Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Қырағылық ісі – ұрпаққа үлгі

Ержан Исақұлов, Ұлттық қауіпсіздік Комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор,  Егемен Қазақстан, 09.08.2005ж.

Ұлы Отан соғысы жылдарында еліміздің әр сүйем жері үшін жүрген қанды шайқастармен қатар майдан маңы және тыл аудандарында фашистік Германияның арнайы орындары түсіріп кеткен тыңшыларды, диверсанттарды, террористерді іздестіру мемлекет қауіпсіздігі органдарының жұмысында айрықша маңызды болды. Олардың қырағылығы мен батылдығы, белсенді іздестіру іс-шаралары арқасында жаудың жансыздарын тауып, олардың дұшпандық әрекеттеріне дер кезінде тосқауыл қою мүмкін болды.

Қазақстанға аспаннан түсірілген барлау және диверсиялық мақсаттағы фашист жансыздарының алты тобын Қазақ КСР-інің мемлекеттік қауіпсіздік органдары қолға түсірді. Тек 1942 жылы қарулы жау парашютшілерін ұстау кезінде олардан айтарлықтай көлемде қарулар мен оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, күшті әсер ететін улар, радиостансалар мен парашюттер, шартты белгілер және баспаханалық станоктар, Кеңес өкіметіне қарсы листовкалар, кеңестік ақшалар, мөртабандар мен мөрлері бар әртүрлі әскери және азаматтық ұйымдардың таза бланкілері, КСРО-ның ордендері мен медальдары және басқа көптеген заттар алынған.

Республика Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында мемлекеттік қауіпсіздік органдарының қарсы жақтың диверсиялық-барлау топтарымен күресін ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі кең көлемді материалдар сақталған.

Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссариатының мемлекеттік қауіпсіздік органдары мен милицияның 1942 жылғы атқарылған жұмыстарының нәтижелері туралы анықтамада Астрахань және Батыс Қазақстан облыстарында қолға түсірілген төрт адамнан тұратын десантшылар тобы туралы мәліметтер бар. 1943 жылы 3 маусымда түнде Батыс Қазақстан облысының аумағына тасталған бес жансыздан тұратын диверсанттар тобын мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының отряды жойды.

1943-1944 жылдары қарсы жақтың арнайы қызметі еліміздің тылдағы аумақтарына, ішінара Қазақстанға да диверсиялық-барлау топтарын түсіру жөнінде қауырт шаралар жүргізгені белгілі. 1943 жылғы 22 тамызда Гурьев қаласының батыс жағына қарай жүз шақырымдай жерге жаудың алты адамнан тұратын парашютшілер тобы тасталған. Ұшақтың ұшу бағытын дер кезінде айқындау және іздестіру тобын басқарушы ХҚМК қызметкерлерінің білікті әрекетінің арқасында барлық парашютшілер табылып, қолға түсірілді. Олардың әр кездерде немістерге тұтқынға түскен Қызыл Армияның бұрынғы әскери қызметшілері екені анықталды. Топты тұтқындау кезінде қысқа толқындар радиостансасы, 2 автомат, 6 тапанша, 220 мың сомнан астам кеңес ақшасы, 4 мың қазақ және орыс тілдерінде Кеңес өкіметіне қарсы парақшалар алынды.

1943 жылғы тамыз айының екінші жартысында Гурьев облысының аумағында қолға түскен, негізінен осы жердің тумалары болып келетін Қызыл армияның әскери қызметшілерінен жасақталған құрамы 17 адамнан тұратын 3 топ неміс парашютшілерін қолға түсіру кезінде олардың осыған ұқсас тапсырмалармен келгені белгілі болды. Топтың алдына қойылған тапсырмалардағы жаңалық мыналар еді: жергілікті халықтың көңіл-күйін анықтауға көбірек назар аудару, Қазақстан мен Орта Азия республикаларын КСРО-дан бөліп, Германияның қамқорлығындағы «тәуелсіз Түркістан мемлекетін» құру жөнінде насихат жүргізу. Олар Гурьев-Ор мұнай құбырында, электр стансалары мен қорғаныс кәсіпорындарында бүлдіру әрекеттерін жасауға тиіс болған. Бір бөлігіне әскердегі қазақстандық бөлімдерге ену, сөйтіп жауынгерлердің арасында қарсы жаққа өту үгітін жүргізу тапсырылған.

