Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Арнайы қызмет есірткі дилерлеріне қарсы

Хабар, “Жеті күн”, 09.08.2009

Елдің болашағына ең кесірлі індеттердің бірі – қазір дүниежүзінің басты бас ауруларының біріне айналып отырған есірткі, нашақорлық мәселесі. Құқық қорғау органдары қанша қырағылық танытқанымен оны түп-тамырымен жойып, есті алатын есірткіден елді мүлде ада қылу қияметтің қиыны. Дегенмен, соңғы жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен басқа да құқықы қорғау органдары есірткімен күрес жолында біршама табысқа жетті. Басқаны былай қойғанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті көрші мемлекеттердегі әріптестерімен бірлесе өткізген «Тайфун» атты бір ғана операция барысында 800 келі героин мен 100 келі опиум тәркілеген.

Әрине, 2001 жылы тәліптердің 185 тонна есірткі өндірген Ауғанстанның ол жақтағы соғыстан кейін улы шөптің өндірісін 8200 тоннаға жеткізуінен саяси астар да көруге болады. Ал, Қазақстан жағрапиялық жағдайына байланысты есірткі тасымалындағы ең күре жолдардың бірі саналады. Салыстыру үшін айтсақ: 2004 жылы Ауғанстандағы барша есірткінің 24 пайызы Қазақстан арқылы батысқа жол тартатын. Құзырлы органдардың жұмысы бұл үлесті 14 пайызға дейін азайтты. Дегенмен, жаңа айтып өткеніміздей Ауғанстандағы есірткі өндірісі 44 есеге көбейгендіктен Қазақстан жерімен өтетін есірткінің жалпы көлемі артпаса кеміген жоқ. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тағы бір оң бастамасы – бұрын наркобарондар ұсталып жазаға тартылғанмен, олардың қылмыстық жолмен тауып, туыс-туған тамыр-таныстарының атына тіркеген ақшасы, мал-мүліктері қозғаусыз қалатын. Сондықтан, қылмыскерлер бастарын бәйгеге тігіп, тәуекелге баратын. Енді, құқық қорғаушылар оларды түп-тұқиянымен тексеріп, барлық мүліктерін тәркілейтін болды. Бұл да бір мың асқанға бір тосқан. Еліміздегі заңсыз есірткі саудасымен күрес туралы әріптесім Зейін Әліпбек ой толғайды.

Дүниежүзінде есірткі мәселесі соңғы жылдары күрт шиеленісіп кетті. Көптеген мамандар бұдан саяси астар іздейтіні жасырын емес, өйткені, тәліптер тұсында БҰҰ-ымен арнайы келісімге келіп есірткі өндірісін барынша қысқартқан Ауғанстан ол жақта соғыс өрті тұтанғаннан бері әлемдік есірткінің монополисіне айналды. Бұл мемлекет жер бетінде өндірілетін барша есірткінің 97 пайызына иелік етіп отыр. Ауғанстанның 34 облысының 22-сінде есірткі өсіру негізгі тіршілік көзі іспетті. Онда 197 мың гектар жерге есірткі өсіріледі.

Герман Диденко, ҚР ҰҚК халықаралық есірткі саудасымен күрес басқармасының оперативтік бөлім бастығы:

– 2001-жылмен 2007-жылды салыстырып қарағанның өзінде өте күрделі өзгерістер бар, өсу жағынан. Мысалы, 2001-де олардың есірткі затын өндірісі 185 тонна болса, 2007-жылы 8200 тоннаға жуық есірткі затын өндірді. Бұл қарап отырсаңыздар, орта шамамен 44 есе артық деп айтуға болады.

Бұл онсыз да жетісіп тұрмаған жағдайды одан әрмен күрделендіре түседі. Оның үстіне Қазақстан жағрапиялық жағдайына байланысты осынау есірткі алпауытының өз өнімдерін әлемге тарататын ең ірі тасымал жолдарының бірі санатында. Солтүстік бағытқа Тәжікстан арқылы Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне жеткізілетін есірткі әрі қарай Қазақстан жерін басып, Ресей мен Батыс Еуропаға жол тартады. Рас, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары соңғы 5 жылда Қазақстан арқылы өтетін есірткінің үлесі әжептәуір төмендегенін айтып отыр.

