Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Қауіпсіздік — басты басымдық

Егемен Қазақстан, Ержұман Смайыл, 31.05.2006 ж.

 

– Құрметті Амангелді Смағұлұлы! Сізбен сұхбатты Елбасы Жолдауының “Осы заманғы қауіп-қатерлер мен қыр көрсетулерге қарсы бара-бар ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру” деп аталатын алтыншы басымдығынан бастасақ. 2006-2010 жылдар¬ға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясында қандай мәселелер қамтылған?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында еліміздің қауіпсіздік саласына қатысты маңызды бағыттарды нақтылап атап өтті. Қазіргі заманғы барлық қауіп-қатерлердің адамзат баласына ортақ екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Ол бір адамның, немесе бір мемлекеттің ғана басына төніп тұрмағандығын дүниежүзілік қауымдастық, әлем жұртшылығы мойындады. Тіпті барлық жағынан дамыған өркениетті елдердің өзі қауіп-қатердің бірі болып саналатын – халықаралық лаңкестіктің алдында өздерінің дәрменсіздіктерін көрсетті. Мұндай мәселелерді қашанда тынымсыз ізденіс, күш біріктіру, ақыл-ой, бір мәмілеге келу секілді адамның парасаты ғана шеше алады. Осы жағынан келгенде Орталық Азия өңіріндегі мемлекеттермен ынтымақтастықты арттыру, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бірлескен оқу-жаттығу, тәжірибе алмасу секілді басқа да мәселелерге тереңірек мән беру, дамыту бағытын көздеп отырмыз.

Осы сауалға қосымша айта кетейін, оқырмандардың есінде болса, наурыз айында Президент Комитеттің басшы құрамымен кездескен кезде де қауіпсіздік органдарының алды¬на нақты тапсырмалар қойған болатын. Олар¬ға қысқаша тоқталып өтсем төмендегідей: ұлттық қауіпсіздік органдары елімізге төнетін қауіп-қатерлерге жоғары біліктілікпен лайықты тойтарыс беріп, өзінің жедел қызметін уақыт ағымына сай үнемі дамытып отыруы қажет. Бұл шаралар жоғарыда аталған қауіптермен бірге экстремизм, сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа тиімді, пәрменді қарсы тұру жағын қарастырып отыр. Сондай-ақ экономикалық қауіпсіздік пен мемлекеттік шекараны қорғау режімін қамтамасыз ету де біздің маңызды міндеттеріміздің бірі болып табылады. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздік, оның ішінде шетел арнайы қызметтерінің барлау сипатындағы ұмтылыстарына төтеп беріп, мемлекеттік құпияларымызды қорғау да басты басымдықтардың бірі.

Осындай тапсырмалар жүктелген Комитет бүгінгі таңда “Ұлттық қауіпсіздік органдары туралы” заңды басшылыққа ала отырып, белгіленген міндеттерді жүзеге асыру тетіктерін жетілдіру үстінде. Стратегиялық бағыттарды, тактикалық шараларды, жедел-іздестіру қызметіндегі, жалпы қауіпсіздік органдары құрылымындағы өзара іс-қимылды үйлестіру мәселесін әрі қарай дамыта түсу, жаңа деңгейге көтеру, пысықтау жүргізілуде. Жедел қызметтегі іс-қимылды жіті бақылап отыру да басты назарда. Әрине, бұл бағыттағы шараларды жүзеге асыру барысында Конституция мен тиісті заңдардың қатаң сақталуы ерекше есте болатыны айтпаса да түсінікті.

Жалпы айтқанда, Елбасы Жолдауында айтылған, қауіпсіздік стратегиясында қамтылған мәселелерді іске асыруға барлық күш-жігер мен мүмкіндіктерді жұмылдырудамыз.

– Қазақстан Республикасы өзімен көршілес мемлекеттермен шекарасының өн бойында достық, қауіпсіздік белдеуін құрғаны белгілі. Солай болса-дағы осындай стратегияның жасалуына не себеп болып отыр?

