Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Ел тұтастығы мен қауіпсіздігі мемлекеттік шекараның бекемдігіне байланысты

Әңгімелескен Ә. Құланбай, “Егемен Қазақстан” газеті

Көршілес елдермен арадағы шекараларды айқындап болып қалдық. Өзекті де өткір бұл мәселе толық шешімін табатын күн де алыс емес. Шекарамыздың жалпы ұзындығы — 14 мың шақырым. Осыншама қашықтыққа созылып жатқан Мемлекеттік шекараны күзету шекарашылардың мойнында. Ол асқан қырағылықты, үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары — Шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант Б. С. ЗӘКИЕВПЕН бүгінгі әңгімеміз сол жайында болмақ.

— Болат Сейітқазыұлы, елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігі Мемлекеттік шекараның мықты болуына тікелей байланысты. Өзекті де өткір осы мәселелер қалай шешіліп жатыр?

— Кез келген мемлекеттің бастау алар нүктесі — Мемлекеттік шекара. Мемлекеттік шекара өзінің маңыздылығы жөнінен мемлекеттік рәміздеріміз болып табылатын Елтаңба, Ту, Әнұранымыздай мағынасы өте терең. Ықылым замандардан қай елдің болмасын беріктігі, ел шебі болып табылатын шекарасының беріктігімен тығыз байланысты. Осынау ұлан-ғайыр аймақтың тұтастығы үшін қаншама ата-бабаларымыздың шейіт болғандығына кәрі тарих куә. Тәуелсіз ел атанып, егемендік туын тіккеннен кейін өз еліңнің іргесін өзің күзетуің заңды құбылыс.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы, ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 1992 жылғы 18 тамызда еліміздің шекара әскері бұрынғы Қызыл тулы Шығыс шекара округі негізінде дүниеге келді.Өткен жылдар ішінде қыруар жұмыстар атқарылды.

Соның бір айғағы Мемлекеттік шекарамыздың тұтастай күзетіле бастағаны дер едік. Дүние жүзі мемлекеттерінің ішінде жер көлемі жөнінен тоғызыншы орынды иеленетін мемлекетіміздің шекарасын күзету оңай шаруа емес. Мемлекеттік шекара күзетін қамтамасыз етіп отырған Шекара қызметінің жер-жерлердегі бөлімдерінің жұмысына бақылауды арттыра түсу мен оны басқаруды оңтайландыру үшін “Батыс”, “Шығыс”, “Оңтүстік” және “Солтүстік” өңірлік басқармалары құрылды.

— Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 13 жыл. Көршілес мемлекеттермен арадағы шекараның ара-жігі толық белгіленіп болды ма?

— Бертінге дейін Қазақстан-Қытай шекарасында даулы жердің болғандығы рас. Бірнеше жылға созылған екі елдің үкіметтік комиссиялары тыңғылықты жұмыстар атқарды. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында Мемлекеттік шекара туралы келісім-шартқа қол қойылды. 1998 жылы Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев ҚХР басшысы Цзянь Цзэминмен кездескенде: “Екі ел арасында енді ешқандай шекараға қатысты түйткіл болмайды. Түйін шешілді. Өткен бабаларымыздың арманы орындалды. Болашағымызға иненің жасуындай қауіп-қатер жоқ”, — деп орынды атап өтті. Көршілес басқа елдермен арадағы делимитация және деморкация мәселелері бойынша құрылған екі жақты үкіметтік комиссиялардың жұмысына негізінен Сыртқы істер министрліктері басшылық жасады. Комиссияның құрамында шекара қызметінің де өкілдері болды. Түпкілікті зерттеу мен тыңғылықты жұмыс істеудің нәтижесінде көршілес мемлекеттермен арадағы шекара сызығын белгілеуде екі жақты үкіметтік комиссиялар ортақ мәмілеге келгенінен көпшілігіміз хабардармыз.

— Соңғы жылдары бірқатар елдерде, оның ішінде Ресей мен Өзбекстанда лаңкестік әрекеттер орын алды. Осынау қауіпті жағдайларды болдырмас үшін біздің шекарашылар қандай іс-шараларды жүзеге асыруда?

— Жасыратыны жоқ, экономикасы қарыштап алға дамыған мемлекеттердің өзі лаңкестіктің алдында дәрменсіз екендігіне соңғы үш-төрт жыл ішіндегі әлемдегі оқиғалар дәлел бола алады. Ғасырлар бойғы көршіміз Ресей мен Өзбекстандағы орын алған лаңкестік оқиғалардың себеп-салдарын әркім әр түрлі пайымдауда. Қалай болғанда да қоғамның тұрақтылығына кең көлемде салқынын тигізетін лаңкестік атты індетпен барынша күресу үшін кешенді шараларды жүзеге асыру қажет деп есептеймін.

