Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Қауіпсіздік тұғыры

Александр Тасболатов, “Егемен Қазақстан”, 09.02.2008ж.

Еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мемлекетіміздің басты ба­ғыт­тарының бірі болып табылады. Президент Нұрсұлтан На­зарбаев “Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мем­лекеттік саясаттың басты мақсаты” атты кезекті Жол­дауында еліміздің саяси, экономикалық қауіпсіздігіне, хал­қымыздың әл-ауқаты мен бейбіт тұрмысына ерекше назар ауд­арды. Міне, Елбасы Жолдауында атап өткендей, осы қауіп-қа­терлердің алдын алу, оны болдырмау барысында қандай ша­ралар атқарылып жатыр деген сауалдарға орай Ұлттық қа­уіпсіздік комитетінің төрағасы Амангелді ШАБДАРБАЕВҚА жо­лыққан едік.

– Амангелді Смағұлұлы, әр заманның өз зауалы бар де­гендей, ХХІ ғасырдағы қауіп­тің үлкені халықара­лық террор­изм болып тұр. Қа­зақ­станмен көр­шілес елдерде де жан түр­шіктірерлік жарылыстар болып, лаңкестік оқиғалар орын алды. Сондай сәттерде қазақс­тан­дық­тар­ды “терроризмге қар­сы күрес біздің елде қалай жүр­гізілуде, қа­уіп­сіздігіміздің бе­ріктігі қандай дә­режеде деген ойдың маза­ла­й­тын­дығы жасы­рын емес...

– Иә, Елбасы халыққа ар­наған жаңа Жолдауында Қазақ­стан алдағы уақытта да халық­ара­лық лаңкестік пен діни экс­тремизмге қарсы күрес жө­нін­дегі халықаралық коали­ция­ның белсенді мүшесі ретіндегі ұста­нымын жан-жақты нығайта беруге ниетті, деп атап өтті. Демек, қауіпсіздік органдары­ның алдына қойылған тап­сыр­малар ішінде терроризмге қарсы күреске айрықша назар ауда­рылып отыр. Уақытында қабыл­данған шаралар, оның ішінде шетелдік әріптестермен бірлесе әрекет ету нәтижесінде ҰҚК ел ау­мағында болуы мүмкін бір­неше террорлық оқи­­ға­лардың жо­лын кесті. Мә­селен, Оңтүстік Қа­зақстан облы­­сындағы кә­сіп­кер азамат­тарды қарақшылық жолмен тонауды, құқық қорғау орган­да­­рының қызметкерлерін өл­тіруді жоспарлаған, осы ар­қылы елдегі жағдайды тұрақ­сыз­дандыруды көздеген қыл­мыс­тық топ қолға түсті. Олар ойлас­тырған лаңкестік әрекет­терінен кейін “отты нүктелер­дегі” әскери іс-қимылдарға қа­тыспақ ниетте болған. Дер ке­зінде алынған ақпарат­тың нә­тижесінде лаңкестердің жат пиғылы белгілі болып, тиісінше ша­ралар қабылданып, бола қал­са орны толмас қасіретке соқ­тыруы мүмкін оқиғаның алды алынды. Оған террор­измге қарсы күрес жүргізуге қажетті заңдылық базаның жеткілікті және арнаулы қыз­меттің осы саладан теориялық-практикалық машығы болуы секілді шарт­тар­дың мүлтіксіз орындалуы іс-шараның сәтті өтуіне әсер етті. Сақ та, білікті қимылд­а­ға­ны­мыз­дың арқа­сында аталған топ мү­шелерін тінту барысында қол­дан жасал­ған жарылғыш құ­рылғылар, қару-жарақ, оқ-дәрі, экстре­мис­тік бағыттағы көпте­ген әде­биеттер алынды. Қазір бұл іс сотқа жіберілді.

