Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Генерал-майор Жанат Жарасов: Міндетіміз – жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету

«Дидар» газеті, 2007 жылғы 12 шілде

 

Биылғы 13-шілдеде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 15 жыл толады. Осыған орай біз аталған комитеттің облысымыз бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Жанат Абдоллаұлы Жарасовқа жолығып, сұхбаттасқан едік.

 

- Жанат Абдоллаұлы, Кеңес үкіметі тұсында «КГБ» атауы халыққа үрей туғызатын. Сол құрылымның аты ауысты. Соған орай, міндеттері де өзгерген болар?

 

- КСРО-ның мемлекеттік қауіпсіздік комитеті әлемдегі ең бір мықты арнайы қызмет болған-ды. Оны көптеген шетелдік сарапшылар да мойындайды. МҚК (КГБ) тарихы шет елдердің арнайы қызметтеріне сәтті тойтарыс берген оқиғаларға толы. Алайда, МҚК-нің заманы Одақ ыдырағанда-ақ бітті, ал Қазақ КСР мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметін 1991 жылдың желтоқсанында еліміз өз тәуелсіздігін алғанда тоқтатты.

 

Формациясы өзгеріп, дамудың жаңа жолына түскен дербес Қазақстанға өзінің арнайы қызметі қажет еді. Ондай құрылым мемлекет басшысының тікелей атсалысуы арқасында пайда болды. 1992 жылдың 13-шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті Ұлттық қауіпсіздік комитетін құру туралы жарлыққа қол қойды. Міне, бүгінде біз өзіміздің 15 жылдық мерейтойымызды атап өтуге дайындалудамыз.

 

Осы кезең ішінде ҰҚК талай тар жол, тайғақ кешілерден өтті: еңбеккерлеріміздің жалақысы қысқарып, әлеуметтік қорғалу жағы ақсапжатты, кәсіби мамандарымыздың қызметтен өз еркілерімен кетуі белең алды. Бірақ, біз аға буынның үздік дәстүрлерін сақтап, шебер жалғастыра білдік. ҰҚК Елбасы жүктеген міндеттерді орындаудың өзіндік әдіс-тәсілін таба отырып, жеке дара мемлекеттік институтқа айналды.

1992 жылы арнайы қызметтің тек атауы ғана өзгерді деп айту – дұрыс емес. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің міндеттері заң бойынша нақты анықталған. Оның басты міндеті – жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жеке тұлға біз үшін бірінші кезекте тұр, ҰҚК мен азаматтарының емес, тек мемлекеттің мүддесін қорғаған бұрынғы МҚК-нің түпкі айырмашылығы да – осы. Комитет қоғам үшін барынша ашыла түсті, ал оның қызметіне қатысты заңдармен кез келген азамат таныса алады.

 

- Жанат Абдоллаұлы, Сіз басқарып отырған мекеменің бүгінгі жай-күйіне, атқарып жатқан шаруасына баға бере кетсеңіз.

 

- Біздің департамент – республика комитетінің ел Президенті мен ҰҚК басшылығы қойып отырған міндеттерді толық орындап отырған ең ірі аумақтық бөлімшелерінің бірі.

 

Оның жеткен жетістіктері де жетерлік. Ең алдымен, мемлекетімізге шет елдің арнайы қызметкерлерінің енуін болдырмай, өз істерін абыроймен атқарып отырған қарсы барлаушыларды атап өткім келеді. Бірқатар қызметкерлеріміз арнайы шараларды (әрине, түсінесіз, нақтылы айта алмаймын) сәтті іске асырғандары үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған.

 

Департамент қызметкерлерінің 1999 жылы Өскемен қаласында Шығыс Қазақстандағы билікті облысымыздағы кейбір пасық ойлы тұрғындардың көмегімен басып алып, ұлттық автономия құрмақ болған Казимирчук (Пугачев) дегеннің қылмыстық тобын әшкерелеп, тұтқындағанын білесіз. Егер олардың арам ойлары іске асқан жағдайда не болар еді? оны теледидардан Иракта, Палестинада және басқа да әлемнің «тынышсыз аумақтарында» түсірілген репортаждарды көріп отырып-ақ елестетуге болады. Сондықтан, терроризмнің және діни экстремизмнің белгілерімен күресу үшін өте маңызды. Департамент қызметкерлерінің күшімен 2005 жылы Семей қаласында «Орталық Азия моджахедтерінің жамағаты» атты террористік топтың құрамына енетін «Семей жамағатының» қызметі әшкере болып, тоқтатылды. Ал «Жамағат» мүшелерінің террористік әрекеттерге, тіпті «шаһид» ретінде де дайындалғаны тергеу кезінде толық дәлелденді.

