Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Өзге елдердегі қақтығыс өз қауіпсіздігіңді қатайтуға үндейді

Сұхбаттасқан Қалкөз Жүсіп, Заң газеті, 17.09.2004 жыл.

 

Жақында Солтүстік Осетияның Беслан қаласында болған жүздеген адамның өмірін қиған лаңкестік әрекет «жау жоқ деме, жар астында» деген халық даналығын еске салды. Іргелес елде болған мұндай сұмдықтың біздің басымызға келмесіне кім кепіл? Еліміздің ішкі қауіпсіздігін сақтау қалай жүзеге асырылып жатыр, мемлекеттік құрылымды бұзуға үндеп, үнпарақ таратып жүрген «Хизб-ут-Тахрир» сияқты экстремистік ұйымдардың зұлымдық ниетінің жолын кесу үшін нендей шаруалар атқарылуда деген сауалдар төңірегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор Қозы-Көрпеш Карбозовпен сұхбаттасқан едік.


- Қозы-Көрпеш Жаппарханұлы, Қауіпсіздік комитеті десе көз алдымызға өткен ғасырдың 30-жылдарындағы мыңдаған жазықсыз жандарды жазалаған құпия мекеме келетіні жасырын емес. Кеңес заманында аты үрей туғызатын бұл мекеме тәуелсіздігімізді алғаннан кейін қайта құрылғаны белгілі. Қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті нендей шаруамен айналысады?

- Егеменді ел болып, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін жас мемлекетіміздің алдында көптеген саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелермен қатар, дербестігіміздің кепілдігі – ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету мәселесі тұрды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын және өзіне берілген өкілеттіктер шегінде жеке адам мен қоғамның қауіпсіздігін, елдің конституциялық құрылымын, мемлекеттің егемендігін, аумақтық тұтастығын, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін қорғауды қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік органдар жөніндегі «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» заңы қабылданған болатын.

Тәуелсіздік алып, өз алдына шаңырақ құрып бөлініп шыққан, аумақтық жағынан үлкен, табиғи жерасты кеніштері мен қазбаларға аса бай, экономикалық, өндірістік потенциалы жоғары жас Қазақстанға деген қызығушылықтың шетелдіктер тарапынан өте зор болатындығы белгілі. Осы орайда, ұлттық қауіпсіздік органдарының алдында, ең алдымен шет мемлекеттердің арнайы қызметтері мен ұйымдарының, сондай-ақ жекелеген адамдардың Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлау қызметін және өзге де қызмет түрлерін анықтау, алдын алу және тыю міндеттері негізгі басымдықтардың бірі болды. Сол уақыттан бері тікелей қауіпсіздік органдарының күшімен талай арнайы операциялар табысты жүзеге асырылды.

- Сіздердің мекемелеріңіз туралы ақпарат құралдарында жан-жақты жазыла бермейді. Табысты өткен операциялар жайында кеңірек айта кетсеңіз...

- Жаман ниеттерін іске асырмақ болған қаскүнемдердің жолын кескен кездеріміз аз болған жоқ десем, асыра айтқандық болмас. Солардың бірнешеуін мысалға келтіре кетейін. Қазақстандық Р. деген азаматтың пайда табу үшін, мемлекетіміздің сыртқы қауіпсіздігі мен егемендігіне нұқсан келтіру және әлсірету мақсатында, еліміздің қарулы күштерінің іс-шаралары жөніндегі құпия құжаттарды жинаумен айналысқаны анықталып, бір шет мемлекеттің арнайы қызметінің органдарымен ынтымақтасып, тыңшылық жасау әрекеті кезінде ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің қолына түсті.

Бұл азаматтың Отанына опасыздық жасағаны өз алдына, тыйым салынған сора, көкнәр сияқты құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсірген. Оны осы қылмысы үшін Оңтүстік Қазақстан облысының соты кінәлі деп тауып, дүние-мүлкін тәркілеп, 14 жылға бас бостандығынан айырды.

