Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Амангелді Шабдарбаев: Өмірлік ұстанымым – әділеттілік

Сұхбаттасқан Қайыржан Төрежан, Айқын, 02.06.2009

Ел тұтастығын, мемлекеттің ішкі-сыртқы қауіпсіздігін, саяси тұрақтылығын қадағалау үшін құрылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тамыры тым тереңде жатыр. ВЧК-ОГПУ-НКВД-МГБ-КГБ аталып келген мекеме Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Елбасының Жарлығымен 1992 жылдың 13 шілдесінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып қайта құрылды. Қазіргі ҰҚК – өзіндік жауынгерлік дәстүрі қалыптасқан, еліміздің саяси, экономикалық ахуалын қадағалайтын, жалпы, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме. Төменде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаевпен сұхбатты жариялап отырмыз.

– Амангелді Смағұлұлы, ұлттық қауіпсіздік органдарының тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі бүгінгі таңдағы басым бағыттары туралы айтып өтсеңіз...

– Бұрын ҰҚК алдында тұрған ұлттық қауіпсіздікті сақтауға қойылатын барлық талаптар қазіргі күні де өзгерген жоқ. Ол туралы Елбасымыз халыққа арнаған биылғы Жолдауында да нақты айтып өтті. Сондықтан алдағы уақытта да шетел арнайы қызметтерінің мемлекетімізге жасауы мүмкін барлау-бүлдіру іс-әрекеттеріне қарсы тұру, экстремизм мен терроризмнің әр қилы көріністерін, заңсыз есірткі саудасын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық сияқты қылмыс түрлерін бақылауда ұстап, оларға қия қадам бастырмай жолын кесу, қоғамның тұрақтылығын сақтау, жеке адам мен жалпы, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, конституциялық құрылымды, аумақтық тұтастықты, елдің экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетін қорғау бағытындағы жұмыстар қажетті деңгейде жүргізіле беретін болады.

– Комитет құрамындағы бұрынғы сыртқы барлау қызметі «СырБар» болып жеке бөлініп шықты, күшейтілді. Ал Қазақстанның қарсы барлау қызметіне қандай баға берер едіңіз, жетістіктері туралы не айтар едіңіз?

– Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарсы барлауды ұйымдастыруда кәсіби шеберлігі жетілген, басқа елдер арнайы қызметтерінің мақсаттарына қарсы тұру жүйесі жоғары деңгейдегі ұйым екенін көрсете білді. Соның арқасында қазіргі таңда алыс және жақын шетел мемлекеттерінің арнайы қызметтері санасуға мәжбүр болып тұрған ҰҚК соңғы үш жылда осы шетел қызметтерінің 18 тұрақты қызметкері мен агентін әшкереледі.

– Көпшілікті мазалаған бір сауалдың жауабын сіз береді деп ойлаймын... Қазақстанда террористер ұйымдары бар ма, болса, оларды кім қаржыландырады?

– ҰҚК террористік ұйымдардың Қазақстан аумағына ұялауына жол берген жоқ. Бұл – біздің қызметіміздің басты жетістігі. Ал көкейлерінде сондай арман орнаған ұйымдар жетерлік. Оны күнделікті жедел қызмет барысындағы деректер айғақтауда. Мәселен, ҰҚК берген материалдар негізінде сот органдары республика аумағында 14 халықаралық террористік және 1 экстремистік ұйымның іс-әрекетіне тыйым салды. Қазақстанда көзі жойылған және тыйым салынған «Орталық Азия моджахеттерінің жамиғаты» ұйымы біздің бастамамыз бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен БҰҰ террористік ұйымдарының шоғырландырылған тізіміне енгізілді. Террористік ұйымдардың іс-әрекетін қаржыландыру мәселесіне келетін болсақ, Қазақстан БҰҰ терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенциясына қосылды. Аталған норманы қолдану тәртібі, сондай-ақ терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің басқа да құқықтық аспектілері қазір Парламенттің қарауындағы заң жобасында көрініс тапқан.

– Елдің экономикалық, саяси мәселелеріне өзіндік ықпал жасап, өз дегенін жүргізуге ұмтылатын экстремистік ағымдармен күресті жандандыра түсу жолы қандай деп ойлайсыз?

– Әртүрлі діни ағымдармен бүркемеленген бірқатар ұйымдар экстремистік идеологиясын таратумен халықтың санасын улап, жастардың басын айналдыруда. Діни уағыздармен бүркемеленген идеялардың ақ-қарасын ажырата алмаған біраз азаматтарымыз адасып та жүр. Осы жағдайды ұтымды пайдалана білген эмиссарлар әдетте болашақ содыр-террористерді, экстремистік бағыттағы идеялармен сусындайтын жасырын діни ұйымдарды іздестіреді. Бұл ретте мұндай экстремистік ағымдармен күрес бүкіл қоғамның, әсіресе, сіздердің – БАҚ-тардың қатысуымен алдын алу мақсатында жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстары арқасында нәтижелі боларына назар аударғым келеді.

– «Хизб-ут-Тахрир» діни ұйымының іс-әрекетіне тосқауыл қою мәселесі қалай шешімін табуда?

