Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Нұртай ӘБІҚАЕВ: Шанхай ынтымақтастық ұйымының басты векторы – аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету


Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ, "Егемен Қазақстан", 14 мамыр 2011 жыл

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқайұлы Әбіқаевпен сұхбат

– Құрметті Нұртай Әбі­қай­ұлы! Санаулы уақыттан кейін тәуелсіз елі­міз­дің төрінде та­ғы бір дүбірлі оқиға өткелі тұр. Ол – Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымының (ШЫҰ) 10 жыл­дығына арналған мерейтойлық саммит. Осыдан он жыл бұрын Прези­дент­тің Қытайға сапарын газетте көрсету мақсатында Шанхайға бар­ға­нымыз, «Шанхай ынтымақтастық­қа шақыра­ды» деген мақала жаз­ға­ны­мыз есімізде. Осы ұйымның қалып­та­суы мен дамуы сіздің көз алдыңызда өткені белгілі. Олай болса, Еуропа мен Азия материктері арасында транзиттік рөл атқаратын, геосаяси және геостра­те­гиялық жағынан орналасуы ерекше еліміздің осындағы алатын орны қан­дай, өткен жылдар ішінде аталған ұй­ым өзінің міндетін қаншалықты ақ­та­ды деп ойлайсыз? Сұхбаты­мыз­ды осындай мәселелерден бастасақ?

– Сауалыңыз орынды. Қызмет ба­бы­на байланысты осы ұйымның құры­луы­на қатысты бірқатар ұйымдық жұмыс­тардың басында болғаным рас.

Дүние жүзіндегі кез келген мемлекет өзінің өркендеп дамуы үшін ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне терең көңіл бө­леді. Қазақстан тәуелсіздігін алған күн­нен бастап Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев бұл мәселені әрдайым қырағы назарда ұстап келеді. Биылғы Жол­дауында: «Үстіміздегі жылдың мау­сы­мында Астанада Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымының мерейтойлық саммиті өтеді. Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы біздің белсенді қатысуымызбен құ­рылған болатын және біз оның нығаюы үшін барлық қажетті нәрсені жасауға тиіспіз. Мұның бәрі Қазақстанның ай­мақ­тық және ғаламдық тұрақтылықты нығайтуға қосқан қомақты үлесі болуға тиіс», деп ерекше атап өтті. Аталған ұйым аясында еліміздің маңызды орын алатындығы Елбасының осы сөзінен көрініп тұр.

Осыдан он жыл бұрын Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымын құру туралы ше­шімнің қабылдануы стратегиялық жа­ғы­нан өте дұрыс таңдау болғандығын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Азғантай уақыттың ішінде алдына қойған міндет-мақсаттарды табыспен атқаратын қуат­ты және перспективалы ұйым ретінде танылды. Шекарамыздың бойында қауіп­сіздік пен сенімділіктің кең аумағы құ­рылды. Қазіргі кезде ұйымның негізін алты мемлекет қалап отыр: Қазақстан, Қытай Халық Республикасы, Қыр­ғыз­стан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Өзбекстан.

Аймақтағы бейбіт өмірді, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, қазіргі заман­ғы қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп қи­мылдау секілді басты міндеттер жүзеге асып отыр.

Терроризм, сепаратизм, экстремизм, заңсыз есірткі және қару-жарақ айна­лы­мына, трансұлттық қылмыс, заңсыз ми­грацияға, адам саудасына тосқауыл қою секілді тағы да басқа бағыттарда ұй­ым­ның Аймақтық антитеррорлық құрылы­мы­ның кеңесі мен Атқарушы комитеті қомақты жұмыс жүргізіп келеді. Ал, экономикалық, ғылыми-техникалық ын­ты­мақтастық және гуманитарлық бай­ла­ныстар өңірдегі халықтың дамуы мен гүлденуіне жаңаша серпін беруде. Осы­дан-ақ ұйым болашағының зор екендігін бағамдауға болады.

– Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­­ның белсенді бір мүшесі тәуелсіз Қа­зақстан дейтін болсақ, соның ішінде өзіңіз басқарып отырған Ұлттық қауіп­­сіздік комитетінің аталған ұйым­ның дамуы мен қалыптасуына қосып отырған үлесі туралы айтып берсеңіз.