Сол сияқты, шетелдік Ч. деген азамат Қазақстан Республикасының аумағында 1 жыл бойы кәсіпкерлік қызметті бүркеніп, мемлекетіміздің сыртқы қауіпсіздігі мен егемендігіне зиян келтіретін мәліметтерді жинап, заңға қарсы барлау қызметімен айналысқан. Мемлекеттік құпия саналатын мәліметтерді жинауды, сақтауды және беруді жеңілдету үшін ол бұрынғы танысы Т. деген қазақстандық азаматқа барып, екеуі алдын ала сөз байласып, мемлекеттік құпияларды алып, ол мәліметтерді белгілі бір шет елдің арнай қызметіне беру әдістері мен шарттарын өзара келіседі. Нәтижесінде екеуін алдын ала белгіленген әскери қызметшіден құпия құжаттарды алып жатқан жерінен ҰҚК қызметкерлері қолға түсірді. Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери сотының үкімімен азамат Ч. кінәлі деп танылып, тыңшылық әрекеті үшін дүние-мүлкі тәркіленіп, 13 жылға бас бостандығынан айырылса, отандасымыз азамат Т. мемлекеттік опасыздық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Кез келген мемлекеттің қауіпсіздік қызметі тыңшылық, сатқындық және опасыздық жасағандарға қарсы қатаң күрес жүргізіп, тамырына балта шауып отырғандығы тарихтан белгілі. Ұлттық қауіпсіздік органдары да сырттан енген тыңшыларға, өз жерімізден шыққан опасыздарға қарсы күресті белсенді жүргізеді, оларға қолданылар жаза да қылмысына сай ауыр болары заңды.

- Соңғы кезде халықаралық лаңкестік белең алып барады. Біздің елімізде де «Хизб-ут-Тахрир» сияқты экстремистік пиғылды діни ұйымдардың ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін әрекеттер жасау оқиғалары көрінуде. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыздар?

- Бүгінгі жаһандану, ғаламдастыру заманында әлем елдері бейбітшіл халықтың санасына қайшы келетін лаңкестік, діни экстремизм сияқты сорақы толқынға тап болды. Алысқа бармай-ақ, көрші Ресей, Өзбекстан елдерінде болып жатқан лаңкестік әрекеттер арқаны кеңге салып босаңсуға орын жоқтығын, мемлекеттік қауіпсіздігімізді қатаң сақтау керек екндігін көрсетеді. Жақында ғана Солтүстік Осетияның Беслан қаласында болып өткен лаңкестік әрекет әлем халықтарының ашу-ызасын туғызды. Лаңкестер басқаны қойып, кінәсіз балаларды оққа байлады. Олардың құрамында әр түрлі ұлт өкілдерінің болуы, лаңкестіктің бүгінде халықаралық сипат алғандығын дәлелдейді.

Елбасымыздың ұлтаралық бейбітшілік пен еліміздегі діндердің ынтымағы, бірлігін сақтауға бағытталған бейбітсүйгіш, жасампаз саясатының нәтижесінде халқымыз мұндай жауыздық әрекеттерден әзірге аман. Дегенмен, бүгінгі таңда Елбасы Парламент депутаттары мен құзыретті органдардың алдында лаңкестікке, экстремизмге қарсы тиісті заң жобаларын жеделдетіп қабылдау жөнінде үлкен міндет қойып отыр. Әрине, бүгінгі халықаралық жағдайды ескерсек, бұл кезек күттірмес мәселе. Оның үстіне қоғамымыздағы тұрақтылықты шайқалтқысы келетін қылмыстық істер былтырғы жылмен салыстырғанда қазір бес есеге дейін өсіп отыр.

