Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Мемлекет шекарасы мызғымайды

Әңгімелескен Александр Тасболатов, Егемен Қазақстан, 15.06.2005ж.

- Үстіміздегі жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны делимитациялау туралы шарттың тарихи маңызы зор екендігін атап көрсетті. Осы жөнінен толығырақ әңгімелеп берсеңіз. Бұрын шекарамыздағы жағдай қиын еді. Ұзына бойына 14 мың шақырымнан асатын шекараны межелегеннен кейін қандай өзгерістер болды?

- Ата-бабаларымыз сан ғасыр күресіп, армандап өткен тәуелсіздік тұғырының мықты болмағы көп жәйттерге байланысты. Соның бірегейі – Мемлекеттік шекара. Мемлекетіміз тәуелсіздігін алғаннан кейін Мемлекеттік шекараның мән-маңызы бұрынғыдан да арта түсті десек болады. "Қазақстан-2030" стратегиялық даму бағдарламасында ұлттық қаушсіздікке айрықша мән берілген. Ал ұлттық қауіпсіздік - Мемлекеттік шекараның беріктігімен тікелей байланысты шаруа. Үстаміздегі жылдың 18 каңтарында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен Қазақстан - Ресей Мемлекеттiк шекарасы туралы шартқа қол қойды. Еліміздің құрғақтағы шекарасының жалпы ұзындығы 14 мың шақырым болса, соның жартысынан астамы, яғни 7591 шақырымы көршілес ел Ресей арқылы өтеді екен.

Президентімiздің өткен ақпан айындағы "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында" атты Жолдауында осынау маңызды тарихи оқиға туралы Елбасымыз: «Осыдан бір ай бұрын Мәскеуде қол қойылған Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны делимитациялау туралы шарттың тарихи маңызы зор. Тарихымызда тұңғыш рет біздің өзімiздің стратегиялық әріптесіміз Ресеймен заң жүзінде рәсімделген Мемлекеттік шекараға ие болдық. Осылайша біз соңғы жылдары ұзына бойы 14 мың шақырымнан асатын шекараны толығымен межелеуге қол жеткiздік.

Бұл біздің мемлекеттік құрылыстағы жоспарларымызды жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғызатын ұлттық қауіпсіздігіміздің маңызды кепілі»,-деп атап өтті. Осынау тарихи құжаттың көршілес екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың одан сайын тереңдей түсуіне тигізер игі ықпалы зор болады ден есептеймін. Жасыратын несі бар, бұрындары шекаралы ауданның тұрғындары халық тұтынатын көптеген тауарларды контрабандалық жолмен бір елден екінші елге алып өту секілдi шаруалармен айналысқан. Жаңа шекара заставалары ашылып, шекарашылар өз мiндеттерін орындауға кіріскеннен кейін, осындай жағдайлардың күрт азайғандығын баса айтқым келеді. Уақыт өте келе, көрші елге сапарлап шыққан азаматтардың барлығы арнайы қойылған бақылау-өткізу бекеттері арқылы өтіп, шекара режимiне үйренетіндіктеріне сенімдімiн. Толық межеленген Мемлекеттiк шекарамыздың бұзылмауы үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсiздiк комитетінің Шекара қызметі заң талаптары аясында әскери борыштарын мүлтiксiз атқаратынына сенімдімін.

– Алдағы уақытта тағы қандай елдермен шекара барысы қаралмақшы. Шығыс және оңтүстіктегі көршілес елдермен шекара жағдайы қалай?

– Тағдырдың жазуы болар, бiздер шығысымызда Қытай, солтүстігімізде Ресей секілді ірi мемлекеттермен көршіміз. Президентімiз Н.Ә.Назарбаев өткен қаңтар айындағы Мәскеу сапарынан кейін "Егемен Қазақстан" газетiне берген сұхбатында "Анығын айту керек, кешегі азуын айға білеген Ресей империясы да, жарты әлемдi билеген Кеңес Одағы да Қытаймен шекара мәселесін ешқашан толық шешкен емес", – деп әділ түрде атап өттi. Күрмеуі қиын осы мәселеге 1998 жылы түпкілікті нүкте қойылды. Осы жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы Мемлекеттік шекара туралы келісім-шартқа қол қойылды. Ал солтүстiктегі көршіміз Ресеймен осынау маңызды тарихи құжатқа өткен қаңтарда Мәскеу қаласында қол қойылғанын жақсы білеміз. Осы жылдар аралығында түбімiз бір өзбек, қырғыз, түркімен елдерімен арадағы Мемлекеттік шекара туралы келісім-шартқа да дау-дамайсыз қол жеткізгенiмiз белгілі. Бүгіндерi барлық көршілерімiзбен Мемлекеттік шекара мәселесін түпкілiкті шешкендігіміз – Елбасы жүргізіп отырған сындарлы саясаттың жемісі деп есептеймін.

