Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Қауіпсіздік – ел дамуының кепілі

Ю.Кирюхин, Б.Дәуітов, «Оңтүстік Қазақстан», 14.07.2007ж.

Мемлекетімізді қауіп-қатерден қорғайтын құрылым – Ұлттық қауіпсіздік комитеті 13 шілдеде 15 жасқа толды. Жас Қазақстанмен бірге жасап келе жатқан құзырлы мекеменің жұмысымен танысу үшін біз Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы, генрал-майор Слэм Әбсаметовпен сұхбаттастық.

- Слэм Құдысұлы, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғайтын орган 15-ке толды. Алдымен төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Күні кеше аузын айға білеген Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті КСРО-мен бірге клмеске кетті. Қазір жаңа заман, жаңа көзқарас, жаңа міндет. Проблема да өзгерді. Осы міндеттерді атқару қалай жүріп жатыр?

- Рахмет! Өзіңіз айтқандай, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті келмеске кеткенімен, артында қат-қабат проблема қалды. Жаңадан құрылған органды аяғынан тұрғызу үшін материалдық-техникалық база жасақтау, кадр дайындау, оқу орындарын ашу керек болды. Проблема жетерлік еді. Бірақ қиындық бар екен деп қарап отыруға тағы болмайды ғой. 15 жыл ішінде ҰҚК өзіне қажетті құрылымдардың бәрін жасақтады. Қазір кез келген күрделі міндеттерді ойдағыдай атқаруға шама-шарқымыз жетеді деп ойлаймын. Жалпы, мына бір нәрсені баса айту керек, жаңа орган демократиялық қағидаларға арқа сүйеді. «Ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» және «Жедел іздестіру қызметі туралы» Заңдар дүниеге келді. Алғаш рет осы заңдар арқылы біздің қызметімізге заңдылық принциптері, құқықты құрметтеу, азаматтардың бостандығын сақтау енгізілді. Сонымен бірге, бұрынғы әріптестердің жіберген қателіктерін қайталамау жағы да мықтап шегеленді.

- Қауіпсіздік қызметкерлері дегенде есімізге барлау қызметі мен шетелдік тыңшыларды ұстау түседі екен. Осы бағытта анықталған қандай фактілер бар?

- Барлау қызметі туралы әңгіме қозғағанда қызметтестер арасында да айтылмайтын нәрселер болады. Оны түсінерсіз деп ойлаймын. Дегенмен, жалпылама айтар болсақ, барлау қызметінен алынған мәліметтер мемлекет басшылығы тарапынан жоғары бағаланған және ол еліміздің экономикалық және ішкі саясатын жүргізуге пайдаланылған.

Еліміздегі ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз етуде анықталған фактілерге тоқталар болсақ, құпия мәліметтер жинайтын бірнеше шетелдіктің заңсыз әрекеттері әшкереленді. Контрбарлаудың нәтижесінде 2004 жылы Отанын сатқаны үшін бір Қазақстан азаматы 14 жылға бас бостандығынан айырылды. 2006 жылы осындай айыппен біздің облыстағы құқық қорғау органдарының бір қызметкері 12 жылға сотталды. Қарсы барлаудың еншісінде ауыз толтырып айтарлықтай бұдан басқа да жұмыстар бар. Айталық, солар арқылы радиоактивтік материалдар мен иондық сәулелену туралы мәліметтерді жеткізетін заңсыз каналдар анықталып, қолдан құжат жасау арқылы жатжерліктерге Қазақстан азаматтығын беретін шетелдіктердің қылмыстары әшкереленді. Биылдың өзінде иондық сәулелену туралы дерек көздерін таратудың жолы екі мәрте кесілді. Департаменттің тергеу басқармасы осы іс бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Облыстағы мекемелерде құпяилылық режимін бұзған біраз фактілер белгілі болды және осы үшін мемлекеттік құпия құрылымдарда жұмыс істейтін екі қызметкер әкімшілік жауапқа тартылды. Шекара қызметімен бірлесе отырып. Тәжікстан мен Өзбекстаннан келетін заңсыз көші-қонның үш каналы анықталды. 700-ге жуық келімсек ұсталды. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген үш ұйымдастырушы, екі делдал әкімшілік жазаға тартылды.

- Оңтүстік Қазақстан – есірткі дәлізіне жатқан облыс. Облысымыздың «Есірткі қақпасы» атанғаны да баршамызға аян. Біздің білуімізше, заңсыз сауданың қарқыны күшеймесе, бәсеңсіген жоқ. Сіздердің жұмыстарыңыздыңнегізгі бағыттарының бірі – осы есірткі саудасының жолын кесу. Қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?

- Біз облыс арқылы өтетін есірткі Ауғанстан, Тәжікстан және Өзбекстан арқылы келеді. 2006 жылы наркотасымалдаушылардың 3 каналын жойдық. 66 келіден аса есірткі алынды. Оның 37 келісі героин. Ал биылғы жартыжылдықта ұйымдасқан халықаралық екі тпотың әрекетіне тоқтам салынды. Заңсыз саудадан 116 келі есірткі алынды. Оның 95 келісі героин, 68 келісі апиын, 2 келісі марихуана. Дегенмен де наркобарондар әртүрлі айла-тәсілге барып, заңсыз саудаларын жалғастырып жатыр.