– Қазақстан Республикасының Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті алғашқы күн­дер­ден бастап ұйымның жұмысына белсенді қатысып келеді. Өйткені, ҰҚК терроризмге қарсы күрес жүр­гізетін бірден-бір құзырлы орган болып табылады.

Ұйымның Хатшылығымен, Аймақ­тық антитеррорлық құрылымның атқа­ру­шы комитетімен бірлесе отырып жан-жақ­ты жұмыс істеу тұрақты жолға қой­ылған.

Лаңкестікке тосқауыл қою бағы­тында тиісті бағдарламалар жасау, заң жобаларын, құқықтық-нормативтік актілерді дайындау, жоғары дәрежелі саммит, кездесулер мен келіссөздер, оқу-жаттығуларын өткізу, ғылыми конференциялар, семинарлар ұйымдастыру секілді көптеген шараларға ҰҚК та­рапы­нан үлкен көңіл бөлінеді.

Былтырғы жылы Алматы қаласында ұйымның Аймақтық антитеррорлық құ­ры­­лы­мы кеңесіне Қазақстан Респуб­ли­касы төрағалық етіп, оның кезекті 17-ші мә­жілісі Алматы қаласында өткізілді. Ай­мақтық антитеррорлық құрылымы Ат­­қарушы комитетінің директоры мем­лекетіміздің тарапынан бекітілді.

Президенттің тапсырмасымен құ­рыл­ған ҰҚК Антитеррорлық орталығы бүгінгі таңдағы қауіп-қатерлердің жо­лын кесу бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Қазақ­стан­ның басқа құзырлы органдары да қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге өзіндік үлес­терін қо­сып келеді. Мысалы, тоғыз мемлекеттік органның өкілдері қаты­са­тын ве­дом­ство­аралық үйлестіру кеңе­сін­де осы бойынша нақтылай жұмыстар атқарылады.

Ұйымның құзырлы органдарын қа­жет­ті ақпаратпен қамтамасыз ету мақ­сатында арнайы қорғалған деректер банкі құрылуда. ҰҚК бастамасымен экс­тре­мистік ұйымдардың іс-әрекетіне қарсы бірлесе қимылдау үшін сарапшылар тобы ұйымдастырылды.

Осы жылғы ақпан айында Алматыда «Қауіпсіздік пен ынтымақтастық жо­лын­дағы – 10 жыл: Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымы кеңістігіндегі қазіргі заман­ғы қауіп-қатерлерге қарсы сәтті тә­жі­рибе­лер» деген тақырыппен өт­кі­зілген ғылы­ми-тәжірибелік конференция­да ұй­ым­ды дамытуға, жұмыс пәрмен­ділігін арт­тыру­ға қатысты ұсыныс-пі­кірлер көп айтылды. Солардың барлығы алдағы уақытта ескерілетін болады.

– Қалыпты жұмыс істеу үшін то­лық­қанды заңдылық, нормативті-құ­қықтық базаның болуы – қажетті ал­ғы­шарттардың бірі. Қазіргі уақытқа дейін аталған ұйымның құқықтық не­гізі толығымен қалыптасып болды ма?

Ұйымның құқықтық негізі толы­ғымен қалыптасып болды. ҰҚК тара­пы­нан ұсынылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмыс істеуіне қажетті мем­лекетаралық оннан астам конвенциялар, заңдар, нормативті-құқықтық актілер Пар­ламентте ратификацияланды. Олар­дың ішінде «Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы күрес кон­венциясы», «Шанхай ынты­мақ­тас­тық ұйымына мүше елдердің аумағында тыйым салынған террористік, экс­тре­мис­тік және сепаратистік ұйымдардың тізімі», «Террористік немесе экстре­мис­тік әрекеті үшін іздеу жариялан­ған­дар­ды іздестірудің бірегей реестрі», «Бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу ту­ра­лы», «Ақ­парат алмасу туралы», «Жедел іздестіру туралы», «Қару-жарақ пен оқ-дәрілердің заңсыз айналымының жолын кесу ту­ралы», «Терроризмді қаржылан­дыру ту­ралы» және тағы да басқа құжаттар бар.

