Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Арнайы қызметке қабылдау талабы өте жоғары

Сұхбаттасқан Қайыржан Төрежан, Айқын, 01.03.2012 ж.


Еліміздегі демократиялық үрдістердің дамуына байланысты жақында құқық қорғау, қарулы күштер, арнаулы қызметтер туралы заңдар Сенаттың Халықаралық қатынастар және қауіпсіздік комитетімен қайта қаралып, кейбір заң актілерінде түбегейлі өзгертулер енгізілді. Елбасы қол қойып, Парламент бекіткен соңғы заң актілері бойынша құқық қорғау жүйесіндегі әрбір мемлекеттік органның атқаратын міндеттері құзырлығына қарай ыңғайландырылды.

 

Бұл бір жағынан арнаулы қызеттің атқаратын жұмыстары мен құқықтық статусын да нақты айырып берді. Жақында ғана, ақпанның 13 күні ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін дамыту бағытында «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» және «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттiк органдары мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбiр заң актілерінде өзгерiстер және толықтырулар енгiзуi туралы» екі бірдей заң күшіне енді. Бұл заңдар арнаулы мемлекеттiк органдардың атқаратын қызметтерінің, салалық бағытының басқа мемлекеттік органдардан, бірінші кезекте құқық қорғау және әскери қызмет органдарынан айырмашылығын есепке ала отырып, олардың арасындағы «қызметтік шекараны» бөліп беруге бағытталған. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органдарының заманауи жүйесін ұлттандыру институты, отандық арнаулы қызметтің дамуы негізін қалаған Елбасының 1992 жылғы 13 маусымдағы жарлығынан бастау алады. Ал 1995 жылдың 21 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» заң осы ведомствоның дәрежесі мен құқықтық жағдайын қалыптастырған кезекті кезеңі болды. Ұлттық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту – арнаулы мемлекеттiк органдары қызметінің оперативтілігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Соңғы қабылданған заңдардың бұрынғылардан айырмашылығын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, полковник ӘМІРИН Ғұсман Кәрімұлы ажыратып, түсіндіріп берді.


- Ғұсман Кәрімұлы, «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заң сіздердің қызметке қандай тың өзгерістер әкелді?

 

- Жаңарған заң арнаулы мемлекеттік органдардың алдына қойылған міндеттерін орындау үшін тиімді дамуын және ресурстық жабдықталуын анықтайды, сондай-ақ солармен байланысты шығындарды оңтайландырады, арнаулы қызметті олардың табиғатына келмейтін жұмыстарды атқарудан босатады. Дамыған елдердің тәжірибелері бойынша арнаулы органдардың әскери қызметкерлері арнаулы мемлекеттік қызметкер санатына жатқызылды. Арнаулы қызметтің жаңа моделі адами фактордың маңыздылығын танытуға бағытталған. Осыған байланысты оның қызметінің басты принципі – адамның және азаматтардың құқығы мен бостандығын, қоғамның және мемлекеттің мүддесін қорғау болып табылады. Сондай-ақ арнаулы қызметтің құпиялығы мен конспирациялары, астыртын жұмыс тәсілдері мен құралдары сияқты принциптері алғаш рет заң жүзінде қабылданып отыр.


- Жаңа заң бойынша арнаулы қызметке жұмысқа тұру талаптары қиындаған болар?

 

- Мемлекеттік арнаулы қызметке кіру, жұмыс істеу және қызметті тоқтату мәселесі туралы заңда жан-жақты көңіл бөлінген. Мемлекеттік қызметке байқаудан өту арқылы тұруға әрбір азаматтың конституциялық құқығы бар. Арнаулы қызметтің айрықша жұмыстар атқаратындығына байланысты заңда антикоррупциялық жағы басымырақ. Мысалы, арнаулы мемлекеттік қызмет органдарына соңғы үш жылда тәртіптік немесе әкімшілік жауапқа тартылғандар, коррупциялық құқық бұзған адамдар қабылданбайды. Сондай-ақ бұрын сотталғандар, қылмыстық жазаға тартылғандар немесе мемлекеттік, басқа да арнаулы мемлекеттік органдардан, құқық қорғау органдарынан, соттан және заң органдарынан теріс қылықтары үшін шығарылған адамдар арнаулы мемлекеттік қызмет органдарының қызметкері бола алмайды. Арнаулы қызметке адамдарды кәсіби таңдау талаптары өте жоғары, заң бойынша қызметке кандидаттар психофи-зиологиялық және полиграфологиялық тексерулерден өткізіледі. Сондай-ақ «Коррупцияға қарсы күрес туралы» заңға сәйкес кандидаттың зайыбы немесе ері де мүлкі және табысы туралы декларация тапсыруы тиіс.


- Қызметке алынғандар арнайы оқу курстарынан өтетін болар?