Қытай Халық Республикасымен мемлекетiміз дипломатиялық қарым-қатынасты жақсы жолға қойған. Екi елдің шекара ведомстволары өздеріне қажетті ақпармен алмасып, әр түрлі мәселелер бойынша өзара кеңесіп отырады. Оңтүстіктегі өлкелерiмiзге шекарашылардың барып қоныстанғанына да көп бола қойған жоқ. Өзбекстанмен арадағы Мемлекеттiк шекараға шекара нарядының қызметін атқаруын ұштау мақсатында арнайы мұнаралар секілді инженерлік құрылымдар қойылуда. Бұл – көршілерімізбен арадағы қақпаны қымтау деген сөз емес. Осы жұмыстардың барлығы азаматтарымызды арнайы қойылған өткізу пункттерінен өтуін қамтамасыз ету үшін қолға алынған жұмыстар. Ал өткізу пункттерінен тысқары басқа жолдармен шекарадан өтем деушілерге заңмен тыйым салынады. Есірткі және контрабандалық тауар тасушылар ғана мұндай әрекеттерге барады. Қырғызстан мен Өзбекстандағы соңғы жағдайлардан кейін, кейбір экстремистік ұйымдарға қатысы бар адамдардың ел аумағына өтіп кетпеуі үшін оңтүстіктегі шекараларымызды күзетуді тиісінше күшейттік.

- Елбасының Жолдауында қазіргі кезде қылаң бере бастаған қатерлер туралы айтылады. Бұл жөнінен Шекара қызметі не айта алады?

- Президентіміз биылғы Жолдауында: “Мен бұдан әрі экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңаруымыздың жолында елеулі кедергі болуы ықтимал ХХI ғасырдың қазіргі кезде көрініп жүрген объективті қатерлеріне сіздердің назарларыңызды арнайы аударғым келеді. Бұл қатерлер қыр астында жатқан жоқ. Біздің еліміздің бейбіт еңбегі мен прогресі баршамызға және әлемдік қоғамдастықтың ұстанымына байланысты.

- Әңгіме не туралы болып отыр?

Біріншіден, “осы өңірде тұрақсыздық пен діни экстремизм етек жая бастады”, - деп ашып айтты. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Н.Дүтбаев өткен жылдың күзінде “Мегаполис” газетіне берген сұхбатында кейбір халықаралық лаңкестік ұйымдар өкілдерінің елімізде тұтқындалғанын, сол себепті арнайы құрылымдардың қырағылықты барынша күшейте түсу қажеттігін ашық айтты. Еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықтың ұзағынан болғанын тілейік.

Дегенмен де, кейбір экстремистік ұйымдардың жетекшілері сүттей ұйып отырған еліміздің азаматтарының ішінен өздеріне сыбайластар іздейтіндіктері туралы ақпараттың жаны бар. Шекара қызметінің директоры есебінде әлгіндей экстремистік ұйымдарға қатысы бар өзге елдің адамдары мемлекетіміздің аумағына өтіп кетпеу мәселесі мені алаңдатады. Еліміздің қақпасы болып есептелетін байқау-бақылау бекеттері мен шекара заставаларындағы шекарашылардың асқан қырағылығы мен жауапкершілігі осы бір мәселеде маңызды рөл атқарады. Шекара шебіндегі құрылымдарымызды азаматтардың төлқұжаттары мен көлік құралдарын, жүктерді тексеруге қажетті жаңа техникалармен бірінші кезекте қамтамасыз ету шаралары Шекара қызметі басшылығының үнемі назарында.

– Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және ел ішіндегі реформаларға қолайлы жағдай туғызу мақсатында Шекара қызметінде не тындырылып жатыр?

– Көне замандардан бері қай елдің болмасын тұтастығы мен беріктігі ел шебі саналатын шекарасының мызғымастығымен тікелей байланысты. 1992 жылы 18 тамызда Президентіміздің Жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның шекара әскері бұрынғы Қызыл Тулы Шығыс шекара округі негізінде дүниеге келді. Сол уақыттан бері туған Отанымыздың Мемлекеттік шекарасы бірде-бір рет бұзылған жоқ. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі міндетімізге қылау түсіргеніміз жоқ. Бұл – Шекара қызметіндегі барлық жеке құрамның өлшеусіз еңбегі.

