Жаңалықтар мұрағаты

Қараушыларға сауал

Сұрақ: Біздің сайтымыздың жаңа ңұсқасына баға беріңіз
Жаман
Онша емес
Орташа
Жақсы
Керемет

Қолданушы нұсқасы


мұрағат

Таратылымға жазылу

   Все новости

Кенжеболат БЕКНАЗАРОВ: Лауазымды қызметкерге жеңілдік жасалмайды

Әңгімелескен Қайыржан Төрежан, Айқын, 17.11.2009ж.

Соңғы кездерде Ұлттық қауіпсіздік комитеті әртүрлі қылмыстарға қатысы бар немесе тікелей өздері жасаған бірнеше лауазымды қызметкерлердің қылмыстық әрекеттерін әшкереледі. Кейбір жедел операцияларға қатысты республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында әртүрлі мақалалар жарияланып, әр қырынан баяндалды. Осындай екіұдай пікір тудыратын мәселелерді анықтап, оқырмандарға объективті ақпарат беру үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми өкілі, полковник Кенжеболат Бекназаровпен байланыстық.

- Кенжеболат Көкішұлы, қауіпсіздік қызметінің жұмысы әдетте, басқа білекті күштерге қарағанда, дабырасыз, жалпақ жұрттың назарынан тыс жасалады. Алайда жариялылықтың ықпалы болар, соңғы жылдарда осы ведомствоның қызметі аясында әртүрлі әңгімелер көбейді...

- Арнайы қызметтің атқаратын жұмыстарының барлығы ашық айтылуға жатпайды. Алайда ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кейбір өзекті мәселелерді жұртшылыққа жариялауға тырысамыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы ұлттық қауіпсіздік бойынша жасалып жатқан шаралардан халықты хабардар етіп отырамыз. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Амангелді Шабдарбаевтың өзі бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс жасауымызды талап етеді. Қылмыстың алдын алуда баспасөз тиімді рөл атқарады. Ең бастысы, баспасөзде объективті ақпараттар жариялануы тиіс.

- Арнайы қызмет неғұрлым белсенді жұмыс істесе, соғұрлым халыққа жеккөрінішті болады. Осындай парадокс. Бұл НКВД, КГБ органдарымен жасалған репрессия кезінен қалыптасқан түсінік болар, қазіргі ҰҚК қандай тәсілмен жұмыс істейді?

- Әрине, ол кезде заманның ағымына қарай асыра сілтеулер болды. Қазір де «тоқылдақтар» бар, бір-бірлерін көрсетіп жатады. Бірақ бізге түскен кез келген ақпарат міндетті түрде жан-жақты тексеруден өтеді. Немқұрайдылықтың өзі - үлкен қауіп. Егер қылмысты дер кезінде хабарламаса, көптеген адамдардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Кейбір кездерде бір қызметкер бүкіл ведомствоның атына кір келтіреді. Біз арамыздағы ондай кадрлардан тазардық. Органда істеп, заң бұзғандар қатаң жазаланады. Мысалы, газет редакторы Рамазан Есіркепов мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін 3 жыл жалпы режимге сотталды. Ал осы іске қатысы бар біздің қызметкер 9 жылды арқалап, қатаң режимдегі колонияға кетті. Қазір арнайы қызметке деген жұрттың көзқарасы өзгерді. Біздің ресми сайтымызды (www.knb.kz) ашып қарасаңыздар, көрсеткен көмектері үшін біздің адресімізге күн сайын алғыстарын айтып жатады. Жастарымыз ҰҚК академиясына қалай түсу керектігін сұрап, қызығушылық танытып, хат жазады.

- Жақында Қаржы полициясының ресми өкілдері, осы ведомствоның Алматы қаласы бойынша департаменті бастығының орынбасары, подполковник Айдын Жантелеевті Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің ұстап, қамауға алуы негізсіз, олардың бұл әрекеттерінің заңды екеніне күмәніміз бар деп мәлімдеді. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