– Шынын айтқанда, мұның көптеген себептері бар. Солардың бастыларына тоқталайын. Қауіпсіздік белдеуінде елге, мемлекетке төнетін қауіп-қатердің алдын алу, мүмкіндігінше ондай зауалдардың тамырын алыстан, елімізге жеткізбей қию мақсатындағы тұжырымдар қарастырылған. Геосаяси жағдайдың оңтайлылығы, экономикалық-әлеуметтік реформалардың сәтті жүзеге асуы, халықтың әл-ауқатының артуы көптеген елдердің қызығушылығын тудырып отырғандығы заңды құбылыс. Қазіргі уақытта тәуелсіз мемлекетіміз көршілес елдермен достық қарым-қатынаста. Соның арқасында сауда-саттық, ағайын-туыстың барыс-келісі артқан заман. Көршілес ел болғандықтан, бір-біріне деген сенім де болуы керек. Сонымен қатар сол өңірдегі, аймақтағы халықтың қауіпсіздігін де қамтамасыз ету бүгінгі заман талабы болып отыр.

Ел Президентінің “Қазақстан-2030” Даму стратегиясында: “Біз басқа елдермен өзіміз қандай қарым-қатынаста болсақ, Қазақстанға қатысты дәл сондай қарым-қатынасты талап етеміз және кез келген тосын жағдайларға әзір тұрамыз” немесе “Қауіпсіздік пен тұтастық мәселелерінде біз үнемі қырағы болуға тиіспіз. Біздің көрсетіп отырған және болашақта да көрсете беретін ізеттілігіміз бен меймандостығымыз тіпті де аңқаулық пен кіріптарлықтың көрінісі емес”, деп нақты айтылған болатын. Яғни, қауіпсіздік мәселе¬сін ешқашан естен шығармауымыз керек. Осы тұжырымдардың үдесінен көріну біз үшін міндет болып табылады.

Қазақстан құқықтық базасын нығайтып, лаңкестікке қарсы әрекет ететін көптеген халықаралық келісімдерге қосылды. Осы актілердің ережелері ұлттық заңнамада көрініс тапқан. Қазіргі таңда саясатшылар арасында “Үлкен Орталық Азия” деген ұғым пайда болды. Бұл бағытта да тиісті шаралар атқару уақыт күттірмейтін мәселе болып табылады. Тағы да қайталап айтамын, біздің мақсат қауіп-қатерді мүмкіндігінше алыстан, тамырын жая бастаған жерінен алыс-таяу шетелдегі әріптестермен бірлесе отырып, әртүрлі деңгейде шара қолдану.

Міне, достық әрі қауіпсіздік белдеуі осы секілді басқа да ойлардың нәтижесінде туын¬дағаны, ал жоғарыда атқарылған жұмыстар соның негізгі алғышарты болып табылары анық. Мұның қарапайым халыққа тиімді, көптеген пайдалы жақтары болмаса, ешқандай кедергісі жоқ.

– Сіздің жауабыңыздан белгілі болғанын¬дай, Қазақстанға төнетін қатерлер қатарына діни экстремизмді, халықаралық лаңкестікті және есірткі саудасын жатқызады екенбіз. Осылардың әрқайсысына қысқаша тоқталып, олар¬дың қандайлық нақты екендігін газет оқыр¬мандары түсінуі үшін мысалдар келтіруге бола ма?

– Ең алдымен, әңгімені тереңнен бастасақ. Жоғарыда айтып өттім, аталған қауіп-қатерлер бір елдің шеңберінен шығып, әлемдік ауқымда мазалап отыр. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер шекараны таңдамайды. Жиырма бірінші ғасыр дамыған ақпарат ғасыры, дамыған жоғары технологияның ғасыры деп айтамыз. Шын мәнінде, қауіпсіздік мәселесі, адамзаттың қауіпсіздігі бүгінгі таңда бәрінен де жоғары тұр дер едім.