Осы жылдың өзінде республика аумағында өз қызметін жасап жатқан «Хизб-ут-Тахрир» экстремистік ұйым мүшелерінің заңсыз әрекеттері мен үнпарақтар тарату фактілерін анықтау бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Мысалы, «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының бірнеше белсенді мүшесі еліміздің түкпір-түкпірінде әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни араздықты қоздырғаны үшін заң алдында жауапқа тартылып, сотталғаны белгілі. Бұл фактілер кезінде баспасөз беттерінде кеңінен жарияланды да. Атап айтсақ, Шымкент қаласының тұрғыны Б. деген азамат «Хизб-ут-Тахрир» ұйымына кіріп, осы ұйымның қоғамымызға жат идеяларын насихаттайтын әдебиеттер мен үнпарақтар таратып, жергілікті азаматтардың санасын улаған. Б.-ның үстінен қылмыстық іс қозғалып, Шымкент қалалық сотының үкімімен ол әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни араздықты қоздырғаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын күшпен құлатуға шақырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, Павлодар қаласындағы Мәшһүр-Жүсіп мешітінің аумағында «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының екі мүшесі қазақ және араб тілдерінде діни араздық, алауыздыққа шақыратын идеялар жазылған үнпарақтарды таратып жүрген жерінде ұсталып, осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Өздерінің жасаған іс-әрекеттеріне сәйкес, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337, 164-баптарының 2-тармақтарына сәйкес, Павлодар қалалық сотының үкімімен кінәлі деп танылып, бас бостандықтарынан айырылды. Бүгінде еліміздің аумағында кездесіп қалатын осындай ірілі-ұсақты экстремистік ағымдағы діни ұйымдардың іс-әрекеттері қауіпсіздік органдарының қырағы бақылауына алынған. Мемлекетіміздің экономикалық қауіпсіздігіне қол сұғуға бағытталған қылмыстарды анықтап, олардың алдын алу және тыю міндеттері де ұлттық қауіпсіздік органдарының құзырында.

- Нарыққа көшкен соңғы жылдары елімізде экономикалық қылмыстар көбейіп кетті. Бұл тұрғыда Ұлттық қауіпсіздік комитеті қандай істер атқарып жатыр?

- Осы бағытта жасалған, жасалып жатқан жұмыстар жөнінде бірнеше мысал келтірсем деймін. Тергеу органдары, ҰҚК-нің экономикалық қауіпсіздік бөлімшелері мемлекеттік және коммерциялық кәсіпорындардан ақша қаражатын қолма-қол алу мақсатында жалған кәсіпорын құру фактісі бойынша бірқатар қылмыстық істер қозғап, тергеу жүргізді. Мысалы, 2003 жылдың қыркүйегінде П. және И. деген азаматтарға қатысты Қылмыстық кодекстің 192-бабы (жалған кәсіпкерлік) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар салық төлеуден жалтару және өздеріне мүліктік пайда табу мақсатында 2002-2003 жылдар аралығында 8 жалған фирма құрып, олардың есеп-шоттары арқылы 3 мың қаржы операцияларын жүзеге асырып, нәтижесінде 2,5 млрд. теңге қаржыны мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қолма-қол алған. Қазір бұл екі азаматқа қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда.

Сол сияқты, жалған кәсіпкерлік жасағаны және ұйымдарға төленетін салықты төлеуден жалтарғаны үшін Я. және И. деген азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Аталған азаматтар 2001 және 2003 жылдар аралығында салық төлеуден босатылу және өзге де мүліктік пайда табу мақсатында 16 жалған коммерциялық ұйым құрған, олардың есеп-шоттары арқылы 3 млрд. теңгені қолма-қол алған. Осылайша, мемлекетке жалпы құны 1 млрд. 600 млн. теңге көлемінде зиян келтірген. Бұл екеуін Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты жазаға тартып, келтірген зиян өндірілу үстінде.

Жаңа «Хромтау-Алтынсарин» темір жолын салу кезінде ұрлық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу барысында 25 жалған кәсіпорынның есеп- шоты арқылы жалпы сомасы 2 млрд. 100 млн. теңге ақша қаражатты қолма-қол алу фактісі анықталды. Жалған кәсіпорын арқылы ақша қаржыларын қолма-қол алған және салық төлеуден кірістерін жасырған 4 адамға қатысты қылмыстық іс тергеуі аяқталып, сотқа жіберілді. Сөйтіп, кінәлі адамдар өз жазаларын алды.