 

- Арнаулы қызмет пен ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери қызметкерлерінің дене күшіне, оның қаруды, арнайы құралдарды, әскери техникаларды қолдана білуіне үлкен назар аударылады. Арнаулы қызметке қабылданған қызметкерлерге олардың жеке басын куәландыратын және өкілеттілігін растайтын қызметтік куәлік пен жетон беріледі. Бұл құжаттар қару-жарақ ұстау және арнайы құралдарды алып жүру құқығын береді. Қызметкерге кәсіби құзырлық, жұмыс істеу бейімділігі бойынша жан-жақты шынайы баға беру, сондай-ақ арнаулы қызмет қызметкерінің ақыл-қайратын тиімді пайдалану және кәсіби дамыту мақсатында үздіксіз істеген әрбір үш жылда аттестациядан өткізіліп тұрады.


- Арнаулы қызметтің мамандары алаңдамай жұмыс істеуі үшін алдымен тылы мықты болуы керек. Мемлекеттік арнаулы қызмет туралы жаңа заңда қызметкерлердің әлеуметтік жағдайлары қарастырылған ба?

 

- Иә, жақсы сұрақ. Заңда қызметкерлердің әлеуметтік жағдайлары мәселесіне үлкен көңіл бөлінеді. Негізгі жаңалықтардың бірі – арнаулы мемлекеттік органның қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етудің жаңа моделі болып, екінші деңгейдегі банктерден жинақ есепшотын ашу арқылы әр айдың жалақысынан төлеу негізінде жалдық баспана алу болып табылады. Ай сайынғы төлемақы көлемі, бір адамға заңмен белгіленген тұрғын алаңына сәйкес, Статистика агенттігінің мәліметтері негізінде белгіленеді. Ұсынылып отырған модель арнаулы мемлекеттік қызмет органдарында істейтін баспанаға зәру барлық қызметкерлердің 8-10 жылдың ішінде пәтер алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ арнаулы қызмет органдарында жұмыс істейтіндерге арналған жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжай қорын құру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекіткен тәртібі бойынша құрылады.


- «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген. Арнаулы мемлекеттік қызмет органдарының қызметкерлері қылмыстық әрекеттерге бара қалған жағдайда олардың ісін тергеуді қандай орган атқарады?

 

- Қылмыстық-процессуалдық кодекске енгізілген өзгертулер бойынша, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері жасаған қылмыстарды тергеу жұмыстары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери полициясына берілді. Қазақстан Республикасы Президентінің күзет қызметі, тізімі заңмен белгіленген күзетілетін тұлғаларға қарсы, күзету шаралары жүргізілетін аумақта жасалған қылмыстар туралы істерді тергеу құзырлығына ие болды.


- «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заң қабылданғаннан кейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында «Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзінің жеке басын тінту және әкімшілік ұстау иммунитетінен айырылды» деген алып-қашпа әңгімелер шықты. Бұл сөздер қаншалықты рас болды?

 

- Иә, ондай әңгімелер болды. Бұл сөз түбірімен негізсіз. Өйткені, бұқаралық ақпарат құралдары жазғандай, қауіпсіздік қызмет органдарының иммунитеті Заңға қол қойғанға дейін болмаған. Сондықтан логикаға сүйенсек, түк түсініксіз, шын мәнінде ешқашан болмаған нәрседен қалай айырылып қалуға болады! Оның үстіне, Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабы заң мен сот алдында барлығының теңдігіне кепілдік береді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздің Ата Заңын қатаң сақтауға негізделген. Алайда арнаулы қызметтің атқаратын жұмысы оның ерекше статусын білдіреді, соған байланысты Заңның 15-бабында «арнаулы қызметтің қызметкерлері мемлекеттік биліктің өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады» деп бекітілген. Сонымен қатар арнаулы қызмет қызметкерінің заңды талабын барлық азаматтар мен лауазымды тұлғалар орындауға міндетті. Арнаулы қызмет қызметкерінің жұмысына, Қазақстан заңдарымен тікелей құзырлық берілген тұлғалардан басқа, ешкімнің араласуға құқы жоқ. Қызметкердің жұмысына заңға қайшы араласқандар Қазақстан заңдарымен белгіленген жауапқа тартылады. Сонымен бiрге, «ҚР Ұлттық қауiпсiздiгi органдары туралы» заңының 18-бабымен сәйкес, ҰҚК органдары қызметкерлерінің немесе әскери қызметкерлерінің қызметтік борышы мен міндеттеріне байланысты заңды талаптарын орындамау, тiл тигiзу, қарсылық көрсету, олардың өмiріне, денсаулығына, абыройына, қадiр-қасиетіне, мүлкіне қол сұғу, оларға жүктелген міндеттерді орындауға кедергі жасау, сондай-ақ басқа да әрекеттер олардың жанұяларына, жақын туыстарына тiл тигiзу, олардың өмiріне, денсаулығына, абыройына, қадiр-қасиетіне, мүлкіне қол сұғу әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапкершiлiкке тартуға негіз болады.


- Негізінен жаңа заң өздеріңізге ұнаған сияқты...

 

- Жалпы алғанда, мемлекеттік арнаулы органдардың жаңа моделі кәсіби ұлттық арнаулы қызмет құру міндеттерін орындауда, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тапсырмаларды іс жүзінде орындай алатын кадр құрамының сапасын жақсартуға және менеджменттің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.


- Әңгімеңізге рахмет.

Артқа