Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Елбасы Жолдауынан туындайтын қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері

Бекназаров К.К., Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының баспасөз хатшысы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Социум» ақпараттық-талдау бюллетені, № 1 (16) 2007ж.

Мемлекет басшысының биылғы жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Қазақстан ядролық қаруды тежеуге, халықаралық лаңкестікке, діни экстремизмге, есірткі саудасы мен басқа да осы заманғы қатерлерге қарсы күреске жұмылған халықаралық ауқымды ынтымақтастықтың белсенді мүшесі болып келді және болып қала береді» - деп адамзат баласына, өркениетке төнетін қауіп-қатерлердің барлығының бізге де ортақ екендігін, еліміздің оған қарсы күрес аянбай жүргізе беретіндігін жариялап, алдағы бағыт-бағдарды айқын нақтылап өтті.

Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындау, лайықты түрде жүзеге асыру ұлттық қауіпсіздік органдары үшін қашанда зор жауапкершілік пен іскерлікті, туындайтын мәселелерді қашанда тың көзқараспен талдау, ұтымды түрде шешу жолдарын талап етеді.

Лаңкестік қатерлерге қарсы тұру, қоғам ішінде оның шын мәніндегі адамзатқа зұлымдық әкелетін бейнесін ашып көрсету, әсер етуі мүмкін факторлардың алдын алу бағытында мемлекеттік жүйе бойынша жүргізіліп жатқан шаралардың пәрменділігін тұрақты арттыра беру, ақпараттық-насихаттау жұмыстарын мақсатты түрде жүргізу осыған қатысты барлық сала құрылымдарының ортақ міндеті болып табылады.

Алыс және жақын шетелдердегі әріптестермен бірлесе қимылдау, ақпарат алмасу секілді бұрыннан қалыптасқан үрдістер жаңа қалыпқа көтеріліп, қазіргі таңда өзара сенімділік, ынтымақтастық тұрғысынан екі жақты, көпжақты мүдделерге сай келетін іс-шаралар өткізу, ол бойынша қауіпсіздіктің барлық саласын қамту дәстүрге айналып отыр.

Шетелдерде тамырын жайған халықаралық лаңкестік, экстремистік ұйымдардың, тағы да басқа қоғамымыздағы тұрақтылықты шайқауды аңсайтындардың басылмайтындығы, Қазақстанның ішкі тұрақсыздығын қоздыруды көздейтін күштердің жандана түскен іс-қимылы еріксіз алаңдатады.

Мысал ретінде, бір ғана «Хизб-ут-Тахрир» діни экстремистік ұйымын айтар болсақ, минимум бағдарламасы ислам дінін барынша наихаттау, оған ешкімнің қарсылығы болмас, алланың нұрымен жаралған ислам дінін қалай насихаттатса да жарасады, ал максимум бағдарламасы Орта Азия мемлекеттерінде халифат құру, осы жерден келіп оның ішкі ойы көрінеді. Қазақстан Республикасы Конституциясы 5 бабының 3-ші тармағы былайша тұжырымдалған: «Мақсаты мен іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады».

Қазақстандағы халықаралық экстремистік ұйым мүшелерінің негізгі қызметінің сипаты үнпарақтар тарату болып табылады. Ал тұтылып қалған мүшелерін тінту барысында қару-жарақ құралдарының табылуы жеке адам мен қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Оларға қарсы жан-жақты пысықталған, жоспарланған, кешенді шаралар жүргізіліп, оның нәтижесі мақсатты межеден шығуда. Соның бірі, жоғарыда аты аталған діни экстремистік ұйымға қатысты десек, үстіміздегі жылы оның бірнеше ондаған мүшелері өздерінің адасып жүргендіктерін түсініп, соған көздері жеткен соң өз еріктерімен ұйым қатарынан шығуда. Олардың барлығы дерлік жастар екендігін айтар болсақ, бұл бір ғана мысал қоғамдағы жастар ұйымдарының іс-қимылында ақаулықтың жеткілікті екендігін, олардың дәстүрлі дін қағидаларын ұғынуда толық түсініктерінің қалыптаспағандығын, сондай-ақ дәстүрлі діни басқармалардың қызметінде де дәстүрлі дінді терең насихиттауда жастар аудиториясына жеткілікті көңіл бөлінбейтіндігін, нәтижесінде жас ұрпақтың көшедегі радикальды қимылы басым уағыздың жетегінде кететіндігін баса айтуға тура келеді.

Бұл бағыттағы шараларды түпкілікті жалғастыру әрбір қоғам мүшелерінің, осыған қатысты әрбір сала қызметкерінің жан-жақты қолдауынсыз жүзеге асыру мүмкін емес, себебі адасып жүргендер күнделікті өмірде қасымызда жүрген бауырларымыз, іні-қарындастарымыз болып табылады.

Жалпы, біздің елімізде 14 лаңкестік және экстремистік ұйымдардың қызметіне тыйым салынған. Бұл салада тиісті заңдар, нормативтік құжаттар қабылданып, олар өмірде қолданыс табуда...