Герман Диденко, ҚР ҰҚК халықаралық есірткі саудасымен күрес басқармасының бастығы:

- Бір жағынан біз солтүстік бағытқа, яғни Қазақстан арқылы өтетін есірткі тасымалының азайғанын көріп отырмыз. 2004-жылғы 24 пайызбен салыстырғанда былтыр ол 14 пайызға төмендеді. Алайда, есірткі өндірісі күрт көбейгендіктен, нақтырақ айтқанда 44 есеге артқандықтан Қазақстанға түсетін есірткі қысымы артпаса кеміген жоқ.

Бұрын нашақорлардың саны жылына 5-6 мың адамға артып отыратын. Соңғы жылдары есірткі саудасымен күрес және тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жандандыру нәтижесінде бұл қарқын біршама бәсеңдеді. Адамдар есірткінің әншейін көңіл көтеретін дүние емес, шын мәнінде болашағына балта шабатын кесір екенін түсіне бастады.

Ольга Комарова, нарколог-дәрігер:

- Бізден көмек сұрап келетіндердің саны өсе түсуде. Жаңа өзіңіз де байқаған боларсыз, бірінші қабатта қаптап тұрған адамдардың барлығы дәрігерден көмек сұрап келіп отырғандар. Әдетте әрбір дәрігер күніне шамамен 4 адамды қарауы керек болса, бізде 6-7 адамға дейін қарауға тура келеді. Ең өкініштісі, олардың көпшілігі отбасына, туған қаласына, еліне еңбегін сіңіруі тиіс, тепсе темір үзетін жастағы азаматтар. Олардың орташа жасы 25-28 деуге болады. Ең жасамыс емделуші 46 жаста.

Енді осы нашақорлықпен және есірткі саудасымен күрес жайына келейік. Соңғы жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан жерінде есірткі сататын және оны біздің ел арқылы басқа мемлекеттерге тасымалдайтын есірткі жайындарын аулауда бірқатар табыстарға жетті. Соның нәтижесінде есірткі барондары тасымал жолдарын өзгертіп, солтүстік бағыттан аяқтарын аңдап басатын болды. Қазақстандық құқық қорғаушылар бастамашылық еткен ең айтулы операциялардың бірі – «Тайфун» деп аталады.

Герман Диденко, ҚР ҰҚК халықаралық есірткі саудасымен күрес басқармасының оперативтік бөлім бастығы:

- Тайфун операциясын 2004-жылы бастадық. Махмудходжаев деген азамат, соның осы Қазақстандағы сыбайластарын анықтадық. Солар арқылы ұйымдастырушылар мен Ресей еліндегі осы есірткі заттарын күтіп алушыларды анықтадық. Бұл операцияда біз ғана емес, үш ел болып, соңынан Тәжікстан да қосылды, сөйтіп 4 ел болып бірігіп операция өткіздік. Ресей, Өзбекстан Тәжікстан және біз. Көлемі 800 килограмм героин, 100 келіден астам опиум болып табылады. Осы «Тайфун» операциясы бойынша 42 қылмыскер ұсталды. 24 қылмыстық іс қозғалды.

Қазақстанда есірткі тасымалы екі бағытта жүреді. Біріншісі – орталық бағыт, ол Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары арқылы Қарағандыны басып, Астана, Қызылжар қалаларын көктей өтіп, Омбыға шығады. Екіншісі – шығыс бағыт, Алматы, Талдықорған, Семей, Өскемен арқылы Новосібір жаққа жол тартады. Сондай-ақ, «Сафари-транзит» деп аталатын операция кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары Қытайға есірткі тасымалдаушыларды құрықтады.

Герман Диденко, ҚР ҰҚК халықаралық есірткі саудасымен күрес басқармасының оперативтік бөлім бастығы:

- Сафари транзит Ауғанстан есірткісін Тәжікстан, Өзбекстан арқылы және біз транзиттік ел болғаннын кейін біз арқылы Қытайға тасымалдау жолы арқылы ұйымдастырылған. Негізгі бұл жерде ұйымдастырушылар нигериялықтар болды. Біз аэропортта олардың курьері дейміз ғой, тасымалдаушысын ұстап, сол арқылы Қытайда отырған ұйымдастырушыларға шықтық.

