Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Тыныштық күзетінде

Әңгімелескен Нұрбек Жақанов, ҰҚК Шекара қызметінің кеңесшісі, Егемен Қазақстан, 18.08.2006ж.

Дүние жүзінің барлық елдерінде мемлекеттіліктің мызғымас белгісі ретінде қаралатын мемлекеттік шекара мәселелеріне әрдайым маңызды орын беріледі. Президент Н.Назарбаевтың да 1992 жылғы 18 тамызда ең бірінші қол қойған құжаты “Қазақстан Республикасының Шекаралық әскерлерін құру туралы” Жарлығы болды. Осы сәттен бастап қазақстандық шекарашылар Қызыл тулы Шығыс Шекара округі негізінде шекара әскерлері, кейіннен ҰҚК Шекара қызметі болып құрылды. Шекара органдарының қалыптасу тарихы – шекарашылардың барлық буындарының Отанына адал және риясыз қызмет ету шежіресі десек, артық айтпаспыз.

Дүние жүзі мемлекеттері арасында Қазақстан аумағы жөнінен 9-шы орында тұр. Кейінгі жылдары шекара сақшыларының міндеттері, олардың ел қауіпсіздігіне жауакершілігі едәуір артты. Егер тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихының басында шекара күзетіндегі жауынгерлеріміз Қазақстан-Қытай шекарасының 1700 километрлік учаскесін ғана күзететін болса, қазір Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан шектесіп жатқан мемлекеттік шекараның 15 мыңнан астам километрін, сондай-ақ Каспий теңізінің су айдынындағы теңіз шекарасын бақылайды.

Осынау ауқымды аумақтың сенімді күзетінде тұрған шекарашылардың кәсіби мерекесі қарсаңында біз ҰҚК төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант Болат Зәкиевке арнайы жолығып, әңгімелескен едік.

- Болат Сейітқазыұлы! Осыдан 14 жыл бұрын егеменді еліміздің сенімді күзетінде тұрған ҰҚК Шекара қызметі құрылды. Оның қалыптасуы жайлы әңгімелеп берсеңіз?

- Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері мемлекеттік шекараның мән-маңызы арта түсті. Елдің мызғымастығы – мемлекеттік шекараның беріктігімен тығыз байланысты. Ата-бабаларымыз қаншама ғасыр бойы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сыртқы күштерден қорғаған жерімізді бекемдеу үшін Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1992 жылғы 18 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі дүниеге келді. Осы жерде сәл шегініс жасап, мемлекеттік реформаларды жүзеге асыруды қолға ала бастаған 1992 жылға ойша көз жүгіртіп көрелік. Бұл тұста ең алдымен, тұрғындардың әл-ауқатының төмендеуі мен тұрмысқа қажетті тауарлардың өте қат болуы, өндіріс ошақтарының уақытша тоқтауы секілді жағдайлар ойға оралады. Осындай уақытша қолбайлауларға қарамастан, мемлекеттік институттарды құру жұмыстарының қарқынды жүргізілгенін жақсы білесіздер. Былайша айтқанда, жаңа, тәуелсіз мемлекеттің негізі сол бір өтпелі кезеңде қаланды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі шаңырақ көтерген уақыттан бері қыруар жұмыстар жүзеге асырылды. Жасыратын несі бар, қалыптасу кезеңі оңайлықпен өткен жоқ. Өтпелі кезеңдегі болмай қоймайтын қиыншылықтар Шекара қызметін де айналып өтпеді. 1992-1993 жылдары, шекара құрылымдарында қарапайым ғана жанар-жағар майдың өзі жетіспей жататын. Мұның өзі белгілі бір деңгейде қиындықтар туғызды. Шекарамыздың Түркіменстан учаскесінде бәрін басынан бастауға тура келді. Ауыз су мен электр жарығының тапшылығы бар, жүздеген километрге созылған Үстірт шоқысында бірде-бір елді мекен қоныстанбаған. Сол сияқты, еліміздің оңтүстік шептерінде де біраз қиындықтар болды. Ол жерде біз тұрақты контрабандалық жолдарды жауып, 1999 жылдың күзінен бастап шекаралық бөлімшелерді қоя бастадық. Бүгін сол қиындықтардың барлығы артта қалды.

- Бүгінгі күні Қазақстан республикасының мемлекеттік шекарасын жайластыру жөніндегі бағдарламаның орындалу барысы қалай?

