Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасы генерал-лейтенант А.Шабдарбаев: Қазіргі уақыт талабы басқаша

Сұхбаттасқан Төлеубай Ілдебаев, Астана хабары, 29.07.2006ж.

Құпиясы көп ең жабық ведомство саналатын Республика Ұлттық қауіпсіздік комитеті – еліміздің негізгі арнаулы қызметі болып табылады. Өзіне жүктелген міндеттер негізінде оның егемен еліміз азаматтарының құқықтары мен қауіпсіздігін, тұтастай мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында атқарып жатқан істері аз емес. Бұл орайда оған жүктелген жауапкершілік жүгі де айрықша маңызды. Әйтсе де, соңғы кездері Комитет жұмысында бірқатар олқылықтардың орын алуына байланысты үстіміздегі жылдың басында Елбасы өзінің Жарлығымен оның басшылығын жаңалаған болатын. Одан бері де жарты жылдай уақыт өтті. Содан бері мұндағы істің жағдайын өмірдің өскелең талаптарына сай үйлестіру жолында не істеліп жатқанын, қандай жетістіктерге қол жеткізілгенін білу және жалпы осы ведомствоның жұмысымен жақынырақ танысу мақсатымен біз ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаевты әңгімеге тартқан болатынбыз.

- Амангелді Смағұлұлы, Елбасы Сізді осы лауазымға тағайындай отырып, өзіңізге ең алдымен Комитет жұмысын тәртіпке келтіруді қатты тапсырған еді. Содан бергі кезеңде ол тапсырманы орындау жолында не істеп, не қойылды?

- Үстіміздегі жылдың наурыз айында Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерімен кездескенінде Мемлекет басшысы оларға күнделікті іс-қызметтерінде еліміздің Конституциясы мен заңдарын қатаң ұстануды, халыққа адал қызмет етуді, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, арнаулы қызмет офицерінің жоғары атағына лайықты болуды тапсырған болатын. Елбасы атап көрсеткен біздің жұмысымыздағы кемшін тұстарға баса назар аударылып, әсіресе әскери-қызметтік тәртіп мәселесі қатаң бақылауға алынды. Жеке қауіпсіздік қызметі нығайтылып, оның жұмысын дұрыс ұйымдастыруға бағытталған істер атқарылуда. ҰҚК органдары қызметкерлерін аттестациялау тәртібі күшейтілді. Комитет жұмысын реттеу мақсатымен басқа да нақтылы шаралар қолданылды.

- Жалпы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымы өзгеруі мүмкін бе?

- Біздің Комитет құрылымының өзгеруі мүмкіндігі туралы бүгінде әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Бірақ мен өз басым асығыс шешім қабылдауды қолдамаймын. ҰҚК құрылымы Қазақстан Республикасы «Ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» Заңына сәйкес құрылған, оның негізі Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі басымдықты бағыттармен айқындалған.

- Амангелді Смағұлұлы, бүгінде Ұлттық қауіпсіздік органдарында жұмыс істеудің абырой-беделі қандай? Комитетке кадрлар қандай өлшем бойынша қабылданады?

- Адамның іс-қызметінің кез-келген түрі, мейлі ол мемлекеттік қызмет немесе басқалай жұмыс болсын, жоғары білікті кадрларды қажет етеді. Бұрындары КСРО МҚК органдарының кадрлары партияның шақыруымен еңбек ұжымдарындағы перспективалы жас еңбекшілер қатарынан іріктелетін. Ол кезде партиялық іріктеу деген болатын. Соған орай МҰҚК қатарында өзгеше артықшылықтары бар партия және комсомол қызметкерлері аз болған жоқ. Олар бірден басшылық лауазымдарға тағайындалып, мерзімінен бұрын әскери шен және басқа жеңілдіктер берілетін. Бірақ, оның бәрі саяси жүйесі мүлде басқаша елде болды. Қазір басқа уақыт. Біз қарқынды өзгеріс үстіндегі әлемде, жоғары технологиялар, саяси, экономикалық және мәдени өзара қарым-қатынастардың жаһандануы дәуірінде нарықтық экономикалы жаңа демократиялық мемлекет құрып жатырмыз. Сондықтан, бүгінде Ұлттық қауіпсіздік органдарына әскери қызметке алу кезінде біз парасат және білім деңгейі жоғары, бірнеше шет тілді үйренуге қабілетті жас адамдарға, әртүрлі салалардағы кәсіби даярлық деңгейі жоғары мамандарға басымдық беруіміз керек. Және де олар барынша қатаң іскерлік, моральдық-адамгершілік және психологиялық талаптарға сәйкес болуы тиіс.

Қалай болғанда да, Қазақстанның арнаулы қызметінде жұмыс істеу осыған ұқсас барлық арнаулы қызметтердегі сияқты артықшылықты болған және солай болып қалады да. Өйткені, мұнда халықтың мүддесіне қызмет етесің. Және ол үлкен жауапкершілікті, өз ісіңе шынайы берлігендікті, барлық күш-жігеріңді сарқа жұмсауды талап етеді.

- Комитет қызметкерлерінің қылмыстарды ашу бойынша қандай да бір жоспары бар ма? Жалпы, сіздердің қызметкерлеріңіздің жұмысы қандай өлшеммен бағаланады?

- Бұл орайда дұрысы жоспар емес, қандай да бір қылмысты уақтылы ашу жөніндегі міндеттер болады. Және оның маңызды құрамдас бөлігі ол қылмыстардың алдын алу болмақ. Кез-келген арнаулы және құқық қорғау құрылымдарының жұмысын бағалаудағы негізгі өлшем де нақ сол болып табылады. Біздің ведомствоның басшылығы бүгінде қоғамдық және Ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерге қарсы үйлестірілген өзара әрекеттестікті нығайта отырып жұмыс істеуге мүдделі.

