Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Шекара шебіндегі қақтығыс

Мейрамбек Төлепберген, Егемен Қазақстан, 29.08.2006

Орталық штабқа шұғыл хабар келіп түсті. Шекара ауданында екі ірі лаңкестік топтың шоғыры төбе көрсетті. Олар адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, жағдайды ушықтырып, шекаралас жатқан мемлекеттің аумағына өтуді ойластырғаны белгілі болыр шықты. Енді сол лаңкестік топтарға қарсы жедел іздестіру және тойтарыс беру шараларын барынша үйлесімді ұйымдастыру қажет.

Дабыл қағылды. Шекарашылар аяғынан тік тұрып, әскери техникаларға ұмтылды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің, оның ішінде Қазақстан мен Қытай жағының арнайы қызметтері мен құқық қорғау органдарының “Тянь-Шань №1-2006” деген атпен халықаралық лаңкестікке қарсы бірлескен алғашқы жаттығуларының жалпы бастамасы осындай болды.

Тарихи тәжірибе дәлелдеп бергеніндей, кез келген мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие. Ұйымдасқан қылмыс, әсіресе, лаңкестік әрекеттер ұлттық шекара дегенді білмейді, ол қазір жаҺандық мәселеге айналды. Бұған Солтүстік Кавказда, Индонезияда және басқа да елдерде болып жатқан лаңкестік әрекеттердің бейбіт өмірге сұмдық қауіп төндіретін беталысы да айғақ бола алады. Еш жазығы жоқ адамдарды кепілдікке алып, азапқа түсіреді, әуеде ұшақтарды жарып жібереді, дамдар көп жиналатын жерге жарылғыш заттар қойып, сәулетті ғимараттарды қиратып, бүлдіреді... Жалпы лаңкестердің қанқұйлы әрекеттерінің адамдар қауіпсіздігіне төндіретін залалын білудің жөні бөлек, ал енді халықаралық лаңкестердің жолын кесу, тойтарыс беру, соған сәйкес шекаралас мемлекеттердің күш-жігерін біріктіріп күресуі баршаға ортақ міндет болып отыр.

ШЫҰ-ның антиттеррорлық құрылымы өңірлік кеңесінің шешіміне сәйкес өткен бұл жаттығуға Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның сараптаушылары мен әскери мамандары халықаралық өкіл ретінде қатысты.

Жаттығу екі кезеңнен тұрады. Әуелі Алматы облысының Панфилов ауданында бірлескен штабтың кеңесі өтіп, онда банда құрылымдарын жоюдың теориялық жағы пысықталды. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, генерал-майор Владимир Божко сөз сөйлеп, бұл жаттығудың маңызын атап көрсетті. Біздің республика ықтимал қауіп-қатердің мәнін терең түсіне отырып, басқа да сипаттарына қарамастан, бұл қатерге халықаралық қоғамдастықпен бірлесіп күресуді жақтайды және бұл жөнінде тұрақты көзқарасын білдіріп келеді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының отырысында сөйлеген сөзінде бұл қауіп-қатерге қарсы халықаралық күштердің бірігуі шешуші мәнге ие және аса қажет деп атап көрсеткен болатын. Халықаралық лаңкестікке қарсы күресте тек мемлекеттер арасындағы сенімді қарым-қатынастарды дамыту және нығайту негізінде нақты іс-әрекеттерді қолға алу арқылы ғана күткен нәтижеге жете аламыз.

- Шанхай ынытақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің халықаралық лаңкестікке қарсы іс-әрекеттер бойынша бірыңғай, қалыптасқан және келісілген күш-жігерді айқындаудың уақыты келді, - деп атап көрсетті лаңкестікке қарсы жаттығуды өткізудің командалық штабының жұмысында Владимир Божко. – Бұл мәселелер әрдайым мемлекетіміздің басшылығының назарында тұр. Құзырлы мемлекеттік органдар, оның ішінде Ұлттық қауіпсізідік комитеті лаңкестікке қарсы жалпы мемлекеттік жүйені қалыптастыру бойынша қажетті шараларды қолға алып келеді.

