Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Әскери қауіпсіздік. Ол қалай қамтамасыз етілуде?

Саят МЫҢБАЕВ, Қазақстан Республи­ка­сы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Әскери қарсы барлау департаментінің бастығы, генерал-майор, «Егемен Қазақстан», 06.07.2008ж.

Әскери қарсы барлау органдары Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүктелген міндет­тердің бір бөлігін Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрамаларда жүзеге асырады. Десе де, комитеттің басқа құрылымдық бөлімдерін­дей емес, әскери қарсы барлау органдары жұмысының өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені, Қарулы Күштердегі қауіпсіздікті қамта­масыз ету әскери қарсы барлау органдарынан жедел-іздестіру қимылдарының барлық бағыт-бағдарлары бойынша жұмыс істеуді талап етеді. Дегенмен, біздің жұмыстың ең басты бағыттарының бірі – Елбасы­ның тапсырмасына сәйкес ұлттық қауіпсіздіктің қазіргі талаптарына сай келетін жауын­герлік әзірлігі мықты, сенімді де кәсіпқой армия құруға бет бұрған мемлекетіміздің қорға­ны­сын мүдделі органдармен бірлесе отырып нығайту. Осы мақсатта әскери прокуратура, әскери тергеу органдарымен, ең бастысы – Қорғаныс минис­трілігімен қоян-қолтық тығыз байланыста жұмыс істейміз.

Еліміз өзінің құрыш қал­қанын бекемдеп жатқан тұста, әскери саладағы өзгерістер алыс, жақын шет ел арнаулы орган­дарының қызығушылығын ту­дырмай қоймайды. Бұл бағытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінде әзірленген қарсы барлау шаралары жүйесінің шеңберінде шетелдік арнайы қызметтердің тыңшылық ұмтылыстарына, заңсыз әрекеттеріне әскери қарсы барлау органдары жеткі­лікті түрде қарсы әрекет етуде. Соның нәтижесінде еліміздің аумағында жүргізіліп жатқан бірқатар тыңшылық шаралар­дың жолы кесілді. Мәселен, соңғы екі жарым жыл ішінде тек әскери қарсы барлау орга­н­дары ғана шет елдің оннан ас­там барлаушылары мен олардың агенттерін анықтады. Шет ел арнайы органдарымен құпия байланыс орнатып, мемлекеттік құпияны құрайтын әскери мәліметтерді алып жатқан жерінде қолға түскен қазақ­стандық азамат ұзақ жылға бас бостандығынан айрылды. Өз бастамаларымен тыңшылық жасауға әрекет еткен екі отан­дасымыздың қылмыстық әреке­тіне тосқауыл қойылды.

Жалпы, құпиялық режимін бұзғаны үшін 140 әскери қыз­меткер тәртіптік жауапкер­шілікке тартылды.

Ғасыр індетіне айналған терроризмнің бүкіл әлем жұрт­шылығын алаңдатпай қоймай­тыны белгілі. Елімізде осынау қатердің алдын алу үшін қауіпсіздік органдарының айтар­лықтай шараларды жүзеге асы­рып жатқандығын ескерсек, әскери қарсы барлау орган­дарының да бұл еңбекке қосып жатқан үлесі аз емес. Өйткені, террористердің ең бірінші ұмтылыстары – әскери бөлім­дердегі қару-жарақ пен жарылғыш заттар екендігі ешкімге құпия болмас. Мәселен, былтыр Қарағанды қаласында діни экстремистік ұйымның бір мүшесі тапаншаны заңсыз сатып алмақ болған жерінде құрық­талды. Сол себепті, әскери бөлімдердегі қару-жарақтың ұрлануына жол бермеу үшін, әскери қарсы барлау органдары әскер басшыларымен, басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып жедел-іздестіру шараларын үнемі жүзеге асырады. Өкінішке қарай, қару-жарақ пен оқ-дәрінің сақта­луына жауап беретін кейбір әскери қызметкерлер өздерінің заңсыз әрекеттерінің қоғамға қауіп тудыратындығын жете түсінбей қылмыстық жолға түсіп, террордың құралын сатып, пайда көрмек болады. Тек соңғы жылдардың ішінде ғана осындай теріс пиғыл жолында қолға түскен бірнеше әскери қыз­меткер бас бостандығынан айрылды.

Әскери қарсы барлау органдары жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәти­жесінде соңғы жылдары заңсыз айналымнан 57 атыс қаруы, 22 мың данадан астам оқ-дәрі, 54 граната және 24 кг. жарылғыш зат алынып, 80 кг. жуық жарылғыш заттың қолды болуына жол берілмеді.

Мемлекеттің тұрақты да­муына қауіп төндіретін сы­байлас жемқорлықтың қазір қай салада болмасын бар екендігі анық. Лауазымдық қызметті өз мақ­саттарына пайдалану туралы құқық бұзушылық фактілері Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құры­лымдарда да кездесіп жатады. Соңғы жылдары осындай 168 құқық бұзушылық тіркеліп, кінәлі әскери қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылды.

Елбасы Н.Назарбаев биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау органдарына қылмыстың алдын алу, ескерту шараларына баса көңіл бөлу туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан әскери қарсы барлау органдары көп жағдайда жазалаушы іс-әрекетке емес, алдын алу шараларына көп көңіл бөледі. Мысалы, кейінгі екі жыл көлемінде 600-дей құқық бұзушылықтың алды алынып, 100-ге жуық төтенше жағдайдың алғышарттарына тосқауыл қойылды. Бұл орайда әскери қарсы барлау органдары алдын алу шараларын әскери бөлім басшыларымен, әскери поли­циямен, әскери тергеу орган­дарымен және әскери проку­ратурамен өзара бірлесе отырып жүзеге асырады.

Жаһандану дәуірінде жаңа­рып жатқан қазақстандық армияның қауіпсіздігін қамта­масыз етуде көп мәселелер ха­лықаралық байланыссыз шешіл­мейді. Сол себепті Ресейдің және тағы басқа елдердің әскери қарсы барлау органдарымен өзара тығыз байланыс орнатып, әскери қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретін жайттар туралы ақпарат алмасу жүйелі жолға қойылған.

Артқа