Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Қауіпсіздік шекарадан басталдады

Егемен Қазақстан, 30.12.2005ж.

Болат ЗӘКИЕВ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант.

Ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы күресіп, армандап өткен тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де он төрт жылдай уақыт болды. Сол тәуелсіздік тұғырының мықты болмағы көп жәйттерге тікелей байланысты десек, солардың ішінде ел шебі саналатын Мемлекеттік шекарамыздың беріктігі айрықша қажет. Ол туралы айтқанда, мән-мағынасы жөнінен мемлекеттік рәміздерімізден еш кем соқпайтын Мемлекеттік шекарамыздың осы он төрт жылдың ішінде мүлде жаңа тұрғыда қалыптасып, бекігеніне айрықша назар аударған жөн.

Дүние жүзі мемлекеттерінің ішінде жер көлемі жағынан 9-шы орынды иеленетін мемлекетіміздің шекарасын күзету оңай шаруа емес. Оны қамтамасыз етіп отырған Шекара қызметінің жер-жерлердегі бөлімдерінің жұмысына бақылауды арттыра түсу мен оны басқаруды ұтымды ету үшін “Батыс”, “Шығыс”, “Оңтүстік”, “Солтүстік” аймақтық басқармалары құрылды. Олардың дүниеге келуімен күнделікті қызмет барысында кездесетін кедергілер оң шешілуде. Әр басқарманың құрамында бірнеше шекара отрядтары бар. Олар өздеріне шекараны күзету жөнінде Ата Заңымыз жүктеген борыштарын абыройлы атқарып келеді.

Шекара қызметінің құрылымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету бүгінде түпкілікті оң шешімін тапты деп айта аламыз. Бүкіл шекарамыздың өн бойын техниканың көмегінсіз күзету әсте мүмкін емес. Мемлекет бюджетінен ҰҚК Шекара қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жылма-жыл қомақты қаржы бөлініп келеді. Ол алдыңғы шептегі шекара құрылымдары мен бөлімдерін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге, ғимараттарды жөндеу мен шекарашы сарбаздарды жасақтап-жарақтандыруға жұмсалады. Бүгінде барлық шекара заставалары арнайы техникалармен, көліктермен толықтай жабдықталған.

Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында алдыңғы қатарлы елдермен алыс-беріс, барыс-келісіміз жақсы жолға қойылды. АҚШ үкіметі мен Қазақстан арасында “Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі” атты арнайы бағдарлама 2001 жылдың мамырынан бастап жұмыс істеп келеді. Оның негізгі мақсаты – Орталық Азия өңіріндегі мемлекеттердің шекарасын қамтуға барынша жәрдемдесу. Осы жылдар аралығында құны 5,5 миллион доллар тұратын әртүрлі техникалық және соңғы үлгідегі байланыс құралдарын алдық. Бұлардың барлығы шекара шептеріне жіберілді.

Жастарымызды келісім-шарт негізінде әскери қызметке шақыру үрдісінің басталғанына да бірнеше жыл болды. Бұрындары шекара әскерінің сапында қызмет атқарған жергілікті жастарды әскери комиссариаттар арқылы қызметтің осы бір жаңа түріне көптеп шақырудамыз. Бұл қадамның ауылдық жерлердегі жұмыссыздық проблемасының аз да болса шешілуіне оң әсері тиіп отыр. Кез келген ұжымның алға басып, тасының өрге домалауы – білікті мамандардың жоғары кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Шекарашы-офицерлерімізді даярлауды ондаған жылдық тарихы бар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институты жүзеге асырып келеді. Бұл оқу орны кешегі Кеңестер Одағы көлеміндегі санаулы оқу орындарының бірі болатын. Бүгінде оның материалдық-техникалық базасы жақсы деңгейде. Шекара қызметіндегі офицерлер құрамының барлығы дерлік осы оқу орнының түлектері. Шет мемлекеттерден елімізге арнайы сапармен келетін азаматтарды бірінші қарсы алып, құжаттарын тексеретін де шекарашылар. Сол себепті, еліміздің жоғары оқу орындарының шет тілі факультеттерін үздік бітіріп, Шекара қызметінде қызмет атқаруға ниет білдірген жігіттер мен қарындастарымызды арнайы тексеріп, Әскери институттың бір жылдық курсында оқытып, қатарымызға қабылдаймыз. Қарындастарымыздың жауапкершілігі мен қызметке деген талпыныстары жігіттердікінен кем соқпайды. Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери және азаматтық жоғары оқу орнын бітірген кейбір мамандарды да өздерінің келісімімен Шекара қызметінің сапына шақырамыз. Қысқасы, шекарашы-офицерлердің кәсіби біліктілік деңгейі бүгінгі заман талабына сай деп сеніммен айта аламын.