Дегенмен, бұл саладағы кү­рес сәтті іс-шаралар өткізумен ға­на шектеліп қалмайды. Тер­роризм дегеніміз бір елдің ше­карасынан әлдеқашан шығып, әлем­дік дертке айналған қатер. Оны бір елдің жеңіп шығуы да мүмкін емес. Сондықтан бірін­ші кезекте шетелдік әріптес­термен ақпарат алмасу, сол арқылы өз тілімізде айтқанда, жедел жағ­дай­ды бақылау да кезек күт­тір­мес міндет. Қазір инфра­құ­ры­лым­ның дамыған заманы. Бір елде қылмыс жа­сап, екінші елде бой тасалау лаңкестердің әбден меңгерген тәсілдерінің бірі. Сондықтан іргелес мемлекет­тер­дің құқық қорғау органдарының өтініші бойынша ауыр қыл­мыс­тарға байланысты күдік кел­тір­ген бірқатар адамдарды біздің ел­дің аумағында іздестіру жұ­мыстары үздіксіз жүргізіледі. Ұс­тал­ғандары қылмыс жасаған ор­ын­дарына байланысты экс­тра­дицияланады. Өз ішімізден де әлем­дегі заңсыз әскери құ­ра­ма­лар­дың, лаңкес топтардың қа­тарына қосылып, қақ­ты­ғыс­тарға қатысып қайтатындары жоқ емес. Кейбіреулері алда­нып, өз­дерінің теріс жолға түсіп қал­ған­дарын білмей жатады. Сондай бір топ қазақ­стан­­дықтардың Таяу Шы­ғыс­тағы заңсыз әскери құ­рама­ларға қосылғаны бар. Солар­дың ішінде Жамбыл және Оң­түстік Қазақстан облыс­та­ры­ның оншақты тұрғыны бар бо­лып шықты. Олар ҰҚК бас­та­масы бойынша ел азамат­ты­ғынан айырылды.

– Елдегі конституциялық құ­ры­лымды ыдыратуды көздей­тін ұйымның бірі “Хизб-ут-Тах­рир” деп жиі жазылады. Осы ұйым­ның үгіт-насихатының қаншалықты қаупі бар?

– Бұл жай ғана популизм­мен айналысып жүрген ұйым емес. Алдына белгілі бір мақсат қойған, соған жету жолында тиісінше жоспарлы іс-әрекет жасап жүр­ген ұйым. Оның түп-тамыры ше­телде жатыр, сол жақ­тан қар­жыландырылады, бас­қарылады. Сол жақта ар­найы дайындалған эмис­сар­лардың мұндағы жергілікті жағдаймен танысып, барлау жасау үшін келгендері де бар. Өткен жылы осы мақсаттағы шетелдік үш эмиссар ұсталып, елден аласта­тыл­ды. Жалпы, ресми түрде айтқанда, оны “Хизб-ут-Тахрир” діни-экс­тремистік партиясы дей­міз, ал оның Қазақстанға қа­тысты іс-қимылы әзірше бас­тауыш ұйымдар құрумен, солар арқылы біртіндеп үгіт-насихат жұмысын жандандыра түсумен, өз қата­р­ларына көбірек жақтастар тартуға әрекет жасаумен анық байқалады. Әрине, олардың жақ­тастары сана-сезімі, өзіндік өмір­лік көзқарасы әлі қалыптас­па­ған жастар, қоға­мымыздың әлеу­меттік әлсіз топ­тары болып келеді. Былтырғы жы­лы сауы­қ­тыру мақ­сатында жүр­­гізілген үгіт-насихат жұ­мыс­тарының нәтиже­сінде жүз­ден ас­там жастар өз ерік­терімен атал­ған партия қатары­нан ш­ығып, жат пиғылды түрлі әде­биет­терді әке­ліп тапсырды. Бұл үрдіс елде жас­тар арасындағы жұмыстың тиісті орындар тарапынан кең көлемде жүргізіл­мейтіндігін, әрбір жастың кө­кейіне жетпейтіндігін, жастар ұйым­­дарының, басқа да ұйым­дардың назарынан тыс қалатын­дығын көрсетеді. Қарағанды қала­сында қазақ­стандық “Хизб-ут-Тахрирдің” бас­та­у­ыш ұйымы­ның отыз көшбас­шысы мен белсен­ділерінің үстінен қоз­ғалған қыл­мыстық іс бойынша сот ісі жүргізілуде. Олардың заң­сыз қи­мылдары толығымен айғақтай дә­лелденді.

– Қазір төніп тұрған терроризм қаупінен гөрі елді жайлаған есірткі саудасы да өзекті мәселеге айнал­ды. Еліміздің геосаяси тұр­ғыдан оңтайлы орналасуын есірткі биз­несімен айналысушылар тиімді пай­даланып бағуда. Оған мысал елі­міздің әр түк­­пі­рінен ашылып жат­қан есірткіге қа­тысты қылмыс­тар. Егер есірткі бол­маса нашақор да болмас еді де­гендей, қауіпсіздік ор­ган­­дарының осы салада атқарып жат­­­­қан қыз­метіне тоқталып өт­сеңіз.