Президент Н.Ә.Назарбаев беделді халықаралық басқосуларда осынау қатерлі індетпен көп болып күресу керектігін баса айтып келеді. “Атап айтқанда, халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, есірткі тасымалы мен басқа да қазіргі заман сыны мен адамзаттық қауіп-қатерлерге қарсы күресте біз үшін өңірлік және халықаралық күш-жігерді шоғырландырудың қаншалықты маңызды екендігі, міне, осыдан белгілі” — деп Елбасы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айрықша атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Н.Дүтбаев жуырда “Мегаполис” газетіне берген сұхбатында кейбір халықаралық террорлық ұйымдар өкілдерінің елімізде тұтқындалғандығын, сол себепті арнайы құрылымдардың қырағылықты барынша үдете түсуі қажеттігі туралы ашық айтты.

Еліміздің қақпасы болып есептелетін бақылау-өткізу бекеттері мен Мемлекеттік шекараның алғы шебінде орналасқан шекара заставаларындағы шекарашылардың асқан қырағылығы мен жауапкершілігі бұл мәселеде үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Тәуелсіз ел болған соң дүниежүзінің көптеген елдерімен алыс-берісіміз көбейе түсті. Ол елдердің азаматтары әр түрлі мақсаттармен елімізге ағылып келе бастады. Олардың арасында лаңкестік ұйымдармен байланысы бар азаматтар бар ма, жоқ па деген сауалдарды түпкілікті зерттеу мақсатында “Бүркіт” деп аталатын біріккен ақпараттық жүйені іске қостық.

— Болат Сейітқазыұлы, мемлекеттік шекараның қауіпсіздігі шекарадағы бөлімшелердің техникалық-материалдық жабдықталуына байланысты болса керек. Бұл мәселе толық шешіліп болды ма?

— Шекара қызметінің құрылымдарын техникалық-материалдық қамтамасыз ету бүгіндері түпкілікті оң шешімін тапты деп айта аламын. Көрші мемлекеттермен арадағы жалпы шекара ұзындығы 14000 шақырымды құрайды.

Әрине, осындай қашықтыққа созылған шекараңды техниканың көмегінсіз күзету мүмкін емес. Мемлекет бюджетінен ҰҚК Шекара қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайта түсу мақсатында жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді. Бұл қаржының барлығы алдыңғы шептегі шекара құрылымдары мен бөлімдерін керек-жарақтармен қамтамасыз етуге, ғимараттарды жөндеу мен шекарашы-сарбаздардың киер киімі, ішер асына толықтай жұмсалады. Бүгіндері барлық шекара заставалары арнайы техникалармен, көліктермен толықтай қамтамасыз етілген. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастығымызды нығайту мақсатында алдыңғы қатарлы елдермен алыс-беріс, барыс-келісімізді, байланысымызды жақсы жолға қойдық. АҚШ пен Қазақстан арасында “Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі” атты арнайы бағдарлама 2001 жылдың мамырынан бастап жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты — Орталық Азия аймағындағы мемлекеттердің шекарасын нығайтуға барынша жәрдемдесу болып табылады. Осы жылдар аралығында құны 5,5 миллион доллар тұратын әр түрлі техникалық және соңғы үлгідегі байланыс құралдарын алдық. Бұлардың барлығы шекара шептеріне жіберілді.

2001 жылдың басында Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев облыс басшыларына Шекара қызметінің құрылымдарына барынша көмектесу жөнінде нұсқау берген еді. Қазіргі кезде жоспар бойынша шекара отрядтары мен заставаларына қажетті ғимараттар толықтай тұрғызылып, пайдалануға берілді.

— Қазақстанмен шекаралас жатқан мемлекеттердің шекарашыларымен байланыстарыңыз қалай?

— 1992 жылға дейін бір мемлекеттің құрамында болып, ортақ шекараны күзетіп келдік. Өз алдымызға отау тіккенімізбен, кешегі одақтас республикалардың шекара ведомстволарымен достық байланысымыз, қызметтік қарым-қатынасымыз жақсы жолға қойылған. ТМД-ға мүше елдердің Шекара әскерлері Қолбасшыларының кеңесінде шекара күзету ісіндегі қордаланған мәселелерді бірлесіп талқылап келеміз.

Сонымен қатар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен өмірге жолдама алған ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің шекаралық мәселелер жөніндегі Кеңесінің тұрақты өтетін басқосуларында да өмірлік маңызы бар мәселелерді талқылап, оны жүзеге асырудың нақты жолдарын қарастырамыз. Ықпалдаса қызмет атқару секілді маңызды мәселелерді де назарда ұстаймыз. Қарым-қатынасымыз қай салада болмасын жақсы жолға қойылған. Мәселен, Ресей Федерациясы Федеральдық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметіне қарасты әскери оқу орындарында біздің білікті офицерлеріміз білімін толықтырады. Ал, біздер өз кезегімізде Тәжікстан,Қырғызстан секілді елдердің түлектерін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Әскери институтында оқытып, маман есебінде даярлап береміз. Осындай достық қарым-қатынас алдағы жылдарда да жалғаса беретін болады.