Ол өз сөзінде өткен жылы Қазақстанда “әл-Каида” құрылымының бір тармағы болып табылатын “Орталық Азия моджахедтерінің жамааты” тобының әшкереленгенін атап өтті. Топтың жетекшісі мен белсенді мүшелері, барлығы 16 адам жақында заң алдында жазаланды. Халықаралық лаңкестік көптеген елдерге елеулі қауіп туғызып келеді. Сондықтан да бұл бірлескен жаттығуды Қазақстан жағы қажетті шараларды қолға алудағы нақты қадам деп есептейді.

Сол күні Қазақстан мен Қытай шекарасында жаттығудың екінші кезеңі өтті. Шартты түрде белгіленген лаңкестерге лайықты соққы беру үшін шекарашылар тарапынан қолданылған арнайы операция және тосқауыл әрекеттері жан-жақты және кең көлемде болды. Әуелі шекарашылар лаңкестермен бетпе-бет қақтығысып, олардың жолын кес-кестеп, қоршауға алды. Авияция, артиллерия, бронетехникалар, қарудың жаңа түрлері қолданылды. Шекара бөлімшелерінің қызметі және басқа да әскери құрылымдардың тегеурінді күштері лаңкестердің одан әрі бас көтеруіне еш мүмкіндік берген жоқ. Бақылау және іздестіру топтары “лаңкестердің” қай маңда жатқанын дәл анықтап білгеннен кейін әуеге тікұшақтар көтеріліп, олардың қайда жасырынп жатқанын, ағаш бұталардың түбінде ме, әлде сол маңдағы нысандардың тасасында ма, бәрін де бейне және фотокамераға бірін қалдырмай түсіріп алды. Лаңкестердің әрбір қимылын бағып отырғаншекарашылар олардың ізіне түсіп, шекара маңында атысты. Лаңкестер де мұздай қаруланған екен. өздерінің қара ниеттерін жүзеге асыру үшін әртүрлі қарулардан жанталасып оқ жаудырып жатты.

Кез келген әскери операцияда адам факторы шешуші рөл атқарады. Әскери іс-қимылға машықтанған шекарашылардың қырағылығы, айла-тәсілі, командирлердің басқарудағы ақылдылығы және атыс өтіп жатқан жердің ерекшеліктерін әскери жағдайда дәл біліп, дұрыс шешім қабылдау өз нәтижесін береді. Бұл қатардағы жауынгерден бастап, генералдарға дейін тән нәрсе. Бронетехникалардың, басқа да әскери құралдардың жүргізіушілері дәлдікті, жеделдікті игерсе, сөзсіз алдыңғы шепке шығарады. Әскери адамдардың бұл операцияны жүзеге асыруда өздерінің жоғары кәсіби шеберлігін көрсеткені бірден байқалды. Әсіресе, парашютшілердің жедел қимылы Қытай делегациясының басшысы Чжан Цзундэні қатты сүйсіндіргені болар, ол орнынан тұрып қол шапалақтады.

- Қазақстандық шекарашылардың іс-әрекеттері өте жоғары ұйымшылдықпен ұйымдастырылғанына разы болдық,- деді ол жаттығудан кейінгі журналистермен болған кішігірім баспасөз мәслихатында. – Қазақстандық жауынгерлерден көп нәрсені үйреніге болады, бірқатар сәттерді өзіміздің арнайы операция кезімізде пайдаланамыз. Меніңше, ең әдемі көрініс - әуе десанттарының іс-қимылы. Маған олар өте жақсы әсер қалдырды. Бұл қазақстандық шекарашылардың кәсіби шеберлігі жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Міне, осылайша арнайы операцияның аяқталу кезі де келіп жетті. Лаңкестер қолшауда қалып, бас көтере алмады. Тікұшақтардан листовкалар таратылды. Олардың қару-жарақтарын тастап шығуы аталп етілді. Алайда оған жауап ретінде лаңкестер тарапынан оқ атылды. Мұндайда командирдің бұйрығы біреу ғана болары сөзсіз. Лаңкестердің жатқан жері жан-жақтан қоршауға алынып, жерден де, әуеден де атқыланды. Быт-шытын шығарып, тас-талақан етті.