Шет ел арнайы қызметтерінің мемлекеттік құпияларға ену, түрлі сала бойынша барлау жасау әрекеттері ешуақытта толастап көрген емес. Оларды табиғат ресурстары мен шикізат көздерінің запасы, қорғаныс кешені, ядролық әлеует, қарулы күштердің орналасуы мен күш-қуаты, күш құрылымдарының құрамы, іс-әрекеті, ғылыми-техникалық жобалар мен жаңалықтар, қоғамның саяси құрлымы, қоғамдағы ұлтаралық қарым-қатынастар секілді тағы да басқа көптеген маңызды мәселелер туралы мәліметтер қызықтырып келеді.

Қазақстан аумағында шетелдік арнайы органдарға қатысы бар деген сезікпен бірқатар шетелдік барлаушылар мен тұлғаларға қатысты жүргізіліп жатқан істер жетерлік. Тыңшылық әрекеті үшін шетелдік арнаулы қызметтің кадрлық қызметкерлері мен агенттері жауапқа тартылды.

«Көрінбейтін майданда» сәтті өткізген іс-шаралары үшін үкіметтік марапаттауға ие болғандар, орден, медаль алған қарсы барлаушылар арамызда жетерлік. Бұл ел басшылығының қарсы барлаушылардың кәсіби біліктілігіне берген лайықты бағасы.

Құпиялылықты сақтай білу көп жағдайда өзіміздің азаматтарға да байланысты екендігін кейде ескере бермейтіндер де кездеседі. Тәжірибеде мемлекеттік құпияларды жариялағаны үшін министрліктер мен ведомстволардың жауапты қызметкерлеріне қатысты бірнеше қылмыстық істер қозғалғандығы кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған болатын.

Есірткіге қарсы күрес жалғыз қазақстандық қоғамның ғана емес бүкіл адамзат пен өркениеттің ісіне айналып, бүгінгі таңда әрбір мемлекет бұған өзінің хал-қадерінше қарсы тұру мақсатында үлес қосуға тырысуда. Есірткі өндірілетін орындардың географиялық тұрғыдан кең көлемді қамтуы, олардың жеткілікті түрде мемлекет тарапынан бақылаусыз жатуы, есірткі топтарының трансұлттық байланыстары құқық қорғау органдарына тиісінше жаңа талаптар қойып, тек қана бірлесе, ынтымақтаса қимылдау тәсілін ұсынып отыр.

Бұл орайда мүдделес мемлекеттердің, бірінші кезекте өзімізді қоршап жатқан көршілес елдердің арнаулы қызметтерімен байланысты арттыру күн тәртібінен түсуге тиісті емес.

Таяудағы уақыттың өзінде Ресей, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан республикаларындағы әріптестермен сәтті өткізілген іс-шаралар нәтижесінде онға жуық трансұлттық қылмыстық қауымдастық пен топ жойылып, заңсыз айналымнан екі жүз килограмнан астам героин, төрт жүз килограмнан астам опиум алынды.

Мұндай іс-шаралар алыс шетелдегі әріптестермен де бірлесе өткізіліп тұрады. Мәселен, үстіміздегі жылы Германиядағы әріптестермен бірлесе халықаралық іс-шара өткізу нәтижесінде есірткі арнасын ұйымдастырушы ұсталып, үлкен көлемдегі кокаин партиясы алынды.

Жалпы, жылына ТМД шеңберіндегі, алыс шетелдердегі әріптестермен бірлесе отырып он шақты сәтті іс-шаралар өткізіліп, нәтижесінде бірқатар есірткі арналары түп-тамырымен жойылды. Ал республика көлемінде жүргізілетін іс-шаралар ешқашан толастаған емес. Қазір тасымалданатын есірткі партияларының көлемі өсе түскен, бұл қоғамның әрбір мүшесін толғандыруы тиіс. Мысалдар көп, соның біреуіне тоқталсақ, жақында Оңтүстік Қазақстан облысында ұсталған қазақстан азаматының көлігінен бақандай 50 кило героин алынды.

Жалпы, республика көлемінде бүгінгі таңға дейін оннан астам есірткі тобы, халықаралық және аумақтық есірткі трафигінің 21 арнасы жойылды. Нәтижесінде тоннадан астам героин мен опиум алынды, бұл еліміз бойынша алынған осы түрдегі есірткінің жетпіс бес пайызын құрайды. Бұл жұмыс үздіксіз жалғасуда.

«Астана - есірткісіз қала» шарасы аясында да ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Оның нәтижелері күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып келеді.

Сыбайлас жемқорлық дертінің мемлекет құрылымдарына дендеп енуі, жалпы қоғамның басқа да маңызды салаларын жайлауы, көптеген қабылданар шешімдердің жемқорлық тұрғысынан шешілуі қауіпсіздігімізге төніп тұрған қатерлердің бірі. Қауіпсіздік органдары бұл бағыттағы іс-шараларын талдамалы, кешенді түрде жүргізіп келеді. Қауіпсіздік кеңесінің арнайы тобының бақылауында мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне қатысты он сегіз қылмыстық іс болған болса, соның он бесі сотқа жіберілді. Өткен жылдың көлемінде барлығы 455 қылмыстық іс қозғалды. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы бойынша 504 лауазымды тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жемқорлық дертінің өрши түсуіне заңдылықтардың толық пісіп жетілмеуі ғана емес, материалдық, тұрмыстық-әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілмеуі, осы саланы реформалаудағы іркілістер, сонымен қатар демократиялық үрдістерге әлі бейімделіп кете алмай жатқан қоғамдағы сананың да ықпалы басым болып тұр. Жемқорлықпен күресті құқыққорғау органдарының ғана төл міндеті санайтын санадан арылмайынша, бұған қарсы қоғамның әрбір мүшесі өз үлесін қоспайынша түбегейлі жеңіске қол жеткізу де қиын болатындығы анық.

