Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Нартай Нұртайұлы: “Ұйымшыл, намысшыл болатынбыз”

Сауалнаманы дайындаған Ж.Кучукова, Мөлдір бұлақ, №1, қаңтар-2006 жыл.

Біздің бірнеше оқырманымыз болашақта қауіпсіздік қызметкері болуды армандап, осы қызметтің жай-күйін білуді қалайтындарын айтып, республикамыздың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нартай Нұртайұлының атына сауал-хаттарын жолдаған екен. Біз осы сауалдарды топтап, Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жібергенбіз. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Нартай Нұртайұлы Дүтбаев ағалары ол сауалдарды хош көңілмен қабылдап, әрбіріне ыждахаттылықпен жауап берген екен. Соны назарларыңа ұсынып отырмыз.

- Балалық шақта бастан кешірген бір қызықты оқиғаны еске түсіре аласыз ба?

Қуат Шықпанбетов. Тараз қаласы

-Біз де бала болғанбыз. Балалық шақта бастан кешірген оқиғалар өте көп. Ол кезде қазіргідей компьютер жоқ. Теледидардың көрсетілімдері шектеулі, санаулы ғана арналар болатын. Содан не істеу керек? Уақытты қалай өткіземіз?

Біз қызық оқиғаны сол кітаптардан іздейтінбіз. Әлдекім өзі оқыған қызықты кітабы болса, соны әңгімелеп айтып береді. Бәріміз отырып тыңдаймыз. Кейін сол кітаптардағы басты кейіпкерлерге еліктеп ойын ойнайтынбыз. Осы оқиға ойымда ерекше сақталып қалыпты.

Мектептегі балалар ұйымшыл, намысшыл болатынбыз. Қандай жарыс болса да біз оқитын мектептің алдыңғы орынға шығуына бәріміз күш салатынбыз. Мейлі, ол жарыстың қай түрі болсын. Жүлделі орын алып та жүретінбіз.

Үлкендерді сыйлау, көмектесу де қанға сіңген қасиет болатын.

- Мектепте қандай пәндерді сүйіп оқыдыңыз?

Нұрлан Серікбаев, 9-сынып оқушысы. Қабанбай батыр ауылы, Целиноград ауданы, Ақмола облысы.

- Мектепте жалпы барлық пәндерді жақсы оқуға тырыстым. Ал оның ішінде негізінен физика, математика пәндеріне деген ынтам ерекше еді. Тарих пәніне де қызығатынмын. Ата-бабамыздың тарихы, олардың ел қорғаудағы ерлігін құмарта оқитынмын. Жалпы, елдің, жердің тарихы қашанда қызық тақырып емес пе?! Отансүйгіштік рухты қалыптастыруға осы пәннің ықпалы басым деп білемін. Жалпы қай пәнді де тереңірек білу әрбір баланың арманы ғой. Біз де көбірек оқуға тырыстық. Білім жарыстыратынбыз. Білмегенімізді бір-бірімізден сұрап алатынбыз.

- Бала кезде кім болам деп армандадыңыз? Сол арман-мақсаттарыңыз орындалды ма?

Әлібек Әбдірешов. Алматы қаласы.

- Есімде, бала кезімде әскери қызметкер болуды армандайтынмын. Әскерден келген сарбаздардың әскери киім үлгісі, ширақ жүрістері, дене шынықтыру жаттығуларын қиналмай жасайтындықтары қатты ұнайтын. Біз де соларға еліктеп жүгіріп, секіріп, түрлі спорт жаттығуларымен айналысатынбыз. Мұндай жаттығулардың пайдасы өмір бойы тиіп келе жатыр десем артық айтқандық емес. Сондықтан, балалар, спортты қазірден бастап серік етіңдер деп айтар едім.

- Қазіргі қызметке қалай қол жеткіздіңіз? Өзіңіз мұрат тұтқан кімдер еді?

Сұңғат Занханов. Үржар ауданы, Шығыс Қазақстан облысы.

- “Көктемнің он жеті сәті” деген фильмді көрмеген бала жоқ шығар деп ойлаймын. Міне, осындағы бас кейіпкер барлаушының бейнесі өмір бойы есімде қалып қойды. Бала кезімізде соғыс тақырыбындағы басқа да фильмдер, кітаптар көп болатын. Солардың ішінен маған барлаушы, қарсы барлаушылардың тапқырлығы, кез-келген қиын сәтте дұрыс шешім қабылдай білетіндігі ұнайтын. Осындай сәттер кейінірек қауіпсіздік органдарына қызметке келуіме әсер етті.

Қауіпсіздік органдарында 1981 жылдан бері қызмет етемін. Минск, Мәскеу қалаларында қауіпсіздік органдарының жоғарғы курстарын оқыдым. Қызметімді жедел уәкіл болып, Ресейдің Ставрополь өлкесінде бастадым. Ал 1986 жылы Қазақстанға ауыстым. Содан бері еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлесімді қосып келемін.