- Еліміздің тек қана құрғақтағы шекарасының жалпы ұзындығы 14 мың шақырымды құрайды. Ал оны күзету – айтуға ғана оңай. Мемлекетіміздің шекара саясаты ішкі және сыртқы саясаттың құрамдас бөлігі ретінде шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етудің біртұтас жүйесін құруға, мемлекеттің аумақтық тұтастығына қол сұғудың алдын алуға және оған тосқауыл қоюға бағытталған. Оның үстіне көршілес елдермен мемлекетаралық қатынастар қарқын ала бастаған сайын еліміздің шекарасында экономикалық және саяси мүдделерді қорғау қажеттігі туындап отыр. Осынау міндеттерді орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 3 шілдедегі Жарлығымен Мемлекеттік шекараны қалыптастырудың және жайластырудың 2004-2006 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Еліміздің мемлекеттік шекарасын күзетуді ұйымдастыруда Шекара қызметі осы құжаттарды басшылыққа алуда. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде “Шығыс”, “Оңтүстік”, “Батыс”, “Солтүстік” өңірлік басқармалары құрылды. Осы аймақтық басқармалардың құрамында бірнеше шекара отрядтары бар. Алғы шептегі шекара заставаларына қажетті ғимараттарды бөлуде жергілікті әкімшілік органдары түсінушілікпен көмек беріп отырды. Шекара қызметінің құрылымдарына қолдан келген көмектерін аямаған облыс әкімдеріне ризашылығымды білдіремін. Қорыта айтқанда, Мемлекеттік шекарамызды қалыптастыру мен жайластырудың мемлекеттік бағдарламасының талаптары рет-ретімен орындалу үстінде.

- Шекра қызметінің әскери кадрлармен қамтамасыз етілуі мен жетістіктері жайлы не айтар едіңіз.

- Жасыратын несі бар, Кеңес Одағы тарап, көптеген білікті де тәжірибелі офицерлер тарихи атмекендеріне қарай ат басын бұрған кезде мамандарға зәру болғанымыз рас. Бұл күндері Шекара қызметін әскери қызметшілермен қамтамасыз ету толықтай шешілді деп нық сеніммен айта аламын. Шекарашы-офицерлерімізді даярлауды ондаған жылдық тарихы бар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институты жүзеге асырып келеді. Осы оқу орыны кешегі Кеңестер Одағы көлеміндегі санаулы оқу орындарының бірі болатын. Бүгін әскери институттың материалдық-техникалық базасы жақсы деңгейде. Шекара қызметіндегі офицерлер құрамының барлығы дерлік осы оқу орнының түлектері. Шет мемлекеттерден елімізге арнайы сапармен келетін азаматтарды бірінші қарсы алып, құжаттарын тексеретін де шекарашылар екені белгілі. Сол себепті, еліміздің жоғары оқу орындарының шет тілі факультеттерін үздік бітіріп, шекара қызметінде еңбек етуге ниет білдірген жігіттер мен қарындастарымызды арнайы тексеріп, Әскери институттың бір жылдық курсында оқытып, қатарымызға қабылдаймыз. Шекара құрылымдарын мамандармен жинақтау мәселесінде саннан гөрі сапаға баса мән беріп жатырмыз. Мереке қарсаңында шекарашылардың жыл басынан бергі қол жеткізген жетістіктеріне қысқаша болса да тоқтала кетейін. Алғы шептегі шекара құрылымдары 8700-дей мемлекеттік шекараны бұзушыны ұстады. Контрабандалық тауар тасудың 970 оқиғасы тіркеліп отыр. Бұл мәліметтердің 90-ға жуығы заңсыз есірткі тасымалдаушылар екендігі анықталып, тосқауыл қойылды. Олардан жүздеген кило есірткі заттары тәркіленді. Ел аумағына заңсыз қару-жарақ тасып әкелудің 20-дан астам фактісін анықтап, дер кезінде тоқтата білдік. Офицерлер Дәурен Бекжанов, Артур Вишняков, Жәнібек Қанаев, Марат Дүйсебаев, Дәурен Әбілов, Ақылбек Исламғалиев және Ардақ Рақымбеков өз ісінің озаттары қатарында. Сонымен қатар, кәсіби біліктілігі жоғары келісім-шарт қызметкерлері прапорщик Александр Соболев пен старшина Андрей Кулаковты ұжымдары мақтан тұтады.

- Шекаралық заставалардың құрылысын жүргізу, жоғары техникалық құрылымдармен жабдықталуы және әскери қызметшілердің кәсіби дайындықтары қандай?