– Бұл ұйым туралы БАҚ беттерінде талай айтылды. «Хизб-ут-Тахрир» іс-әрекеті елімізде әзірше бастауыш ұйымдар құруымен, үгіт-насихат жұмыстарын бірте-бірте жандандыра түсуімен, сөйтіп, өз қатарына көбірек жақтастар тартуға әрекет жасауымен байқалады. Әрине, олардың жақтастары сана-сезімі, өзіндік өмірлік көзқарасы әлі қалыптаса қоймаған жастар, қоғамның әлеуметтік әлсіз топтары болып келеді. Соңғы жылдары ҰҚК тарапынан аталған ұйымға қарсы алдын алу мақсатында жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде жүздеген жастар осы партия қатарынан саналы түрде бас тартып, жат пиғылды түрлі әдебиеттерді әкеліп тапсыруда. Осы орайда қоғамымызда адасып жүрген азаматтарымызға ой салып, олардың діни сауатын ашу мақсатында Қазақстандағы дәстүрлі діни ұйымдар, дін өкілдері мен теолог-ғалымдар, жеке адамдар мен жалпы, қоғам жүргізетін үгіт-насихат жұмыстарының орны ерекше боларын атап өткен жөн.

– Әлемдік экономикалық дағдарыс әлеуметтік қиындыққа әкелді. Осыған байланысты ұйымдасқан қылмыстық топтар қайта бой көрсетіп, алаяқтықтың жетілген айла-шарғылары, жалған ақша жасау сияқты қылмыстың жаңа түрлері шыға бастады. Экономика саласындағы қылмыстармен күрес жайлы айтып кетсеңіз?

– Иә, дүниежүзілік қаржы дағдарысы салдарынан көптеген жаңа қауіп-қатерлер байқалуда. Елбасының биылғы Жолдауына орай, еліміздің экономикалық қауіпсіздігі саласында ҰҚК қызметі күшейтілуде. Біз бұл жағдайды жіті қадағалаудамыз. Біздің міндетіміз – заман ағымына сай жүру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бар жігерімізді салып, бүкіл күш-қуатымызды жұмылдыру. Сондықтан ҰҚК мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықтың және экономика саласындағы, соның ішінде оның кеден және салық орындары сияқты бюджетті толықтыратын маңызды салаларындағы қылмыстардың жолын кесу бойынша соңғы кездері бірқатар кең көлемді операцияларды іске асырды. Шикізат ресурстарын ұрлаумен айналысатын тұрақты қылмыстық топтардың жолы кесілді. Нәтижесінде айтарлықтай қомақты қаржы қазынаға қайтарылды. Экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін дағдарысқа қарсы қабылданған іс-шаралар іске асырылуы тиіс. Бөлінген қаржының бағытталған иесіне жетуі осы іс-шараларда көзделген. Ал бұл – тек ҰҚК ғана емес, барлық мемлекеттік органдар жұмыла атқаратын іс.

– Австрияда ұсталған полиция қызметкерлерінің «қазақстандық барлауға қатысы бар» деген әңгіме қаншалықты шындық?

– Бұған жауап ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзінің қызмет бабында халықаралық құқықтық қағидалар мен нормаларды қатаң сақтайтынын, тек заң шеңберінде ғана жұмыс жүргізетінін айтсақ, онда басқа деректер келтірудің қажеті болмас деп ойлаймыз.

– «Израильден қару сатып алу» операциясы қалай аяқталғаны белгілі, осы оқиға туралы айтып кетсеңіз?

– Бұл оқиғаға қатысты кезінде брифинг өткізгенбіз. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің міндеті – еліміздің қорғаныс қабілетін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан ҰҚК өз міндетін орындау үстінде.

– Соңғы уақыттары жұртшылық назарын аударып отырған тұтқындауларға қатысты не айтасыз? Кейбіреулер мұны саясат салқынынан көреді...

– Мұнда ешқандай да саясат жоқ. Заң алдында адамдардың бәрі бірдей. Егер адам заң талаптарын бұзып, түзу жолдан қияс кетсе, халқымыздың «қолыңмен істегенді мойныңмен көтер» дегеніндей, өз ісіне жауап беруі тиіс. Қылмыстық істер нақты негіздер бойынша қозғалады. Қоғамда әрқайсысы өз жұмысын орындауда, орган қызметкерлері де, заңгерлер де, тергеушілер де қызметтік міндеттерін атқаруда. Осы тізбектегі соңғы сөз сот органдарында болады. Сот – қоғам мүшесінің ақ-қарасын ажыратып, ақтайтын немесе жазалайтын ең жоғарғы инстанция. Елімізде заңнамалық норма, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық іс жүргізу кодексі және басқа да нормативтік құқықтық базалар бар. Бұлардың бәрі құқықтық елдерге тән атрибуттар болып табылады.

– Амангелді Смағұлұлы, Сізді 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде арнаулы қызметтегі жұмысынан кеткен дейді. Өміріңіздің осы кезеңінен үзінді келтіре кетсеңіз?

– Иә, ондай жағдай болды. Өмірбаяныма аса тереңдемей-ақ айтарым, мен өз азаматтық позициямда қалдым. Өмірлік ұстанымым – әділеттілік болғандықтан, еш кінәсіз жастардың зардап шегуі менің бұл ұстанымыма қайшы келді. Жалпы, әскери қызметші болғандықтан, жоғары басшылық ұйғарған салаларда, соның ішінде қауіпсіздік қызметінде отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін.

Артқа