– Заңсыз есірткі айналымы қа­зіргі таңда, өзіңіз айтқандай, адам­зат баласының өзекті мәселесіне ай­налып отыр. Ал терроризм мен есірт­кі саудасының арасында, сөз жоқ, байланыс бар. Көптеген лаң­кестік әрекеттер есірткі бизнесі тара­пынан қаржыландырылады. Сон­дықтан, комитет бөлім­ше­ле­рі­нің халықаралық есірткі бизнесімен кү­рес саласындағы негізгі күші есірткі трафиктерінің жолын кесуге, оның ұйымдастырушылары мен қолдаушыларын анықтауға арна­лады. Нәтижесінде өткен жылдан қазіргі уақытқа дейін жиырмадан астам есірткі арнасы жойылды. Заң­сыз айналымнан тон­надан астам есірткі заттары алын­ды, оның ішінде 700 килоға жуығы героин мен апиын болып отыр. Бұл өткен жылы қазақ­стан­дық барлық күш құрылымдары алған жалпы есірткінің жарты­сы­нан астамының қауіпсіздік орган­дары­ның үлесінде екендігін дәлелдейді. ГФР, ресейлік және өзбекстандық әріптестермен бір­лесе отырып бірнеше арнайы іс-ша­ралар өткізілді, трансұлттық бес есірт­кі тобы мен ауғандық өтпелі есірт­кі арнасы жойылды. “Восто­ч­ное сафари” және “Тайфун” ар­найы іс-шаралары нәтижесінде Қа­зақ­станның бірқатар қалаларында ірі есірткі қауымдастығының жолы кесілді. Республикамыздың бірнеше қаласында есірткіні сақтайтын ошақтар анықталды. Соған сай, есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар ішкі істер органдары қызметкерлерінің қылмыстық істері ашылды. “Астана – есірткісіз қала” шарасы аясында бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Тағы бір мәселе, тәркіленген есірткілердің екінші айналымға түсуі. Сондықтан есірткілерді сотқа дейін жою мәселесін бір­неше мәрте айтқан болатынбыз. Осыған байланысты ішкі істер органдары ұсынған заң жобасын депутаттардың қолдап жатқан­дығы қуантады. Жалпы, есірткі тұтыну мәселесінде әр адамның тағ­дыры өз қолында екендігін баса айт­қым келеді. Сондықтан есірт­кімен күрестің пәрменді болуы, оның соншалықты таралу-таралмауы секілді фак­тор­ларды да реттеу азамат­тардың өздеріне байланысты.

– Еліміздің ұлттық қауіп­сіз­дігіне, оның тұрақты дамып, өр­кендеуіне қатер төндіріп тұрған қа­уіптің тағы бірі –сыбайлас жем­қорлық. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев “Сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы он мәрте күйрете соққы беру” қа­жет­тігін атап көрсетіп, соған орай нақ­ты тапсырмалар белгіленді. Ал оны жүзеге асыру барлығымыз үшін, қоға­мымыздың әрбір мүшесі үшін үлкен сын.

– Иә, бұл жөнінде Президент Жолдауында: “Демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады”, деді. Сондықтан сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күресті науқан­дық жұмыс деп қабылдамау керек. Дүние жүзінің тарихына көз жүгір­тер болсақ, ешбір ел, ешбір мем­лекет жемқорлықтың түбіне балта шауып, түбегейлі жойып тастадық деп мақтана алмайды. Мәселе соған қарсы күресті тоқтатпай үне­мі және кешенді түрде жүргізіп оты­руда. Міне, еліміздің қауіпсіздік органдары жұмысын осы талаптар дең­гейінде ұйымдастырып келеді. Өткен жылы қауіпсіздік орган­дары 600-ден астам сыбайлас жем­қорлық құқық бұзушылығын анықтады. Әкім­шілік және тәр­тіптік жауап­кершілікке төрт жүзден астам лауазымды тұлға тартылды. Олар­дың арасында әкімдер, әкім­шілік қызметкерлері, судьялар, сот орындаушылары, прокурорлар және басқалары бар. Қылмыстық істер бойынша тиісті ұсыныстар шығарылды, олардың нәтижесі бо­йынша жүзден астам лауазымды тұл­ға тәртіптік жолмен жазалан­ды, қыз­меттері төменде­тілді немесе бо­сатылды. Қауіп­сіздік Кеңесінің ар­найы тобының бақы­лауында болған қыл­мыстық істердің барлығы сотқа жеткізілді.