- Осы қызметте жүріп қиын жағдайда қалған кезіңіз болы ма? Ол қиындықтан қалай шықтыңыз?

Жайнар Жақсылықтегі. Созақ ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы.

- Қандай жұмыста болса да қиындықтар кездесіп тұрады. Отан қорғау жолындағы кездесетін қиындықты жеңе білу ер азаматтың міндеті деп білемін. Өзіңнің еліңнен, жеріңнен қымбат не бар. “Отан үшін отқа түс - күймейсің” деген ғой даңқты батыр Бауыржан Момышұлы.

Жалпы, қиындық туған кездерде қашанда ақыл-ойды серік етіп, туындаған мәселені сабырмен шешуге тырысамын. Халқымыздың “Ашу – дұшпан, ақыл дос” деген мақалы осындай сәттерден дұрыс шыға білу үшін айтылса керек.

- Қауіпсіздік қызметкері болуды армандайтын балаларға қандай ақыл-кеңес бересіз? Болашақ мамандар қандай оқу орнында дайындалады?

Дамир Өмірбаев. №10 Н.Әбдіров атындағы мектеп оқушысы. Қарқаралы ауданы, Қарағанды облысы

- Мамандықтың жаманы жоқ. Тек оны сүйе білу керек. Ал жақсы маман болу үшін қашанда жақсы оқу керек. Қазіргі заман терең білімнің заманы. АҚШ, Батыс елдері, Жапония, Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея секілді елдер үлкен білімнің арқасында жан-жақты дамыған мемлекеттерге айналған. Біздің Елбасымыз Н.Назарбаев та Қазақстанды дамыған елдердің қатарына жеткізуді мақсат етіп қойып отыр. Осы жолда аянбай қызмет етуде. Жоғарғы технологияларды игеру білімді қажетсінеді. Ана тіліңмен қатар бірнеше шет тілін білу – қазіргі қатардағы талаптарға айналып барады. Уақыттарыңды босқа жіберіп алмаңдар. Білімі бар адам ғана Абай атамыз айтқандай өмірдің кез-келген саласына “бір кірпіш болып қалана алады”. Оның ішінде қауіпсіздік саласына да.

Болашақ мамандар негізінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясында дайындалады. Ол Алматы қаласында. Қауіпсіздік органдарында қызмет ету үшін ерекше талаптар қойылады. Сол талаптардан сүрінбей өткендер ғана қызметке қабылданады.

- Отбасыңыз, балаларыңыз жайлы білгіміз келеді?

Айбол Мақатов, №26 орта мектептің оқушысы. Орал қаласы

- Екі қызым бар, немере сүйіп отырмын. Осындай сауалдар өздеріңдей жасқа келгенде немеремді де қызықтырады деп ойлаймын. Мен оның келешекте Отанға адал қызмет ететін азамат болып өсуін қалаймын.

- “Мөлдір бұлақтың” жас оқырмандары – балаларға қандай тілек айтасыз ?

- Журналдың жас оқырмандарына айтарым, қашанда жақсы оқып, ата-ананың, ұстаздардың ақыл-кеңесін тыңдаңдар. Спортпен шұғылданыңдар. Алға мақсат қойып, соны бағындыруға күш салыңдар. Мақсатқа жету деген оңай емес. Оған біліммен қоса үлкен ерік-жігер қажет. Оны бала жастан бойға қалыптастыра білген бала кез-келген асуларды бағындыратын болады. Сондай-ақ, тағы да Абай атамыздың сөзімен айтсақ “Бес нәрседен асық болып, Бес нәрседен қашық болыңдар”. Олар: өтірік айтпау, мақтаншақ болмау, жамандықтан алыс жүру секілді басқа да қасиеттер екенін сендер мектеп бағдарламасынан оқып жүрсіңдер. Соны іс жүзінде көрсете біліңдер.

Алдағы кезде Отанымыз – Егеменді Қазақстанның ардақты азаматтары болып өсіп, білім-ғылым теңізінде әлемді таңғалдыра берулеріңе шын жүректен тілектеспін.

Редакциядан құттықтау

Құрметті Нартай Нұртайұлы!

Сізді ердің жасы – елуге толған мерейтойыңызбен құттықтаймыз! Сізге және отбасыңызға амандық, мықты денсаулық тілейміз. Алдымызда Сіздей нар тұлғалар барда елімізде тыныштық орнап, балаларымыз алаңсыз өмір сүреді деп сенеміз.

“Қазақстан-ZAMAN” халықаралық газеті мен “Мөлдір бұлақ” журналының шығармашылық ұжымдары

Артқа