылмыс пен есірткі заттарының заңсыз айналымынан туындайтын қауіп-қатер мәселелері бойынша қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан елдерінің қауіпсіздік қызметтері басшыларының жұмыс кездесуі болып өтті. Бұл кездесудің нәтижесінде есірткімен күрес мәселесіне қатысты тиімді шешімдер қабылданды. Есірткі транзитінің жолын кесумен мәселені түбегейлі шеше алмаймыз. Қоғам болып күрес жүргізуіміз керек.

- Генерал-лейтенант мырза, газетімізге берген сұхбатыңыз үшін оқырмандар атынан алғыс айтамыз.

Артқа