Жалпы айқанда, соңғы жылдары Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келетін есірткінің 12 каналы жойылды. Заңсыз айналымнан 550 келіге жуық әртүрлі есірткі заттары алынды. Оның ішінде 240 келі героин және 100-ге жуық экстази таблеткалары бар. Есірткі саудасына қатысы болғаны үшін құқық қорғау органдарының 7 қызметкері сотталды. Олардың ішінде Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының бастығы болған Д.Шалаев бар. Ол сот үкімімен 17 жылға бас бостандығынан айырылды.

- Терроризм мен діни экстремизм ішкі тұрақтылыққа аз қауіп төндіріп тұрған жоқ. Оңтүстік Қазақстандағы осы қауіптің алдын алуда қандай жұмыстар атқарылды?

- 1992 жылдың ақпан айында Шымкент әуежайында адамдарды кепілге алып, сол арқылы өз талаптарын қойып, ұшақпен шетел аспақ толған қылмыстық топтың ұсталғаны, кепілге алынған азаматтардың босатылғаны естеріңізде болар. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасы сол жолы «Набат» операциясын сәтті аяқтады. Ал қазіргі уақытта террористік әрекеттер діни, ұлттық, саяси сипатқа көшкен. Бәлкім бұл діни экстремизм қарқын алған аймақтарға таяу жатқандығымыздан болар.

Соңғы жылдары заңға қайшы келетін әрекетке барып, діни алауыздықты қоздырмақ болған Мысыр мен Иордания елдерінің миссионерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылып, елден аластатылды. «Мұсылман бауырлары» ұйымының ілімін таратпақ болғандардың жолы кесілді. Радикалдық исламды тарату үшін «Истлах», «Тайба» қорларының атын жамылған топтардың әрекеттері әшкереленді. Өзбекстан ислам қозғалысының 9 мүшесі және «Акромия» діни-экстремистік ұйымының 47 мүшесі ұсталып, Өзбекстан құқық қорғау органдарына берілді. Халықаралық іздеу жарияланған алты азаматтың Қазақстанда жүргені анықталды. Олардың төртеуі ұсталып, республикадан шеттетілді.

Сот арқылы Кувейттің «Әлеуметтік реформалар қоғамының», Халықаралық қазақ-араб университетінің дінтану және парсы тілі кафедрасының, «Қосар» қорының жұмыстары тоқтатылды. «Хизб-ут-Тахрир» діни ұйымының 127 мүшесі қолға түсті. Олардан діни мазмұндағы 13, 5 мың парақша, 1300 кітап пен журнал тәркіленді. Ұйымның 25 мүшесі әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

- Соңғы жылдары құқық қорғау органдарында істейтін қызметкерлер арасында парамен ұсталу фактілері көбейді. Бір байқағанымыз, парақорларды ұстап жатқан көбіне ҰҚК. Сонымен бірге, қауіпсіздік қызметкерлерінің құрығына ұйымдасқан қылмыстық топтардың жетекшілері мен криминалдық авторитеттер де түсе бастады...

- Иә, 2006-2007 жылдары біздің департаменттің қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа жол берген облыстық соттың судьясын, ішкі істер департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасарын, ИЧ-167/2 мекемесі бастығының міндетін атқарушысын, жол полициясы басқармасы Сайрам аудандық тіркеу-емтихан бөлімінің бастығын және облыстық әділет департаментінің бөлім бастығын, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті медициналық-санитарлық бөлімінің бастығын ұстаған. Олар сот үкімімен тиісті жазасын алды. Сонымен бірге, ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірнеше мүшесі мен жетекшілері қолға түсті.

2005-2006 жылдары қылмыс әлемінде «Жора Ташкентский» деп аталатын азамат құрықталды. Есірткі сатумен, көлік ұрлаумен және бопсалаумен айналысқан үш қылмыстық топтың серкелері мен мүшелерінің қолына кісен салынды. Биылғы жылы ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен бірге криминалдық авторитет және қылмыстық топтың жетекшілері А.Сатиев (лақап аты «Баклан»), Ж.Бартекеев («Еска»), Б.Нұрманов («Баха-Кудря») және бұлардан басқа қылмыстық топтардың 7 белсенді мүшесі ұсталды.

Сондай-ақ, экономикалық қылмыстарды әшкерелеу, алдын алу да біздің негізгі міндетімізге кіреді. 2004 жылы «Петро Қазақстан» ААҚ-ның 13 млрд. теңге заңсыз табыс тапқанын анықтадық. Жоғарғы соттың шешімімен антимонополияға қатысты заңнамаларды бұзғаны үшін кәсіпорын 500 миллион теңге айыппұл төледі. Биылдың өзінде мемлекеттік сатып алу арқылы экономикамызға 14 млрд. теңге зиян келгені анықталып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін конкурстық комиссияның 6 мүшесі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. «Шымкентцемент» АҚ-ның экологияға 31 млн. теңге көлемінде зиян келтіргені белгілі болды.

Бұл атқарған жұмысымыздың бір бөлігі ғана. Оны атқарудың қаншалықты қиын екенін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ жұмыста жеткен жетістік бірінші кезекте кадрларды дұрыс таңдай білгендігіміздің арқасы деп білемін. Елбасымыз айтқандай, мемлекетіміздің қауіпсіздігі - тұрақты дамудың кепілі. Мен еліміздің қауіпсіздігі жолында тер төгіп жүрген Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің қызметкерлерін, ардагерлерімізді осынау мерейлі мерекемен құттықтаймын. Барлықтарыңызға мықты денсаулық, қызметте табыс, ұзақ өмір тілеймін!

- Әңгімеңізге рахмет!

Артқа