Діни экстремизм көп жағдайда дін қағидаларын өз мақсаттары үшін бұрмалап түсіндіруге тырысатын ұйымдардың қолданыс құралына айналды. Қоғамдағы әлеуметтік ортасы төмен жандарды, көзқарасы қалып¬таспаған жастарды мүшелікке тарту, сонымен қатар радикалдық іс-қимылға шақыратын, қоғамға жарықшақ түсіруге, қалыптасқан қарым-қатынасты, мемлекеттік құрылымды өзгертуге үндейтін уағыз тарату олардың әдіс-амалдары болып табылады. Өкінішке орай, осындай жолға түсушілер кездесуде.

Халықаралық лаңкестіктің өз мақсат-мұрат¬тары, көздеген мүдделері жолында ештеңеден тайынбайтындығы, іс-әрекеттері орны тол¬майтын қайғыға, зардаптарға соқтыратындығы қазір баршаға аян. Мемлекеттік билік органда¬рына, жергілікті басқару органдарына немесе түрлі деңгейдегі халықаралық ұйымдарға ықпал ету жолында, өз шешімдерін қабылдаттыру, қоғамға үрей ұялату мақсатындағы лаңкестер¬дің іс-әрекеттері терең талдауды қажет етеді. Тіпті, оқырмандардың есінде болса, ел аумағында қауіпсіздік органдарының күшімен бірқатар халықаралық лаңкестік құрылымдарға қатысы бар азаматтардың жолы кесілгені баршаға аян. Олардың шетелде арнайы лаң¬кестік орындарда дайындықтан өткенін айт¬сам, арамызда кездескен лаңкестік проблемасының нағыз бет-бейнесі ашыла түседі. Заң негізінде, соттың қарауымен оннан астам жат пиғылдағы ұйымдардың іс-қимылына тыйым салынды. Мұндай тәжірибе көршілес мемлекеттерде де қолданылуда.

– Төраға мырза, осы жерде сұрақтан сұрақ туындайтын секілді: діни экстремистік, халық¬аралық лаңкестік ұйымдар өз іс-қимылдарын жүзеге асыру үшін қаржы-қаражатты қайдан алуда? Кім оларды қаржыландыруда? Оқырмандар осы жөнінде де білгісі келеді.

– Сауалыңыз өте орынды деп санаймын. Бір лаңкестік әрекетті іске асыруға қомақты қаржы қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Ал осының дем берушісі, қаржылай қамтамасыз ететін көздерінің бірі – есірткі бизнесі болып табылады. Бүгінгі таңда есірткі саудасы төрткүл дүниені қамтып отырғаны, одан миллиондаған пайданың түсіп жатқандығы ешкімге де жасырын емес. Қоғамның, әлемнің нашақор дүниеге айналып кету қаупі біреулердің қаперіне де кіріп шықпайды.

Сондықтан да әлем елдерінің барлық күш құрылымдары оған қарсы күрес жүргізуде. Мұндай бағыттағы жұмыс Ұлттық қауіпсіздік комитетінде де жалғасын табуда. Алыс және таяу шетел арнаулы қызметтерімен бірқатар бірлескен іс-шаралар өткізілді. Нәтижесінде, заңсыз айналымнан айтарлықтай есірткі заттары алынып, трансұлттық қылмыстық топтар мен олар ұйымдастырған есірткі жолдары жойылды. Үстіміздегі жылдың өзінде он шақты есірткі арнасы, алпыстан астам есірткі қылмысы ашылып, олардан екі мың кило¬грамға жуық есірткілік заттар алынды. Оның ішінде ауыр есірткі саналатын героиннің үлесі елу килограмнан асып жығылады. Героиннің санаулы грамының өзі адам өміріне қаншалықты қауіпті екендігі айтылып та жүр.

– Қазіргі жастар арасында есірткінің синтетикалық түрі кең тарала бастаған секілді...