 

Серіктестік міндеттемелерді орындау бағытында біз облыс аумағынан заңсыз әскери құрылымдардың бірқатар бұрынғы мүшесін ұстап, Ресей жағына бердік. Атап айтсақ, 2006 жылы Семей қаласының ішкі істер басқармасымен бірлесе отырып 50 адамның (Грозный қаласының тұрғындары мен орыс әскерилерінің) өліміне қатысы бар Ресей азаматы А.Мукаев қолға түсіп, федерацияның құқық қорғау органдарына берілді.

 

Облыстағы «қаңғырып жүрген» қару-жарақ террор құралына айналуы ықтимал. Биылдың өзінде біз он қару, 1000-нан астам оқ, тоғыз граната, 30 келіден артық жарылғыш зат тәркіледік, сондай-ақ үйінде қуаты жағынан өндірістіктен кем түспейтін жарылғыш жасаушы «маман» құрықталды. Бір сөзбен айтсақ, ойландыратын мәселе де, атқарылатын іс те бастан асады.

 

Есірткі бизнесі – ең алдымен ұлттың тамырына балта шабатын қылмыстың аса ауыр түрі. Сондықтан болар, есірткінің халықаралық заңсыз айналымының жолын кесу Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүктелген.

 

Көлеңкелі экономикам күрес саласында 2006 жылы ҰҚКД «Семей Су» ЖАҚ-ның басшысы Р.Сотқымбаевтың қылмыстық әрекетін ашты. Ол алкогольді өнім өндіру кезінде ірі көлемдегі салық төлеуден жалтару жобасын ұйымдастырып, пайдаланған. Мемлекетке келтірілген шығын он миллиардтан астам теңгені құрады. Қазіргі уақытта Сотқымбаев және оның сыбайластары жазаларын өтеуде.

 

Біздің департаменттің төрт қызметкері Қазақстан Республикасының жоғары ордендеріне, тағы төртеуі «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері» кеуде белгісіне ие.

 

- Облысымыз Ресей және Қытай сынды алып державалармен шектеседі. Шет елдермен қарым-қатынастың күн санап артуына байланысты міндеттер мен жауапкершілік жүгі де еселене түскен болар?

 

- Қазақстан сыртқы саясатын өзінің геосаяси орналасуын және екі алпауыт ел – Ресей және Қытаймен шектесетінін ескере отырып жүргізетін егеменді мемлекет.

 

Әрине, бұл Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғайтын арнайы қызмет істеріне де өз әсерін тигізеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, айталық, Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі арасында терроризм, экстремизм және бірқатар басқа да өзара өзекті мәселелер жөніндегі ынтымақтастық туралы екіжақты келісім бар екендігін атап өткен жөн. Ресейлік әріптестерімізбен жиі кездесіп тұрамыз.

 

- Қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің кәсіби дәрежесі, шеберліктері қай деігейде? Олардың заң бұзушылыққа бой алдыруына қандай тосқауыл қойылуда?

 

- Департамент қызметкерлерінің кәсіби деңгейі биік деп сеніммен айта аламын. Көбінің бірнеше жоғары білімі бар, кейбірі ғылыми зерттеулермен айналысады. ҰҚК Академиясын бітірген соң департаментке келетін жас буын заңгер квалификациясына ие, мемлекеттік және шет тілдерін меңгерген.