- Қаржы полициясының Алматы қалалық департаменті бастығының орынбасары Айдын Жантелеев түнгі сағат он бір жарымда тұрғын үйдің жерасты тұрағында арнайы операция кезінде ұсталды. Тінту барысында оның қалтасынан «гашиш» және «марихуана» есірткі заттары табылды. Ұстау кезінде біздің қызметкерлер барлық заңдылықты сақтап, операция бейнетаспаға түсірілді. Оның қалтасынан шыққан есірткінің түрін сарапшылар анықтады. Медициналық сараптама Жантелеевтің қанынан, зәрінен оның ұзақ уақыттан бері есірткі пайдаланатындығын анықтады. Осындай фактілерге сүйеніп және лауазымды тұлға тергеу амалдарын объективті жүргізуге кедергі жасап, сот процесіне ықпал етпес үшін Медеу аудандық соты Жантелеевті қамауға алу туралы санкция берді. Қазіргі кезде тергеушілердің қолында Айдын Жантелеевтің есірткі заттарын тұтынғандығы, сатып алғаны және сақтағаны туралы бұлтартпас фактілер, сондай-ақ сыбайлас есірткі тасымалдаушылармен бейне, дыбыс таспаларына жазылған сөздері, куәлардың берген жауаптары бар. Сараптама қорытындысы бұл азаматтың есірткіге тәуелді екенін көрсетті.

- Кейбір баспасөз жарияланымдарында қауіпсіздік қызметі Қаржы полициясының лауазымды қызметкерінің ізіне түсіп, арнайы операция жүргізген дегенге келтіреді. Жантелеевтің есірткі тұтынатыны туралы ақпарат қайдан келді?

- ҰҚК қандай да мемлекеттік органда істейтін шенеуніктің заң бұзуына, мемлекеттік қызметкерлердің атына кір келтіруге жол бермейді. Өйткені мемлекеттік құрылымның, ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүктелген. Біздің қызметкерлер есірткі бизнесімен айналысып жүрген белгілі бір топты әшкерелеген, солардың ішкі байланыстары арқылы Қаржы полициясының офицері көзге түскен. Оның бұлармен қаншалықты тығыз байланыста екендігін анықтау үшін із кесушілерге біраз тер төгуге тура келді.

- Осы іске байланысты пара бермекші болған тағы бір адам ұсталды дегенді естіп қалдық...

- Е.Қонысбаев және тағы басқа адамдарға аса ірі көлемде пара беру фактісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 24-бабы, 3-бөлімі және 312-бабының 5-бөлімі бойынша іс қозғалды. Қонысбаевтан шыққан 100 мың доллар параның кімге және не үшін апара жатқандығын тергеушілер анықтады. Істі әрі қарай Бас прокуратураның арнайы прокурорлары жүргізетін болады. Осыған байланысты комментарий бере алмаймыз.

- Бұған дейін заңсыз есірткі айналымына қатысты погон таққандардың арасында қылмыс жасап ұсталғандар болды ма?

- Өкінішке қарай, ондайлар бар. Жыл басынан бері Ұлттық қауіпсіздік қызметі заңсыз есірткі айналымына қатысы бар құқық қорғау органдарының 23 қызметкерін ұстады.

- Олардың басым көпшілігі қай ведомстводан?

- Көбінесе ішкі істер органдарында, есірткіге қарсы күрес қызметіндегілер. Наркобизнестегілерден тәркіленген есірткі заттарын бұлар екінші айналымға жібереді. Қылмыстық-түзеу жүйесінің қызметкерлері түрмеге есірткі заттарын өткізу кезінде ұсталып жатады. Есірткімен ұсталған жалғыз Қаржы полициясының офицері емес. Сондықтан қайталап айтайын, оның ізіне түсті деуге ешқандай негіз жоқ. Есірткіге әуес болған адамның лауазымына, қоғамдағы орнына қарап, жеңілдік жасалсын деген заң жоқ.

- Соңғы кездерде Алматы қалалық ҰҚКД мен ІІМ оңтүстік аймақтық ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқармасы арасындағы тартыс туралы айтылып жүр...

- Ешкімді өкпелеткім келмейді, бірақ кейбір журналистер өз жарияланымдарының бағасын өсіргісі келетін болуы керек. Егер құқық қорғау органдары бір-бірімен қырқысып жатса, қауіпсіздік туралы қандай әңгіме айтуға болады. Біздің алдымызда бір ғана міндет тұр - халықтың қауіпсіздігі. Бізге бірігіп күресетін жаулар жетіп жатыр: экстремизм, терроризм, наркотрафиктер тағы басқалар. Білекті күштер бірігіп қимылдамаса, бәрі бекер. Қазақстандық әріптестеріміз тұрмақ, шетелдік құқық қорғау органдарымен бірігіп, қылмыспен күресеміз. Мысалы, жақында ғана Қытай қауіпсіздік қызметімен бірлесіп «Сафари-транзит» атты операция өткіздік. Наркотрафикті жандандырып отырған Нигерия, Гана, Моңголия азаматтарынан құралған 19 адам ұсталды. Биыл наркобизнеске қарсы жиырмадан астам бірлескен операция өткіздік.

Артқа