– Иә, Оңтүстік-Батыс Азия елдерінен келетін “ауыр есірткілер” еліміз аумағын басып өтіп, Еуропаға сапар шегетін болса, қазір сол Батыс елдерінің өздерінен химиялық жолмен алынатын синтетикалық есірткі заттары келетін болды. Сәуір айында Германия криминалды полициясымен бірлесіп, ФРГ және Қазақстан азаматтарынан тұратын қылмыстық топ ашылды. Заңсыз айналымнан 4 мың “экстази” таблеткалары тәркіленді.

Халықаралық есірткі бизнесінің республика экономикасына нұқсан келтіретін жағы бар екендігін де айта кету керек. Есірткі бизнесінің айналымына орай ұйымдасқан қылмыстық құрылымдардың капитал жинақтауы өсе түсуде. Заңсыз жолмен алынған қаржыларды заңдастыруға тырысу үдерісі осыны дәлелдейді.

Айта берсе осындай мысалдар жетерлік. Қазақстан қазір есірткі экспансиясына ұшырап отыр. Ал нашақорлықтың ұлт генофондына қатерінің қандай екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл зауалды тыю тек құқық қорғау орындарының ғана міндеті деп, екі қолды алдыға жайып қойып отыруға болмайды. Қоғам мүшелері тарапынан үлкен қозғау керек екендігі сөзсіз. Отбасылық үгіт-насихат, сауықтыру шараларын, әсіресе адасып жүрген жасөспірім¬дер, жастар арасында жүзеге асырудың пәрмен¬ділігін арттырып, дамыту керек. Сонда ғана қоғамдағы есірткі дертін жеңілдетуге болады.

– Бүгінде Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен байланыс орнатқан, бірқатар кәсіпорындарымыз шетелдік басқаруға берілген, бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеуде. Елімізде халықаралық конференциялар, форумдар жүйелі өтіп тұрады. Әрине, оларға ниеті түзу адамдар келетін болуы керек. Алайда, республикаға жасырын түрде болса да түрлі содырлар мен лаңкестердің, экстремистердің өтіп кетуі мүмкін бе?

– Қазақстан әлемдік саясатта өзіндік орны бар, Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі ретінде танымал елге айналды. Халық¬аралық конференциялардың, әртүрлі деңгейдегі жиындардың өтуі заңды құбылыс десе болғандай. Ниеті түзу адамдардың келуіне, кетуіне барлық жағдай жасалған. Әрине, осындай сәттерді кейбір жат пиғылды адам¬дардың өз пайдасына қарай қолданатындығы бар. Дегенмен, содырлар мен лаңкестердің, экстремистердің өтіп кетуін болдырмау үшін көп деңгейлі қауіпсіздік шаралары жұмыс істеуде. Жоғарыда айтылған қауіпсіздік белдеуі де осы мақсатта жұмыс істейді. Ол сонау шекарадан басталып, тиісінше түрлі мемлекеттік ведомстволардың жұмысын қамтиды. Ал Лаңкестікке қарсы орталықтың ведомствоаралық үйлестіру комиссиясы арқылы мемлекеттік органдардың өзара сабақтастық, іс-қимыл мәселесі шешіліп отырады. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері, Президенттің күзет қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Әділет министрлігі, Кеден комитеті секілді басқа да күш құрылымдары енеді.

Оның сыртында күдікті тұлғалардың жүруі мүмкін дейтін орындар жайында басқа елдердің арнайы қызметтерімен ақпарат алмасу да жолға қойылған. Нәтижесі ел-жұрттың көз алдында. Ұсталғандарды қылмыс жасаған орындарына байланысты экстрадициялау шаралары жүргізіледі. Бір ғана мысал келтірейін, жақында ғана Ресейге Измайлов деген азамат экстрадицияланды. Ол Әбу Дзейт құрған бандалық топтың құрамында қылмыстық әрекеттерге барған. Кавказдағы Назрань, Беслан қалаларында жантүршігерлік оқиғаларды жүзеге асыруға қатысқан.