- Шекарашы-кадрлардың кәсіби біліктілік деңгейіне көңіліңіз тола ма? Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары қалай шешімін табуда?

- Ондаған жылдық тарихы бар бүгінгі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институты кешегі Кеңестер Одағы кезінде шекарашы-мамандарды даярлайтын Одақ көлеміндегі санаулы оқу орындарының бірі болатын. Осы оқу орнын бітірген көптеген шекарашылар ТМД-ға мүше мемлекеттердің шекара әскерлерінде қызмет атқарып жүр.

Бүгінгі Әскери институттың материалдық-техникалық базасы жақсы деңгейде. Шекара қызметіндегі офицерлер құрамының барлығы дерлік осы оқу орнының түлектері. Шет мемлекеттерден елімізге арнайы сапармен келетін азаматтарды бірінші қарсы алып, құжаттарын тексеретін де шекарашылар. Сол себепті, еліміздің жоғары оқу орындарының шетел тілі факультеттерін үздік бітіріп, Шекара қызметінде қызмет атқаруға ниет білдірген жігіттер мен қарындастарымызды арнайы тексеріп, әскери институттың бір жылдық курсында оқытып, қатарымызға қабылдаймыз.

Қарындастарымыздың жауапкершілігі мен қызметке деген талпынысы жігіттерден еш кем соқпайды. Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери және азаматтық жоғары оқу орнын бітірген кей мамандарды да өздерінің келісімімен шекара қызметінің сапына шақырамыз. Қысқасы, шекарашы-офицерлердің кәсіби біліктілік деңгейі — бүгінгі заман талабына сай деп айта аламыз. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары еліміз заңдары негізінде жүзеге асып, шешілуде.

- Еліміздің Өзбекстанмен арадағы шекарасында арагідік түсініспеушілік жағдайлар болып қалады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

- Бертінге дейін көптеген елдермен, соның ішінде Өзбекстанмен арада ешқандай мемлекеттік шекара белгілері болған жоқ. Екі елдің ауылы аралас жатты. Қыз алысып, қыз берісіп құдандалы-жекжат болды. Енді екі елдің шекарасына шекара бекеттері орнатылды. Бұл — болмай қоймайтын құбылыс еді. Біздер өз тарапымыздан жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, тұрғындар арасында мемлекеттік шекара саясатын кеңінен түсіндіруге барынша ат салысамыз. Қазір, жергілікті тұрғындар да шекарашылардың қызмет әрекеттеріне түсіністікпен қарап, көп жерлерде шекара күзету ісіне қолдан келгендерінше көмектесуде. Ал, өзбекстандық шекарашылар тарапынан арагідік болатын кейбір жағдайларға оларды қандай себептер итермелейтіндігі туралы мен айта алмаймын. Мұндай мәселелер Сыртқы істер министрлігі арқылы шешіледі.

- Болат Сейітқазыұлы, өзге ел азаматтарының Қазақстан шекарасын бұзу әрекеттері болып қалуы мүмкін. Осындай жағдайлар тіркелді ме? Тіркелсе, оған қарсы нендей шаралар қолданылды?

- Жасыратыны жоқ, біздің еліміз көршілерімен салыстырғанда ұлттар арасындағы татулығы мен экономика саласындағы ілгерілеушілігімен ерекшеленеді. Шекара бұзушылардың көпшілігі жайлы жер іздеп келетінін жасырмайды. Кейбір шекара бұзушылардың еліміздің аумағы арқылы үшінші елге өтпек болған қадамдарына тосқауыл қоюдамыз.

Браконьерлер бұғының мүйізі мен емдік қасиеті мол өсімдіктердің тамырына қызығады. Ал біздің қай шекаралық аудан болса да, адам аяғы тимеген жерлер ғой. Өзбекстан мен Қырғызстанның кей азаматтары маусымдық жұмыс кездерінде жалған құжаттар арқылы еліміз аумағына заңсыз өтетін оқиғалар кездесіп жатады.

Жыл басынан бері 11802 мемлекеттік шекара бұзушыны ұстаппыз. Соның ішінде 108 контрабандалық жолмен тауар тасу фактісі анықталды. Олардан 153 млн. теңгенің заңсыз тауарлары тәркіленіп, ел қазынасына қайтарылды. Заңсыз есірткі тасымалдаудың 105-оқиғасы тіркеліп, жалпы салмағы 533 килоға жуық есірткі заттарын тәркілеппіз. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен еліміздің аумағына заңсыз кірген шетелдік 27 кеменің жолын кестік. Браконьерлерден 29165 кило бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Мұның сыртында 137 балық аулайтын ау табылып, тиісті орындарға өткізілді. Жыл басынан бері Мемлекеттік шекара арқылы 17491506 адам және 2776189 автокөлік өткен екен. Осы мәліметтерден-ақ Шекара қызметінің жауапкершілігінің қаншалықты деңгейде екендігін көруге болады.

- Әңгімеңізге рақмет.

Артқа