Сыбайлас жемқорлықтың бе­лең алып отырған бір саласы мем­лекеттік сатып алуға бай­ла­нысты екен­дігі баспасөз бет­терінде жиі айтылады. “Жел т­ұр­маса шөптің басы қимыл­дамайтындығы” шын­дық. Қор­шаған ортаны қорғау минис­трлігінің кейбір жергілікті бас­шыларының жасаған сыбайлас жем­қорлық қылмыстары да анықталды.

– Рахат Әлиев пен генерал Әл­­нұр Мұсаев құрған топқа қатысты қоз­ғалған қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергегендігі белгілі. Осы істің қазіргі беталысы қалай?

– Р.Әлиев пен Ә.Мұсаев құрған қылмыстық топтың бүлдіргі әрекеті жөніндегі істі комитеттің арнайы жедел тобы тергеді. Ауқымды да тегеурінді жұмыс жүргізілді. Іс барысында көптеген қылмыстық топ мүше­лері анықталып, нақты­ланды, олар жасаған қылмыс ай­ғақтай дәлелденді. Олар Қыл­мыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша айыпталып отыр, оның ішінде ұйымдасқан қылмыс­тық топ құру мен оған басшылық жа­сау, мемлекеттік құпияларды заңсыз алу және жариялау, бөгде адамның сеніп тапсырған мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу, қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды заңсыз айналымға салу, қаруды, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды ұрлау және билікті жеке мүддеге пай­далану секілді баптар бар. Тергеу барысында анықталған, нақты­ланған деректердің барлығы сот орнына жіберілді.

– Бүгінде Қазақстан әлемдік аренаға көтерілді, соған сай оған дүние жүзінің назары ауып отыр. Ал әр мемлекеттің өз құпиясы бар, біздің құпиямыз кімдерді қызық­тырады, болса, оларға қарсы қан­дай тосқауыл шаралары қойылады?

– ҰҚК әзірлеген қарсы барлау шаралары жүйесі шетелдік арнайы қызметтердің Қазақ­стандағы тың­шылық ұмтылыс­тарына, заңсыз әре­кеттеріне жеткілікті түрде қарсы әрекет етуде. Әрине, шетелдік тыңшы­лардың қызығушылығын туды­ратын нысандар алуан түрлі болып келеді. Оның ішінде, эко­но­мика, саясат, ғылыми-техни­калық, әскери-техникалық секілді көп­теген салалар бар. Құпияларға қол жет­кізу жолдарын да түрлі бағытта қарастырады. Өткен жылы Алматы қаласында шетелдік арнайы қызметтердің бірінің резидентурасы анықталды. Қазақ­стан аумағында жүргізіліп жатқан бірқатар барлау шара­ларының жолы кесілді. Нәти­жесінде шетел­дік арнайы орган­дардың екі агенті сотталды. Төрт елдің арнайы қызметтерінің алты қызметкері және төрт агенті анықталды. Бірнеше ондаған адам жедел бақылауға алынды. Қазақ­стан­дық азаматтарды жасырын қызметке тарт­пақ болған сегіз оқиға ашылды. Өз белсенділігімен тың­шылық жасауға әрекет еткен азаматтардың жолына тосқауыл қойылды. Сөйтіп, алты елдің арнайы қызметіне қатысты күдік тудырған он төрт шетел­дік азамат елден шығарылды.

Бұл орайда қарсы барлау­шылар­дың ерен еңбегін де баса айту керек. Әлемнің іргелі деген, ұзақ жылдар бойы экономикасы мен мәдениеті, дәстүрі қалып­тасқан арнаулы қызметтерінің тыңшылық әре­кеттеріне қарсы төтеп беріп, қажет жағдайда олармен такти­калық ойындар “ой­науға” да шығып жүр. Нәти­жесі көңіл көншітерлік. Тиі­сінше, мем­лекеттік құпияларды қор­ғаудың да деңгейі көтерілді. Құпия­лылық режімін бұзғаны үшін 125 лауазымды тұлға әкім­ші­лік және тәртіптік жауап­кер­шілікке тартылды. Ал мем­ле­кеттік құпияны жария еткен­дері үшін бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық істер тергелуде.