Байқап отырсыз, күдікті тұлғалар Қазақстанға өтіп кеткенімен, ұзақ уақыт жүре алмайды. Бұл бағытта тұрақты, үзіліссіз жұмыс істеп тұрған, бірнеше тосқауылы бар жүйенің сүзгісіне ілінеді.

– Сіз жоғарыда діни экстремистік топтардың әшкереленгені туралы айттыңыз. Ал енді осылардың қатарында ел азаматтарының жүруін немен түсіндіруге болады? Бізде әлемдік діндер – буддизм, христиандық, ислам және дәстүрлі діндер туралы түсінік жұмыстары әлсіз бе?

– Біздің Ата Заңымыз – Конституция¬мыздың 22-бабында “Әркімнің ар-ождан бос¬тан¬дығына құқығы бар. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс” деп нақты жазылған. Осы тұрғыдан келгенде елімізде ар-ождан бостандығына қатысты Конституция нормасы толығымен сақталып отыр.

Ал мәселе осы ар-ождан ұғымын кімнің қалай түсінетіндігінде болып отыр ма деймін. Талдау материалдарына қарап отырсаңыз, дін қағидаларын кейбіреулер біржақты түсінеді. Содан барып діни тұрғыда жік-жікке бөлінушілікке, теріс көзқарасқа, жат іс-қимылға жол беріледі. Қазақстан жұртшылығы айтулы діни мерекелер кезінде немесе әлемдік деңгейдегі діни жиындар өткен кезде ғана өздерінің бағыттарын анықтап жатады. Ал бұл жұмыс күнделікті түрде, бір ырғақпен жүргізіліп отырылуы керек. Дін дегеніміз адамның шын мәніндегі рухани қазынасына айналатын уақыт жетті деп білемін.

Кейбір экстремистік діни ұйымдардың мақсаты Орталық Азия өңірінде халифат құруды көксеу болып табылады. Ал осы аталған өңірде қаншама тәуелсіз мемлекеттер өмір сүруде. Соның бірі – Қазақстан. Экстремистік ұйымдардың әрекеті тәуелсіздігімізге қатер төндіретіндігі айтпаса да түсінікті. Солардың үнпарақтарын таратып, құқық қорғау органдарының қолына түсетіндердің көпшілігі жастар. Бұл нені көрсетеді, жастар арасында діни үгіт-насихат жұмысын тұрақты түрде дамыту керектігін, түсінік жұмысының оңтайлы әдістерін ойластыру қажеттігін дәлелдейді.

Еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету дегеніміз Қазақстанның әрбір азаматынан, әрбір тұрғынынан қырағылықты, жауапкер¬шілікті, патриотизмді қажет етеді. Қоғамда осындай ахуал қалыптасқан кезде ғана сіз айтып отырған мәселенің жолы кесіледі.

– Елбасы Жолдауында сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа қатер ретінде сипатталған. Елімізде оған қарсы күрес барынша өрістетіліп отыр. Осы тұрғыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті атқарып жатқан шараларға тоқталып өтсеңіз.

– Сыбайлас жемқорлық біз өмір сүріп отырған қоғамның дертіне айналып отырғаны жасырын емес. Қоғамымыздың болашағы мен мемлекетіміздің мұратына қатысты қаншама салауатты істер атқарылуда. Бүгінгі күніміз бен алдағы перспективаларымыз, стратегиялық мақсаттар айқын белгіленген уақытта, енді тек қана білек сыбанып, бір кісідей еңбек ететін кезде сыбайлас жемқорлық дерті аяқтан тартуда. Егер табандылық таныта отырып біз сыбайлас жемқорлықты жеңсек, онда кез келген күрделі кедергілерден абыроймен өте аламыз. Өкінішке орай, сыбайлас жемқорлық дертінің мемлекеттік құрылымдарды, жергілікті басқару органдарын, күш құрылымдары секілді басқа да орындарды қамтуы ащы да болса шындық.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзінің өкілеттілігі шеңберінде тиісінше оған қарсы күрес жұмысын жүргізуде. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықтық тәртіптілікті бұзғандары үшін тоқсан мемлекеттік қызметші әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде ауылдық аймақ әкімдері, сот, ішкі істер, салық, кеден, әділет органдарының және басқа да құрылымдардың қызметкерлері бар.