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласы бойынша өткен жылы 297 қылмыс ашылған болса, соның 131 сыбайлас жемқорлық көріністерімен байланысты. Мұның ішінде кеден органдарының 42 жауапты қызметкері қылмыстық жауапқа тартылды.

Қауіпсіздік кеңесінің былтырғы жылғы маусым айындағы шешімін жүзеге асыру аясында салық жүйесі саласындағы экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарын ашу бағытындағы жұмыстарға көбірек көңіл бөлінді. Салық салу, қосымша құн салығын заңсыз қайтару бойынша жүргізілген істер нәтижесінде салық органдарының 22 қызметкерінің қылмыстық істері құжатталды.

Сыбайлас жемқорлықтың көрініс табатын бір саласы мемлекеттік сатып алулар кезінде байқалады. Жұртшылықтың есінде болса, Астана қаласының тарифтар бойынша басқармасының бұрынғы бастығы Дәркенбаевтың қылмыстық ісінің жолын кесу айтарлықтай қоғамдық пікір тудырды, ол мемлекеттік сатып алу кезінде сыйақы үшін коммерциялық құрылымдардың мүддесін тұрақты түрде қорғап отырған. Оның қылмысы дәлелденіп, бес жылға бас бостандығынан айырылып, 97 млн теңгені мемлекет пайдасына қайтаратын болып үкім шығарылды.

Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы бастығы да осындай қылмысқа барып, жазаға тартылды, тұрғылықты жерін тінту барысында 26 млн. тенге мен 100 мың АҚШ доллары алынды.

«Шағын кәсіпкерлік бойынша республикалық ақпараттық-көрме орталығы» ЖАҚ бұрынғы президентінің бюджет қаржысын талан-таражға салу, мақсатсыз жұмсау дерегі ашылып, қылмыстық іс қозғалды.

Бұл тектес мысалдар жеткілікті, тәуелсіздігімізге қатер төндіретін, ел ішінде, халықаралық аренада мемлекет беделіне нұқсан келтіріп, оған сенімсіздік ұялататын мұндай келеңсіз құбылыстармен күресті жалғастыра беру өмір талабынан туындап отыр.

Мемлекеттік шекараны күзету де ҰҚК міндеттерінің бірі. Әрине, «мөлдір шекара» ТМД елдерімен сақталып отыр. Олар – Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркмения. Шекараны делимитациялау, демаркациялау барысында нақты жұмыстар жүргізілді. Мемлекеттік шекараның әлсіз тұстары жақсы зерттелген. Соған байланысты тиісінше шаралар қолданылып отыр. Жалпы, соңғы жылдары Қазақстанның батыс, оңтүстік шекараларын нығайтуға барынша күш жұмсалды. Республика бойынша төрт аумақтық басқарма құрылған. Олардың құрамына көптеген шекара заставалары қамтылған. Шекара қызметінің инфраструктурасын әрқашан дамыту басты назарда ұсталып келеді. Мемлекеттік шекараны қорғаудың соңғы технологиялары қолданылуда.

Қазақстандағы табиғи ресурстардың молдығы, әлемдік деңгейде оған деген сұраныс бағасының артуы, қылмыстық топтарды қызықтыра түсуі көлеңкелі өнім айналысына жол ашуда. Әсіресе олардың қазіргі заманғы материалдық-техникалық, қару-жарақ тағы да басқа құралдармен жабдықтануы, таратып айтар болсақ, әсіресе Каспий аймағында браконьерлік бригадалардың жылдам жүзгіш құралдармен, теңіз навигация приборларымен, спутниктік байланысты қолдануы, кейбір жағдайларда автоматтар мен гранотометтер алып жүруі тиісті органдардың жұмысын қиындатып, қатерге бас тігуге мәжбүрлеуде.

ҰҚК төрағасы генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев ел экономикасында елеулі орны бар Каспий аймағындағы биоресурстарды қорғау, сақтау мақсатында күш біріктіру, бірлесе қимылдау бағытындағы ұстанымын жүзеге асырып келеді. Ресей Федерация Шекара қызметімен бірлесе жүргізілген іс-шаралар соңғы уақыттары айтарлықтай жемісін беруде...

Жеке адам мен азаматтың Конституциялық құқығын, қауіпсіздігін, Қазақстан қоғамының құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен ел тыныштығын қауіп-қатерлерден жан-жақты қорғау жолындағы қауіпсіздік органдарының жауапты қызметі алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігі сөзсіз.

Артқа