Ақпараттық қауіпсіздіктің қазіргі заманғы технология­ларын ендіру бойынша ай­тарлықтай жұмыс жүргізілді. “Электронды үкіметтің” ақпа­раттық қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету бойынша да бірқатар шаралар іске асы­рылды. Аста­нада ақпаратты қорғау және өңдеу құралдарын сынау жөніндегі зертхана пайдалануға берілді. Интернет желісінен бақылаудағы шабуыл­дар жүр­гізу жолымен мемлекет­тік органдардың қорғаныс деңгейін тексеру бойынша жағ­дайларды модельдеу үшін поли­гон ашыл­ды. Респуб­ликаның он­шақ­ты қаласында үкіметтік байланыс­тың жоғары дәрежеде жұмыс істеуін қамтамасыз ететін осындай байланыс қыз­метінің жаңа құрылғысы жасақталды.

– Тиімді жүргізілген эконо­ми­калық реформалардың нәти­же­сінде елдің әл-ауқаты артты. Бұл жетіс­тікке қол жеткізуде эко­номикалық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету барысындағы ҰҚК еңбегі де орасан екендігі сөзсіз.

– Иә, мемлекет іске асырып жатқан экономикалық бағдар­ла­малар аясында қауіпсіздік ша­ра­ларының кешенін дайындау, анықталған қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша тиісті мем­лекеттік органдарда қажетті іс-қимыл ұйымдастыру комитеттің кезек күттірмейтін міндеттерінің бірі. Жалпы, экономикалық қауіпсіздік ұғымының ауқымы кең екендігін еске алар болсақ, бұл салада атқарылып жатқан істер жетіп артылады. Эконо­ми­калық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді түрде жүр­гізілетін жедел іздестіру іс-ша­раларының нәтижесінде мем­лекетке экономикалық залал кел­­тіруі мүмкін көптеген оқи­ға­лар­дың жолына тосқауыл қо­йылды. Нәтижесінде айтар­лық­тай қомақ­ты қаржы мемлекет кірісіне қай­тарылды. Эконо­ми­калық қауіп­сіздік саласы бо­йынша өткен жылы 285 қыл­мыстық іс қозғалды. “Кө­лең­келі” экономи­каның ба­ғыт-бағдарын анықтау және түбіне балта шабуға бағытталған шара­лар атқарылды. Ұйымдасқан эко­номикалық кон­трабанда мен салық­тық қылмыс­тар деректері бо­­йынша елуге жуық іс қоз­ғалды.

Шикізат ресурстарын, аса ірі көлемдегі көмірсутектерін та­лан-таражға салу, кен орын­дарынан және мұнай арна­ла­ры­нан өнім ұрлау, алтын құрайтын ши­кізатты заңсыз өндіру, жа­сырын цех­тарда байытылған ми­нералдық концен­траттарды ше­телге сату секілді кәсіппен ай­налысып келген тұрақты қыл­мыстық топтар­дың іс-әрекеттері анықталды.

– Мемлекеттік шекараны қорғаудың жай-күйі қалай?

– Бүгінде мемлекеттік шекара халықаралық, эконо­ми­калық, мәдени достық қарым-қа­­­ты­нас­тың, халықтарды жа­қын­дас­тыратын, ағайын-туыс­тың барыс-келісіне жол ашатын дәнекер көпірге айналып отыр. Елбасының салиқалы саяса­ты­ның арқасында шекаралас ел­дердің барлығымен өзара тиімді шарт­тарға қол жеткізіліп, көп­теген маңызды салалардың өр­леуіне жол ашылды. Осының нә­тижесінде шекара арқылы өте­тін жеке тұлғалар, көлік құ­ралдары, тағы басқалар күннен-күнге арта түсуде. Атап айтсақ, өткен жылы 20 млн.-нан астам жеке тұлға және шамамен 3 млн. көлік құралдары өткізілді. Шекаралас аймақтарда тұратын тұрғындар үшін олар­дың көршілес елдер­дегі ағайын-туыстарына қаты­на­сын дамыту, жол қыс­қарту мақсатында қосымша өткізу бекеттерін ашу ісі жалғасуда. Әрине, оның ішін­де барлығы ойдағыдай болды, ешкім заң бұзған жоқ деп айта алмаймыз. 16 мыңнан аса шекара бұзушы­лар ұсталды. Каспийдің биоре­сурс­тарын қорғау, оны сақтап дамытуға үлес қосу да шекара­шы­ла­ры­мыз­дың абыройлы мін­деттерінің біріне айналып отыр. Мемлекет тәуелсіздігі шекарадан бас­та­латындығын ескерер болсақ, оны қорғау мәселесіне басты назар аударыла беретін болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Артқа