Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Қазақстан лаңкестікке қарсы күресте

Нартай ДҮТБАЕВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант, Егемен Қазақстан, 15.10.2005ж.

Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде елімізде жүргізіліп келе жатқан саясатта үш кезең айқын аңғарылады.

Тәуелсіздіктің 1991-1995 жылдарғы алғашқы кезеңінде Қазақстанның алдында халықаралық қатынастар мен халықаралық қауіпсіздік жүйесіне кіру міндеті тұрды. Бұл кезеңде мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саясатында басымдықтарды іздеу жүріп жатты. Бұл жылдары елдің сыртқы саясатында белгі қалдырған ең елеулі фактор оның аумағында бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналының елеулі бөлігінің сақталуы болды. Қазақстанның стратегиялық қару-жарақ жөніндегі халықаралық келісімдерге қатысуы осы тұрғыда шарттыланған болатын.

Екінші кезеңде, 1995-2000 жылдары Орталық Азияда түрлі геосаяси векторлардың өзара ықпалдасуы күшейіп, сыртқы саясат әлдеқайда бедерлі бола түсті. Мұның өзі Қазақстанның сыртқы саясатының бұрынғыдан әлдеқайда белсенді фазаға түскенін көрсетті.

Үшінші кезең 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейін басталып, Орталық Азия АҚШ пен оның одақтастарының Ауғанстандағы антитеррорлық операциясына байланысты әлемдік геосаяси үрдістерге тікелей тартылған болатын. Осы уақыттан бастап Қазақстанның және тұтастай Орталық Азияның қауіпсіздік проблемасы жаңа мәнге ие болды.

Бүгінде терроризм елдер мен тұтас өңірлердің қауіпсіздігін тұрақсыздандырып, халықаралық қатынастардың қалыпты дамуына кедергі келтіретін аса қатерлі жаһандық сынаққа айналды. Терроризм мен экстремизмнің және соларға байланысты атыс құралдарының, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттардың, есірткінің заңсыз айналымы, жасырын көші-қон өсуінің келеңсіз үдерісі, саяси, ұлттық және діни егестер жаңа ошақтарының, соның ішінде көршілес мемлекеттердің аумағында пайда болуы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін нығайту қажеттігін күн тәртібіне қойды.

Қазақстан қазір осы заманғы жаһандық сынақтарға қарсы күресте әлемдік қауымдастықтың сенімді әріптесі болып отыр. Мемлекеттік ықпалды саясаттың арқасында еліміз лаңкестікке қарсы күресте басқа мемлекеттермен барлық деңгейде тығыз ықпалдасып, ынтымақтастық орнатқан.

Таяуда көптеген мемлекеттер азаматтарының өмірін қиған Лондон метросында, Мысыр және Түркия курорттарында болған лаңкестік актілер, өкінішке қарай, бүгінгі таңда лаңкестерден ешкімнің де сақтандырылмағанын тағы да қуаттап берді.

Лаңкестік жыл өткен сайын жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, тұрақсыздандырғыш сипатымен ерекшеленіп барады. Лаңкестік ұйымдардың жеке елдер мен өңірлер шеңберінде өзара іс-қимыл жасау тәжірибесі кеңінен таралып, мұның өзі халықаралық, өңірлік және ұлттық қауіпсіздікке төнетін лаңкестік қауіп-қатерлердің жалпы әлеуетін күшейтуде. Халықаралық лаңкестікке қарсы науқанның кеңінен етек алуына қарамастан, халықаралық лаңкестік ұйымдар күштерін қайта топтастырып, қоныс орындарын ауыстырып, қайткенде де қызметтерін жандандыра түсуге тырысып бағуда.

Қазақстанның лаңкестік әрекеттер қалыпты құбылысқа айналған өңірлермен географиялық жағынан таяу орналасуы лаңкестіктің біздің елімізге де енуі мүмкін екендігін көрсетеді. Орталық Азия өңіріне үлкен қатер төндіретін “Әл-Каида” және “Түркістан ислам партиясы” халықаралық лаңкестік ұйымдары әрекет ететін Ауғанстан тұрақсыздандырушы фактор ретінде сақталып отыр. “Түркістан ислам партиясы” (бұрынғы “Өзбекстанның ислам қозғалысы”) Қазақстанда 90-жылдардың соңында төбе көрсеткенін айта кеткен жөн. Сол кезде бұл ұйымның республикамыздың аумағында жасырынған бірқатар содырлары анықталып, Өзбекстанға тапсырылған болатын. Лаңкестікке қарсы іс-шараларды жүргізу нәтижесінде аталған лаңкестік ұйымдардың басшылары өз ұстанымдарының әлсіреуіне қарамастан, Орталық Азияда экстремизм мен сепаратизмнің ошақтарын жандандырып, “халифат” ислам мемлекетін құруды көздейді.