Бүкіл соғыс кезіндегі ең ірі диверсиялық топтардың бірін жою 1944 жылғы көктемде жүзеге асты. 1942 жылдың алғашқы жартысында іріктеп алынып, арнайы топқа біріктірілген олар Кеңес өкіметіне ең бір жаулық көзқарастағылардан тұратын. Бұл топ Кеңес Одағының тылында бүлдіру жұмыстарын жүргізуге арналған екен. Оны обер-лейтенант Ағаев Әлихан (Иранов деген фамилиямен белгілі, шын аты-жөні Әмірхан Тілеумағанбетов) деген басқарған.

Ағаевтың тобы Люкенвальд («Офлаг-Ш-А»), Бранденбург қалаларындағы диверсиялық-барлау мектептерінде, содан кейін Киев маңындағы Святошино деревнясында әзірліктен өтіпті. 1943 жылғы қарашада бүкіл осы топ Италияға жіберіліп, партизандарға қарсы соғысады.

1944 жылғы наурызда Ағаев тобы тағы да бүлдіру әрекеттерін үйреніп, тиісті жабдықтаудан кейін Бухарест қаласына жеткізілген. 1944 жылғы 3 және 5 мамырда 14 диверсанттан тұратын Ағаевтың тобы Гурьев облысының Ақмешіт деген жеріне түсіріледі. Оларға Гурьев-Ор мұнай құбыры мен темір жолын істен шығару, ең бастысы Кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастыру тапсырылады. «Абвер» басшылары отрядтың аңызын да құрастырып береді – алғашқы кезде олар құмда тығылып жүрген дезертирлерді ұстауға жіберген Кеңес Армиясының бөлімшесі болып әрекет етуі тиіс еді.

Әуе шабуылынан қорғаныстың жергілікті бекеттері Астрахань және Гурьев облыстарына қарай жау ұшақтарының өткенін және қайтып кеткенін анықтаған соң өнеркәсіп және көлік нысандарына күзет күшейтілді. Ал Гурьев және Ақтөбе облыстарының шекарасындағы шөлейт аймаққа чекистер мен еріктілер іздестіру шараларын жүргізді. 20 мамырда Ағаев және диверсанттардың бір бөлігі, содан үш күннен кейін қалғандары атыс кезінде жойылды немесе тұтқынға алынды.

Ағаев ісі бойынша тергеу барысында немістердің Гурьев облысына тағы бір топ парашютшілерді түсіру жоспары анықталды. Шынында да, 1944 жылғы 10 маусымда белгісіз ұшақтың ұшып өткені анықталып, 11 маусымда Гурьевтен 60 шақырымдай жерде оперативтік топ 3 неміс парашютисін тұтқындады.

Жоғарыда баяндалған шаралармен қатар чекистік органдар арнайы топтар мен отрядтардың жау тылындағы қызметтерін ұйымдастырды. Жаудың барлау, қарсы барлау және жазалау органдары мен олардың агентуралық желілеріне тиісті агенттерді ендіру жолымен чекистер соғыс жағдайында қажет маңызды мәліметтер алып отырды. КСРО-ға қарсы фашистік барлау қызметінің әрекеттері, агенттері анықталды. Мемлекет қауіпсіздігі органдары мен әскери қарсы барлау қызметтері ұрыс қимылдарына қатысумен қатар арнаулы тапсырмаларды орындады. Олардың ішінде 460-тан астам қазақстандық болды. Көпшілігі майдандардағы ұрыс кезінде ерлікпен қаза тапты. С.Әбдіжаппаров, Ғ.Исатаев, Г.Кравцов және Ф.Озмитель секілді 4 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Ұлы Жеңістің 60 жылдығын ұлттық қауіпсіздік органдарында жұмыс істеген 463 соғыс ардагері мен тыл еңбеккері қарсы алды. Олар әлі де сапта болып, өздерінің бай тәжірибелерін жас ұрпаққа үйретуде. Бұлардың қатарында белгілі публицист Кәкен Әбеновті, отставкадағы полковниктер Кәкен Айтжановты, Төлеген Жақыпбаевты, отставкадағы подполковник Нәжікен Қапышевты атауға болады.

Бүгінде қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің қазіргі буыны алдыңғы шебі адамдардың жүрегі мен ақыл-ойы арқылы өтетін рухани-адамгершілік күрестің қызу ортасында жүр. Олар үшін Ұлы Отан соғысы жылдарында жауға қарсы ашық та астыртын күрескен аға ұрпақ чекистердің ерлік дәстүрлері әрдайым үлгі болып қала бермек.

Артқа