Үстіміздегі жылдың өзінде тергеу бөлімшелері сыбайлас жемқорлық сипатында елуден астам қылмыстық іс қозғады. Сот орындары олардың бірқатарына қатысты айыптау үкімдерін шығарды.

Ұйымдасқан қылмыс әлемі де қоғамды алаңдатып отырғаны мәлім. Кісі өлтіру, бопсалау, қарақшылық шабуыл жасау, есірткі бизнесімен айналысу, заңсыз қару-жарақ саудасын жүргізу, бөліскен аумақтарына өз ықпалдарын жүргізу және өз қатарларына күш құрылымдарынан қызметкерлер тарту ұйымдасқан қылмыстық топтардың бүгінгі заманғы кескін-келбетін, іс-әрекетін айғақтайды. Қылмыстық топтардың республика аумағында ғана емес, көршілес елдердің өзі тектес, мүдделес топтарымен, қылмыстық беделді адамдармен, “воры в законе” дейміз ғой, солармен қарым-қатынас орнату фактілері де кездесуде. Қазақы тілмен айтқанда “заманына қарай адамы” дейді ғой. Қауіпсіздік органдары бұл бағытта тиісінше күрес жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Өз күшімізбен, ішкі істер органдарымен, шет елдік әріптестермен бірлесе өткізілген бірқатар іс-шаралар нәтижесінде бірнеше қылмыстық топ ауыздықталды. Олардың ішінде таяу шетел азаматтары да бар. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл істерді сотқа жеткізетін боламыз.

Жалпы айтқанда, ұйымдасқан қылмыстық топтың басшылары мен мүшелеріне қатысты үстіміздегі жылы да айтарлықтай қылмыстық істер қозғалуда.

– Алдыңғы сұрақтың жалғасы ретінде қауіпсіздік органдары кадрларының біліктілігі жөніндегі сұраққа не деп жауап берер едіңіз?

– Тарихтан белгілі, кез келген мемлекет арнайы қызметсіз өмір сүре алмайды. Мемлекет қауіпсіздігінің бір тұтқасы қашанда соларға жүктелген. Сондықтан, талантты, білімді, қиындықтан қиналмай жол табатын, қателесуге құқы жоқ, қысылтаяңда бірден-бір дұрыс шешім қабылдайтын кадрлар арнайы қызметте болуы керек деп білемін. Әрі заман талабы сондай. Осындай мамандар біздің арамызда бар. Жұмыс істеуде. Тәуелсіздігі¬міздің алғашқы жылдарындай емес, қазіргі мамандар тиісінше білім жинақтаған, тиісінше тәжірибелі деп айтар едім.

Біздің қызметкерлер арасында Прези¬дентіміздің мақтауын алғандары, мемлекеттік орден-медальдармен, басқа да наградалармен марапатталғандары жетерлік. Әттең, олардың мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында көрсеткен ерлігін, батырлығы мен батылдығын бүгін айта алмаймын. Олардың аты-жөндерін де атауға әлі ертерек. Қызметтің ерекшелігі сондай. Уақыт келер, халық өзінің батырларымен жақын танысатын болады деп ойлаймын. Міне, осы мысалдардың өзі-ақ сіздің сауалыңызға жауап беріп тұрғандай.

Жақында ғана Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіз¬дік жөніндегі комитетінің бір топ депутаттары Серік Әбдірахмановтың бастауымен келіп, қауіпсіздік органдарының жұмысымен, оның ішінде сіз қойып отырған кадрлардың білік¬тілік, тәрбие мәселесімен танысып қайтты. Заман талабына сай туындайтын қауіп-қатерлерді ауыздықтау жолында іс-қимыл¬дарын көрсеткен кадрлар¬дың біліктілігі ойда¬ғыдай дәрежеде екендігін ерекше атап айтты.