Бұл жаттығуда Ұлттық қауіпсізідк комитетінің “Арыстан” арнайы бөлімшесінің жауынгерлері де өздерінің жоғары шеберлігін анық байқатты. Жаттығу сценарийі бойынша лаңкестер жанар-жағар май құю стансасында жолаушылар мінген автобусты басып алып, өздерінің талаптарын қоя бастады. Бұған келіскендей болып, жергілікті билік автобусты белгіленген бағыт бойынша жүргізуге рұқсат берді. Автобус жайлап жүріп келе жатқан-ды. Бір уақытта автобустың алды гүрс жарылып, ол кілт тоқтады да, жолдың жиегінде көзге көрінбей жатқан жауынгерлер атып тұрып, автобустың ішіндегі лаңкестердің ойлануына да мұршасын келтірмей, бәрін де тұзақтады. Автобуста кепілдікке алынған жолаушыларды құтқару үшін небәрі жеті секөнт жұмсалды.

- “Арыстан” арнайы бөлімшесінің іс-әрекеті барлық жағынан өте шапшаң және тактикалық әдіс-айла бойынша ерекше болды,- деді ШЫҰ антитеррорлық құрылымы өңірлік кеңесі атқару комитетінің директоры Вячеслав касымов. – Тұтастай алғанда бұл жаттығу әлемдік стандарттар деңгейінде өтті. Шекарашылардың, төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің, жергілікті атқару органдарының арасындағы өзара әрекеттер үйлесімді, еш шашау шығармайтын жағдайда өтті.

Қытайдың Инин қаласының маңында өткен екінші жаттығу да мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Мұндағы жаттығу таулы өңірде болған жағдайға байланысты өтті. Жедел келіп түскен ақпаратқа қарағанда лаңкестер қаланың су шаруашылығына қатысты нысандарды жарып, бүлікшілдік мақсатын көздейді. Жұртшылық арасында әлдеқандай айқай-шу туғызып, сақшылардың назарын өздеріне қарай аударып, одан соң түрмеде жатқан қылмыстық ұйымның басшысын құтқарып қалу ойларында бар екен. Қазақстанның арнайы қызметі де бұл жөнінде Қытай жағына хабар береді. Лаңкестердің ойын жүзеге асырмас үшін іс-қимылды үйлестіру мақсаты бойынша бірлескен штаб құрып, Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрлігі бөлімшелерінің әскері арнайы операцияда жоғары шеберлік көрсетті. Оған шекара отрядының жауынгерлері, бронетехникалар мен ұшақтар да қатысты.

Бірлескен жаттығудың қорытындысы бойынша Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары В.Божко қытай жауынгерлерінің лаңкестерге қарсы батыл күрес жүргізуге жақсы машықтанғанын атап көрсетсе, ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрінің орынбасары Мэн Хун Вэй бірлескен жаттығудың табысты өткенін айтты.

Әрине, “Тянь-Шань №1-2006” жаттығуы әскери сараптаушылардың тарапынан әлі де өз бағасын алатыны анық. Бұл нәтижелі қорытындылар алдағы бірлесіп жүргізетін жаттығуларды ұйымдастыруда басты назарға алынып, одан әрі жетілдіріле түседі.

Ел қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғау әрдайым халық мүддесімен қабысып жатады. Ал ол шекараны қырағы күзетуден басталады.

Артқа