Жасыратын несі бар, экономикасы өркендеген көптеген мемлекеттердің өзі терроршылдық пен діни экстремизмнің алдында дәрменсіздік та¬нытатындығын соңғы жылдар ішінде әлемдегі оқиғалар көрсетіп берді. Президент Н.Ә.Назарбаев беделді халықаралық басқосуларда терроршылдық және діни экс¬тремизммен жұмыла күресудің қажеттігін баса айтып келеді. Президентіміз биылғы Жолдауында: “Мен бұдан әрі экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңаруымыздың жолында елеулі кедергі болуы ықтимал ХХІ ғасырдың қазіргі кезде көрініп жүрген объективті қатерлеріне сіздердің назарларыңызды арнайы аударғым келеді. Бұл қатерлер қыр астында жатқан жоқ. Біздің еліміздің бейбіт еңбегі мен прогресі баршамызға және әлемдік қоғамдастықтың ұстанымына байланысты.

Әңгіме не туралы болып отыр?

Біріншіден, осы өңірде тұрақсыздық пен діни экстремизм етек жая бастады”, деп ашып айтты Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Н.Дүтбаев кейбір халықаралық лаңкестік ұйымдар өкілдерінің елімізде тұтқындалғанын, сол себепті арнайы құрылымдардың қырағылықты барынша күшейте түсу қажеттігін ашық айтты. Бәзбір экстремистік ұйымдардың жетекшілері айрандай ұйып отырған еліміз азаматтарының ішінен өздеріне сыбайластар іздейтіндіктері туралы ақпаратты жоққа шығармайық. Шекара қызметінің директоры есебінде әлгіндей экстремистік ұйымдарға қатысы бар өзге елдің адамдары мемлекетіміздің аумағына өтіп кетпеу мәселесі мені алаңдатады. Еліміздің қақпасы болып есептелетін байқау-бақылау бекеттері мен шекара заставаларындағы шекарашылардың асқан қырағылығы мен жауапкершілігі осы бір мәселеде маңызды рөл атқарады. Тәуелсіз ел болған соң дүние жүзінің көптеген елдерімен алыс-берісіміз көбейе түсті. Елімізге ағылып келіп жатқан өзге елдің азаматтарының арасында лаңкестік ұйымдарымен байланысы бар ма, жоқ па деген сауалды түпкілікті зерттеу мақсатында “Бүркіт” деп аталатын біріккен ақпараттық, жүйені іске қостық. Шекара шебіндегі құрылымдарымызды азаматтардың төлқұжаттары мен көлік құралдарын, жүктерді тексеруге қажетті жаңа техникалармен бірінші кезекте қамтамасыз ету шаралары Шекара қызметі басшылығының үнемі назарында.

Кезінде бір мемлекеттің құрамында болып, ортақ шекарамызды бірге күзетіскен кешегі одақтас республикалардың шекара ведомстволарымен достық байланысымыз, қызметтік қарым-қатынасымыз жақсы жолға қойылған. ТМД-ға мүше елдердің Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесінде шекара күзету барысындағы қордаланған мәселелерді талқылаймыз. Президент Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен өмірге жолдама алып, бүгіндері халықаралық аренада үлкен беделге ие болған ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің Шекарлық мәселелер жөніндегі кеңесінің тұрақты өтетін басқосуларында да өмірлік маңызы бар шаруаларды талқылап, оны жүзеге асырудың нақты жолдарын қарастырамыз. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің саммитінде де аймақтағы халықаралық лаңкестіктің алдын алу мен мемлекеттер арасындағы шекаралық байланыстан туындайтын мәселелерін тиімді шешу секілді маңызды мәселелерді де назарда ұстап келеміз.