 

біздің жұмыс, мысалы, полициянікі сияқты, көзге көріне бермейді. Алайда заң бұзушылар біздің бар екенімізді сезбей қоймайды. Бірақ, айта кетейін, департамент міндетіне тек «жазалау» шарасы енбейді. Біз алдын алу жұмыстарын да жүргіземіз, олардың мақсаты – ел азаматын қылмыстық іс-әрекет жасаудан арашалау, заң бұзудың оның тағдыр үшін зиянын түсіндіру. Бұл істі табысты атқарудамыз. Тек өткен жылы ғана біз 160-тан аса түрлі ауқымдағы және бағыттағы алдын алу шараларын өткіздік.

Олар, біздің ойымызша, азаматтардың құқықтық санасын оятып, жалпы жағдайды жақсартуға септігін тигізді.

 

- Одақ ыдыраған соң мұрағаттардағы құпия құжаттарға жол ашылған болатын. Соның арқасында төл тарихымыздағы ақтаңдақтардың орны біраз толған еді. дегенмен ҰҚК мұрағаты көпшілік үшін әлі де жабық күйінде қалған сияқты.

 

- Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқа да құқық қорғау және қадағалау органдары секілді жаппай қуғын-сүргін кезеңінде заңсыз сотталған азаматтарды ақтау бойынша үлкен жұмыс атқарды. 1937 жылдан бастап 1953 жылға дейінгі аралықта қозғалған қылмыстық істердің бәрі дерлік қайта қаралды.

 

Жас мемлекетіміздің қалыптасу кезеңінде тарихи әділдік мүддесі үшін өткен оқиғаларды, қарапайым адамдар мен мемлекет қайраткерлері тағдырын ашық көрсететін телевизиялық бағдарламалар, газеттік және журналдық жарияланымдар жасалып, кітаптар мен оқу құралдары жазылды.

 

Осы жағдайларда арнайы қызмет мұрағаттарының материалдары қоғам алдына жайылып салынды, тарихтың кейбір ақтаңдақтары толтырылды. Бірақ, сонда да, жұмысымыздың ерекшелігі сол, көптеген мұрағаттық құжаттарды көпшілікке көрсетуге рұқсат етілмеген. Бұл сала нормативтік актілермен, бірінші кезекте «Мемлекеттік құпиялар туралы» ҚР Заңымен реттеледі, оны бұзуға біздің қақымыз жоқ.

 

Десек те, бізден азаматтар не болмаса ұйымдар туыстары жайлы, не жекелеген оқиғалар мен фактілер туралы мұрағаттық мәліметтерді сұрағанда, олардың өтінішін қанағаттандыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

 

- Тоқсаныншы жылдардағы «Казимирчук бүлігі» кезінде ҰҚК бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас жасасып, сот процесіне журналистер жіберілген болатын. Соңғы кездері комитеттің тілшілермен байланысы саябырсып қалғандай. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

 

- Біз бұқаралық ақпарат құралдарынан ештеңені де жасырмаймыз. Мұны мен толық жауапкершілікпен айтып отырмын. Керісінше, департамент аймақтағы БАҚ-тармен тығыз қарым-қатынас жасасуға мүдделі. Ондай байланыстар бар да: облыстық басылымдарда, Семей қаласының және аудандардың БАҚ-тарында ҰҚК қызметкерлері өткізген қоғамға барынша қызықты іс-шаралар жайлы материалдар үнемі орналастырылып тұрады.

 

Біз баспасөзбен жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз, себебі оның мүмкіндігі арқылы көпшілікке жасалған құқық бұзушылықтардың мән-жайы жеткізіледі, бұл азаматтарды сондай әрекеттерге барудан сақтайды. Біз тек тексерілмеген ақпаратты бере алмаймыз, себебі, тілшілерге зиян тигізіп, ақиқатты бұрмалайтын асығыс қорытынды шығаруға жол бергіміз келмейді.

 

- Облыс аумағында қуғын-сүргінге ұшыраған жазықсыз жандардың жаппай атылған жерлері бар ма? Елімізде репрессия құрбандары жерленген орындарға арнайы ескерткіштер қойылуда. Егер ондай орындар өңірімізде бар болса, сол маңға ескерткіш белгі орнатқан жөн ғой.