Бұл операция барысында да ірі көлемдегі есірткі заттары тәркіленіп, Қытайда тұтас бір есірткі желісін ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды. Оның құрамында бірнеше мемлекеттің азаматтары болғаны анықталды. Адамнан амал-айла артылған ба?! Есірткіні қуырылған етке араластыру, грек жаңғағы, я болмаса апельсин, мандарин секілді тропикалық жемістердің ішіне тығу, сұйық затпен араластырып, сусын ретінде тасымалдау: бұлар мәлім болған тәсілдердің бір парасы ғана.

Герман Диденко, ҚР ҰҚК халықаралық есірткі саудасымен күрес басқармасының бастығы:

- Есірткі саудасымен күресетін біздің тәжірибеміз бен техникалық мүмкіндіктеріміз жетілген сайын есірткі барондары да небір қитұрқы тәсілдерді ойластырып бағуда. Біз анықтаған тағы бір қызықты амал –есірткі жасырылған жерге қасқырдың тісін қосып тығу. Олар сонда иісшіл иттің есірткі иісін сезбейтінін де біледі.

Жақында Қызылорда облысында ұсталған есірткі саудагерлері автокөліктің темір кузовын қопарып, есірткіні тыққанннан кейін оны қайтадан зауыттан шыққандай етіп, мұқият өңдеген.

Герман Диденко, ҚР ҰҚК халықаралық есірткі саудасымен күрес басқармасының оперативтік бөлім бастығының орынбасары:

- Біз Қызылордада өткізген соңғы операция кезінде аса ірі көлемде есірткі табылды. Әккі қылмыскерлер оны кәдімгі «Волга» автокөлігінің доңғалағының үстіндегі томпақ темірдің астына жасырып, бетін дәнекерлеп, әрлеп тастапты. Біз ұстаған 2 автокөліктен салмағы 78 келі болатын героин табылды. Екі тасымалдаушы ұсталып, енді оны жөнелткен адамдар мен күтіп алушылар анықталу үстінде.

Қауіпсіздік қызметкерлері қолға алған «Пирамида» операциясы қылмыскерлерді ғана емес, олардың қылмыстық жолмен тапқан қаржысын да құрықтауды мақсат тұтады.

Герман Диденко, ҚР ҰҚК халықаралық есірткі саудасымен күрес басқармасының оперативтік бөлім бастығы:

- Біз осы күнге дейін есірткі саудасымен айналысатын азаматтарды анықтап, саудалап жатқан кезінде ұстап, соларды жазаға тартатынбыз. Оларды мына Пирамида операциясында тек қана оларды жазаға тарту емес, олардың есірткі саудасымен айналысу барысында тапқан қаражаттарын заңдастару фактілерін анықтап, солардың жолын жою болды. Себебі неге десеңіз, көбісі былай алғанда есірткі саудасы арқылы тапқан ақшаны заңдастырып жатыр. Демалыс орындары болмаса шаруашылық ашу арқылы заңдастырып жатыр. Олар сотталса да ештеңе жоғалтпаймыз деп ойлайды. Өзі отырса да артына өзінің тапқан дүниесі қалады деп ойлайды.

Алайда, олай болмақ емес, есірткі саудагерінің қылмыстық жолмен жеген әрбір табысы желкесінен шығары хақ. Мыңдаған, бәлкім миллиондаған адамның өмірін талқандаумен табылған табыс ешқашан баянды болмайтынын әрбір адам түсінуі тиіс. Былтыр Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері 28 тоннаға жуық есірткі заттарын тәркіледі. Бұл Орталық Азия аумағынан тәркіленген жалпы есірткінің 57 пайызы. Яғни, жыл өткен сайын есірткі саудагерлерінің өрісі де, тынысы да тарылып келеді. Өмірінің өксімеуін қалайтын әрбір адам есірткіні сатудан да, алудан да, пайдаланудан да аулақ болудың бәрінен де маңызды екенін түсінген қоғам ғана дені сау қоғам болмақ.

Артқа