2004 жылы республика аумағында “Әл-Каиданың” құпия жасырынған аумақтық құрылымы, мүшелері Өзбекстанда бірқатар лаңкестік әрекеттерін жасаған “Орталық Азия моджахедтерінің жамағаты” лаңкестік тобының анықталуы туралы материалдар қауіп-қатердің сақталып отырғандығын дәлелдеп берді. Тергеу барысында ұлттық қауіпсіздік органдары Өзбекстанда жасалмақ болған кезекті лаңкестік актілердің жолын кесті, содырларды бүлдіргіштік-лаңкестік дайындықтардан өткізу үшін Қазақстан және басқа да елдердің аумағы арқылы транзитпен шет елге жіберу арнасы анықталды. Қазіргі уақытта Тараз қаласында лаңкестік топтың 16 мүшесінің үстінен сот процесі жүріп жатыр.

Соңғы жылдардағы оқиғаларды талдау лаңкестік ұйымдардың, әсіресе Азия құрлығындағы ұйымдардың көпшілігінің қызметі діни экстремизммен тығыз байланысты екендігін көрсетеді. Ал діни экстремизм болса тек жекелеген елдер мен аймақтардағы жағдайға ғана емес, бүтіндей бүкіл әлемдегі ахуалға келеңсіз әсерін тигізетін нақты факторға айналып отыр. Діни экстремизм өңірлік қарулы қақтығыстар мен лаңкестік актілерінің басты көзі болып келеді. Діни-экстремистік ұйымдар діни және ұлт-азаттық ұрандарды жамылып, өзінің басты мақсаты ретінде Орталық Азия елдері мен көршілес аймақтарда бөтен діндегілерге қарсы “жиһад” жүргізіп, бірегей ислам мемлекетін құруды көксейді. Аталмыш топтардың өкілдері саяси мәселелерді зорлық-зомбылық жолымен шешуді және жалған діни идеялары үшін күрес жүргізуді әр мұсылманның қасиетті борышының қатарына қояды. Лаңкестер өздерінің қылмысты істерін осылай түсіндіру арқылы, өкінішке орай, әлемнің түрлі өңірлерінде, соның ішінде Қазақстанда кейбір жақтастарын табуда. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Чешенстанда заңсыз қарулы құрылымдардың құрамында ұрыс әрекеттеріне қатысқан Қазақстан Республикасының азаматтары А.Төлеубай мен А.Жұлбаев әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

Экстремистік және діни радикалдардың шетелдік қайырымдылық қорлары мен оқу орындарының атын жамылып, пиғылдарын жасырып, қайырымдылық және мәдени-ағарту қызметімен айналысу арқылы дінге сенушілердің ортасына енуі жағдайды күрделендіре түсуде. Сана-сезімі психологиялық және идеологиялық өңдеуден өткен соң нәсілдік және діни төзбеушілікке түсіп, радикалдық діни ағымдарды қолдайтын азаматтардың белгілі бір категориясы пайда болуда. “Орталық Азия моджахедтерінің жамағаты” лаңкестік ұйымының мүшелеріне қатысты қылмыстық істі тергеу барысында олардың үшеуі, оның ішінде Ташкент облысында өзін-өзі жарып жіберген И.Еруов те бар, алғашқы діни дайындықтан “Тайба” халықаралық қайырымдылық қауымдастығының Алматы қаласындағы колледжінде өткендігі белгілі болды. Алматы қалалық прокуратурасы ҰҚК органдарының материалдары бойынша аталмыш колледжді тексеру барысында Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңдарының өрескел бұзылғандығын анықтады. Осыған байланысты Алматы қалалық арнайы ауданаралық экономикалық соты қауымдастықтың білім беру қызметін жүзеге асыру лицензиясын қайтарып алды. Сондай-ақ колледжде тиісті лицензиясыз сабақ берген сегіз шетелдік азамат елімізден шығарылды.