 

- Өкінішке орай, біздің мұрағаттарда репрессия құрбандарының жерленген орындары туралы ақпарат жоқ, мүмкін, ондай ақпарат ешқашан болмаған да шығар, өйткені бәрі құпия түрде, жасырын жасалатын. Неге десеңіз, мемлекеттік қауіпсіздік органдарының сол кездегі басшылығы өз «жұмыстарының» ізін қалдыруға мүдделі емес болатын.

 

Сексенінші жылдардың аяғында Қазақ КСР-нің Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жазықсыз жандардың жасырын жерленген орындарын анықтауға тырысқан болатын, мұрағаттар текеріліп, куәгерлер сұрастырылды, біздің облыста осындай бірнеше орындардың бар екендігі жайлы бірен-саран ақпарат та табылды, алайда Одақтың құлауына байланысты бұл жұмысты соңына дейін жеткәзу мүмкін болмады.

 

Дұрыс айтасыз, облыс орталығында Семей қаласындағыдай бір ескерткіш орнату жайлы ойлану керек шығар, өйткені репрессия кезеңі – қайткенмен де біздің тарихымыздың бір бөлшегі, оны білуге және еске сақтауға міндеттіміз.

 

- Байқауымша, көптеген жас жігіттер мен қыздар қауіпсіздік комитетінде қызмет етуді армандайды. Олар қай оқу орындарына барулары тиіс?

 

- Ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесінде екі жоғары оқу орны қызмет етеді – ҰҚК академиясы және Әскери институт. ҰҚК академиясы комитеттің жедел әрекет ететін бөлімшелері үшін мамандарды даярлайды, жоғарыда айтқанымдай шет тілдерін және заңгерлік білімі бар. Оқу мерзімі бесжыл, ал жалпы азаматтық жоғары білімі барлар үшін бір жылдық курс бойынша жүргізіледі.

 

Әскери институттың ерекшелігі – ҰҚК-нің шекаралық қызметі үшін кадрлар даярлау.

 

Аталған оқу орындарында оқығысы келетіндер алдымен Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚК департаментінің кадрлық бөлімшесімен хабарласуы қажет. Себебі, алдын ала дайындық іс-шаралар кешені жүргізіледі, яғни бал міндетті түрде арнайы тексеруден өтеді, оның жеке және іскерлік қасиеттері, дене бітімі, денсаулық жағдайы зерттеледі.

 

Тағы бір айта кетерлігі, міндеттеріміз деңгейінің өсуіне байланысты, біз саясаттанушы, әлеуметтанушы, жүйелер технигі, транспортшы және басқа да аймағымыз үшін сирек кездесетін мамандықтарға ие, сондай-ақ жұмыс өтілі бір жылдан кем емес жастарды қабылдаудамыз.

 

- Сонда қызметтеріңіз адамнан қандай қасиеттерді талап етеді?

 

- Сіздің бұл сауалыңыз алдындағы сұрақпен қиысып жатыр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет ету үміткерден, ең алдымен, тұрақты мінез-құлықты, мықты денсаулықты, ұшқыр ақыл-ойды, негізгі мамандықты және әрине, Отанға деген сүйіспеншілікті қажет етеді.

 

Егер жас жігіттің бойында осы айтылған қасиеттер табылып жатса, қажетті іс-шаралардан өткен соң ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері бола алады.

 

- Жанат Абдоллаұлы, сөз соңында, өзіңіз, еңбек жолыңыз, отбасыңыз туралы айта кетсеңіз.

 

- Мен 1951 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында қызметкерлер отбасында дүниеге келгенмін. Әскерде болғанмын, оған дейін автомектепте өндірістік оқыту шебері болып біраз жұмыс істегенім бар.

 

1981 жылы Мәскеудегі КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары мектебін тәмамдадым. 1986 жылдан бері түрлі басшылық қызметтемін. 2005 жылы Елбасымыздың жарлығы бойынша «генерал-майор» әскери шенін алдым, «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері» кеуде белгісімен және он бес медальмен марапатталғанмын.

 

Жұбайым балалар демалысын ұйымдастыру саласында еңбек етеді. Бір қызымыз, екі ұлымыз бар.

 

- Әңгімеңізге көп рахмет, ұжымыңызға табыс тілеймін. Мерейтойларыңыз құтты болсын!

Артқа