- Республика Президентінің Жарлығымен өмірімізге енген Мемлекеттік шекарамызды қалыптастырудың және жайластырудың мемлекеттік бағдарламасында бұл мәселелер айқын көрсетілген. Шекара заставаларының құрылысын жүргізу - өте ауқымды жұмыс. Оған заставаның ғимараты, әскери қызметшілердің тұратын үйі, ақыр аяғы мемлекеттік шекара күзету ісінде жиі пайдаланылатын қызмет аттары мен иттерінің қораларына дейінгі жөндеу, жаңадан салу жұмыстары кіреді. 2001 жылдың басында Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев облыс басшыларына Шекара қызметінің құрылымдарына барынша көмектесу жөнінде нұсқау берген. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарлама бойынша қажетті шекара жасақтары мен заставаларының ғимараттары толықтай тұрғызылды. Ал кейбір застава ғимараттарына жыл сайын жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Сондай-ақ әскери қызметшілердің тұрғын үйін осы заманға лайықтап салу жұмыстары басталып кетті. Алғы шептегі заставаларда уақытпен санаспай қызмет атқарып жүрген шекрашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына баса назар аударудамыз.

Шекра қызметінің құрылымдарын жоғары технологиялыө құралдармен жабдықтау шаруасы жыл өткен сайын жақсарып келе жатыр. Мемлекеттік бюджеттен Шекра қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайта түсу мақсатында қомақты қаржы бөлініп келеді. Теңіз шекара дивизиясы құрылған болатын. Осы жылдар аралығында теңіз шекарашылары каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен еліміздің аумағына заңсыз кірген ондаған кеменің жолын кесті. Биылғы маусымның өзінде ғана браконьерлерден 800 килоға жуық бекіре тұқымдас балық уақытында тәркіленіп, тиісті орындарға өткізілді. Каспий теңізіндегі жағдайды бақылайтын күштер мен құралдарды кешенді пайдалануды қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған радиолокациялық жүйені толықтай іске қостық. Бұл теңіз бетін жүздеген шақырымға дейін бақылауға мүмкіндік береді.

25 шілде күні Премьер-Министр Даниал Ахметов Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келгенде шекара қызметінің “Батыс” аймақтық басқармасына соғып, аталған жүйенің жұмысымен танысты. Бүгіндері Теңіз шекара дивизиясында шекара кемелері мен катерлерінің қатары жеткілікті. Мамыр айының соңында Орал қаласындағы “Зенит” зауытында жасалған “Сардар” кемесін Шекара қызметі қабылдап алды.

Тәуелсіз ел болған соң дүние жүзінің көптеген елдерімен алыс-берісіміз жандана түсті. Шетел азаматтары әртүрлі мақсаттармен елімізге ағылып келе бастады. Олардың арасында лаңкестік ұйымдармен байланысы бар азаматтар бар ма, жоқ па деген сауалдарды түпкілікті зерттеу мақсатында “Бүркіт” деп аталатын біріккен ақпараттық жүйені іске қостық. Шетелдік азаматтың еліміз аумағына енген бойда бақылау-өткізу бекетіндегі шекарашылар құжатын тексеру арқылы әлгі азаматтың лаңкестік, басқа да қылмыстық топтармен байланысы бар-жоғын түпкілікті тексереді. Үш жылда бір рет өткізілетін аттестацияда әрбір әскери қызметкердің кәсіби даярлығының деңгейі анықталады.

- Кейінгі уақыттарда қазақ-өзбек шекарасында біршама шиеленіскен оқиғалар орын алып, біраз алңдаушылық туғызғаны белгілі...

- Қазақ-өзбек шекарасында шиеленіскен оқиғалардың орын алғандығын бәріміз білеміз. Ондаған жыл көрші отырып, қыз алысып, құдандалы жекжат болған екі ел азаматтары мемлекеттік шекараның күзетіле бастағанына алғашында абыржып қалғандары рас. Екі елдің мемлекет басшылары шекраны делимитациялау мен демаркациялауды басты назарды ұстады. Орын алған шиеленіскен жағдайлардан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Шекаралы аймақ тұрғындарының санасына шекара режімінің талаптарын, ережелерін сіңіргенше бірталай уақыт керек. Ал енді орын алған жағдайлар екі елдің дипломатиялық арналары арқылы түпкілікті тексерілуде.

Маусым айының басында Парламент Мәжілісінің депутаттары “Оңтүстік” өңірлік басқармаға қарасты әскери бөлімдерде болып қайтты. Халық қалаулыларының әскери даярлығымыздың жоғары екендіктеріне көздері жетті.

Бүгінгі шекарашылар күніне орай, тағдырын мемлекеттік шекара күзетіне арнаған барша шекарашылар қауымын төл мерекелерімен құттықтаймын. Отанымыз тыныш, отбасымыз аман, аспанымыз ашық болғай деймін!

- Әңгімеңізге рахмет!

Артқа