Лаңкестік пен экстремизмнің тағы бір таралуы мүмкіндігі заңсыз көші-қон болып табылады, оның ішінде лаңкестік және діни экстремистік ұйымдар әрекет ететін елдерден келетіндер. Тараз қаласында маусым айының он екісі күні Чешенстандағы заңсыз қарулы құрылымдардың қызметіне қатысқаны үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген Ресей Федерациясының азаматы ұсталды. Он үшінші маусымда лаңкестік әрекеттері, қасақана кісі өлтіргені және бірқатар қылмыстары үшін Р.Құлбеков өз елі Өзбекстанға тапсырылды.

Лаңкестік пен экстремизмнің таралуына қару-жарақтың, оқ-дәрі мен жарылғыш заттардың заңсыз айналымы да үлкен себеп болуда. Оның жолын кесу үшін Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі және басқа да мүдделі ведомстволармен бірлесіп, республикамызға олардың заңсыз келу арналарын анықтау, сондай-ақ әскери бөлімшелердегі қоймалар мен арсеналдардағы, лицензиялау-рұқсат беру жүйесі нысандарындағы қару-жарақ пен әскери техниканың сақталуын қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. ҰҚК органдарының материалдары бойынша заңсыз айналымнан жыл сайын атыс қаруының, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттардың айтарлықтай көлемі тәркіленуде.

Лаңкестер мен есірткі саудагерлерінің өзіндік кооперациясы да үрей туғызады. Лаңкестік және экстремистік ұйымдардың есірткі бизнесінен түскен қаражатты өз қызметтерін қаржыландыру үшін қолданатындықтары құпия емес. Осыған байланысты халықаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес жандандырыла түсті.

Қалыптасып отырған жағдай лаңкестік ұйымдар қызметінің жолын кесуге, залалсыздандыруға және осыған ұқсас құбылыстардың туындауына мүмкіндік беретін әлеуметтік, экономикалық, саяси, құқықтық жағдайларды жоюға қатысты қатаң шаралар қолдануға мәжбүр етуде.

Лаңкестікке қарсы субъектілердің өзара іс-қимылын және үйлестіруін жаңа деңгейге жеткізу, лаңкестікке қарсы іс-қимыл шараларының пәрменді жүйесін жасау мақсатында 2003 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысының Өкімімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Лаңкестікке қарсы күрес орталығы құрылып, оның құрамына бірқатар министрліктер мен ведомстволардың өкілдері енді. Лаңкестікке қарсы күрес орталығының негізгі міндеттері – лаңкестік қатеріне қарсы қимыл жасаудың жалпымемлекеттік жүйесін жасақтау, мемлекеттік органдардың лаңкестікпен күрес саласындағы қимылдарын үйлестіру, лаңкестік пен экстремизм құбылыстарының алдын алу және ақпараттық қарсы насихат жұмысын жүргізу, лаңкестікке қарсы заңдылықтың сақталуын және тиісті мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылау, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық жұмыстары болып табылады.

2004-2006 жылдарға арналған Лаңкестікпен, экстремизммен және сепаратизммен күрес саласындағы екінші мемлекеттік бағдарлама жасалып, жүзеге асырылуда. Оның аясында лаңкестікпен күрес, іздеу салу, ақпарат алмасу және жедел-алдын алу шараларын жүргізудің іс жүзіндегі мәселелерін реттейтін ведомствоаралық бұйрықтар талданып, қабылданды.

Мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының пәрменді жүйесін ұйымдастыру мақсатында біріккен командалық-штабтық және жедел-тактикалық жаттығулар, лаңкестікке қарсы күрестің алуан түрлі саласы бойынша эксперименттер өткізілуде. Жыл сайынғы күш құрылымдарының біріккен командалық-штабтық жаттығуларында әртүрлі нысандарда және көліктің барлық түрінде кепілге алынғандарды босату, лаңкестік топтарды таулы және шөлейтті жерлерде қоршау және жою секілді лаңкестікке қарсы іс-шараларға қатыстырылып жүрген ҰҚК, ІІМ, ҚМ және ТЖМ арнаулы бөлімшелерінің өзара іс-қимылы пысықталады.