ТМД-ның сыртқы шекарасын бірлесіп күзету жөніндегі мемлекет басшыларының келісіміне орай, басым бөлігін шекарашылар құраған біздің дербес атқыштар батальонымыз тәжік-ауған шекарасында 1993 жылдың жазынан 2001 жылдың қысына дейін мүлтіксіз қызмет атқарды. Сегіз жылға жуық Калай-Хумб ауданына қарасты шекара аумағын күзеткен кезде 300-ден астам мемлекеттік шекара бұзушы ұсталса, екі елдің шекарасын анықтайтын Пяндж өзенінен заңсыз жүзіп өтуге талпыныс жасаған 30-дай топтың ісі әшкереленді. Олардан 100 кг-нан астам есірткі заттары мен көп мөлшердегі қару-жарақтар тәркіленді. Қашаннан бері тұрақсыздығымен ерекшеленіп келген Ауғанстанмен арадағы шекараны күзету оңай емес. Ойламаған жерден басталатын ұрыстарда адам өмірінің үзілетіндігі өкінішті. 1995 жылдың сәуір айында ішкі әскерлерге қарасты құраманың 17 сарбазы күш тең емес ұрыста мерт болды. Жатқан жерлері жұмақ болсын олардың. Ал шекарашы-сержант Раджан Батырха¬новтың ерлігімен республика халқы таныс қой деп ойлаймын. Қарулы содырлармен болған қақтығыс кезінде Раджан Батырханов ерлікпен көз жұмды. Кейіннен Президент Жарлығымен марқұм ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды. Үкіметтің арнайы қаулысымен Күршім шекара отрядының шалғайдағы заставасына Раджан Батырхановтың есімі берілді. Қыршында кеткен осынау бозбалалар қазақстандық патриотизмнің шынайы үлгісі емес пе?

Иық тірестіріп отырған көршілерімізбен салыстырғанда еліміз ұлттар арасындағы татулығы әрі экономика саласындағы ілгерілеушілігімен ерекшеленіп отыр. Содан да шығар, кейін шекара бұзушылардың көпшілігі жайлы жер іздеп келетіндігін жасырмайды.

Осы жылдар аралығында шекарашыларымыздың әскери және қызметтік салада қол жеткізген табыстары қомақты. Еліміздің аумағына заңсыз жолмен өтуге талпыныс жасаған Мемлекеттік шекара бұзушыларды дереу ұстағанымызға мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тек жыл басынан бері жалпы саны 9234 Мемлекеттік шекара бұзушыны ұстап, тиісті орындарға өткіздік. Мұның 4906-сы өткізу бекеттерінде қолға түссе, 5138 Мемлекеттік шекара бұзушы өткізу бекеттерінен тысқары жерде шекарашылардың қолына түскен. Халықаралық есірткі бизнесімен айналысушылар елімізді “еркін дәліз” ретінде пайдаланғысы келетіндіктері жасырын емес. Биылдың өзінде “ғасыр тажалына” теңелген есірткіні заңсыз тасымалдаушылардан 50 кг-нан асатын есірткіні тәркіледік. Оның 21 кг. 616 грамы героин болса, 39 кг-ға жуығы марихуана.

Шекара қызметіне қарасты теңізші-шекарашылар жыл сайын “Бекіре”, “Толқын” секілді арнайы операцияларға үзбей қатысып, экономикалық байлықтарымызды күзетуге атсалысуда. Шет мемлекеттерге түрлі мақсаттармен сапар шегуге ниеттенген азаматтарымыздан заңды тіркелмеген 17501 АҚШ доллары, 12000 еуро, 3156750 Ресей рублі, 659500 теңге, 526100 өзбек сумы және 195 400 000 қырғыз сомы анықталып, қажетті жерлерге өткізілді.

Артқа