Кадр біліктілігі, олардың кәсіби деңгейін арттыру жұмыстары үнемі бақылауға алынып, жүйелі түрде жалғасын табуда.

– Газет оқырмандары қауіпсіздік шараларымен қатар ҰҚК төрағасы туралы да білгісі келетіні анық. Бұл лауазымға дейінгі жүріп өткен жолыңыз қандай? Адам бойындағы қасиеттердің қайсысын ұнатасыз, қайсысын ұнатпайсыз? Демалыс сәттері болып жатса, немен айналысасыз? Отбасыңыз туралы да сәл айтып өтсеңіз.

– Қауіпсіздік органдарына келгеніме отыз жылдан асыпты. Қатардағы қызметкерден – жедел уәкіл, аға жедел уәкілден басталған қызмет сатыларының барлығы мен үшін өмір мектебі, тәжірибе мектебі болды. Білмегенімізді аға буыннан үйрендік, білгенімізді кіші буынға үйреттік дегендей. Кезінде Мемлекеттік тергеу комитеті төрағасының орынбасары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнаулы қызметінің басшысы болдым. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Президенттің тұңғыш Күзет қызметін құруға қатыстым. Ал 2002 жылғы қаңтардан Президенттің Күзет қызметінің бастығы болып қызмет еттім. Бұл жердегі қызметтің әрбір сағаты, әрбір мезгілі есте ерекше сақталып қалды.

Қазақ дене тәрбиесі институтын, Мәскеу қаласындағы қауіпсіздік органдарының жоғары курстарын аяқтадым. Педагог және заңгер мамандықтарын алғанмын. Әскер қатарында қызмет еттім.

Адам бойындағы қасиеттерден адалдық, адамгершілік, сол секілді үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді халқымыздың асыл қасиеттеріне бас иемін. Абай атамыз “Адам болам десеңіз, бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол” деген ғой. Бұл да менің өмірлік қағидама айналған.

Демалыс сәттері сирек болады. Ол жағы түсінікті болар. Елімізде үлкен реформалар, өзгерістер жүріп жатқан кезде Отанын сүйетін, еліне, жеріне шын жаны ашитын адамның барлығы осы жолда жан-тәнімен еңбек етуі тиіс деп санаймын. Сирек болса да кездесіп тұратын демалыс сәтін отбасыма арнауға тырысамын. Отбасымызбен бірге домбырадан тәтті күй тыңдағанды ұнатамыз. Жақсы кітаптарды іздеп оқитыным бар. Ал атқа деген құмарлық қай қазақтың болса да бойынан табылатындығын айтып жату артық болар. Тау шаңғысы, үлкен теннис, волейбол секілді спорт түрлерімен айналысуға уақыт табуға тырысамын. Спорт дегеніміз қашанда сергектік деп білемін.

Зайыбым Гүлнар ғылым жолында. Көптеген ғылыми еңбектердің авторы, өнертапқыштығы үшін 15 патент пен куәлік алған. Төрт бала өсіріп отырмыз. Солар ел жолында абыройлы еңбек етіп, халықтың құрметіне бөленсе екен деп тілеймін.

– Бүгінгі мәнді де мағыналы әңгімеңізге оқырмандар атынан рахмет айтуға рұқсат етіңіз. Қауіпсіздігіміз берік болса, еліміз де аман болар деймін. Ал амандық болса оқырмандар атынан әлі де жүздесуге жазсын.

– Сізге де рахмет. Сіз арқылы еліміздің бас газеті “Егемен Қазақстанның” барлық оқырмандарына, олардың отбасы мүшелеріне қашанда мықты денсаулық, сәттілік пен табыс тілеймін.

Артқа