Мүдделі мемлекеттік органдармен мақсатты ақпараттық-насихаттық шаралар өткізілді, оған мемлекеттік органдардың, діни ұйымдардың, БАҚ, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділерінің, діни қауымдастықтың беделді адамдарының мүмкіндіктері қарастырылды.

Лаңкестікпен күресте оған қатысты жүйелілікті қатаң сақтағанда ғана айтарлықтай табысқа қол жеткізуге болатындығын дүниежүзілік тәжірибе дәлелдеп отыр. Ол нақты құқықтық кеңістік аясында өткізілуі тиіс, оның тетіктері Қазақстанда жасалған және дамытылу үстінде. Соңғы жылдары біздің елімізде лаңкестік пен экстремизмді анықтау және алдын алу үшін заңдылық және ұйымдастырушылық негіздерін қалау, дамыту бағытында айтарлықтай жұмыстар жүргізілді.

“Лаңкестікке қарсы күрес туралы”, “Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы” заңдар қабылданды. Онда республикамызда лаңкестік пен экстремизмге қарсы күрес жүргізудің негіздері, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың (меншік нысанына қарамастан) іс-қимыл тәртібі, сондай-ақ, аталған қатермен күрес кезіндегі азаматтардың міндеттері мен кепілдіктері қарастырылған. Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңдылықтарға және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты басқа да заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Халықаралық ұйымдардың лаңкестік және экстремистік бағыттағы қимылын бағамдайтын тетік жұмыс істеуде. Нәтижесінде қазір Қазақстанда халықаралық он бір лаңкестік ұйымның әрекетіне тыйым салынды. Олар: “Әл-Каида”, “Асбат-әл-Ансар”, “Бозғұрт”, “Мұсылман бауырлар”, “Талибан” қозғалысы, “Орталық Азия моджахедтер жамағаты”, “Шығыс Түркістан ислам партиясы”, “Өзбекстанның ислам қозғалысы”, “Курд халық конгресі”, “Лашкар-и-Тайба”, “Әлеуметтік реформалар қоғамы” және діни-экстремистік “Хизб-ут-Тахрир” партиясы.

Халықаралық лаңкестікпен күреске Қазақстанның қосып келе жатқан үлесін халықаралық қауымдастық, елдер мен ұйымдардың жетекшілері жоғары бағалауда.

Қазақстан бұл мәселенің ұжымдық және кешенді түрде шешілуінің шынайы жақтаушысы болып отыр. Республикамыз БҰҰ-ның лаңкестік бойынша он екі әмбебап Конвенциясына қосылды. Ынтымақтастық жөнінде он үш мемлекетпен екі жақты келісім жасалды. Лаңкестік және экстремизм бойынша Қазақстан ТМД елдерімен, АҚШ, Қытай, Түркия және басқа да бірқатар мемлекеттермен тығыз байланыс орнатқан.

ТМД мемлекеттері басшыларының шешімімен 2000 жылдың желтоқсанында ТМД-ның Лаңкестікке қарсы орталығы құрылды. Оның негізгі міндеті халықаралық лаңкестік пен экстремизмнің әртүрлі көріністерімен күрес бойынша ТМД мемлекет басшыларына ұсыныстар дайындау болып табылады.

2005 жылдың қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Лаңкестікке қарсы күрес комитетінің ІV арнайы кеңесі Алматыда өткізілді. Мәжіліс жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті, ТМД-ға қатысушы елдердің министрліктері мен ведомстволарының, жұмысшы органдарының, Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ), “Ұжымдық қауіпсіздік шарты” және “Орталық Азия ынтымақтастығы” ұйымдарының, сондай-ақ лаңкестікке қарсы әрекет ететін жетпістен астам халықаралық, өңірлік және ішкіөңірлік ұйымдардың жетекшілері қатысты. Аталған мәжілісте халықаралық лаңкестікке қарсы күрестің пәрменділігін арттыру, лаңкестікті қаржыландырудың жолын кесу, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы бағыттағы халықаралық келісімдердің орындалу барысы туралы мәселелер талқыланды.

Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылым болып табылатын Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына да Қазақстан белсенділікпен қатысуда. 2004 жылдың қазан айынан республикамыз Құрылым Кеңесінің жұмысына төрағалық етуде. ШЫҰ-ға мүше елдер осы ұйым шеңберінде қызметіне тыйым салынған лаңкестік, сепаратистік және экстремистік ұйымдардың тізімдемесін, сондай-ақ ШЫҰ аясында оған мүше елдердің арнаулы қызметтері мен құқық қорғау органдары іздеу салған адамдар тізімін және де лаңкестік, сепаратистік, экстремистік сипаттағы қылмысқа қатысты күдік тудыратындарды халықаралық іздеуге жариялау жөніндегі екі жақты келісімдерді қабылдады. Шетелдік әріптестермен бірлесе отырып, халықаралық лаңкестік ұйымдарға қатысы бар адамдарды анықтау, іздестіру бойынша жұмыс істеу нәтижесінде 2001 жылдан бері лаңкестік қимылдарға қатысы бар жиырма адам ұсталып, Ресейге, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Қытай мен Түркияға берілді.

Астана қаласында 5-6 маусым аралығында өткен ШЫҰ-ға қатысушы елдер басшыларының оныншы саммитін тарихи оқиға десек, артық айтқандық емес. ШЫҰ-ға байқаушылар ретінде Иран, Пәкстан, Үндістан қабылданды, былтыр мұндай мәртебеге Моңғолия ие болған еді. Қазіргі таңда бұл ұйым адамзат баласының жартысын біріктіріп отыр, оның шешімдерімен санаспау мүмкін емес.

ШЫҰ-ға қатысушы елдер бекіткен лаңкестікпен, сепаратизммен және экстремизммен күрестегі ынтымақтастық тұжырымдамасында: “Лаңкестікпен, сепаратизммен және экстремизммен күресте ШЫҰ кеңістігінде осы ұйымға мүше елдердің өз күштері олар үшін басымдық сипатта болатындығы” баса айтылған.

Лаңкестікке қарсы күрестің дүниежүзілік тәжірибесіне сүйенсек, оның нәтижелілігі тек қана құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтердің жұмысына ғана емес, сол елдің халқы бұл күреске қаншалықты үлес қосып отырғандығына тығыз байланысты.

Сондықтан да бұл мәселені шешу кезінде мемлекет пен қоғамның қолындағы барлық мүмкіндіктерді кешенді түрде қолдануымыз керек. Бұл ретте діни ұйымдардың, шығармашылық және ғылыми зиялылардың, бұқаралық ақпарат құралдарының ұстанымдары аса маңызды болмақ. Өз үйінің, өзінің туғандары мен жақындарының игілігін сақтауға мүдделі адал да шыншыл адамдардың, өз елінің отансүйгіштерінің нақтылай көмегінсіз бұл шаралардың пәрменділігі төмен болады. Демократиялық Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздік жағдайында өркендеуінің бірден-бір алғышарты барлық ұйымдар мен мекемелердің, кәсіпорындардың аталған мәселеге міндетті түрде көмектесуі болып табылмақ.

Редакциядан:

Осы мақала дайындалып жатқан кезде Ақтау халықаралық теңіз сауда портында ТМД Лаңкестікке қарсы орталығының үйлестіруімен «Каспий-Антитеррор-2005» деген атпен халықаралық оқу-жаттығуларының өткендігі мәлім болды. Оған Қазақстан, Ресей және Украина елдерінің арнаулы қызмет өкілдері қатысты. ТМД-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік органдарымен қатар Иран, Германия, Қытай, Пәкстан, АҚШ және Түркиядан бақылаушылар шақырылды. Генерал-лейтенант Н.Дүтбаевтың басқаруымен өткен оқу-жаттығулар сәтті аяқталды. Жаттығу шетелдік бақылаушылар тарапынан да жоғары бағаланды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінен жеткен келесі ақпарат – Есірткі айналымына бақылау жасау жөніндегі Ресей Федералдық қызметінің директоры Виктор Черкесов пен ҰҚК төрағасы Нартай Дүтбаевтың заңсыз айналымдағы есірткі, жүйкеге әсер ететін заттарға қарсы күрес жүргізуде бірлесе қимылдау жөніндегі келісімге Мәскеу қаласында қол қойғандағы белгілі болды.

Лаңкестер өздерінің лаңкестік әрекеттерін қаржыландыруда заңсыз есірткі айналымын тиімді пайдаланып жүргендігі жасырын емес. Олай болса, бұл келісімнің екі ел үшін де пайдалы болатындығы айтпаса да түсінікті.

Артқа