Сондай-ақ, өткен жылдар ішінде Ан­титеррорлық құрылым Кеңесінің мә­жілістерінде қабылданған 200-ден астам шешімдер де жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауда.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің 2010-2012 жыл­дар­ға арналған терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен күрес бой­ынша ынтымақтастық бағдарламасы» да басым бағыттардың қатарында.

Осындай заңдық актілер бойынша елімізде тиісті іс-шаралар жүзеге асы­рылуда. Мысалы, Жоғарғы Соттың шешімімен оннан астам террористік, экс­тремистік ұйымдардың іс-қимылына республика көлемінде тыйым салынды. Мұндай жұмысты ұйымның басқа мүшелері де жүзеге асыруда.

Заман ағымына сай бұл бағыттағы жұ­мыстар әлі де жалғаса беретін болады.

– Кез келген салада интеграция­лық үдерістердің айтарлықтай орын алатындығы белгілі. Осы жағынан кел­генде ҰҚК-ның шетелдік арнаулы қыз­меттермен әріптестік қарым-қаты­нас­тары қандай деңгейде?

– Ұйым аясында Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті барлық арнаулы қызметтермен әріптестік байланыстар орнатып, олармен екіжақты, көпжақты келісімдер жасады.

ТМД елдерінің Антитеррорлық орта­лықтарымен қызметтік байланыс өз дең­гейінде жұмыс істеп тұр. Қауіп-қатер­лер­дің алдын алу бойынша ақпарат алмасу, бірлескен операциялар өткізу тұ­рақты жолға қойылған.

Бұдан бөлек, егемен еліміздің ты­ныш­тығын сақтауда, сондай-ақ қоғам­дық-саяси сипаттағы, спорттық сала­да­ғы, басқа да маңызды шаралардың қауіпсіз­дігін қам­тамасыз ету кезінде бір-біріне әріптестік көмек көрсету кеңінен қол­данылып келеді. Мәселен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйы­мы­ның саммиті, Пекин мен Астана-Алматы қалаларында өткен Олим­пиада және қысқы Азия ойын­да­ры, «Шанхай-ЭКСПО» көрмесі секілді шаралар кезінде жүзеге асты.

Арнаулы қызмет басшыларымен жоғары деңгейдегі кездесулер тұрақты өтуде. Онда маңызды деген түрлі мәсе­ле­лер талқыланып, шешімін табуда. Жа­қында ғана Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің мүшесі – Қо­ғам­дық қауіпсіздік министрімен бол­ған кездесу барысында ұйымның негізгі бағыт­тары сөз болды. Оның ішінде екі елдің қауіпсіздік органдары мен құқық­ қорғау органдарының арасындағы ын­ты­мақ­тастықты одан әрі нығайту, мемлекеттік ше­караны күзету, терроризм мен экс­тре­мизм қауіп-қатеріне қарсы күресу, ха­лық­аралық есірткі айналымы, заңсыз ми­грацияға қатысты мәселелер талқы­лан­ды. Осындай кездесулерді Қырғыз­стан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстандағы құзырлы органдармен өткізу дәстүрге айналған.

– ШЫҰ көлемінде шешілмеген мәселелер бар деп айтуға бола ма?

– Өткен он жыл ішінде көптеген мә­селелердің шешілгендігін айтумен қа­тар, шешілмеген шаруалардың да бар екендігіне тоқталуға тиіспіз.

Баршаға белгілі, террорлық актілер көр­шілес елдерде болып жатыр. Қа­зақ­стан шекарасы олардан таяқ тастам жерде тұрғандығын ұмытпауымыз керек. Мә­селен, соңғы уақыттардағы Мәс­кеу­дің «Домодедово» әуежайындағы немесе Минск қаласының метрополитенінде бол­ған алапат жарылыстар елді шо­шын­дырғаны рас. Бұған іргеміздегі Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан елдеріндегі қайғылы оқи­ғаларды қосыңыз. Міне, арнайы қыз­меттер осы жағына көбірек көңіл бөліп, бірлесе қызмет етуі керек.

Терроризм, сепаратизм және экстре­мизмнің трансұлттық түр-сипатының таралуына байланысты нақтылай ша­ралардың қажеттілігі сезіліп отыр.

– Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­ның аясында өткізілетін оқу-жат­тығуларда қандай тәсілдердің пысық­талатындығы, олардың сапасы мен нәтижесі туралы айтып өтсеңіз?

– Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­ның Аймақтық антитеррорлық құр­ы­лы­мы жоспарлы түрде оқу-жатты­ғуларын ұйымдастырып келеді. Оқу-жаттығулар ұйымға мүше әрбір елдің аумағында кезектесіп өтеді. Онда негізінен тиісті құ­рылымдардың өзара бірлесіп қи­мыл­дауы, жеке құрамның күш-қуат жұмыл­дыруы, әскери техни­ка­лар­дың пәрмен­ділігін байқау секілді тәсілдер пысықта­лады.

Өткен жылдар ішінде ұйым шең­бе­рінде «Восток-Антитеррор-2006», «Ис­сык-Куль-Антитеррор», «Норак-Антитеррор», «Саратов-Антитеррор» секілді оннан астам бірлескен жат­тығулар ұйым­дасты­рыл­ды. «Тянь-Шань-Анти­террор №1» жат­тығуы Қа­зақ­стан мен Қытай аумағын­да өткізілді. Ал әскери ведомстволардың арасында біз­дің елімізде өткен «Бейбіт миссия-2010» жат­тығуына ҰҚК арнаулы бөлімшесі қа­ты­сып, өздерінің жоғары дайындықтарын көрсетті. Осы жылдың мамыр айында ҰҚК-нің өкілдері Қы­тай­дың Қашқар аймағындағы таулы мекенде өткен «Тянь-Шань-Антитеррор №2» бірлескен оқу жаттығуына қатысты.

Оқу-жаттығулардың сапасы, нәти­же­сі туралы айтар болсақ, антитеррорлық құрылымдардың бірлескен түрде кез келген уақытта, кез келген жерде тер­роршыларға соққы беруге дайын екендіктерін байқауға болады. Құзырлы органдар аймақтағы тыныштықты, қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етуге күштерінің жететіндігін дәлелдеп отыр.

Мұндай іс-шараларды алдағы кезде де өткізу жоспарланған. Ол жағы дұрыс деп санаймын. Әскери мамандардың «Жатты­ғуда қиын болса, ұрыста жеңіл болады» деген қағидасын ұмыт­пауымыз керек.

– «Кадрлар бәрін де шешеді» деген сөзді еске алатын болсақ, кез келген іс­тің жоғары деңгейде атқарылуы білікті мамандарға байланысты екендігі белгілі ғой.

– Жалпы, комитет жүйесінде қыз­мет­ке білікті мамандар қабылдау, дай­ындау мәселесі өзіндік қалыптасқан, ерекше жүйе бойынша жүргізіледі.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының құзырлы органдары үшін мамандар даяр­лауға ҰҚК үлкен көңіл бөлуде. «Шан­хай ынтымақтастық ұйымына мүше мем­лекеттердің антитеррорлық құ­рылым­дары үшін мамандар дайындау туралы келісім» негізінде тиісті іс-ша­ралар ат­қа­рылуда. Бұл дегеніміз – ұй­ым­ның бола­шағына, дамуына жасалып отыр­ған үл­кен қадам. Дайындық бары­сында терроризмге қарсы күрес сала­сын­дағы маман­дардың тео­рия­лық және практикалық біліктілігін арт­ты­ру, қа­зір­гі заманғы тактикалық тәсілдерді мең­ге­ру, тәжірибе алмасу жағы қарас­ты­ры­лып отыр. Қар­жы мәселесі де бірлесе шешіледі.

Мамандар ұйымға мүше мемле­кет­тердің әскери оқу орын­дарында, арнайы орталықтарда дайындалады. Оның ішінде ҰҚК академиясында, Әскери акаде­мия­сында және арнайы бөлімшенің оқу ор­та­лығында бірлесіп оқу, семинар және тренингтер өткізу секілді бағдарламалар бар. Алдағы кезде де бұл бағыттағы жұ­мыс­ты одан әрі дамыту басты назарда болады.

– Әңгімеңізге рахмет. Қауіпсіз­ді­гі­міз берік болса, еліміздің де қуатты бо­ла­тыны даусыз.

Артқа