- Үстіміздегі жылдың 1 маусымында республикамыздың барлық министрліктерінің қатысуымен өткізілген Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлық мәселесінің барлық қырларын қатаң да айқын ашып көрсетті, оған қарсы күрестің стратегиясы мен тактикасын айқындап берді ғой. Осынау өзекті мәселе туралы өздеріңізге қатысты не айтар едіңіз?

- Иә, ондағы маңызды мәжілістің біздің елімізде де белең алып отырған жемқорлық кеселіне қарсы күрес мәселесіне қозғау салғаны рас. Сол мәжілістен кейін Елбасының тікелей тапсыруы бойынша нақтылы шаралар қолданылып, экономика саласындағы бірқатар қылмыстардың беті ашылды. Атап айтқанда 47 тұлғаға қатысты 37 қылмыстық іс қозғалды. Мәселен Алматыда әртүрлі құжаттар ресімдеу үшін заңсыз ақша алуды ұйымдастырған халықты құжаттандыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру бөлімінің бастығына, мемлекеттік сатып алуларға конкурстар өткізу кезінде пара алу арқылы коммерциялық фирмалардың мүддесін қорғаған Астана қаласы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің тарифтер бойынша басқармасының бастығына қатысты қылмыстық істер қозғалды және тағы басқалар. Осы жақында ғана кен орындарынан, соның ішінде «ҚазТрансОйл» компаниясының «Құмкөл-Қарақойын» магистральды мұнай құбырынан мұнай ұрлау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексерілуде. Мұнай өңдейтін жасырын 18 шағын зауыт жойылды. Осы кезеңде мемлекетімізге 939 млн. теңгеден астам экономикалық залал келтірудің алды алынды. Тергеудегі және аяқталған қылмыстық істер бойынша шамамен 390 млн. теңге мемлекетке қайтарылды. Жалпы, ҰҚК органдарының Комитеттің материалдары бойынша қозғалған сыбайлас жемқорлық жөніндегі 26 тұлғаға қатысты 18 қылмыстық іс Қауіпсіздік Кеңесі арнайы жұмыс тобының бақылауына қойылды.

- Осыдан біраз бұрын ғана астаналық Ақмола облысында Шешенстандағы жалдамалы араб Әбу-Дзейт басшылық ететін бандалық құрылымның қатысушысы Сампиев ұсталды. Сонда ол Қазақстанға қандай мақсатпен келген?

- Иә, ондай оқиға болды. Халықаралық іздеудегі Сампиев біздің елімізге Ресейдегі қылмыстық қудалаудан қашып келген. Ол сол арқылы заңды сот төрелігінен құтылмақ болған. Бірақ, оның ойлағанындай болған жоқ. Осы жерде қолға түскен Сампиев Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша сол елдің арнаулы қызметінің қолына тапсырылды. Қылмыскерді экстрадициялау процесі Астананың халықаралық әуежайында өтті.

- Соңғы кездерде Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы жағдайдың тынышсыздау болып тұрған жайы бар. Ол маңда кісі өлімі де болды. Осы мәселе бойынша қандай шара қолданылуда?

- Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы жанжалды жағдайлардың себептері әртүрлі объективті және субъективті факторлардан туындауда. Ол сол шекара маңындағы халықтың тұтынған діліне байланысты, айталық, олар ондаған жылдар бойы бір кеңістікте ешқандай бөліп-жаратын кедергісіз өмір сүріп келді. Мемлекеттік шекараны орналастыру жолында біраз іс істелгенімен көптеген әлеуметтік-экономикалық проблемалар, шекаралық инфрақұрылымды одан әрі дамыту мәселелері шешімін күткен күйінде қалуда. Қазір ол жерлерде шекаралық бақылаудың әкімшілік ғимараттарын, шекара аудандарындағы тұрғындарды ары-бері өткізетін нығайтылған пункттер салу қолға алынуда.

Өткен маусым айында Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты аталған шекара аумағына арнайы барып қайтқан. Олар істің жағдайын, шекара бекеттерінің өмір-тіршілігін өз көздерімен көріп, сол жердегі елді мекендердің тұрғындарымен көптеген кездесулер өткізді. Жалпы, ондай өмірлік маңызды мәселелердің шешілуі жергілікті билік және басқару органдарының тұрақты назарында болуы керек. Мемлекеттік шекараны қорғау тәртібін тікелей қамтамасыз ететін құрылымдардың өкілдері де өздерінің қызметтік міндеттерін кәсіби тұрғыда орындауы тиіс.

Бұл орайда тұрғындар арасында ақпараттық түсінік жұмыстарын үзбей жүргізудің де маңызы зор. Оның нәтижесінде әр адам мемлекетік шекараның мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің маңызды атрибуты екенін, сондықтан оның айрықша күзетіліп, қорғалатын аумақ екенін айқын сезіне білуі керек. Сондай-ақ, адамдарды заңға бағынуға және бірін-бірі сыйлай білуге дағдыландыру, екі жақтың да шекарашыларының жауапкершілігі мен тұрғындар арасындағы беделін арттырып, нығайту қажет. Бұл орайда кейбір жастар ұйымдарының мемлекеттік шекараны күзету ісінде шекарашыларға көмектесуге ықылас танытқан бастамалары назар аударалық. Мен жастардың ол патриотизмін толық қолдаймын.

- Әңгімеңізге көп рахмет! Егемен еліміздің қауіпсіздігін қорғау жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!

Артқа