Еліміздің мол табиғи байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі шекарашылардың күрделі қызметімен тікелей байланысты. Өткен 2004 жылы 1108 контрабандалық тауар тасу фактісі анықталып, олардан 153 млн. теңгенің заңсыз тауарлары тәркіленіп, ел қазынасына қайтарылды. Ал жыл басынан бері 340 контрабандалық тауар тасу фактісі тіркелді. Атап айтқанда, Каспий теңiзiндегі экономикалық мүддемізді көздің қарашығындай сақтау мақсатында Шекара қызметінің “Батыс” аймақтық басқармасының шекарашылары жыл сайын “Бекіре”, “Толқын” операцияларына үзбей қатысады. Олар биылғы маусымда браконьерлік жолмен ауланған 75 бекіре тұқымдас балық пен 6327 метр ауды тауып, ел шекарасын заңсыз бұзған 3 шетелдік кемені ұстады. Ел экономикасының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жетістіктеріміз осындай.

– Қазақстан есірткі тасымалдау жолына айналған деген сөз рас па? Олай болса, тасымалдау мен лаңкестіктің жолын кесуде Шекара қызметі нақты не істеп отыр?

– Еліміз есірткі тасымалдау жолына айналыпты деген пікірді ұшқары, тым асығыс айтылған деп есептеймін. Есірткі тасымалдаушыларды құрықтау жолында еліміздің күш-қуат ведомстволары бірлесіп қимылдауда.

Шекарашылар өз тараптарынан Мемлекеттік шекарада есірткі тасымалдаушыларды құрықтап келеді. Заңсыз есірткі тасымалдаушыларды көбінесе шекаралық бақылау бекеттерінде мұқият тексерістің нәтижесінде ұстаймыз. Оған мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жыл басынан бері шекара заставаларында есірткі тасымалдаудың 10 оқиғасы тіркелді. Жалпы салмағы 23 келіге жуық есірткі заттарын тиісті орындарға өткіздік. Бақылау-өткізу бекеттерінде 31 есірткi тасымалдау оқиғасының алды алынып, олардан 60 келідей есірткі заттары тәркіленген. Бүгіндері дүние жүзінің көптеген елдерімен алыс-берісіміз көбейе түсті. Ол елдің азаматтары түрлі мақсаттармен елімізге ағылып келе бастады. Елімізге өтуге талпыныс жасаған азаматтардың арасында лаңкестік ұйымдармен байланысты азаматтар бар ма, жоқ па деген сауалдарды тыңғылықты зерттеу үшін “Бүркіт” деп аталатын біріккен ақпараттық жүйенi іске қостық. Бұл ақпараттық жүйенің нәтижелері жаман емес.

– Сізді не толғандырады?

– Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі ұрпақтары үшін Мемлекеттік рәміздеріміз қаншалықты қастерлі болса, Мемлекеттік шекарамыздың маңызы да сондай. Менің де саналы ғұмырым өзге замандастарым секiлді Мемлекеттік шекарамен тығыз байланысты. Тарихи маңызы өте зор тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында төл шекара әскеріміздің құрылуының басы-қасында болғандығым үшін өзімді бақытты сезінетіндігім рас. Бүкіл көршілерімізбен Мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қойдық. Көршілерімізбен біздерде шекара мәселесінде ешқандай дау-дамай жоқ. Бейбітсүйгіш халқымыз үшін бұл – теңдессіз жетістік.

Күршім шекара отрядында Раджан Батырханов атындағы застава бар. 90-жылдардың басында тәжік-ауған шекарасында әскери борышын атқару кезінде қарулы содырлармен болған қақтығыс кезінде Раджан ініміз ерлікпен көз жұмды. Кейіннен Елбасының Жарлығымен марқұм II дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды. Міне, осындай мысал қазақстандық шынайы патриотизмнің жарқын үлгісі емес пе? ...Мемлекеттік шекара ендігін бойлай ыстық-суыққа мойымай ондаған шақырымдай жаяу жүріп, тыныштығымызды күзететін кешегі інішектеріміз, бүгінгі Отан қорғаушыларының ерен еңбегіне қалай риза болмайсың...


Артқа