- Қазақстан халықаралық есірткі саудасы жолының бойында жатыр. Ғасыр індетіне айналған бұл кесапаттың жолына тосқауыл қоюда ҰҚК қандай жұмыстар атқаруда?

- Экономикалық қылмыстармен қатар, ұлттық қауіпсіздігімізге зор қауіп төндіріп тұрған кесел – халықаралық есірткі бизнесінің мемлекетіміздің аумағына таралуы. Еліміздің болашағы жастардың арасында есірткі заттарын пайдалану фактілерінің көбеюі, оған қатысты қылмыстардың өсуі, бұндай қылмысқа құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуы алаңдатарлық жайт. Мәселен, Алматы облысының ІІББ Есірткіге қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Р. деген лауазымды тұлға Ж. және И. деген азаматтарға героин есірткі затын «DAEWOO» телевизорына ауыстырып жатқан жерінде ұсталды. Талдықорған қалалық сотының үкімімен Р. Қылмыстық кодекстің 259-бабы 1-тармағына (есірткі заттарын немесе жүйкеге әсер ететін заттарды сату мақсатынсыз көп мөлшерде заңсыз сатып алу, тасымалдау немесе сақтау), 259-бабы 3-тармағының «в» (есірткі заттарын немесе жүйкеге әсер ететін заттарды көп мөлшерде сатып алу, тасымалдау немесе сақтау) тармақшасына сәйкес қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, дүние-мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Соңғы кездері Қазақстан Республикасының аумағын транзиттік арна ретінде пайдаланып, Ауғанстан мен Тәжікстаннан есірткінің ауыр түрін Ресей Федерациясына және одан әрі Еуропаға тасымалдау фактілері жиі анықталуда. Атап айтар болсақ, 2003 жылдың ақпан айлары аралығында республикамыздың ұлттық қауіпсіздік органдарымен Өзбекстанның, Тәжікстанның және Ресейдің арнайы қызметтерімен бірлесе әрекет ете отырып, «Найза» операциясын сәтті жүзеге асыру барысында мұқият жасырынған және біздің елімізде орналасқан тұрақты арналар арқылы героин, апиын сияқты есірткі заттарын Орталық Азиядан Ресейге тасумен айналысатын ірі қылмыстық топтар жойылды. Заңсыз айналымнан 200 килограмм героин және 33 килограмм апиын тәркіленіп, қылмыстық топты ұйымдастырушыны қосқанда, есірткі саудасымен айналысатын 14 топ ұсталды. Операция барысында Шымкент қаласының тұрғыны, пайда табу мақсатында ірі мөлшердегі есірткі заттарының халықаралық контрабандасының заңсыз айналымымен айналысатын қылмыстық қауымдастық құрған М. деген азамат пен оның туыс-таныстарынан құралатын қылмыстық ұйымның мүшелері ұсталып, олардан аса ірі мөлшердегі героин тәркіленді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу органдары М.-ның және ұйым мүшелерінің үстінен қылмыстық іс қозғап, қазіргі уақытта барлық тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Үстіміздегі жылдың тамыз айында ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаментінің жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қазақстан арқылы Ресейге өтетін халықаралық ірі есірткі транзитінің арнасы жабылды. Операцияның нәтижесінде Қазақстан мен Ресей азаматтарынан құралған қылмыстық топтың мүшелері ұсталып, олардан шамамен 30 килограмм героин тәркіленді.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік тұрғыдағы зор маңызы бар іс саналады. Осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарыңыз жөнінде не айтасыз?

- ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң қабылданған болатын. Бұл заң қабылданғаннан кейін мемлекетіміздің, оның органдары мен ұйымдарының, жеке және лауазымды тұлғалардың, сондай-ақ құқық қорғау органдарының алдында жемқорлықпен күрес жүргізу міндеттері тұрды. Аталмыш заңның күшіне енгеніне айтарлықтай уақыт өтсе де, әртүрлі сипаттағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері азаяр емес. Бұл көріністерді анықтау мен жолын кесудегі ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің нәтижелерін талдау көрсеткендей, аталмыш кесел мемлекеттік қызметтің көптеген саласына таралғаны белгілі болды. Осындай бірқатар фактілерден мысал келтіретін болсам, ҰҚК-нің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне К. деген азамат бұрынғы жұбайының талап-арызы бойынша мүлікті бөлу туралы азаматтық ісін қараған Ақтөбе қалалық сотының С. деген судьясы өзінен пара сұрағаны туралы арыз жазып шағымданған. Арызды тексеріп, арнайы шараларды жүргізу барысында 800 АҚШ долларын алып жатқан жерінде судья С. ұсталып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. С. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 311-бабы 3-тармағына (жауапты мемлекеттік лауазымды атқарушы адамның пара алуы) сәйкес, Ақтөбе қалалық сотының үкімімен кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды.

Қауіпсіздік органдары тағы бір құқық бұзушылық жасаудың тетіктерін ашты. Лауазымды адамдардың мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстарын өткізуде жеке және заңды тұлғаларға шешім қабылдау кезінде артықшылықтар беріп, оларға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға көмек көрсету фактілері анықталды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке кіретін және ол қызметте тұрған азаматтарды арнайы тексеру барысында анықталған сыбайлас жемқорлық көріністері әлі де жалғасуда. Олардың айтарлықтай бөлігі заңсыз кәсіпкерлік қызметпен және басқа ақы төленетін қызметпен айналысумен, коммерциялық құрылымдарға қатысумен байланысты болып отыр. Сондай-ақ, лауазымды адамдардың жеке меншігіндегі мүліктерді кіріс туралы декларацияда жасырып қалу, жоғары білім туралы жалған дипломдарды пайдалану мен басқа да фактілер анықталуда.

Жоғарыда аталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған заңнамаларды орындап іске асыру барысында ұлттық қауіпсіздік органдарының жүргізген белсенді іс-шараларының нәтижесінде 2004 жылдың бірінші жарты жылдығында 323 құық бұзушылық фактілері анықталған. Ал, 2003 жылдың жарты жылдығында бұл көрсеткіш 244 болатын. Осы арнадағы құқық бұзушылық материалдары бойынша 197 адам тәртіптік, 184 адам әкімшілік жазаға тартылды. Олардың ішінде әр түрлі деңгейдегі әкімшіліктердің 33 қызметкері, ішкі істер органдарының 59 қызметкері, әділет органдарының 6 қызметкері,4 қаржы полициясының және салық қызметінің қызметкері, 14 әскери қызметші және 66 өзге де мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары бар.

Үстіміздегі жылда сыбайлас жемқорлыққа қатысты 94 қылмыс анықталып, 36 қылмыстық істі тергеу аяқталып, сотқа жіберілді. Соттар 15 лауазымды тұлғаға қатысты айыптау үкімін шығарды. Олардың ішінде бұрынғы селолық округтің әкімі, 1 судья, 11 ішкі істер қызметкері, 1 кеден қызметкері бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сот 94 үкім шығарды. 125 адамға жаза тартылды. Олардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданындағы селолық округ әкімінің пара алу, Көкшетау қаласы әкімі аппараты басшысының, Орал қаласының аға сот приставының, Алматы облысының Мемлекеттік қызметтен өту басқармасы бөлімі бастығының алаяқтық әрекеттері, «Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ауылшаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесі бастығының қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактілері бар.

Аталған мемлекеттік деңгейдегі проблемаларға тосқауыл қойып, алдын алу үшін олармен тек қана құқық қорғау органдары ғана емес, мемлекеттік органдар мен ұйымдар, лауазымды тұлғалар мен әрбір жеке қоғам мүшесі болып жұмыла күресу керек. Сонда ғана дамуымызды тежеп, ұлттық болмысымызға нұқсан келтіретін, ең бастысы, қауіпсіздігімізге қатер төндіретін құбылыстардың жолын кесуге болады.

Артқа